Астана Түркістанға ауыса ма?

8166
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада қазақ қоғамының назары тұтастай Боратқа ауып, ел ішіндегі маңызды дүниелер тасада қалып қойғандай. Бірер күн бұрын танымал журналист Ермұрат БАПИ ел бюджеті мен оның жұмсалуының астарына үңілдіретін қызықты ақпаратпен бөлісті.

Түркістан облысына бөлінген миллиардтардың неге ерекше көп екеніне назар аударған ол: «Менің жеке пікірім бойынша екі версия:Біріншіден, Назарбаев Түркістанға – қазақ хандарының қасына барып «жатуға» бел буған;Екіншіден, болашақта Түркістан – елдің астанасы атануы мүмкін», деп жазды.

Н.Назарбаевтың Түркістан облысына жасаған іссапарынан кейін «Түркістан ел астанасы болуы мүмкін» деген сөз желдей есіп барып, басылған еді. Бұл сөздің шығуы да бекер емес. Өйткені  Түркістан облысына барғанында Назарбаевтың: «Тәуелсіздік алған сәттен бастап Түркістанды ел астанасы ету туралы ойладым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, ол кездегі жағдайға байланысты бұл мүмкін болмады. Қазір міне, бұл қала түрленіп, жаңаруда. Түркістан түркі әлемінің бесігі. Түркі елдері бізді қолдап, көмектеседі деп сенемін», деген еді. Егер елбасының бұл сөзіне терең үңілсек, «Тәуелсіздік алған уақытта Түркістанды астана ете алмасақ, қазір бұл мақсатымызға ешқандай кедергі жоқ» дегендей емес пе?

Бәлкім осыдан болса керек, Түркістан облысының бюджеттік шығыны басқа қалаларға қарағанда анағұрлым көп. «Мынау қызықты қараңыз:

2020 жылға түзетілген бойынша бөлінген қаржы:

Алматы қаласы әкімдігіне – 213 миллиард теңге

Астананың қалалық әкімдігіне – 249 млрд теңге

Түркістан облысының әкімдігіне – 290 млрд теңге.

Түркістанға бөлінген қаржы Алматы мен Астанадан неге артық? Екі миллиондық Алматыдан – 77 млрд., Назарбаевтың "Лего" ойыншығы сияқты Астанадан – 31 млрд асып кеткені қалай? Бұл қалаға айырықша қамқорлық көрсетілудің астарында қандай құйтырқылық бар?

Бұл орайда әркімнің әрқилы болжамы болуы мүмкін. Бірақ тек қана елдегі туризмді дамыту үшін бір ғана Түркістанға осыншама артықшылық жасалуы әрбір салықтөлеушіні (парламент пен үкіметті емес) ойландыратын мәселе болса керек.

Менің жеке пікірім бойынша екі версия:

Біріншіден, Назарбаев Түркістанға – қазақ хандарының қасына барып «жатуға» бел буған;

Екіншіден, болашақта Түркістан – елдің астанасы атануы мүмкін. Мырзатайлар бастаған жандайшап сұрқылтайлар жуық арада осындай бастама көтеріп жатса, таңдай қағып, таңдануға болмайды.

Ал сіз қалай ойлайсыз?» деп жазады Ермұрат Бапи. Журналист бөлінген бюджеттік қаржыға қатысты мәліметті ҚазТАГ-тан алынғанын айтады.

Соңғы уақытта Түркі әлемі, Тұран мемлекетін құру туралы ірі-ірі бастамалар көтеріліп жүргені жасырын емес. Сыртқы саяси ахуалдарға байланысты тұтас Түркі әлемінің бірігіп, бір тудың астына жиналғаны, әрине алпауыт елдердің де тізесін қалтыратыны анық. Алайда бұл мүмкін бе? Бұл ретте ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге сұрау салсақ, ә дегеннен тоқымын бауырына қысып, тулап шығары сөзсіз. Онсыз да Жириновский үшін әлемдегі ең үлкен қауіп -Түркілердің топтасуы. Сондықтан «Түркістан Қазақстанның келесі астанасы болуы мүмкін бе?» деген сұрақпен өз азаматтарымызға сауал тастадық. Ал «Түркістан Түркілердің астанасы болуы мүмкін бе?» деген сауалды түркітектес бауырларымызға қойдық.

Шымкенттік тарихшы ұстазымыз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ: «Түркістан Қазақстанның астанасы болмайды. Солтүстік ашық қалады. Ал түркі дүниесінің рухани орталығы болуы әбден мүмкін. Қарабақтағы соғыс бүкіл түркілерді бір біріне жақындатып жіберді ғой. Тіпті сонау қиырдағы саха-якуттардың постарын көрсеңіз әзірбайжанды жақтап шырқырап отыр. Ердоғанды өзіңіз біліп отырсыз, түркілерді біріктіруге бел шешіп кірісті. Меніңше, Елбасы мен Ердоғанның арасында біз білмейтін келісім бар секілді. Қарабақты қайтарған соң түркілер Түркістанда біріксе керек...»- дейді.

Түркі әлемінің басын дін біріктіреді деу-қате

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қожа Ахмет Йасауидің ұрпағы, Йасауи қорының  жетекшісі Сматулла ЙАСАУИ (суретте сол жақта): «Түркістан бүтін Тұранның астанасына айналса, әрине, өте жақсы болар еді. Онсыз да Түркістан түркілердің ортақ әлемі саналады ғой. Алайда бұл мәселенің саяси жағы Әзербайжандағы сияқты Қазақстанда да проблема тудыруы мүмкін.  Түркі әлемінің ортақ одағы болғанын мен де армандаймын. Өкінішке қарай, имперализм, яғни Ресей бұған жол бере қоймас».

Түркиядағы Uludağ OSB өнеркәсібінің президенті Юнус АЙДЫН: «Жалпы, Түркі әлемін сөз еткенде,түркілерді біріктіретін дүние дін дейтін түсінік бар. Меніңше, бұл жаңсақ пікір. Түркі әлемін діни ұстаным біріктірмейді. Яғни, Мәуләна айтақндай, «ешбір мемлекет дінге негізделіп құрылмайды». Түркі әлемінің басын біріктіретін нәрсені дін деп қарайтындар бар. Мұнымен келіспеймін. Біздің Түркілердің басын қосатын ортақ дүниелер өте көп. Түркілердің тілі, ділі, ұстанымы, салты мен дәстүрі, өмірлік қағидалары т.б. өте ұқсас. Ал ең бастысы, біздің бойымызды қуалай аққан қанымыз-бір.  Қазіргі кезде Ресей тарапынан Түркі әлеміне басқаша көзқарас қалыптасқан, өзгерген. Ресей бұрынғыдай  Түркі әлеміне шүйліге қарамайды. Қазіргі кезде Ресейдің Түркі әлеміне көзқарасы, қарым қатынасы жұмсарған. Түркі әлеміне Ресейдің мейлінше лояльды қатынас жасауға ұмтылатыны байқалады. Түркістанның күллі Түркі әлемінің астанасы боларынан үміттенеміз, соны қалаймыз да. Алайда мемлекеттің ішкі мәселелері мен сыртқы саяси жағдайларын да ескергеніміз жөн. Әйтсе де, қалай болғанда да Ресей бұрынғы қаһарынан тайғанын да есептен шығармауымыз керек».

Экономист Мақсат ХАЛЫҚ: «Түркістан саяси, тарихи, рухани жағынан өте ерекше мәнге ие мекен. Түркістан болашақта да тек қазақтың емес, жалпы, Түркі әлемінің рухани астанасы болып қала береді. Қазіргі кезде Түркістанға облыс орталығы ретінде үлкен инвестииялар тартылуда. Алайда келешекте Түркістан ең алдымен өзінің рухани тұрғыдағы мәнін жоғалтып алмауы керек деп санаймын. Әлемді өзіне тартатын ерекшелігін сақтап, турыизмді дамытуға үлкен үлес қосатын қала болып сақталады деп сенемін. Ал Түркістанды Қазақстанның астанасы болады деп ойламаймын. Оңтүстік өңірі демографиялық өсімі өте жоғары өлке. Қазіргі астанамыздың Солтүстікте орналасуы стратегиялық тұрғыдан өте дұрыс. Солтүстіктен адамдардың кету жағдайы өте жоғары көрсеткіште. Яғни, солтүстігімізде демографиялық құлдырау бар. Сол себепті де ел астанасының қазіргі орналасқан жері стратегиялық тұрғыдан өте дұрыс деп санаймын. Ал енді қайтадан жаңа астана құру экономикалық жағынан елімізге үлкен шығын әкеледі. Дәл қазір Қазақстан ондай шығындарға дайын емес. Оның орнына, ауылшаруашылығын, өңірлерді дамыту мәселесі ең бірінші кезекте тұрған нәрсе. Сондықтан да жаңадан астана салу экономикалық жағынан тиімсіз деп ойлаймын.

Саяси мәселе жөнінде өте салмақты болжамдарымен бөлісіп жүрген саясаттанушы Олжас ӘБІЛ: «Келешекте Түркістан астана болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Ол сол замандағы биліктің ұстанатын саясатына, қаржылық әлеуетіне байланысты. Ал мынау билік қазір Астана салып оны ауыстыратын шамада емес, бұлар барлық жағынан сарқылды. Бәлкім парламентті Түркістанға көшіру ойлары бар шығар, мәселен Грузияда Парламент үйі Кутаисиде орналасқан. Ал одан арыға бұлардың қауқары жете қоймас. Өзге әлеуметтік проблемалары басынан асады. Жалпы, астана салып қаланы астаналық стандарттарға бейімдеуге қыруар қаржы керек. Ондай ақша билікте жоқ.

Ал негізі Түркістан астана болып жатса, мен қолдаушы едім. Ол қала қазақтың тарихи тұлғаларының жатқан жері, рухани темірқазығы. 9 ай жаз болатын климаты да керемет. Қазіргі Нұрсұлтан қаласы бұрын Ресейдің етегіндегі Целиноград болатын. Ауыспалы мағынада айтсақ, қазір ол Целиноградтың күллі көкке ұшты. Қазіргі қала мен бұрынғы қаланың, өлкенің, тұрғындарының, қазіргі тұрғындарының санасының айырмасы жер мен көктей. Яғни бұл жерде сол кездегі астана салу жоспары өз стратегиялық миссиясын орындап шықты десе болады. Алайда кез келген елдегі бас қаланың ауа - райы, климаты келісті болуы керек. Оған туристер көптеп келеді, қысы - жазы түрлі салтанатты шаралар ұйымдастырылу керек дегендей... Ол жағынан қазіргі Нұрсұлтан қаласы тым жайсыз. Бұл өлкеде 7- 8 ай қыс десек те болады. Жазы суық, ұйытқыған жел.. Күзі лай - батпақ. Қысы Арқаның сақырлаған сары аязынан тұрады. Қысқасы, қазіргі Нұрсұлтан қаласы туристер ағылатын жер емес. Ал туризм деген шіркін - қалаларды, тіпті тұтас елдерді асырайтын кәсіп. Осының бәрін, яғни кемшілігін, артықшылығын екшеп ескере отырып келешек ұрпақ астананы Түркістанға ауыстырып жіберуі бек мүмкін. Оған таңғалмаймын», -дейді.

 

Меруерт ХУСАИНОВА, Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөздерден алынды алынды.

Пікірлер