Құдалар өткізетін парламент сайлауы әділ өтпейді

3384
Adyrna.kz Telegram

"Тәуелсіз бақылаушылар" Қоғамдық бірлестігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы қоғамдық бірлестік өкілі Арайлым НАЗАРОВАНЫҢ хатына сілтеме жасап. Өткен сайлауда тәуелсіз бақылаушының қызметін атқарып, түрлі қитұрқылықты өз көздерімен көріп, куә болған азаматтар алдағы парламент сайлауының әділ өтуін талап етуде. Әділдіктің алғы шарты ретінде бірлестік өкілдері Орталық сайлау комиссиясы мен билік партиясы басшыларының арасындағы туыстық қатынасты көлденең тартады. ОСК пен билік партиясының басшылары өзара құда екенін айтқан тәуелсіз бақылаушылар мұндай туыстық байланыс кезінде әділ сайлау өтуі мүмкін емес дейді.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз - былтырғы өткен Президенттік сайлауда сайлау учаскелерінде болған көптеген заңбұзушылықтар мен сайлау мәдениетінің төмендігін, халық арасында сайлауға деген сенімсіздіктің қандай деңгейде екенін көрген тәуелсіз бақылаушылармыз. Былтырғы сайлаудан кейін ресми түрде «Тәуелсіз бақылаушылар» ҚБ ретінде бірнеше аймақтарда тіркеуден өттік. Біздің басты мақсатымыз – әділ сайлаудың өтуіне атсалысу, әрбір қазақстандыққа өз  дауысының маңыздылығын жеткізіп, сайлау мәдениетін, сайлауға деген сенімді қалыптастыру. Тек әділ де таза сайлау ғана бейбітшіліктің кепілі болады деп білеміз. Әділетсіз сайлау қоғамда қарсылық акцияларын тудырып, ішкі толқуларға алып келеді. Оған дәлел ретінде алысқа бармай-ақ кешегі Беларусь пен көрші Қырғызстан еліндегі сайлауларды атап өтсек болады. Бұған дейін де Грузия, Армения, Украина елдеріндегі майдандардың себебі де осы әділетсіз сайлаудың нәтижесі емес пе еді?! Біз елімізде бейбітшіліктің болғанын, Қазақстанның кез-келген азаматы өз таңдауының маңызды екенін түсіне отырып, дауыс бергенін, кез-келген таңдау шынайы халықтық болғанын қалаймыз.

А. Линкольн «Сайлау бюллетені – оқтан да күшті» деген екен. Иә, теорияда солай. Ал, өкінішке қарай, бүгінде біздің елде сайлау - сенімсіз алаң, бюллетень – құнсыз қағазға айналды. Халық арасында сайлауға деген сенімсіздіктің болуының себептері көп. Былтырғы сайлауда ол себептердің неден туындағанын біз өз көзімізбен көрдік.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден осы Парламент сайлауының таза, әділ өтуін қамтамасыз етуіңізді, халыққа сайлауға деген сенімді қайтаруыңызды сұраймыз. Уақыт өтеді, заман кетеді, ал сайлауға деген сенім мен сайлау мәдениеті ғасырдан ғасырға нағыз демократияның бейнесі болып қалуы үшін таза сайлауға қадамды бүгін жасауымыз керек.

Алдағы Парламент сайлауына халық арасында өте үлкен сенімсіздік бар. Оған себептердің бірі ретінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен билік партиясы төрағасының туыстығы. Қазақ құдасын құдайындай сыйлаған елміз. Сайлауды ұйымдастырушы құрылымның басшысы бәсекеге қатысушы партия басшысының отбасына жақын тұлға болуы моральдық тұрғыда Б. Имашев мырзаның өзіне дискомфорт, сайлауға қатысушы басқа партиялардың жеңіске деген үмітіне кірбің, халықтың әділ сайлауға деген сеніміне күмән тудыратыны анық. Осыған орай, Сізден, ОСК-нің төрағасы Б. Имашевті қызметінен босатуыңызды сұраймыз. Бұл, алдағы сайлаудың таза өтуінің алғышарты болатын еді. Бұл тек біздің бақылаушылардың өтініші емес. 2020 жылғы 31 қазанда Алматы қаласында өткен митингтің қарарында да осы талап қойылған болатын. Көптеген азаматтық белсенділер айтып, халықтың көкейінде жүрген мәселе. Сіз тыңдаушы мемлекетті қалыптастырушы азамат ретінде халықтың көкейінде жүрген бұл мәселені бей-жай қалдырмай, құлақ асасыз деп үміттенеміз.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер