Президент парламенттегі депутаттарды түгел өзгерте алмайды

2047
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.. Аталған Жарлыққа байланысты алдағы сайлау келер жылдың 10 қаңтарында өтетін болды. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалды.

Шынын айтқанда қаңтардың қақыраған аязында елімізде сайлау науқаны қыз-қыз қайнайды деп айта алмаймыз. Өйткені алдағы Мәжіліс сайлауына «Нұр Отанға» бағынышты «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және Коммунистік партия сынды саяси ұйымдар қатысады. Ал оппозициялық деген аты бар жалғыз ЖСДП «Нұр Отанға» қаншалықты қарсылыс бола алады?

Қоғамдық саясат институтының қазан айындағы «сауалнамасына» сенсек, «Нұр Отанды» қолдау деңгейі 76,8 пайызды құраған. Дауыс берушілердің 70,7 пайызы партияның саяси салада бәсекелестері жоқ деп санайды, ал респонденттердің 69,2 пайызы елдің дамуын тек «Nur Otan» партиясымен ғана байланыстырып отыр. Яғни, билік партиясы алдағы сайлауда шаппай бәйге алатынын аңғартып отыр.

Әйтсе де саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, алдағы сайлауда парламенттің құрамы  аз да болса жаңарады. Өйткені қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенімді элита керекдеп санайды саясаттанушы.

«Парламентте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түгел кадрлары емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің адамдары болғаны жөн. Бірақ қазіргі президент парламенттегі депутаттарды түгел өзгерте алмайды. Алайда Тоқаев ауқымды өзгерістерді бастайды. Шынын айтқанда, Назарбаев та, Тоқаев та демократияға бағытталған авторитарлық лидер. Негізінен Нұрсұлтан Назарбаевтың кадрлары Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілінен шықпайды. Өйткені саяси-құқықтық  реформаны Тоқаев керек етеді.  Бұған ел экономикасының 4,5 пайыздан төмен түсіп кеткені түрткі болып отыр. Саяси-құқықтық рефрорма жасамаса қазіргіден де жағдай төмендей береді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев сезіп отыр», – дейді ол.

Алдағы парламент сайлауына бірде бір оппозициялық партия қатыспайтын тәрізді. Бұл жағдай еліміздегі наразы көңіл-күйді одан сайын арттырмай ма?

«Менің идеялымда Америкалық немесе Ұлыбритандық екі партиялық жүйе болса жақсы болар еді. Бір партия екінші партияны жақтырмайды. Бірақ өзінің бағдарламасы бар, екеуі де нарықтық экономиканың негізінен ауытқымайтын саяси ұйым болып отырады. Бізге тап осындай екі-үш партиялы жүйе керек. Тоқаев өз партиясын құрып, өз бағдарламасын нарық пен экономикаға негіздеп жасаса дұрыс болар еді. Мәселен, бізге АҚШ-тағыдай республикалық және демократиялық қос партия секілді партия қажет», – дейді саясаттанушы.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртай бұл сайлауға жаңа партиялардың түсе алмайтынына өкініш білдірді. Саясаткердің айтуынша, алдағы сайлау «Нұр Отан» және оның көлеңкесі іспетті құйыршық партиялардың арасында өтпек.

«Ертең тағы да парламенттегі креслоға «Нұр Отан», «Ауыл», «Ақ жол», коммунистер өтетіні белгілі. Тағы да 5 жыл елде ештеңе өзгермейтін болады. Халықтың ой-пікірі, арыз-талабы парламент мінберінен айтыла қоймасы хақ.

Тек билік не айтса, соны мақұлдайтын депутаттар отырған жерде солай болмақ. Ең өкінішті жағдай осы. Елдің қамын жеп, халықтың сөзін сөйлегісі келетін ұйымдар, қозғалыстар партия болып тіркеле алмаған соң, бұл додадан тағы тыс қалып жатыр. Әрине, мәжіліске кірмеген партия «Ақиқат» пен «Бірлік» бар. Бірақ қаншалықты олар халықтық партия болып, парламентке мүше бола алады?» – дейді Азаматхан Әміртай.

Саясаткер «Саяси партиялар» мен «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізгенімен «баяғы жартас, сол жартас» қалпында қалғанын айтады.

Ұзын сөздің қысқасы, қаңтар айында өтетін сайлау билік таңдаған эволюциялық даму жолының ертегі екенін тағы да дәлелдеуі әбден мүмкін.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер