Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы

3786
Adyrna.kz Telegram
????????????????????????????????????
????????????????????????????????????

Бұдан біраз уақыт бұрын «Ақтөбе» газетінде жарияланған (28.10.2016) «Бөкенбай батырды тонау немесе тарихымызды түгендегенде, жеткен жеріміз осы ма?» атты даулы мақаламен танысып едік. Пікір өзегі – «Бөкенбай шоқысы» аталып жүрген жер екен. Соны біреулер иемденіп алыпты атамдікі деп. Авторлар оның олай емес екеніне шыр-пыр болады. Ресей империясының отарлау мақсатындағы тапсырмасы негізінде жүргізген «Обозрение киргиз-кайсакской степи» аталатын тыңшы Я. П. Гавердовскийдің екі бөлімнен тұратын жолсапар-күнделігінен дәлелдер ұсыныпты. Бұл еңбек қолымызда бар еді, жақсы таныс ек...

Фашистік-коммунистік қызыл империя құлаған соң, қазақ тарихын түгелдеуге көшті. Рухты биіктетер, тәрбиесі мол, ғибратты іс бұл. Әйтсе де мұнымен қатар жағымсыз әрекеттер де  бой көрсетіп қалуда. Біреулер сайда саны, құмда ізі жоқ әлдекімді «сері» қылып, сонысын күллі фольклорлық мұраларымыздың авторы етіп, қолдан зор жасамақ та болды... Тасадағы қоштаушыларының қолдауымен ала тайдай бүлдірмегендері жоқ. Пікір өзегі – тархан Табын Бөкенбай батырдың тарихтағы тұлғасын көлегейлеу үшін, елді шатастыру ниетімен, өз аулынан бірнеше «Бөкенбай батырды» да ойлап шығарды. Қайсыбір танымы кем парықсыздар мұны әлі шын көреді... XVII – XVIII ғасырлар аралығында ғұмыр кешіп, есімі тек қазақ халқына ғана емес, Ресей империясы мен Орта Азияға мәлім болған батыр һәм тархан Бөкенбай – біреу ғана! Қалғаны – ойдан құрастырылған жалған әңгімелер!

Осындай жағдайларға қанық болғансын жанұшырған ағайынның уәждеріне тілеулес ниетпен қарадық. Әлгі орыстың еңбегіне қайта шұқшидық. Бірнеше қайыра оқыдық. Бүй дейді жаңағы Я. П. Гавердовский 1803 жылы тамыздың 22-сінде таңбалаған дерегінде: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли  Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье (астын сыздық. – Б.К.), а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке (астын сыздық. – Б.К.), который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я), стр. 23 // Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов, стр. 44).

Бұл жолы ойланып қалдық. Бұрын үстірт оқып, мән бермеген екенбіз, Гавердовский «Буканбай бий киргизский...» депті. Даңқы Ресейге мәлім тархан Табын Бөкенбай батырды бір шағын ауылдың биі дәрежесіне теңемеуі тиіс еді! Мәлімет берушілер жолбастаушы Әлімнің рубасылары – Қаракөбек, оның жиені Боранбай дегендер. Тыңшы-саяхатшы мынадай да ақпарат таңбалап кеткен солардың бірі жайлы: «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии, но за несколько лет пред сим по причине слабого его управления за родом, замешавшимся в грабежах, он стал от границы удаляться». Қалай болғанда да деректер осы адамдардың баяндауымен түзілген. Шоқыға қатысты өткен оқиғаға бізден гөрі олар жақын бір табан. Сондықтан алты алашқа аты мәлім батырды шағын ауылдың биі деп қателесуі еш мүмкін емес. Жолбастаушы жергілікті ақсақалдар бұл биікті жаудан малдарын қорғау үшін қарауыл төбе ретінде пайдаланғанын айтқан, соны Гавердовский қаз-қалпында қағазға түсірген. Жазбаға мұқият көз жүгіртейікші тағы бір...

Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханның оң қолы, ақылдасатын бірден-бір кеңесшісі, қолдаушысы болғаны тарихта тайға таңба басқандай мөрленген. Алайда оны үнемі хан иемнің қасында болды деу де қисынсыз. Бұны мына: «...Тевкелев өзінің басына күн туғанда Әбілқайыр ханнан: « Бөкенбай қайда? Оны қанша күнде әкелуге болады?» деп сұрағанда, ол: «Қос атпен күні-түні жүргенде он күн кетеді», – деп жауап берген», – деген архивтік деректер айғақтайды (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 362-бет). Шынында да жан-жақтан жау қамалап тұрған шақта атасы бір, туған жұрты Табындардан жырақ жүрмесе керек-ті ол. Осы мәліметтер-ақ Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқыда Табын Бөкенбай батырдың жерленгеніне шүбә келтіреді. Бұл жайттарды негізге алып, Гавердовскийдің атап отырған «Буканбайын» (дұрысы Бөгенбай. – Б.К.) Бөкенбай батыр деп қабылдаудың еш жөні жоқ деген ой түйдік. Арыстандай айбатты баһадүрдің тек малы үшін қиын кезде Доңызтау мен Жем бойындағы ағайындарын есінен шығарып, сонау Ырғыздың бір шоқысын айналсоқтап жүргенде Әлім-Шөменнің ортасында барымташылар қолынан өлуі де сенімсіз ғой! Тархан атына лайық емес тіпті. Сондықтан барымтада өліп, шоқыға жерленген Қабақтың Бөгенбай деген биі дейміз біз!

Шынында да тархан Бөкенбай батыр ғана емес, басына дәулет қонған кісі де екен. Бұған куәлік берейік. Мұнан он шақты жыл бұрын Табын руының жетпісті алқымдаған Мақсат, тоқсан жастағы Айнағұл есімді қарттары көнекөздерден жеткен мына әңгімені: «...Бөкенбайдың қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары.  Батырдың он мың жылқысы болған. Олар сәскеде қатар тұрып, осы үш саладан су ішкенде, олардың ағысы тоқтап қалады екен...» – деп баяндап беріпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 44-бет). Айтпағымыз, тархан Бөкенбай батыр көп салалы, суы мол, шөбі шүйгін, балығы тулаған Жемнің бойын тастап, осынша мыңғырған малын Әлім-Шөменнің шоқысына әкеп бағуы адам нанар жайт емес. Әлім-Қабақ Бөгенбай десе сенуге болар еді...

Қолдағы мағұлматтарды сараптай отырып, көз жеткізгеніміз Гавердовскийдің деректері қате пайымдалып, жаңсақ тұжырым «шындыққа» айналған. Қалай десек те ақиқатқа иілген жөн... Жә, жақсы, бұл – Бөкенбай батыр өлген соң 60 жылдан кейін жазылған дерек қой. Бұдан басқа тарихи мәліметтерді сүзейік енді.

Қалың Табынның арасында аталары баһадүр Бөкенбай жайлы ел әңгімелерінің, нақты деректердің сақталмауы мүмкін емес. Оларды аулада туған қысыр сөзге балап жоққа шығару және әбестік!

Профессор З. Байдосов құймақұлақ жандардың бірінің аузынан жазып алған Табын Бөкенбай батыр туралы жырдың мына тұсында:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Бөкенбай сынды батырым,

Алты мүшел толтырып,

Қалың да жәуміт ішінде,

Қапыда қаза болған-ды», – делініпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).

Сонда Бөкенбай батыр шоқыдағы ауылға шабуыл жасаған қалмақтардан емес, түрікпендермен шайқаста  өлген. Тарихтан белгілі, киіз туырлықты көшпелі қандас жұрттар арасында барымта, шапқыншылық жиі болып тұрған... Тархан туған жерінің оңтүстік-батыс беткейінде, сондай қақтығыстардың бірінде жәуміттер қолынан қаза тапса, мүрдесін атамекенінен әрі асырып, ұрпақтарының ту Ырғыздағы Әлім-Шөменнің шоқысына апарып қоюы түсініксіз жағдай. Жырдағы мәлімет көңілде осындай күмән тудырады.

Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқыға жерленген «Буканбайды» Шекті Бөгенбайғажатқызып жүрген әңгіме шындыққа саяды. Өйткені, Әлім мен Шөмен бір туған. Қашанда араласып жатқан жұрт. Қазірде де солай. Бірақ бұл өңірдің бағзыда Әлім баласы Шектілердің иелігінде болғанын ертедегі жат жұрттықтардың қазақ рулары қонысына қатысты картасы да растап бекітеді...  Тарихы таласқа түсіп отырған шоқы осы екі елдің қазіргі ауданаралық бөлініс шекарасы маңында орналасқан. Айта кетейік, бұл – көрген жеріміз-тұғын, екі-үш рет болғанбыз...

Қолдағы деректер Бөгенбайды Әлімнің Шектісі дейді. Оның Қабақ аталығы, Жангелді бөлімінен екен. Өмір сүрген уақыты XVIII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың екінші жартысының аралығы деп шамаланады. Ал ғұмырының қалай аяқталғанын Әлімнің шежіре қарттарының ауыз екі әңгімесі негізінде Гавердовский өз еңбегінде жазып қалдырған. Қазір есімі руға айналған. Одан тараған ұрпақтар өсіп-өнген. Шалқар өңірінде тіршілік етуде.

Таластың тууының негізгі бір себебі: Я. П. Гавердовскийдің Бөгенбайды «Буканбай» деп таңбалауы. Әрине, ойлап қарасаң «Бугенбай» боп жазылуы керек еді. Жолсапар-күнделікке «Буканбай» делініп түзілген. Бұл – қазақша «Бөкенбай» атауының орысша «Буканбай» деп орфографиялық тұрғыдан дұрыс жазылған нұсқасы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ақиқатына келсек, қайталап еске саламыз, батырдың есімі отаршылдар тілінде «Букенбай» боп қатталуы тиіс еді қағазға. Бірақ басқаша. «Буканбай».

Жат жұрттықтардың бұрмалауымен Жем «Эмба», Есіл «Ишим», Өлкейек «Улқояк» Бес Тама «Бестамак» боп бүгінге шейін аталып келгені баршамызға мәлім жайт. Я. П. Гавердовский де өз жазбасында тек Шекті Бөгенбай бидің есімін ғана емес, басқа да атауларды бұрмалаған. Бүй дейді: «Большой орде назначен был в сие достоинство Тюля-бий, в Средней – Казбек, а в Меньшей – Итка (дұрысы Әйтеке – Б.К.)». Тағы да айғақ берейік, ру аттарынан. Алдиярды «Елдяр», Тоқаны «Тукан»,  Сарықасқаны «Сары-кашкин» Қойытты «Куит» деп таңбалаған (бұлар – Шөмекейден тараған аталықтар.-Б.К.) Бірқатарын ғана атап отырмыз. Жазбада бұрмаланған сөздердің бәрісін тізіп көрсету міндетіміз емес. Мұндағы айтпағымыз, Шекті Бөгенбайдың есімі де осылардың кебін киген. «Буканбай» боп. Кейін сонан кеткен оны батыр Бөкенбаймен шатыстырып. Атақ-дәрежесі биік болғасын. Жақсы, мұны қояйықшы.

Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген мына деректер сақталған екен Бөкенбай батыр жөнінде, бүй дейді онда: « ...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай (астын сыздық. – Б.К.) в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...». (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53)

Гавердовскийдің дерегі алпыс жылдан кейін жазылса, мына мәлімет – баһадүр өлімінен соң көп кідірмей, оншақты күн ішінде түзілген ресми ақпарат. Өйткені, орыс отаршылдары үшін Бөкенбай батыр аса маңызды тұлға! Оның халық арасындағы бедел-әрекеті, әр қадамы жіті бақылауда болған. Сондықтан ол турасындағы хабарламалардың жоғары жаққа уақытында түсіп отыруы – заңдылық. Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің осы нақты деректерінде тархан түрікпендермен шайқаста қаза тапқан дейді. Куәлікке тартқан жырдағы мәліметтермен дәл қиысып тұр. Мұның үстіне қалың Табын да Бөкенбай батыр Байғанин ауданы Жарқамыс аулынан жеті-сегіз шақырым жердегі төбеге жерленген, дейді. Кейін «Бөкенбай төбесі» аталып кеткен, дейді. Басына ұрпақтары айшықты белгі орнатқан... Сонда ұсынылып отырған бұл нақты мағұлматтар, архивтік деректер Я.П. Гавердовскийдің: «Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке…» – деп таңбалаған мәліметіне үйлеспей, қайшылық тудырып, шоқыға жерленген Шектінің Қабағынан шыққан Бөгенбай би екенін толық қуаттап тұр! Шынында да атақонысының оңтүстік-батыс беткейінде бақи болған батырдың мүрдесін туған мекенінің үстінен алып өтіп, асырып, бірнеше күншілік жердегі Ырғыз жақтағы төбеге қоюының еш қисыны да, себебі де жоқ!

Мінекей, архивтік мәліметтер ақиқатты осылай ашып беріп отыр.

Айтқандай, жаңа жоғарыда келтірілген 1742 жылдың 28 мамырдағы Ресей империясы Сыртқы істер Министрлігінің ресми хабарламасына тағы бір көз салайықшы, тархан есімі орыс орфографиясы бойынша «Букенбай» деп дұрыс таңбаланыпты, «Буканбай» емес!

1976-1993 жылдардың материалдары бойынша 2001 жылы Астана шәріндегі РМҚК  «Картография»  баспасында дайындалып, жарыққа шыққан Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық картасында Ырғыздың оңтүстік-батысындағы пікір өзегі боп отырған шоқы – «Бөгенбай тауы» деп түсірілген...

Барлық тарихымыз Бөкенбай баһадүрдің Ырғызға тақау орналасқан шоқыға жерлену жерленбеуіне тіреліп тұрған жоқ! Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ. Тархан бабамыздың Ырғыз топырағын басқанына, Әбілқайыр ханмен ел мүддесін ойлап, алқалы кеңес құрғанына еш шүбәланбаймыз...

Сонымен сөз соңында және бір қайталап нақтылап өтейік, жоғарыда аталған тарихи мәліметтерді бажайлай зерделегенде мынадай қортынды шығып отыр:

а) тыңшы-офицер Гавердовскийдің Шекті Бөгенбайды «Буканбай» һәм ажалы қалмақ барымташыларынан болған деп түзуі кейінгілерде Табын Бөкенбай батырды айтқан екен деген жаңсақ ой тудырып, шоқының ақиқат атауын тарханға жапсырған;

ә) Ресей империясының Сыртқы істер министрлігі архивінде сақталған 1742 жылғы мамыр айының 28-інде жазылған ресми хабарламаның Бөкенбай батырдың түрікпендермен шайқаста өлгенін растауы – ұрпақтары мен туғандарының тарханды өз атақонысынан әрі асырып, айшылық жердегі шалғай өңір Ырғыздың төбесіне жерлеуін ақи-тақи жоққа шығарады.

Пікірімізді осы тұстан тәмәм қылмақпыз. Дәлелге тоқтап, шындықты қабылдайтын жандарға жеткілікті деп ойлаймыз...

Қателікті мойындау – көшеліліктің белгісі! Шекті Бөгенбай би шоқысы да ескі күннің бір шежіресі. Тарихымызға еш жаттығы жоқ!

Гавердовскийдің жазбасын, басқа да архивтік тарихи деректерді мұқият салыстыра сараптай отырып, көз жеткізген анық ақиқат – осы! Әуелде күмәнданғанмен шындыққа лажсыздан қол қойдық!

 

Бөрібай КӘРТЕН,

“Адырна” ұлттық порталы

                                                                  

Пікірлер