Сүйінші! Жаңа кітап жарық көрді!

3491
Adyrna.kz Telegram

Жақында Алматы қаласында жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Нақты айтқанда журналист, Argymaq.kz ұлттық танымдық порталының Бас редакторы, «Нұр Сұңқар» сыйлығының, «Халық алғысы» мемлекеттік медалінің иегері Ержан Жаубай мен белгілі психолог, психология ғылымдарының магистрі Сүйіндікова Нұргүл Молдабайқызының «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты бірлескен еңбегі жарыққа шықты. Almaty towers SmArt Point ғимаратында өткен жаңа  кітаптың тұсаукесері карантиндік талаптарды ескере отырып, белгілі журналистер мен осы салаға қатысы бар мамандардың, жалпы оқырман қауымның қатысуымен өткізілді. Іс-шараның қадірлі қонағы болып «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, Психология ғылымдарының докторы, профессор, РҚБ «Қазақ психологиялық қоғамының» Президенті Мұқан Перленбетов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы Қайрат Исхан, этнограф Бұлбұл Кәпқызы қатысты.

Дәстүрлі әнші Бәзілжан Біржанұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әні, «Молдабайдың әні» әндерін орындаумен басталған жиын, келген қонақтардың құттықтау сөздерімен жалғасын тапты. Белгілі болғандай, жаңа кітапта халқымыздың сан ғасырлық дүниетанымының қорытындысы, өзегі болған салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары, ырым-тыйымдарының психологиялық астарына ғылыми тұрғыда талдау жасалған. Соның негізінде ұлтымыздың бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ерекше мән бергені, әр салтында, әр ойынында психологиялық терең астар жатқаны нақты көрініс тапқан. Кітапқа 90-ға жуық салт-дәстүр мен 20-дан астам ұлттық ойын топтастырылған. Кітап «Мұқаба» баспасынан 5100 данамен оқырманға жол тартты. Шара барысында этнограф Бұлбұл Кәпқызы апамыз кітап авторлары Ержан Жаубайға тақия, ал Нұргүл Молдабайқызына орамалды сыйға тартты.

Келесі кезекте жиынға қатысушы қадірлі қонақтардың қатысуымен салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Осыдан соң жиынға қатысушы оқырман қауым кітап жайлы өз пікірлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Шара соңында кітаптың қос авторы Ержан Жаубай мен Нұргүл Молдабайқызы кітаптың шығу барысы жайлы әңгімелеп берді. Тағылымды іс-шара қонақтарға жайылған ақ дастархан басында жалғасын тапты.

Думан АРҒЫНГЕЛДІ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер