Тағдырды жасау

2728
Adyrna.kz Telegram
Бір адамға шегені дұрыс қақпай жатсың деп мейірленіп, күліп айтсаң, ол балғасын теріс ұстап алғанын түсініп, шегені дұрыс жағымен қаға бастайды. Немесе, сорпа жасап жатқан адамға көкөністі суық суға емес, қайнаған суға қос, алдымен аршып, жуып, турап ал десең, ол тыңдайды. Есі дұрыс адам пайдалы сөзді тыңдайды. Мәселен, егер сен «қиыс кетіпсіз, кері қайтып, оңға бұрылсаңыз, баратын жеріңізге тура жетесіз» десең, ол адам да алғысын айтып кете барады. Мұндай сөздің бәрі сұранысына қарай айтылады. Егер бір адам сұраса, көмекке мұқтаж болса, ол сұрайды, сен жауап бересің.
Ал, кей жағдайда адам: «Осы мен не істеп жүрмін?» де сұрайды. Сен көзге көрініп тұрған анық заттарды тізесің. Бірақ балаға айғайлауға болмайды. Яки, әйеліңді боқтаудың қажеті шамалы. Үнемі бір затты қайталай берудің де қажеті жоқ. Бейтаныстарға түн ішінде хат жазба, қоңырау шалып, мазасын алма. Күндіз де абайлап хабарласқан абзал. Күйеуіңе бір күнде жүз рет хат жазып, мазасын кетірме. Жұма сайын ішіп, мас болудың да керегі жоқ. Мұндай жағдайда сені тыңдап, ақылыңды ала қояр деймісің? Жоқ. Болмаса, басын изеп, мақұл дей салады. Бірақ өзін басқаша ақтап алады. Балғаны теріс ұстаған күйі шегесін қаға береді. Ал, егер қатты жақтырмаса – сені боқтап, ұрсып, өзінің басқаша ойлайтынын айтар, ал сен себеп тауып, соқтығып тұрсың дейді. Мен темекі тартқан соң жөтелмеймін, тек жүйкем тозған соң жөтелем дер. Өз баламды өзім тәрбиелеп аламын дейді. Бәріне жұмыс кінәлі дейді.
Неге бұлай? Неге адам бақытсыздығына жармаса береді? Бұл меңгертетін дағды емес. Бұл оның өзі, тұлғасы, мінезі. Мінез – тағдырға айналады. Философтар ылғи солай айтады. Психиатрларға да бұл нәрсе таныс. Мінез – адамның тағдырына айналады. Жаңа туған нәрестенің де өзіндік мінезі болады, содан соң тәрбиеленген әлеуметтік-қоғамдық ортаның әсері зор. Бұл оның өмірлік мінез-құлқына айналады. Сондықтан түн ішінде жолды қызылға кесіп өтетін адамның тағдырын тап басып айту қиын емес. Тағдырдың сюжеттері соншалықты көп емес, рас айтам.
Қалыптасып кеткен мінез-құлық пен тұлғалық қасиеттерді өзгерту оңай емес. Проблема бар деп мойындаудың өзі – өте қиын. Егер адам қайталай беретін қауіпті дағдысын өзгертуге құлықты болмаса, ол тағдырдың лейтмотивіне сіңісіп кетеді. Оюдың бөлшегіне айналады. Сонда маңдайға жазылған дүние орын алады. Тағдыр тәлкегінен дұрыс кеңеске құлақ түрген, тыңдаған адам ғана құтылады. Істеме дегенді істемей қоя салғандар аман қалады. Олар тағдырын өзгертуге бел байлағандар. Бірақ мұндайлар өте аз.
Автор: Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда
Пікірлер