"СҚ-Фармация" басшысына 1,3 млн теңге жалақыны кім бекіткен?

2545
Adyrna.kz Telegram

Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған жалғыз компания - "СҚ-Фармация" ЖШС-ның директоры Ерхат Есқалиев ресми түрде бекітілген 1,3 млн теңге жалақыдан ай сайын қолыма түсетіні - 1 млн теңге шамасындағы қаражат дейді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген ол жалақысына қатысты сұраққа толық жауап бере алмай, қаймағын ғана қалқып берді.

Дәлірек айтсақ, журналистер одан 1,3 млн теңге жалақы қалай қалыптасып отырғанын, Есқалиевтің өзі бұл жалақыны аз немесе көпке жатқыза ма және ай сайын бұл жалақыны қандай мақсаттарға жұмсайтынын сұрады.

"Менің жалақымды компанияның бақылаушы кеңесі бекіткен. Ай сайын салықтарды алып тастағанда, қолыма бір миллион теңгеге жуық ақша түседі", - деді. Бірақ, бұл қаражат "отбасын асырауға жете ме, негізгі шығындарыңыз қандай" деген сұраққа Есқалиев жауап берген жоқ.

Ол сондай-ақ, қосымша сұрақтарға жауап бере отырып, біздің елдегі дәрігерлер де 1 млн теңге жалақы алуға лайықты деді. Тіпті, Есқалиев дәл қазір миллион теңге еңбекақы алып жүрген дәрігерлер бар дейді.

"Дәрігерлердің жалақысы туралы айту менің құзырымда емес, бірақ, олар 1 млн теңге айлық алуға лайықты деп ойлаймын. Қазір менің білуімше, қосымша үстемақыларды қосқанда, осынша жалақы алып жүрген дәрігерлер бар", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше апта бұрын "Хабар.24" телеарнасы сұхбат берген "СҚ-Фармация" ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев ресми жалақысы 1,3 млн теңге екенін хабарлаған еді.

Ерке Жомарт,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер