Әзербайжанның Шушаны азат еткені жалған ақпар ма?

2193
Adyrna.kz Telegram

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жексенбіде ел әскерінің Таулы Қарабақтағы екінші үлкен қала – Шушаны бақылауға алғанын айтты. Бұл хабарды Reuters агенттігі таратты деп жазады Азаттық радиосы.

"[Бүгінгі күн] Әзербайжан тарихындағы ерекше күн болады" деген Әлиев қарулы күштердің Шушаны бақылауға алғанын хабарлады.

Бакуде халық жиналып, оқиғаны тойлап жатыр. Көшеде ұлттық жалауды желбіретіп, ұрандатып жүргендер, көліктерінің сигналын басып жатқандар көп.

Мойындалмаған Таулы Қарабақ аймағының басшылығы және Арменияның қорғаныс министрлігі Әлиевтің ақпаратын жоққа шығарды.

Армения қорғаныс министрлігі стратегиялық нысан үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр деп мәлімдесе, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының қорғаныс армиясы Әзербайжанның басып кіру әрекетіне бірнеше мәрте тосқауыл бергендерін айтты.

Түркия басшылығы Әзербайжанды осы оқиғамен құттықтады.

"Әзербайжан бауырларымды Шушадағы жеңісімен құттықтаймын. Бұл оккупацияланған жердің қалған бөлігі де жуық арада қайтарылады деген сөз" деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің солтүстік-батысындағы Кожаели аймағында жиналған жұрт алдында сөйлеген сөзінде.

Әзербайжан Оңтүстік Кавказдағы 25 жылдағы ең қанды соғыста бір айдан астам уақыт ішінде Таулы Қарабақ пен оның маңайындағы жердің біразына бақылау орнатты. 1990 жылдардағы соғыста Баку бұл жерден айрылып қалған еді.

Әзербайжандар "Шуша", армяндар "Шуши" деп атайтын бұл қала аймақ орталығы Степанакерттен оңтүстікке қарай 15 километр жерде орналасқан.

Шуша екі халық үшін де мәдени әрі стратегиялық маңызы бар орталық саналады. Мұнда екі халықтың да тарихи, діни жәдігерлері орын тепкен. Соғысқа дейін Шуша тұрғындарының көпшілігі әзербайжан болған.

Халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері болып саналатын, көбіне армяндар қоныстанған Таулы Қарабақ аймағында ұрыс қайта басталған алты апта ішінде 1 мыңға жуық адам қаза болған.

Бұл қала Әзербайжан күштерінің аймақтың негізгі қаласы – Степанакертке шабуыл жасауына плацдарм болуы мүмкін. Соңғы күндері екі қала да қарқынды әуе шабуылына ұшыраған. Әзербайжан қорғаныс министрлігі бейбіт тұрғындар тұратын аудандар бомбаланды деген хабарды "жалған ақпарат" деп атады.

 

Пікірлер