Гүлжан Казимова әңгімелері

8847
Adyrna.kz Telegram

Бақта

Бақ ішіндегі біраяқ соқпақпен өтіп бара жатқам. Кенет миымның бір қыртысында ызың пайда болды. Басымды шайқап қоямын. Кетер емес, бір сәтте ызың сап тиылды да айналам гуілдеп қоя берді. Жапырақтар шу-шу етіп,  бір - бірімен сөйлесіп жатыр. Гүлдер сыңғырлап күліп қоя берді. Алдымдағы қайыңның иіліп тұрған бұтағы сөйлеп кетті:

- Мына бір бұтақшамның басындағы жапырағыма құрт түсті. Өрмелеп басқа жапырақ-жүректеріме де шабатын болды-ау, жұлып алып тастар пенде бола ма, мына жігітте бұрылып ауыру жапырақты жұлып тастай салса  болатын еді.

Бәрі бітті. Жындандым! Менің есім ауысты. Бірақ,  қолымды созып, бұтаның әлгі айтқан құрт тескен жарырағын жұлып алып тастадым.

- Жаныңа жамандық бермесін, жігітім. Рахмет.

- Оқасы жоқ.

Тірімін. Сол бақта келемін. Есім де орнында. Жынданбаған да сияқтымын. Табиғаттың тілін түсініп, дауысын естіп келемін. Бұл не қылған керемет...

- Лалагүл, лалагүл, кеше күннің қандай ыстық болғанын білсең ғой. Менің қауызым тіпті тез ашылды.

- Бүгін де жаман емес, мен де қауызымды аштым ғой.

Тратуар жиегіне егілген екі лалагүл сөйлесіп жатты.

- Кеше, кешкісін екі ғашық біздің тұсымызға келіп ұзақ-ұзақ сүйісті ғой. Сондай әдемі, жарасымды.

- Иә, саған, гүл жұлып берейін деп бізге тап-тап берді емес пе.

- Абырой болғанда, қыздың ақылы бар екен. “Мені шынымен жақсы көрсең гүлді үзбеші, өсе берсін. Өсіп тұрғанында ғана әдемі ғой гүл деген. Үзіп берсең өліп қалады”-деп әлгі есерсоқты әрең тоқтатты ғой.

- Мен де қорықтым. Қыз да оның ығына жығылып, “үзсең үз” деп қарап тұрса, бүгінгі таңды көре алмас едік.

Мен әлі әлбіп жүріп келем.

Сол қапталда тұрған қайың еменге тіл қатты.

- Әй, емен, дінің қатты-ау сенің, кешегі екі еркектің әңгімесін

Сосын айтамын деп ең, әлі тым-тырыссың ғой.

- Сен қызығар ештеңе жоқ. “Коррупция” баяғы. Бірі бағынысты, екіншісі басқарушы мекеменің бастықтары. Кішісі айтады: - Әй, сен бастық болып келгелі бес ай болды, бес айдың ішінде қалтаңа  5 миллион теңге жасадың мен арқылы, не деген тойымсыз кеңірдек сенікі, енді менен бір тиын ала алмайсың. Жетер! Анасы, бастығы: “Жап аузыңды, бүгіннен бастап сен боссың, қайда барсаң, онда бар, кет әкеңнің...”-деп бұрылып жүре берді. “Сендей араммен жұмыс істегеннен, бос жүргенім артық. Менің де түкіргенім, түкірген!” –деп анау айқайлады. Бар болғаны осы.

Қайың мен емен кейіндеп  қала берді.

- Әлсіреп барам, өліп барам, кешеден бері маған су құйған ешкім жоқ. Бағбандар бізге дұрыс қарамайды, аз ғана суды қандырмай топырақ бетіне шаша салып тайып тұрат,  ылғалдың бәрі топырақтың бетіне ғана сіңіп, менің тамырыма су бармайды. Соны ұқпайтын неткен  адамдар ұғымсыз. Құяр суын қандырып бір құймады. Жаңбыр да жаумай, қаңсытты-ау мына күн.

- Айтпа, райхан гүл, су жетпей әлсірегеннің үстіне иісі қолқаңды жаратын газдың иісінен әппақ қауыздарым сарғайып кетті. Бүйтіп өмір сүргенім бар болсын. Осылай қинары бар, несіне өсіреді біздерді.

Қарасам астра гүлі екен.

- Соны айтам, суды қойшы, жаңбыр бір жауар, мына қаланың газды, лас ауасы жанды қыйнады. Адамзатына аз да болсын  себіміз тисін деп бар ластықты өзіміздің бойымызға жиып жатырмыз. Олар сол жақсылықты сезер емес, тым болмаса суды да жарытып ішкізбейді.

Бақтан атып шықтым. Гүлдер мен ағаштардың, жапырақтардың сыбдыр-сыбдыр әңгімесі басымды зеңітіп жіберді. Бақ іші гу-гу өсек.

- Осы анау бақтың ішіндегі өсімдіктер неменеге жақ-жақ болып жатады, білмеймін. Күтімі жоқ мен де ешкімге ренжімей, қурап, жайыма тұрмын ғой. Қушыйған жаман ағаш деп қиып тасмағандарына рахмет. Шіркін, бір күн болса да жарық дүниеге не жетсін.

Бақтың сыртында қараусыз, күтімсіз жалғыз өсіп тұрған бұтақтары сыйдыйып,  әр жерінен қылтиған бірер жапырағы бар қара тал осылай деп қалды. Оның соңғы сөзімен мен  іштей келістім....

 

ТАҒДЫР

 

Тау қойнауында орналасқан шағын ауылдың күнделікті тіршілік күйбеңі қайнап жатқан шақ. Ару күн өз міндетін тезірек аяқтағысы келгендей елеусіз ғана батысқа қарай жантая бастапты.

Сонау тоғайы қалың орналасқан қабақтың астыңғы жағында бұрала аққан жіңішке өзен шаңы бұрқыраған ауылға өзінше сән беріп тұр. Өзенді бойлай қабақтың үстінде орын теккен тапал, қазақы үйдің қақпасы айқара ашылып, қолымен көзін көлегейлей қара кемпір шықты. Жасы келіп қалса да еңсесін түсірмей, кеудесін шалқақ ұстаған қарт  ананың, жасында сынды  болғаны байқалады.

- Әлгі, қарасан келгір қайда жүр екен?

Жан-жағына барлай көз жіберіп ұзақ тесілген Балқия апа жолдың ар жағында бағананың түбінде қасынып, сүйсіне үйкеленіп тұрған көк құнажынды көрді де соған қарай аяңдады.

Жалғыз құнажынның жарытпай беретін бір кесе сүтін сауып алып, шайын демдеп, аласа үстелге дастархан жайып болғасын немересін тосты.

- Бар болғыр, әлгі Қанаштай қайда жүр? Тұқымың өскірдің, таң бозынан автобусқа шығатыны қайда… Кұдайдың күні тұра ма, батып барады. Әлгі шамаданын да салған жоқ. Әй, осы қалаға барып, оқу оқып жарыта қоймас… Құлыным, бағы жанып бірдеңесіне ілініп кетсе екен,-деп күбірлей отырып жанарына лықсып келіп қалған жасты жаулығының ұшымен сүрте берді…

Ауызғы дәлізге кіре берген Қанаш есіктің көзінде тұрған шелекті салдыр еткізіп қағып өтті.

- Апа-ау, орын таппағандай шелекті аяқ астына қойғаныңыз не?

- Жә, жарайды, жаман шелекке аяғың сынып қалмаған шығар былайырақ қоя сал, ұмытып кетіппін де баяғы. Өзің қайда жүрсің, ертең жол жүресің, дұрыстап тамақ та ішкен жоқсың, қазанға ет салайын деп едім, оны да салдырмадың, кел ыстық шәй іш,-деп немересінің алдына кесені жылжытты.

- Кластастарға барып қоштасып қайттым, кешке қалсам тағы да алаңдап жаныңнан шығарасың ба?…

Апалы-немерелі екеуі әр нәрсені әңгімелеп шәй сораптап ұзақ отырды. Шәйдан соң жолға шығар немересінің оны-мұнысын жөндеп түн ортасында төсегіне қисайды. Басы жастықта, көзі жұмулы болса да, көкірегі ояу, тіпті ұйқы келер емес. Өткен-кеткен есіне оралып, ананың көз алдына жастай қара жер құшағына енген, көзден кетіп, көкірегінде көмескі тарта бастаған жалғыз перзенті Ғалияштың бейнесі елес бергендей болды.

«Нәрестең ер жетті, аман-есен жеткіздім. Алаңдамай ұйықта, жарығым, күнім», - деп күбір етті…

Ұйқысыз жатқан қарт ананың санасына бұдан 18 жыл бұрынғы көрініс кино лентасындай қайта оралды.

…Күндегі әдетінше таңертеңнен үйдің таусылмас күйбеңімен жүрген Балқия түскі шайға отырған. Кенет, кеседегі шайды аузына апара бере кілт тоқтады. Кесені жерге қояр-қоймастан жас баладай есікке қарай далбалақтап тұра жүгірді. Аласа қақпаның сыртына қағылған пошта жәшігін қолы симағасын төңкере салды. Ойлағанындай қызынан келген хат сусып түсе берді.

Бұрнағы жылы онжылдықты бітірген жалғыз қызы Ғалияш оқуға бармақ болып астанаға кеткен. Бағы жанбады ма, әлде дайындық нашар ма, кім білсін, әйтеуір алғашқы емтиханнан құлаған жас қыз сәтсіздігінен ұялды ма, ауылға қайтпай қалды. Қалаға жұмысқа орналасқан. Үйде сопайып жалғыз басы қалса да «қатарынан қалмасын, жұмыс істеп ысылсын, түбі жат жұрттық қыз жаттыға берсін», -  деген оймен қызына қайт дей қоймаған. Енді міне, сол жалғыздан келер хатты тосып, поштаны күніне төрт тексермесе бірдеңесі ұмыт қалғандай әдет тапқан. Қомақтылау келген конвертті жайғасып отырып алып бірақ ашты. Сол жағына қарай жантайта иректеп жазатын қызының жазуы өзгеріп кеткеніне таңданған ана хатқа үңілді:

«Саламатсыз ба, Балқия апай? Ғалияштан хат күтіп, зарығып жүрген боларсыз. Бұл хатты сізге жазып отырған қызыңыздың құрбысы Зифа деген балаңыз. Қанша жасырып-жапқанмен жазбасқа болмады. Түсінікті болу үшін басынан бастайын.

Ғалияш екеуміз оқуға барған жылы танысып едік. Аз уақыт ішінде достасып, ағайын-туған жоқ үлкен қалада бір-бірімізге апалы-сіңлідей болып кеттік. Екеуміз қол ұстасып барып фабрикаға жұмысқа орналастық. Содан бері екі жарым жыл болды біргеміз. Қуаныш-қайғымыз да ортақ. Енді, міне, аяқ астынан менің жан құрбын бақытсыздыққа ұшырады. Мұны жазу маған оңайға тиіп отырған жоқ…

Өткен күзде Ғалияш өзінің бір жігітпен танысқанын,өзіне ұнап та қалғанын сыр қылып айтқан еді. Олар жиі кездесіп жүрді.. Жан досымның өміріне өзгеріс болып енген алғашқы махаббатының бақытты болуын қалап едім… Бірақ, тағдыр шіркін он екіде бір гүлі ашылмаған жас қызға деген бұралаң жолын кейінге сақтапты. Ғалияштың жаным деп сүйгені арсыз нәпсінің құлы болып шықты. Әне үйленеміз, міне үйленеміз деп жүріп арсыз ойы іске асқаннан кейін із-түссіз жоқ болды. Ғалияш оны жанындай сүйіп еді. Сондықтан болар, арсыз жанды жауапқа тартқызу туралы айтқанымда, өзін қорлаған, арын аяққа салып таптаған жігітті зар еңіреп отырып ақтап алып шықты. Сүйген жүрек қашанда кешірімшіл екен. Содан бері көп уақыт өтті. Аяғының ауыр екенін сізге білдірмеске әуделестік. «Өз қолыммен істегенді қандай қиындық болса да өзім көтеремін, онсыз да жарым көңіл анамды аяймын, менің жағдайымды естісе не боларын білмеймін, аман-есен босанғасын өзім бірдеңе етіп түсіндірермін» деген соң бәріміз осыған тоқтағанбыз.

Бүгін Ғалияш толғатып ауруханаға түсті. Жағдайы ауыр, ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер де жарытып ештеңе айтар емес. Сирек кездесетін жағдай дейді. Жалғыз не істерімді білмеймін. Келіңізші апай, сіз келсеңіз бәрі жақсы болатындай көрінеді де тұрады, күтемін».

Хатты оқып болған ана есеңгіреп отырып қалды. Көз алды тұманданып, демде ала көлеңке тартқан бөлмеде жалғыз отырған ананың көзінен бір тамшы да жас шықпады. Жасынан қайғы-қасірет пен бейнетті көп көрген жүрегі іштей ғана қан жылап отыр еді.

Хат келісімен құстай ұшып перзентіне жаткенімен тағдыр шіркін өз дегенін істеп тынды. Аса ауыр  жағдайда босанғаннан кейін, қатты қансыраған Ғалияш ауруханада бес күн жатып өмірмен мәңгі қоштасты. Бір бақытсыз қыршын өмірді жер қойнына беріп, тағдырдың дегеніне көнбей, шырқырай жарық дүние есігін ашқан екінші жас өмірді құшағына қысып ана ауылына қайтты. Кішкентай қызыл шақа нәрестені жалғыз жанына медет тұтқан Балқия содан бері он сегіз жылды артқа салыпты…

Ауыл шетіндегі бұзылған тамның алдына таң бозынан келіп тоқтаған автобусқа ауданға қарай сабылған жұрт таласа-тармаса мініп жатыр. Елдің отырып болуын күтіп тұрған Қанаш апасын құшақтап бетінен сүйді. Ес білгелі жанынан ұзап шығып көрмеген апасын біртүрлі қия алмай тұр.

- Құлыным, бара хат жаз, түнде көп жүрме, жаным, ақылың бар еді ғой, - деп балаша аймалап, ақыл-кеңесін үйіп-төгіп тұрған апасына көз тоқтатқан Қанаш таңырқай қарады. Жайшылықта жап-жас көрінетін апасы бір түнде қартайып кеткендей. Енді аялдаса ана жанарында мөлдіреп ернеуінен асып кетуге шақ тұрған мөлдір жастың лықсып шығарып сезген Қанаш лып етіп автобусқа еніп кетті…

Автобус артынан ұзақ тесіле қараған қарт ана иегі кемсеңдей

белін жаза тіктелді де, ауыл сыртындағы қорым зиратқа қарай аяңдап кетіп бара жатты…

 

Әмеңгер

         Әскерге аттанардан бір күн бұрын Сабыр Қаройға қарай құстай ұшты. Әкесіне көмекші болып жүрген Айзаттың таңғы алтыда қой өргізіп шығарын жақсы біледі. Қаройдың жазығы біткесін басталатын үлкен жотаның биігіне шығып алып сонау алыста сағыммен бірге ағараңдаған қой ауылға тағатсыздана көз тігеді. Әлден уақытта көрінді-ау күткен салт атты. Алдында бір қора қойы бар Айзат малды асықтырмай жәйлап қайырып келеді. Анда-санда табыннан жырақ шыққан қозы-лақты «хайт-хайт» деп қайырып қояды. Таңғы жаңғырық қыздың нәзік дауысын  алысқа іліп ала жөнеледі. Алдындағы жотаға көзі түскен Айзаттың қуаныштан жүзі бал-бұл жанып шыға келді. Сабыр! Сабыры ғой анау! Дәл өзі! Өздері белгілеген кездесетін дөңнің үстінде тұр. Қолын бұлғайды. Маймаңдай жайылған малдың жүрісіне шыдамы таусылған қыз табынды жотаға қарай қиялата дедектете түсті.

Жотадан жүгіріп түскен Сабыр Айзатты аттан көтеріп алды. Көптен көріспеген екеудің шөліркеген ыстық, албырт еріндері бірін-бірі асыға-аптыға аймаласып, ыстық сүйіске көміле берді. Сабырды әбден сағынған Айзат денесін қаусыра сипалап, үйіріп әкеткен қарулы қолдың ырқына көне берді. Мамырдың таңғы самалы екеудің бойындағы лап ете түскен құштарлық сезімнің отын үрлей түсті. Ләззатқа бөленіп, шиыршық атқан қос дене көк  шалғынға аймаласа құлады… Қыз үстіндегі жұқа жейдені епті қимылмен сыпырып тастаған Сабыр шалқасынан жатқан қыздың кеудесінде діріл қаға бір көтеріліп, бір басылған тығыршықтай қос анарды ессіз құмарлықпен еміне аймалайды. Жігіттің әр қимылын жан-тәнімен сезініп, ұйып бара жатқан денесін игере алар емес. Әрбір мүшесі тоят таба алмай «…тағы, тағы» дегендей жігіттің әр қимылына жауап қата бастады. Осы сәтте жігіт жәйлап қана қыз денесіне бойлап ене берді… Ғажайып тәтті дүние есігіне ене берген қыз тәнін найзағайдай бір жарқыл осып өтті. Жанын көзіне көрсетіп осып өткен жарқылдың не жарқыл екенін ұғып үлгірмеген қыз тәтті тұңғиыққа қайта еніп жүре берді. Әлден уақытта қыз тәні жігіт бойынан бөлінген ыстық толқынды сезіне, онымен бірге бүлкілдей жөнелген өз тәнінің ләззәтін үзіп алғысы келмегендей  талықси көзін жұмды…

 

                           ******

 

Байланыстың нашарлығы ма, әлде аудан мен қой ауылдың шалғайлығы ма, Сабыр әскерге кеткелі  үш ай өтсе де әлі хат жоқ. Орналасып үлгірмеген шығар, алғаш барғандарға «карантин» деген болады, сонысынан шыға алмай жатқан болар деп өзін-өзі жұбатып қояды.

Кеше қой ауылға төлшілер келді. Бес жігіттің біреуі Сабырдың ағасы Қанат. Екеуі соншалық ұқсас. Сабырды сағынған қыз кейде шәй үстінде Қанатқа елжірей қарап қатып қалатын. Көз алдында ұмытылмас ләззат сыйлап кеткен Сабырдың алаулаған жүзі келеді. Сол кезде бойын ессіз құштарлықтың толқыны билеп, маңдайынан суық тер бұрқ ете қалады. Денесін, әсіресе кіндігінен төмен ұйытып кеткен белгісіз бір сезімді әрең іркіп алады. Қанаттың өзін жиі жағалай бастағанын сезіп жүр. Сылтау тауып мұнымен жиі кездесіп қалады. Ал, Сабырдан хат жоқ. Қанаттан сұрауға батпайды. Алыс қой ауылда жатқан ол да аудан жақтағы өмірден бейхабар, не айтар дейсің деп қыз жүрегі мұңая қалады.  Маусымның алғашқы күнінен бастап қыз жүрегіне әлдебір күдік кірді. Айдың алғашқы аптасы аяқталып қалды… Аяғы ауырлап қалмаса етті… Екі күн бойы жүрегі айнып одан сайын саса бастады. Таңертеңгі асқа қарай алмай лоқси жөнелген бүгінгі жайы бар үмітін үзіп тынды…

Енді қайтпек? Әкесі сезсе ат бауырына салып сабайды, діні қатты адам. Ауыл арасында жиілеп кеткен мұндай жайды естіп жүрген анасы ескілікті тәрбие алған, әйел баланың оң жақта отырып бала тапқаны сүйекке таңба, «ат ататтырып, сүйек сындырды» деген жаман атақ сол деп отыратын. Шешесі кешпейді бұл қылығын. Әбден басы қатқан Айзат біресе Сабырды кінәлайды, біресе, жігітке тоқтау айта алмай дегеніне көне берген өзінің ессіздігін қарғап, жер-жебіріне жетеді. Болар іс болды, бояуы сіңді… қалайда бір әрекет ету керек… Алдырып тастауға бейкүнә шарананың обалынан қорқады. Кәртейгенде әке-шешесін айналадағы қойшылардың салпы етек әйелдерінің өсегіне жем етіп тірідей өлтірерін ойласа өмір сүргісі келмейді. Істерге амалы жоқ, шарадай басы шақшадай болды.

Еш нәрсе ойлап табуға қабілеті жоқ Айзат бей-жәй отыр. Осы кезде марқайып қалған қозыны құшақтап мал қорадан шығып келе жатқан Қанат бұған қолын бұлғады. Қанат! Салы суға кеткен қыз қарманарға қара тапқанына қуанып кетті. Өзін екі оттың ортасына тастап кеткен Сабырды қия алмай жылай да жылай отырып, ұятын ойлаған Айзат бір шешімге келді.

 

******

 

Өзіне ұнатып қалған кісідей елжіреп қарайтын Айзат жақындап кетсе құбыжық көрген еліктей едірейе қалатын. Соңғы кеде өзіне біртүрлі жылылық танытқандай ма қалай… қыздың бұл қылығы Қанатты үміттендіріп жіберді. Сүйкімді қара торы қызды бірден ұнатып қалды. Табиғаты тұйық жігіт сезімін білдіруге имене берген. Қыздың өзіне кет әрі емес екенін сездіргелі бері бойында батылдық пайда болды. Қозыларды қарауды ұмытып, олар ұйлығып жетеуі бірдей өліп тынған бір түн бәрін шешті. Арада апта өткесін ауылға атпен барып қайтқан Қанатпен ілесіп келген әке-шешесі Айзатқа құда түсіп қайтты.

***             ****           ***

Әскери дайындықта болып, үш айдан кейін ғана хат жазуға рұхсат алған Сабыр алғашқы екі хаттың бірін Айзатқа арнады. Үйдегілерге мекен-жайын білдіріп хабар жіберді. Арада аз уақыт салып үйден келген хаттың ішінен шыққан ағасы Қанаттың үйлену тойына түскен суретін көріп төбесінен жай түскендей болды. Өзінің хатын асыға күтіп жүр деп сенген қалыңдығы туған ағасына әйел болып жатса, мұнан асқан солдат үшін соққы бар ма… Не болғанын білгісі келіп Айзатқа хат жазуға қанша оқталса да оның өз үйіне баратынын, хаттың ағасының да қолына тиерін ойлап, ол ойынан еріксіз бас тартты. Қанаттың  өңді екені рас, тек өзін айырбастауға басқа еркек кіндік таусылғандай жан-тәнімен сүйген әлі де болса ұмыта алмас Айзаттың туған ағасын таңдаған қылығына түсіне алмай күйінеді.

Шытырманы көп әскери өмір жігіт жүрегінің жарасын жаза бастады дегенмен де сүйгенін басқаға қия алмас қайран көңіл әлі де қиналып кетеді. Екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қайтуға екі аптадай ғана уақыт қалды. Осы тұста елден жеткен қаралы жедел хат Сабырды уақыты бітпей әскер қатарынан босатты. «Ағаң қайтыс болды, тез жет» деген бес сөз жүрегіне шаншудай қадалды. Қанатым! Жан ағам! Өкпеге, тіпті қызғанышқа да қиып жіберген тете өскен ағасын өлімге қия алмай ұзақ жылады. Дәл шығарар күні, жаназасының үстіне жеткен Сабыр «бауырымдап» боздап келіп кигізге оралған ағасының мәйітіне өкіре құлады. Бұл көрініс жаназаға жиналған жұрттың көңілін босатып, көзіне жас алмаған пенде болмады. Мәйіттің жанында отырған Айзат сол сәтте талып түсті. Сылқ етіп құлап бара жатқан жас келіншекті байқаған Сабыр жас жуған жанары тұманданып демей берген. Былқ-сылқ еткен жас денені көтеріп алып ұлардай шулап жылаған елдің арасымен алып өтіп, үйге кіре берістегі төсекке шалқасынан жатқызды. Келіншектің Айзат екенін сонда барып таныды. Нашатыр спиртін иіскеткесін селк етіп көзін ашқан Айзат «Сабыр» деп күбір етті де қайта талықсып кетті…

 

******

 

Қанаттың қырқын беріп зират басына  барып қайтқан көптің соңында ілбіп келе жатқан Айзат өз ойымен арпалысуда. Өзінің ар-ұятын үнсіз көтеріп алған Қанаттың байыпты, ақылды жүзі мен Сабырдың күн сайын көретін жауап күткен сұраулы жүзі кезек алмасып жанына маза берер емес. Үйленгеннен кейін жеті айда тоғыз айлық балпанақтай ұл туған бұның жанын қинап басы артық бір сұрақ қоймап еді, жарықтық. Кешкісін, ұйықтап жатақн сәбидің жүзіне үңіліп, өзіне ұқсастық іздеумен болатын. Арман Қанатқа қатты ұқсап туды. Тек, сәбидің иегіндегі терең ойық пен оң жақ бетіндегі терең шұңқыр Айзатта да, Қанатта да жоқ еді. Ол екеуі де Арманға айнымай қонған Сабырдың белгілері болатын. Бұл ұқсастықты Сабырдың өзі де байқаған сыңайлы. Өткенде есік алдында ойнап отырған Арманды алдына алып, оның иегіндегі ойық пен бетіндегі шұңғылды сипап, дәл сондай өз бетіндегі белгіні басып көріп ойланып отырған үстіне түскен-ді. Өзін байқап қалған Сабырға жұмбақтау жымиып бас изеп өте берді.

Қанат қайтқалы бері Арман да Сабырдың қойнынан шығар емес. Сәби жүрегі сезе ме, кім білсін, өткен жолы телевизор көріп отырған Сабырды «папалап» барып алдына шығып отырып алды. Ештеңеден хабары жоқ қарттар «Е, құлыным-ай, Сабырды папасына ұқсатып жүр-ау, алда, қарғам-ай» деп күрсініп, көз жастарын сығып-сығып алды. Бірі қайны, бірі жеңге болып сүйіскен екі жүрек бір шаңырақ астында екі бұрышта ах ұрды.

Көзден кетіп, көңілден суыған, екі жыл серік болған Қанат келіншек үшін ұмыт бола бастады. Оның есесіне көз алдында жүрген Сабыр күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырды. Қанатпен өткен екі жылда әйел болып Сабыр сыйлаған алғашқы  төсек ләззатындай сезімді  сезініп көрген емес. Кейде Сабырдың ыстық құшағы түсіне еніп, түсінде ғана рахат табатын. Өзінің Сабырды әлі де ессіз сүйетінін жарықтық күйеуі тірі күнінде мойындап, қайнысының келер уақыты жақындаған сайын бойын бір қорқыныш билеп алатын. Інісі мен әйелінің арасындағы бұл байланыстан бейхабар болса да құдай солай шешті ме, әлде маңдайына жазған ғұмыры келте болды ма, әйтеуір Қанат аз ғана қиналып бұл өмірден баз кешті. Бір-ақ аптада аузы-мұрнынан қан кетіп өмірден өтті де кетті. Ауданда мұндай жас өлімдер көбейіп кетті. Бір жағы Семейдің полигоны, бір жағы мына тиіп тұрған Тарбағатай тауларының ар жағындағы Қытайдың «Лобнор» деген атом полигонының әсері дейді жұрт. Кімді қандай тағдыр күтіп тұрғанын бір алла біледі. Ал өзі бүгін, екі аттам жерде, қабырғаның ар жағында жатқан Сабырдың ыстық демін аңсап, бойын жайлап алған құмарлықпен алысуда. Ләззат аңсап сансыраған әйел санасы анда-санда селт етіп көмескілене бастаған күйеуінің аруағынан кешірім дәметіп: «Кешір, Қанат, кешір» деп күбірлеп кетеді…

Ата-енесі бүгін таңғы салқынмен ат арбасын жегіп көрші ауылдағы кіші қыздарына кетті. Бүгінде жанар-жағар майдың тапшылығынан ауылдағы жұрттың бәрі темір тұлпарларын қаңтарып қойып, көбіне ат-арбамен жүретін болған. Екі ауылдың ортасына жастар атты жегіп алып такси ретінде де ақша тауып жүр. Техниканың даму шегіне жеткен жиырмасыншы ғасырдың аяғында шалғайдағы қазақ ауылдарында осындай жәйлар болып жатады.  Қарттарды  аттандырып салып сиырын сауып, малды  үйдің сыртына өргізіп жіберді де, жантая тұрмақ болып өз бөлмесіне қарай өте бере сол жақтағы Сабыр жатқан бөлменің есігінен қалай енгенін өзі де білмей қалды. Кеудесін жалаңаштап тастап таңғы тәтті ұйқы құшағында жатқан Сабырдың өзі жақсы көретін иегіндегі ойықты сипамаққа қолын апара берді. Сол сәтте Сабыр келіншектің білегінен ұстай алды.  Қарулы қолдың қарымына қарсылық жасауды ойламаған Айзат еріндерін ашып, көзін жұма берді. Енді бір сәтте жалындап жатқан жігіттің құшағы мен толықсыған келіншектің шиыршық атқан денесі сезім толқынындай болған көк торғын көрпенің астында біресе асау толқындай тулап, біресе жәй ғана бүлкілдеп жатты… Әбден тоят тауып шаршаған, ұғысқан екеу бір-біріне еркелей жымиысып, құшақтарын қайтып айырмастай қаусыра түсті. Адасып табысқан қос жүрек, бірге соғып,  бірге тыныстап жатты…

 

Оскар Уайльд. Бақытты ханзада

----------------------------------------------------------------------------

Перевод К. Чуковского

Оскар Уальд. Избранное. М., Просвещение, 1990

OCR Бычков М.Н.

----------------------------------------------------------------------------

 

Қаланың үстінен қарап, биік тұғырда Бақытты Ханзаданың мүсіні тұр. Ханзада  бастан аяқ таза алтын қабыршақтармен апталған. Көзінің орнында таза сапфир, ал

қылышының тұтқасына қып-қызыл рубин орнатылған.

Елдің бәрі Ханзадаға қарап таң қалатын-ды.

- Керемет, флюгер-қораз сияқты! – деп, өнерді бағалаудың білгірі боп көрінуге жанталасқан Қалалық Кеңесші иек қақты -  Десек те...әрине...адамдарға флюгердің пайдасы көбірек тиеді,- деп сөзін демде «түзетіп» жіберді, өзін өнер атаулыны терең ұғына білетін білгірлер санатына қосуды көксеп жүрген ол.

- Бақытты Ханзадаға ұқсап бақ, балам!-деп ақылын айтып жатты аспандағы айды әпер деп жер тепкілеген ұлына ақылшы анасы.

- Бақытты ханзада ешқашан тентектік жасамайды!

Тағдырдың тәлкегін көп көрген қаңғыбас мүсікн да керемет мүсінге телміре қарап:

- Өмірде бір бақытты жанның барына шүкір, -деді мұрынының астынан міңгерлеп.

- Иә, ол құтты періште секілді!- деп таңдай қағысты Собордан топталып шыққан бірыңғай ақ шаңқадай алжапқыш пен ашық-күлгін қатырма жаға таққан жетімдер мен қараусыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері.

- Періштені өмірі көрмеген сіздер оны қайдан білесіздер, - деп таңдана үн қатты  есеп пәнінің мұғалімі.

- О, біз періштені түсімізде көреміз! - деп балалар шу ете түсті. Есеп пәнінің мұғалімі барлығын қабағын түйе, түксие шолып өтті, оған балалардың түс көретіні ұнамады.

Күндердің бір күнінде, түн қата, қаланың үстінен Қарлығаш ұшып бара жатты. Оның құрбылары  бір апта бұрын Мысырға ұшып кеткен. Бұл қалып қойған-ды. Өйткені шынардай тік өскен Қурайға өлердей ғашық еді. Айналшықтап...қиып кете алмай...аялдай берген-ді. Сонау...ерте көктемнің бір ғажайып күнінде сап-сары жынды көбелекті тырқырата қуып жүріп шынардай тік біткен Қурайдың сымбатын көріп, бір орнында қанатын қағып ұша алмай...ауаға таңылып, таңдана қатып қалды.

- Мен саған ғашық болсам қайтеді?,- деп тіке сауал тастады, не нәрседе турашылдықты сүйетін Қарлығаш. Қурай оған жауап ретінде басын иді.

Қурайдың иілгенін көріп Қарлығаш біресе жоғары көтеріліп, біресе су бетінде күміс жолақ қалдыра қанатымен суды сыза төменге құлдилап, оны айнала ұзақ ұшты. Сезімін сөйтіп жеткізді. Жазы бойы осылайша жалғаса берді.

- Бұл не қылған махаббат!  - деді қалған қарлығаштар пыш-пыштай сыбырласып – Қурайдың түгі жоқ, жалаңаш неме ғой...әрі қасында қара ормандай қаптаған туыстары қаншама.

Расында да өзен маңы қаулай, қалың өскен қурай еді.

Сосын күз келді де қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетті.

Олар ұшып кеткенде Қарлығаш жетімсіреп, өзінің Қурайға байланып қалған көңілін ауырсына қалды.

- Менің Қурайым, құтты бір мылқау секілді, бір ауыз сөз ала алмайсың, тіпті, өзі қайқаңдай ма...үп еткен желдің бәрімен бірдей «әмпей-жәмпей» секілді ме,-деп Қарлығаш Қурайды кіналәй тіл қатты.

Шынында да, жел үп етсе болды Қурай желге бас ұрып, иіліп әуреге түседі.

- Ол үйден шықпаса шықпасын, ал, мен саяхатты сүйем ғой! Жұбайымның да саяхатты сүйгені жаман болмас еді!

- Сонымен, менімен бірге ұшасың ба, жоқ па?,- деп сұрады. Қурай тек басын шайқады: оның кіндігі топыраққа мәңгілік байланған болатын-ды!

- Ах, сен менің сезіміммен ойнап жүр екенсің ғой! – деп Қарлығаш айқай салды – Қош бол онда, мен пирамидалар еліне ұштым!

Сөйтті де қанатын сермеп-сермеп жіберді де...ұша жөнелді.

Күні бойы ұшқан ол тек түн қата қалаға жетті.

"Қай жерге барып қонақтасам екен? – деді Қарлығаш ойлана. – Қала мені бар салтанатымен қарсы алуға дайын болар!?"

Кенет, оның көзі биік колонна үстіндегі мүсінге түсті.

- Міне, тамаша! Осы керемет жерге орналасайын, таза ауасы да молынан.

Қарлығаш Бақытты ханзаданың аяғының астына қонақтады.

- Менің түнгі жәйім алтыннан соғылған! – деді паңдана жан-жағына көз салған ол.

Басын қанатының астына тығыңқырап ұйықтайын деп жатыр еді, кенет ауыр тамшы «тырс» етіп үстіне тамып түсті.

- Қызық!, - деді Қарлығаш таңырқап - Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ, жұлдыздар жап-жарық, тап-таза, ал жаңбыр қайдан жауып тұр? Европаның солтүстігінде климат өте жаман. Менің Қурайым жаңбырды жақсы көруші еді, алайда ол соншалықты өзімшіл.

Тағы бір тамшы тамып түсті.

- Мына мүсіннен пайда жоқ екен, жаңбырдан да жасыры алмайтын болды. Есім барда шатырдағы құбырлардының бірінен орын табайын, -деп Қарлығаш ұшуға жинала бастады.

Қанатын жайғанша болмай тағы бір тамшы «тырс» ете түсті.

Жоғарыға көз жіберген Қарлығаштың не көргенін білсеңіз ғой!

Бақытты Ханзаданың көздері жасқа лық толып тұр еді. Көзінен аққан домалақ-домалақ тамшылар алтын жалатқан жүзінен төмен қарай лықсып ағып жатты.

. Ай жарығымен нұрланған жүзі соншалықты әдемі. Қарлығаштың жаны ашып кетті.

- Сен кімсің? – деп сұрады.

- Бақытты Ханзадамын.

- Неге жылайсың? Сенің көз жасыңнан малмандай су болдым ғой.

- Мен тірі кезімде, жүрегім соғып тұрғанда көз жасының не екенін білмедім,- деп жауап қатты мүсін - Мен Sans Souci (француз тілінен аударғанда «уайымсыздықты» білдіреді) сарайында ешқандай уайымсыз, мұқтаждық көрмей өмір сүрдім. Ол сарайға қайғы-қасіреттің бас сұғуына болмайтын. Күндіз мен бақта серуендедім, ал кеш болса Үлкен залда билейтінмін. Бақ биік қоршаулармен қоршалғандықтан оның ар жағында не боп жатқанынан мүлде бейхабар едім. Өйткені өзімнің айналам ғажайыптарға толы, не ішем...не кием демедім!  Егер бақыт деген тек рахаттанудан тұратын болса...мен шынымен бақытты едім! Маңайымдағылар маған «Бақытты Ханзада» деп мадақ айтатын! Бақытты өмір сүріп...өмірден өттім. Жаным ұшып, тәнім суығаннан кейін мені осында, биік тұғырға қондырды. Тұғырдың биіктігі сондай бұл биіктен қаладағы халқымның бар қайғы-қасіреті мен қайыршылық өмірі алақандағыдай көрінеді. Олардың бейшара өмірін көріп, жүрегім құрыштан құйылса да...көз жасымды тыя алар емеспін.

"Ә, сенің тұрған бойың алтын екен ғой!" - деді Қарлығаш іштей, бұл ойын дауыстап айта алмағанды, өйткені ол соншалық сыпайы болатын.

- Әне...анау алыста...жіңішке көшенің бойында қараша үй тұр, - деп Мүсін өзінің ұяң да әуезді дауысымен сөзін жалғап – бір терезесі ашық, стол басында отырған әйелді көріп тұрмын. Жүзі шаршаңқы, әжім басқан қолдары инемен жиі пісіп алатындықтан қып-қызыл, өйткені ол тігінші. Ханшайымның құрбыларының біріне жақында өтетін би кешінде киетін жібек көйлегіне кестелеп жылтыргүл тігуде. Бұрыштағы кереуетте оның ауру баласы жатыр. Ыстығы көтеріліп жатқан балапаны апельсин сұрайды. Бірақ, анасының қолында ештеңе жоқ...тек кешеден қалған қара су ғана бар. Кішкентай сәби жылап жатыр. Қарлығашым, кішкентай ғана құсым менің, қылышымның тұтқасындағы рубинді шоқып алып, апарып берші! Менің аяқтарым тас тұғырға мәңгілік байланған, орнымнан қозғала алар емеспін.

- Білесің бе, мені Мысырда достарым тосып отыр, - деді Қарлығаш.  -  Құрбыларым Ніл өзенінің үстінен айнала ұшып, әдемі лалагүлдерімен әңгіме-дүкен құрып жүрген болар. Жақында олар Ұлы патшаның мазарына түнеуге барады. Ғажайып қабірдің ішінде Ұлы патшаның өзі де мәңгілік дамылдап жатыр.Білесің бе, ол сап-сары матамен қапталып хош иісті шөптермен сыланған. Мойны күлгін-жасыл түсті нефриттен өрілген шынжырмен оралған, ал қолдары күзгі жапырақ сияқты сарғайып кеткен.

- Қарлығашым! Қарлығашым, кіп-кішкентай құсым менің. Осында бір түнге қалшы, менің елшім болшы бір түнге! Кішкентай сәбидің су ішкісі келеді, ал анасы соншалық мұңды.

- Балаларды онша жақсы көрмеймін. Өткен жазда, мен өзен жағасында тұрғанда, диірменшінің мейірімсіз балалары мені үнемі таспен ататын. Әрине, маған жету қайда...біз қарлығаштар, сондай қағілезбіз! Оның үстіне менің ата-бабамның ептіліктерімен аты шыққан. Десе де, олардың қылығы әдептілікке жатпайды.

Бақытты Ханзаданың соншалықты қатты күйзелісіне шыдамаған Қарлығаштың  жаны ашып кетті.

- Мұнда өте суық екен! Десе де... сенің жаныңда қалайын, тілегіңді орындайын, - деді.

- Рахмет, менің кішкентай Қарлығашым,- деп қуана тіл қатты Бақытты Ханзада.

Қарлығаш оның қылышының тұтқасындағы рубинді шоқып алып шатырлардың үстімен ұша жөнелді. Әппақ мәрмәрдан ойылған періште бейнелі шіркеу қоңырауларының үстінен ұшып өтті. Король сарайының үстінен ұшып бара жатып музыка үнін естіді. Балконға сұлу бикеш пен оның ғашығы шықты.

- Жұлдыздар қандай ғажайып, ал махаббат сезімі одан да ғажап! – деді ғашығы

- Менің көйлегім сарайдың би кеші басталғанша тігіліп бітетін шығар, мен оны асыл тастармен кестелеуге бұйырғам. Бірақ, тігіншілер сондай жалқау!–деп жауап қатты бикеш.

Өзен үстімен ұшып келе жатқан Қарлығаш кеме діңгектерінен жарқыраған оттарды көрді. Гетто үстінен ұшқан ол өзара мәміле жасап, монеталарын мыс безбенмен өлшеп жатқан еврейлерді байқады. Міне, қараша үйге де жетті-ау, әйтеуір. Жете сала сығалап еді, қатты шаршаған анасы терең ұйқыға кетіпті, балақай болса дене қызуынан оттай жанып, аласұрып жатыр екен. Қарлығаш ауыз үйге еніп, рубинді стол үстінде жатқан тігіншінің оймағының жанына қойды. Сосын балақайдың үстінен үнсіз ғана қалықтай ұшып, қанатымен желпіп, салқын самал естірді.

- Қандай тамаша салқын ауа! Мен енді жазыламын! – деді де балақай тәтті ұйқыға кетті.

Бақытты Ханзадаға қайта ұшып жеткен Қарлығаш көрген-білгенін бәрін баян етті.

- Ең қызығы, дала суық, салқын болса да мен тіпті де тоңған жоқпын, - деп таңдана аяқтады әңгімесін.

- Өйткені, сен жақсы іс тындырдың! – деп түсіндірді Бақытты Ханзада.

Санасы он сан оймен шырмалып жатып Қарлығаш бір сәтке мызғып кетті. Өйткені ойлана бастаса болды Қарлығашты ұйқы басатын.

Таң ата ол суға шомылу үшін өзенге ұшып келді.

- Қызық! Қыстың ортасында қарлығаштың ұшып жүргені ақылға симайтын, түсініксіз құбылыс, - деп басын шайқады дәл сол мезетте көпірден өтіп бара жатқан  Орнитология профессоры.

Бұл туралы ол жергілікті газетке мақала да жазды. Мақала адам түсініп болмайтын сөздерге толы болғандықтан оны ешкім жөнді түсіне де бермеді.

"Бүгін түнде ештеңеге де қарамай Мысырға ұшам! Осылай деп ойлаған Қарлығаш өз ойынан өзі қуанып кетті.

Ол барлық ескерткіштерді аралап шықты, соңында шіркеу қоңырауының үстіне қонақтап ұзақ отырды.

Қайда барса да суық торғайлар «Неғылған бөтен құс!», «Қайдан жүрген бөтен» деп шырылдап мазасын алды. Бір жағынан олардың бұны «шетелдік ақсүйек» деп атап жатқаны жанына жағып-ақ жүр.

Сүттей жарық ай туғанда Қарлығаш Бақытты Ханзадаға қайта оралды.

- Мысырға ұшам, ол жаққа тапсыратын шаруаң жоқ па еді? Дәп қазір ұшқалы тұрмын,-деді дауыстай тіл қатып.

- Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Енді бір түнге қалсаңшы, өтінемін,-деп жалына үн қатты Бақытты Ханзада.

- Мысырда мені құрбыларым күтіп қалды. Ертең олар Нілдің екінші табанына сапар шегеді. Ол жақта судыраған қамыстардың арасында сусиырлар жатады, ұлы мәрмәр тұғырда Мемнон құдай отырады. Ол түні бойы жұлдыздарға қарап, таң шапағын көре сала, қуана дауыстап, қарсы алады. Тал түсте жолбарыстар өзенге суатқа бас қояды. Олардың көздері жап-жасыл, ал ырылдаған дауыстары сарқыраманың гүрілін басып кетеді-ау, шіркін!

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Анау, алыста, қаланың шетіндегі мансардтан бозбаланы көріп тұрмын. Столға еңкейіп алып, қағаздарға үңіліп отыр. Алдында стақандағы фиалка гүлдері солып қалған. Еріндері алшадай, қып-қызыл. Қошқыл қызыл шаштары бұйра-бұйра, ал баданадай көздері тым арманшыл! Өзінің театр директорына арнап жазып жатқан пьесасын аяқтауға асығып отыр, бірақ қатты жаураған, әрі нәр татпағандықтан әлсіреп қалды. Ошақтағы оты да сөнуге айналды, аштықтан өзегі талып міне...міне...құлап түсетіндей...,- деп үн қатты Бақытты Ханзада.

Жүрегі мейірімге толы Қарлығаш:

- Жақсы, таңға дейін қалайын! Екінші рубинің қайда еді? -, деп сұрады ол Бақытты Ханзададан.

- Өкінішке қарай менде басқа рубин жоқ,- деп мұңая тіл қатты, - қалғаны - менің көздерім ғана. Олар мыңдаған жылдар бұрын Үнді елінен әкелінген өте сирек кездесетін сапфирдан. Біреуін шоқып ал да, апарып берші. Зергерге сатып азық пен отын алсын. Сөйтіп, өзінің пьесасын аяқтасын.

- Сүйкімді Ханзада, мен бұлай істей алмаймын!, - деп Қарлығаш жылап  жіберді.

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Менің  соңғы тілегімді орындашы!

Лажы қалмаған Қарлығаш Бақытты Ханзаданың көзіндегі сапфирді шоқып алды да ақынның үйіне қарай ұша жөнелді. Ақынның үйіне ұшып кіру оған еш қиынға соққан жоқ, өйткені үйдің шатыры тесік болатын. Шатырдан еркін енген ол бөлмеге қонып дамылдады. Бозбала қолымен бетін басып отырған, қағылған қанаттың сусылын естіген де, елеген де жоқ. Тек басын көтергенде солып қалған фиалканың түбінде жатқан сапфирді көзі шалды. Қуанып кеткен ол:

- Десе де, мені бағалайтындар бар екен! Бұл менің беймәлім табынушыларымның бірінен болар! Енді пьесамды аяқтайтын болдым!

Оның жүзі бақыттан бал-бұл жанып шыға келді.

Ал, таңертең ерте Қарлығаш кемежайға тартты. Үлкен кеменің діңгегіне қонып, төменде теңізшілердің кеме тұмсығынан арқанмен тартып әлдебір жәшіктерді шығарып жатқанын байқады. Жәшік жоғары көтеріле бастағанда олар, жарыса:

- Белсендірек! Белсенді қимылдаймыз! – деп бірауыздан айқайлап жатты.

- Мен Мысырға ұшып барам!. Қарлығаштың қуана жеткізген хабарына ешкім назар аударған да жоқ.

Тек кеш батып, ай туғанда ғана Қарлығаш Ханзадаға қайтып оралды. Алыстан орағыта ұшып:

- Мен сенімен қоштасуға келдім! – деп айқайлады.

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Таңңға дейін аялдасаң қайтеді, - деп жалына үн қатты Бақытты Ханзада.

- Қыс келді ғой. Суық қар жауады. Ал Мысырда пальманың жасыл желегін күн сәулесі қыздырып, көлеңкесін қолтырауындар паналап, еріне, жан-жақтарына қарап жатқан шығар-ау... Менің құрбыларын Баальбек шіркеуіне ұя салып, көгілдір көгершіндер олардың жанында, тамақтары бүлкілдеп бір-біріне еміреніп отырған болар...Сүйкімді Ханзада, мен қала алмаймын! Бірақ, сені ешқашан ұмытпаймын! Көктем туғанда мен саған Мысырдан өзіңде болған рубиннен де қып-қызыл, көзіңде болған сапфирден де көгілдір тас әкеліп беремін!- деді Қарлығаш.

- Төменде, алаңда сіріңке сатып кішкентай қыз бала тұр. Сіріңкелерін кәріз тесігіне түсіріп алды, олар енді пайдалануға да жарамайды. Ақшасыз оралса әкесі оның жанын шығарады. Өзі жылап тұр, қарашы! Қолында қолғабы, аяғында нәскиі де жоқ, жалаңбас...Менің екінші көзімді шұқып алып, кішкентай қызға берші. Әкесі сонда оны сабамайды.-деп тағы да жалбарына тіл қатты Ханзада.

- Енді бір түнге қала алмаймын, - деп үн қатты Қарлығаш, - Сенің көзіңді де шоқымаймын! Мүлде көрсоқыр болып қаласың ғой!

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Менің соңғы тілегімді орындашы, - деп жалынды Бақытты Ханзада.

Амалы қалмаған Қарлығаш Ханзаданың көзінен тасты шоқып алды да кішкентай қыздың қолына апарып тастап жіберді.

- Қандай әдемі әйнек! –деп таңқала дауыстап жіберген қыз мәз болып үйіне қарай жүгіре жөнелді. Қарлығаш Ханзаданың қасына қайта оралды.

- Енді мүлде соқыр боп қалдың, мен сенің жаныңда мәңгілікке қаламын.

- Жоқ, сүйкімді Қарлығашым, - деді бақытсыз Ханзада, - Сен Мысырға ұшуға тиіссің!

- Мен сенің жаныңда мәңгілікке қаламын, - деді де Қарлығаш оның аяғының астында отырып, қалғып кетті.

Ертесінде ол күні бойы Ханзаданың иығында отырып, өзінің алыс елдерден көрген-білгенін: Нілдің таяз жерінде қаз-қатар тұрып алып, тұмсықтарымен алтын балық аулап жейтін қызғылт фломингалар туралы, шөл даланы жайлаған көне Сфинкс туралы, түйенің қомында,  лағыл таспиығын асықпай тартып, жәйләп жүрсе де әлемдегі болып жатқан жаңалықтың бәрін білетін көпес туралы, Ай тауының қап-қара көмірдей, бірақ тек хрустальға ғана табынатын патша туралы, жиырма діндар тәтті пірәндіктермен ғана тамақтандыратын, пальма ағашының түбінде ұйықтайтын үлкен жасыл жылан туралы, өзенде үлкен жасыл жапыраққа мініп алып жүзе жүріп  үнемі көбелектермен шайқатын пигмейлер туралы әңгімелеумен болды.

- Мейірімді Қарлығашым, сенің әңгімең таңғажайып, алайда, ғаламдағы ең таңдантыратын дүние ол адамдардың қасіреті. Қасіреттің шешімін қайдан табарсың? Менің қаламды бір айналып ұшып өтіп, не көріп, не білгеніңді маған айтып берсең қайтеді, - деп сұрады Бақытты Ханзада.

Үлкен қаланың үстінен қалықтай ұшып өткен Қарлығаш кең шатырларда шайқалақтаған байларды, олардың табалдырығында отырған кедейлерді көрді. Қараңғы лашықтарда аштықтан әбден жүдеген балалардың қараңғы көшеге телмірген мұңды жүздерін көрді. Суық көпірдің астында жылына алмай бір-бірін қаусыра құшақтаған екі кішкене баланы байқады.

- Тамақ ішкіміз келеді! – деп, селкілдеп қайта-қайта қайталайды бүріскен қос мұңлық.

- Мына жерге жатуға болмайды! – деп оларға Полиция айқайлап көпір астынан қуып жатты.

Қос мұңлық еріксіз сіркіреген жаңбырдың астына қайта шықты.

Ханзадаға қайта оралып келген Қарлығаш көрген-білгенінің бәрін қалдырмай баяндап берді.

- Адамдар, бақыт деген тек алтында деп ойлайды. Мен алтынмен апталғанмын, үстімдегі жапсырылған бар алтынды үзіп алып кедей-кепшіктерге таратып берші, - деді Бақытты Ханзада.

Қарлығаш Бақытты Ханзада қап-қара балшығы мен қалайы қаңқасы шықанша үстіне жапсырылған барлық алтын қабыршақты сыдырып алды. Таза алтыннан құйылған алтын қабыршақтарын кедейлерге жүздері жылынып, балалардың беттерінде күлкі ойнағанша тарата берді...тарата берді.

- Бізде жейтін нанымыз бар!, - деп олар қуана алақайлады.

Сосын қапалақтап қар жауды, қар соңынан шыңылтыр аяз келді. Көше күмістей жылтырап, шатырлардан төменге қарап салбыраған ұзынды-қысқалы мұздар әйнек қанжарға ұқсап күн көзімен жалт-жұлт етеді; Жылы тондарына оранып, қызыл шәпкілерін баса киген балалар мұз айдынында коньки теуіп мәз.

Қарлығаш байқұс, әбден жаурап тоңсада Ханзаданы тастап кете алмады. Өйткені оны өте жақсы көріп қалған еді. Ол бүрсеңдей шоқалақтап тоқаш дүкені маңынан нан қалдықтарын теріп жеп, қанаттарын анда-санда әрең қағып, тым құрыса осылай жылынуға тырысады. Ақыры ол өзінің жан тәсілім ететін уақытының да келіп жеткенін ұқты.

Оның шамасы соңғы рет Ханзаданың иығына келіп қонуға ғана жеткендей...

- Қош бол, мейірімді Ханзадам! Қолыңнан соңғы рет бір рет сүйуіме рұқсат бересің бе?,- деді әрең сыбырлап.

- Мен сенің Мысырға ұшатыныңа өте қуаныштымын!  Расында, сен мұнда тым ұзағырақ жүріп қалдың. Алайда, менің қолымнан емес, ерінімнен сүюге тиіссің. Өйткені мен сені сүйемін,- деп қуана жауап қатты Бақытты Ханзада.

- Мен Мысырға емес, Өлілер мекеніне кетемін. Өлім мен ұйқы екеуі ағайынды емес пе ,-деп қинала үн қатты  Қарлығаш.

Бақытты Ханзаданы құшырлана сүйген Қарлығаштың өлі денесі оның аяғының астына құлап түсті.

Дәл сол сәтте мүсіннің ішінен тарс етіп әлдене үзілгендей дыбыс естілді. Оның қыштан соғылған жүрегі жарылып кеткен еді. Қыстың сарышұнақ аязы шынымен қатегез-ді.

Таңертең, төменде бульварды аралап қаланың Мэрі мен оның Кеңесшілері серуендеп жүрді. Ханзада тұрған тұғырдың жанына өтіп бара жатып, басын көтеріп:

  • Құдай-ау, мына Бақытты Ханзада неғып ұсқынсыз боп кеткен, - деп

таңдана тіл қатты.

- Дұрыс айтасыз, нағыз ұсқынсыздың өзі!, -деп қала Мэрінің сөзін үнемі мақұлдап үйреніп кеткен Кеңесшілері жамырай жөнелді. Жақынырақ қызықтамақ болып барлығы мүсінге жақындады.

- Қылышындағы рубин жоқ, көздері түсіп қалыпты, алтынның бәрі ағып кетіпті! Қарапайым кедейден әрмен!- деп сөзін жалғастырды қала Мэрі.

- Дәл солай, кедейден де кедей!, -деп Кеңесшілері оның сөзін бір ауыздан мақұлдап жатты.

- Аяғының астында өлі құс жатқаны қалай? Бұл жерге құстарға өлуге болмайды деп қаулы шығару керек екен.

Қалалық Кеңестің Хатшысы сол жерде ұсынысты кітапқа енгізіп те үлгерді.

Сөйтіп, Бақытты Ханзаданың мүсінін мүлде алып тастады.

- Бұрынғы жарқылдаған әдемілігі жоқ, яғни оның пайдасы да шамалы, - деп баға берді Эстетика Профессоры.

Осылайша мүсінді балқытып, еріген қалайыдан не соғамыз деген сауалмен Мэр қалалық Кеңесті шақырды.

- Жаңа мүсін соғамыз! Ол менің мүсінім болсын!,-деп қала Мэрі ұсыныс тастады.

- Жоқ, менің мүсінім болсын! –деп әрбір Кеңесші өз мүсінін соғуды ұсынып, жақ-жақ болған керіс басталып кетті.

- Ғажапты қараңыздар! Ортасынан қақ бөлінген мына қалайыдан соғылған жүрек балқымайды. Оны лақтырып тастағанымыз жөн, - деді Бас Балқытушы.

Сөйтті де өлі Қарлығаш жатқан қоқыстың арасына лақтырып жіберді.

Осы кезде Құдіреті күшті Құдай өзінің Періштесіне:

- Қаладан ең бағалы затты тапсаң маған алып кел!, -деп тапсырма берді. Періште оған қоқыстан тапқан қалайы жүрек мен өлі құсты жеткізді.

- Дұрыс таңдау жасадың, Періштем! Бұдан бұлай бұл мейірімді кішкентай құс менің жәннәт бағымда мәңгілік әнін салса, Бақытты Ханзада маған мадақ айтып менің шұғылалы сарайымда мәңгілік мекендейтін болады,- деді Жаратушы Құдай.

 

ГАУХАР ЖҮЗІК

 

Түбі тесілген шелектей салдыр-күлдір жүретін Шәмшия-Бану астанадан демалысқа келіп жатқан сіңілісіне қалжыңдай кірді.

  • Қаладан келіп алып тып-тыныш жатырсың, ә? Әйда, киін, кеттік

қой ауылға, ертең жайлауда шопандар тойы басталады.

Ауыл арасынан ешқайда шыға алмай жатқан Еңлік қуанып кетті.

  • Рас па, Шәмшә! Қандай тамаша болды келгенің! Мен мұнда

ішпысты болып өлетін болдым. Тезірек алып кетші мені.

  • Әрине алып кетемін. Алыстан артымнан ерген жалғыз сіңлім

келіп жатқанда, қайдан тоқтайын. Әбден сағындырдың ғой, күнім сол!

Шәмшия-Бану көптен көрмеген сіңлісін құшағына алып, апалы-сіңілі екі жан сағыныштарын баса алмай біразға дейін толқып тұрып қалды.

Еңлік Ақмолада медицина академиясында оқып жүр. Биыл екінші жыл. Екі жаурыны қақпақтай болған Шәмшия-Банудай емес ерекше жаратылған нәзік жан. Сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі қыздың құлын мүсіні көз арбайды. Томпиған шиедей қызыл еріндері өзінің табиғи қызылымен сәбидің еріндеріндей албырап тұратыны соншалық, кейде көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс бозбалалар ашқарақ нәпсі-сезімдерін жасыра алмай бұрыла қарап, тамсанып өтер еді. Дала қызына ғана тән бет ұшында тұнып қалған қызыл шырай сүттей әппақ болып біткен етінің ағын ақтай, қызылын қызылдай айқындап тұр. Аппақ төстен тік біткен қос анары дем алған сайын дірілдей көтеріліп-басылып еркек біткеннің есін алғандай. Студент болып академия есігін алғаш аттар-аттамастан балды айналған арадай жігіт біткен Еңліктің маңынан шықпауға айналды. Бірі баққа шақырады, бірі киноға, бірі театрға шақырып ұзақты күн ығыр қылады. Бұрын ауылдан ұзап шығып көрмеген ауыл қызы ол шақыруларға сыпайы рахметін айтып бас тартады. Мұны естіген құрбылары бұлан-таландары шығып ренжиді. Сондағы айтатындары «Еңлік-ау, неге келіспедің, бізді де ертіп алсаң, ішіп-жеп, дем алып қайтар едік қой» деп тегін ішіп-жеп қайтудан бас тартқан Еңлікті жерден алып-жерге салады…

Қос ат жегілген арбаның артында отырған Еңлік жымиып қойды. Таулы өңірдің жұпардай таза ауасы, еркелей ескен самалы қыз көңіліне желік бітіргендей, әлдебір әуенді ыңылдап келеді. Ерке самал желбірей жайылған қолаң шашын бұрқыратып болмағасын, жиып төбесіне түйіп қойды. Қыз жанары алыстағы Маңырақ тауларынан айырылар емес. Бір сәт аққу мойнын алға созып, алысқа телміре қалды. Сұлу мүсін бейне бір сурет дерсің…

Дәл осы сәтте шалғын шөпті жапыра жеңіл ғана сырғып өтіп бара жатқан көгілдір түсті «Мерседес» жеңіл машинасының артқы орындығында отырған жігіттің жанары арбада отырған қыздың жанарымен түйіскендей болды.   Бейтаныс қыз ажарына арбалып қалған жігіт дем сәтте көз ұшында бұлдырап қалып қойған ноқатқа қарай берді. Сағымдай сырғып өткен арбадағы сұлу, ғажайып бейне есін алған Мұрагер жүргізушінің иығынан қақты.

  • Сәке, жаңағы мынау даланың перісі ме, әлде даланы кезіп жүрген

сағым ба?

Өздері басып озған арбадағы жан елес те емес, пері де емес кәдуілгі қыз екеніне сенімді Сейіт қарқылдап күліп жіберді.

  • Қыз, Мәке, қыз! Қыз болғанда сұлу-ақ екен, байқадың ба,

отырған отырысының өзі сурет емес пе?

  • Рас, даладан, дала болғанда айдаладан дәл осындай сұлуды

кезіктіремін деп кім ойлаған. Кім болды екен? Әттеген-ай, жаңа тоқтап жөн сұрасақ та болар еді, - деп Мұрагер шынымен өкіне бастады.

  • Кім болса да Шағанобаға, тойға бара жатқандар, бағыттары

солай, асықпа, тойда өзім іздеп тауып беремін.

 

*  * *                   * * *

Шағанобаның етегіне тігілген киіз үйлер алыстан ақ шаңқадай ағараңдап, киноларда көріп жүрген бағзы заманның үлкен бір бай ауылын елестетеді. Тіпті өткен ғасырға тап болғандайсың. Алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат ақ үйлер көк шалғынды даланы ақ қанатты қалаға айналдырып жіберген. Ауашада тігілген алтыбақанда қос етек көйлек киген бойжеткендер мен оюлы шапан жамылған бозбалалар жайлауды жайнатып, даланы дұманға бөлеп жатыр. Тойлы ауылдың ортасын ала орналасқан ақ үйден ет жеп, тамақтанып шыққан Мұрагер таудың саумал ауасымен кеудесін кере кең дем алып, таза ауаны ашқарақтана жұтады. Қаланың газына кептелген кеуде-сарайы ашылып, бойын бір жеңілдік биледі. Мұрагердің артынша шыққан Әділ досын ту сыртынан құшақтай алып көк шалғынға алып ұрды. Екі дос алыса кетті. Институт қабырғасында еркін күреспен айналысып, спорт шебері атанған екеу бірін-бірі ала алмай ұзақ арбасты. Күрес қызығына түскен олар айналасына жиналып қалған жұртты байқар емес. «Іштен шал, іштен шал»-деп айқайлаған дауыстарды естіп Мұрагер маңайға көз салып еді, біраз ел жиналып қалыпты, сосын өзінің ежелгі әдетіне салып, қамсыз жүрген Әділді басынан асыра лақтырып жіберді де жауырынын жерге басып жатып алды. Таза жеңісті көрген ел «жарайсың, жігіт екенсің»-деп қолпаштап жатыр.

Жерде шалқасынан жатқан Әділ қарқылдап күліп жіберді.

  • Мұрагер, сен мені қатырдың, шын айтамын, қатты қатырдың,

ақымақ басым сенің бұл әдісің тас есімнен шығып кетіпті. Әйтпегенде мені алу қайда саған.

  • Рас, сені қулықпен алмасам, мына жұртқа күлкі боларымды

білдім. Көрдің ғой, елдің бәрі мені мақтап барады, ал сен менен жығылып қалдың, - деп қалжыңдап күлген Мұрагер жерде аунап жатқан досына қолын беріп тұрғызып алды. Темекі шегісіп тойлы ауылды сырттай қызықтап тұрған екі достың қасына Сейіт жетті.

  • Мәке, таптым!

Екі езуі екі жағына жайылып ыржың қаққан жүргізуші жігіттің

нені меңзеп тұрғанын бірден ұқпай қалған Мұрагер сұраулы жүзбен бақырайып қалыпты.

- Қызды, әлгіндегі сұлуыңды таптым ғой!

Мұрагер күліп жіберді. Жол бойындағы кезіктірген қызды тауып берем деп уәде еткен Сейіт дегеніне жеткен сынды.

- Иә, кім екен, пері ме, адам ба?

- Кәдуілгі үріп ауызға салғандай сүйкімді, әшейін, екі қолыңды жағыңа таян-е-е-еп алып, сілекейің шұбырып қарап отыруға жаралған жан екен.

- Қайдағы қыз, қайдағы періште айтып тұрғандарың?-деп сөзге Әділ  араласты.

- Осында келе жатқанда ат арбаға мінген бір бойжеткенді көрдік.

Отырған бір сурет  дерсің, сол сұлуды мына Сейіт тойда іздеп тауып берем деп уәде еткен. Қане, көрсет, көрімдігіңді көргеннен кейін береміз. Жүр,  Әділ.

Екі жігіт Сейіттің соңынан ерді. Орталық сахнаның алды жыпырлаған халық. Ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп жатыр   екен. Ығы-жығы халықты айналып өтіп, сахнаға тақау барды.

- Әне, шетте, толық әйелдің жанында тұр. Сейіт саусағын шошайтып алға созды. Мұрагер мен Әділ «қане, қане» деп ол нұсқаған жаққа қанша телмірсе де таба алар емес.

Шеткері тұрған толық денелі әйел сылқылдай күліп өзін

түртіп қалған еркекке бұрыла берді. Әйелдің ығында тұрған қызыл көйлекті талдырмаш қыздың әппақ жүзі жарқ етті. Оттай жанған қызыл көйлек пен әппақ дене бірін бірі ашып, жас қыздың сұлу өңіне жараса қалған. Әділ де қызыл көйлекті қызға телміре қалды. Мұрагердің бойын қызғаныш кернеп кеткендей болды.

Қыздан көзін алмаған Әділ:

- Иә, періште десе дегендей-ақ екен!

- Сен не, ауылыңның қызын танымайсың ба?

- Тоқтай тұршы, асықтырмай… Шәмшия-Банудың жанында жүрсе сіңілісі болды ғой, демек, құдаша… Шәкең көрші ауылдың қызы, оның сіңілісі барын естігем, көріп тұрғаным осы. Әйда, кеттік.

- Аты кім, аты?

- Білмеймін дедім ғой. Қазір барып танысамыз.

Әділ жетіп барып толық келіншекті ту сыртынан қапсыра құшақтай алды.

-Үй-бай, бұл қайсың тағы, - деп бір бұлқынып барып Әділдің құшағынан сытылып шықты. Ыржиып күліп тұрған Әділді көріп:

- Ой, тұқымың өскір, тағы сен бе, елдің қайындары жеңгелерін қорғап-қолпаштап жүреді, ал менің қайындарым өзіммен алысады.

-Ой, жеңеше, енді ойнауға да болмай ма? Әрі сұлу құдашамен таныстырар деген есек дәме баяғы, - деп Әділ Шамшия-Банудың жанында әсем жымиып тұрған сұлу қызға қарады.

- Көкейің белгілі болды. Жаман қара, саған осы не жоқ, әйелің бар, сендей кәрі қасқырға жем қылар сіңілім жоқ, әйда, аулақ жүр, -деп жорта ашуланған Шәмшия-Бану Еңлікке көзін қысып қойды. Көздің жауын ала құлпырған сіңілісіне қарап, оның осыншалық көз тартар көрікті болып жаралғанына іштей мақтана, көңілі марқайып қалды. Көпті көрген сұңғыла келіншек Әділдің жанындағы сымбатты жігіттің Еңлікке қараған көзқарасын байқап:

- Әй, жігітім, неменеге сонша тесілдің сіңіліме, байқа көзің өтіп, басың бәлеге қалып жүрмесін, - деп қағытып өтті.

Қылмыс үстінде ұсталған ұрыдай абдырап қалған жігіттің ақсары жүзі қызарып кетті.

- Жо-жоқ, о не дегеніңіз, жеңеше, құдай сақтасын, көз тигеннен сақтасын, қарындасқа тиген көз маған өтсін деп тілеп тұрмын. Сол жаман көздерден қорғар қалқан болсам арман болмас еді.

Мұрагер маржандай тістерін көрсете жымиып қойды. Өтіп жатқан сөз қағысты үнсіз тыңдап тұрған Еңлікті жігіттің күмбірлеп шыққан қоңыр үн еріксіз елең еткізді. Екі иығына екі кісі мінгендей иықты келген сымбатты жігіттің дөп-дөңгелек қой көздері күлім қағып өзіне қадалып тұр. Жігіттің жанарымен ұшырасып қалған қыз жүрегі дір ете қалды. Бейне бір тоқ ұрып өткендей. Бір біріне қадалған қос жанар, арбала аймаласып қалған қарашықтарын тайдыра алмай іркілісіп қалды. Мұрагер маңайындағы жұртты ұмытқан. Көздері өзіне бағынар емес. Неткен сұлу жанар! Боталап тұңғиығына тартып барады…тартып барады…

- Неге сонша тесілдіңіз, тіпті, ыңғайсыз екен, - деп кінәлай шыққан нәзік үн есін жиғызды.

-Кешіріңіз қарындас, өзіңіз ғой көздерімді арбап алған. Қалжың араласса да бұл оның шыны сөзі болатын.

- Арбап, арбап деп, қалжыңыңа болайын, арбайтын әлгі «кобра» деп де едің, - деп Шәмшия-Бану тағы да сөзбен шымшып алды.

- Жеңеше, жылан деген сөз аузымнан шыққан жоқ, жала жаппаңыз, әсем құдашаға қарап қойған айыбымызды жуайық, анау киіз үйге кіріп қымыз ішіп, дәм татыңыздар.

- Е, бәсе, сөйтпейсіңдерме, мынау аптап жанды қояр емес, таңдайымыз кеуіп кетті. Жүр, жаным,  шақырғаннан қалма деген, әйтпесе, ақ үйлерге бастықтардан басқа қара халыққа бас сұқтырмайды бұл жақта. Той көруге келген шабан, қойшы-қолаң, ауыл адамдарына дәм ауыз тигізбек тұр ғой есігінен сығалатпайды, -деп Шәмшия-Бану Еңлікті қолтығынан іліп алып екі жігітпен бірге киіз үйге қарай аяңдады. Алдыда сөзден қуырдақ қуырып келе жатқан Әділ тоқтай қалды.

- Оу, жеңеше, сен бізді құдашамен таныстырмадың ғой, - деп жауап күтпестен қызға күректей алақанын ұсына берді.

- Мен - Әділ, ал достар арасында Әдөк деп аталатын азаматпын.

- Мен –Еңлікпін.

Қыздың үні қоңыраудай сыңғырлап шықты. Мұрагердің есіне кішкентай кезінде ұлы әжесі Нәзияның аузынан естіген сөйлегенде аузынан гүл төгілетін, күлгенде күн шығатын сұлу қыз жайлы  ертегісі сап ете түсті.

- Ал мына сымбатты жігіт менің досым, Өскеменде дүрілдеп тұрған фирманың бастығы. Өзі іскер, өзі бойдақ, өзі спортшы, бір сөзбен айтқанда жігіттің сұлтаны, бүгінше айтқанда «жаңа қазақ» - Мұрагер, - деп досын таныстырды. Мұрагер қыздың нәзік саусақтарын аялай қысып тұрып қалды.

- Әй, әй, жігітім! Біресе көзіңмен ішіп-жеп, енді қолын жібермей сіңілімнің есін шығарып жібердің ғой тегі, - деп Шәмшия Бану тағы да жігітті қағытып қалды.

Әпкесінің жігітті қызарта бергенін жаратпай қалған Еңлік:

-Түу,  Шәмшә, саған не болған-дей берді.

Киіз үйден тамақтанып, қымызға шөлдерін басқан Шәмшия-Бану мен Еңлік біраз қыдырыстап, жәрмеңкеден үйдегі балаларға сарқыт алып, арбаларына мініп жолға шықты.

Қыз бен келіншекті сырттай бақылап жүрген Сейіт қазақша күрестен өткен жарыстың жеңімпазына демеуші болып арнайы алып келген сыйлығын тапсырып, суретке түсіп жатқан Мұрагерге қыздың ауылға қарай жолға шыққанын ескертті. Қыздың той аяқталмай ерте қайтқанын естіп дегбірі қалмады. Сосын жолдастарымен тез қоштасып ауыл шетінде қалған машинасына қарай аяңдады.

Арбаға қалың етіп төсеген сабанның үстінде шалқасынан жатқан Еңлік, былай шыға әнге басқан Шәмшия-Банудың үніне құлақ түріп жатыр. Ойынан әлгі жігіт кетер емес. Мұрагер деген аты қандай әдемі, сирек кездесетін есім. Дөп-дөңгелек қой көздері қандай…Еңлік аспандағы түйдектелген бұлттар арасынан тұңғыш рет көңілінің астан-кестеңін шығарған жігіт бейнесін іздейді. Бірі түйенің өркешіне, бірі арыстанның басына ұқсаған бұлттар арасынан өзі қалаған сымбатты жігіт-мүсінге ұқсас еш сурет таппады. Шағанобадан алыстаған сайын тойдан алған көл-көсір әсер тарқап, бойын көңілсіздік биледі. Енді оны ешқашан көрмейтін  шығар. Қас қағым сәт, жалт етті де жоқ болды… Екі жыл бойы өлердегі сөздерін айтып өзеуреген талай жігітке көңіл бөлмей, енді міне, жайлауда, даланың түкпірінде жүрегін дір еткізген сезімнің алауына өртеніп барады. Қызы бар шығар… өзі фирманың бастығы болса, жалаң аяқ студент қызды қайтсін… Бір сәт өзіне аймалай қараған жігіттің көзқарасын, қолын аялай қысып іркіліп қалған сәттерді ойлап «ол да мені ұнатып қалған шығар» деген үміт жылт етті. Қаладан келген бизнесмен, ауылда жүрген өңі түзу қызға «қайтер екен деген жымысқы ниетпен әдейі қараған шығар» деп тағы бір жаман ой сумаңдай қалады. Жо-жоқ, олай ойлауы мүмкін емес, көздері тым тұнық, таза, жаны да таза болуы керек…

Сан-саққа жүгіріп жатқан Еңліктің ойын жеңіл ғана дүрілдеп өткен матор үні бұзып жіберді. Машина тоқтағандай ма…

- О, міне тағы кездестік қой, жеңеше, - деген Мұрагердің үнін жазбай таныған қыз басын шөптен жұлып алды. Өзіне қарап күлім қаққан жігітті көріп бар ойын оқып қойғандай қызарып кетті. Қыздың әпкесімен қалжыңдасып жүріп шалғын үстіне Әділ салып берген суық ет пен бір шиша шампан шығарды.

- Бізбен қоштаспай жүріп кеткеніңіз не, жеңеше, жол жарықтық бәрібір қайта кезіктірді, ә, - деп Сейіт те қуақылана күліп жатыр. Сөз арасында қыздың Ақмолада медицина академиясында оқитынын білді. Қызбен ашық әңгімелесуге әпкесінен именген Мұрагер көп аялдай алмай қоштасып өз жөніне кетті.

 

******

         Ақмолаға оралған Еңліктің әппақ жүзі күнге тотығып әдемілене түскен. Думанды жастар ортасына оралса да қыз қабағы бұрынғыдай ашық емес. Боталап тұратын жанарында бір мұң бар.

Бүгін демалыс. Студенттердің тұяқ серіппей он екі-бірлерге дейін ұйықтап, апта бойы қанбай қалған ұйқының қарымын қайтарар күн. Еңлік ерте оянып кетті. Көрген тәтті түстің әсері ме, көңіліне біртүрлі қуаныш ұялай қалды. Түсінде дәл сол кездегідей жайлаудың шалғынды даласын көрді. Ат арбаның үстінде тұрған бұған Мұрагер алыстан бірдеңе деп айқайлайды. Оның дауысын гуілдеген жел естіртпейді. Бұл ұқпадым деп иығын көтереді. Ол қолын қайта бұлғайды. Сөйтіп жатып оянып кетті. Мұрагердің ап-айқын болып түсіне енгеніне бақытты еді. Сол кездесуден бері бес ай өтті. Бір рет қана көріп ажырасқан жігіттің бейнесі қыз жүрегіне мықтап ұялап қалған еді. Ұмыта алар емес. Оның өз өміріне соншалық қатты әсер етерін білсе, сол күні бірдеңе етіп сездірер ме еді… Ол да үнсіз қалды. Әпкесімен қалжақтасып, бұған жөні түзу бір ауыз сөз айтпады емес пе. Мұнда, жанында жүрегін үзіп беруге әзір талай жігітті місе тұтпай, хабарсыз кеткен Мұрагерді аңсап аласұрады. Ол туралы түс көрсе ол күн қыз үшін мерекеге айналады. Сағыныштан сарғаюға айналған қайран көңілі титтей босаңсыса болды қызыл көрсе құзғындай жапырлай жағалайтын айналасындағы көп қарадан алыста, мұның ғашық көңілінен бейхабар жүрген Мұрагерді хош көреді. Жүрегінде әлсіз ғана маздаған жалқы сезім жалындап жанғысы бар. Әттең, жігіттен хабар жоқ. Өзін ойлап аласұрған қыз дертінен бейхабар. Еңлік төсектен керіле тұрып, айна алдына келді. Боталаған сұлу да мұңды жанарына тесіле қарап біраз тұрды да киіне бастады. Жатақхананың алдындағы бақтағы өзінің сүйікті орындығына келіп тізе бүкті. Самырсын мен ақ талдың ортасында бұрала өскен қайың жапырақтары судырап үнсіз қарсы алды. Еңліктің есіне Мұқағали ақынның қайың жайлы жазған өлеңі түсті. Несі барын білмейді, әйтеуір осы қайыңды көрсе болды тіл ұшына сол бір өлең орала кетеді.

                           «Жапырақ жүрек, жас қайың

                           Жанымды айырбастайын.

                           Сен адам бола бастасаң,
                            Мен қайың бола бастайын…»

         Көп ағаштың арасында жалғыз өскен қайыңды алғаш көргеннен жақсы көріп кетті. Көпшіліктің ортасында жүрсе де кейде жалғызсырай қалған көңілін осы қайыңның қасына келіп толықтырғандай болады. Өзі құдайдай табынатын Мұқағалидің өлеңі қайыңның шынымен жүрегі барына бейкүнә қызды сендірген-ді. Ерке самалмен бірге сыбдырлай төгілген жапырақтар бұны кейде қуана, кейде тым-тырыс мүлгіп-мұңая қарсы алады. Сол қайың бүгін күзгі таңның себелеп өткен жаңбырымен шашын жуған арудай әр жапырақтан суы тамшылап әрлене түскен. Қаланың газы мен шаңынан ысталған жапырақтары тазаланып жап-жасыл болып құлпырып тұр. Қайыңға сүйсіне көз салған Еңлік күмістей жылтыраған ұсақ тамшыларға қарап бір сәт қайың жылап тұр ма деп қалды. Өзінің де көңілі бұзылып сала берді. Бұлдырап шыға келген бота көздерінің шарасына толып кеткен жасты әрең ірікті.

«….Жалғыз қайың…жалғыз қайың….сен де жалғызсырап тұрсың-ау, көп ағаштың ішінде… менің де жаным жай таппай тұр. Мұрагер атты бір жігіт бейқам жүрген жан-дүниемді астаң-кестең етіп, көз алдымнан сағымдай сырғып өтті де жоқ болды. Бір ауыз жылы сөз арнамаған сол жігітті өлердей сағынып жүрмін. Неге екенін білмеймін. Адамзат біткен табынған махаббат деген құдірет осы ма? Махаббат пен сағыныш егіз жаралған сезім бе? Оны көргім келетіні соншалық, кеудемнен бір нәрсе үзіліп кетердей сыздайды. Қайтсем  екен? Жаным қаламайтын, айналамдағы бөтен жігіттерден мезі болдым. «Сен сұлусың, сен әдемісің»-дейді. Одан басқа айтарлары жоқ…. Сен білмейсің ғой, алпыстағы декан шалдың әбден мазамды алғанын… Еркек деген көрсеқызар халық екен. Оларға сұлу, беті жылтыр қызды көрсетсең болды. Оның жан-дүниесі, тілегі есеп емес. Сонда, әлгі сері-шалдың сүйіп алған жары, бала-шағасы қайда қалды? Түсінсем бұйырмасын… Өмір туралы ойласам – көз алдыма жыпырлаған сансыз сұрақтар тұра қалады. Ол сұрақтарға жауапты ауызың күйіп, басың ауырып, балтырың сыздап барып жауап ала аласың. Қате бассаң құрдымға кеттің дей бер… Кеше, оқуға ең алғаш түскенде моп-момақан, ұялшақ Сандуғаш – бүгін жатақхананың ең қымбат жәләбіна айналды. Арақты суша сіміреді, сорғаны темекі, қойнында күн сайын бір жігіт… Осы берекесіз өмірінің басы ауылдан келген тап-таза, пәк қыздың алдануынан басталды. Еркек біткеннен кек алмақтың сылтауымен жеңілтек қыз атанғанын сезер емес. Тағдырымыз бір қыз болғасын тоқтау салғым келген, ал ол құлақ асқысы келмейді. Кеше өзіме тап берді «сен менен жігіттерді қызғанасың, сен сұлу болсаң да суықсың, саған жігіттер жоламайды»-дейді. Менікі жаман әдеттен арыл деген достық ақыл еді, түсінбесе не етейін, әркім өз тағдырының қожасы, өз басы өз иығында, еркі де… Түу, менің саған бөлісер сырым бұл емес болатын, кешір…Түсіме Мұрагер енді! Сосын көңілім алабұртып саған жеттім. Жауапсыз сезімім өзіммен бірге оған белгісіз күйі кете бере ме?… бірдеңе деші, қайыңым….»

Қайың үнсіз мүлгіп тұр, жауап қатар емес… Жүрегі бар, жаны бар тілсіз тіршілік иесі қайыңнан жауап ала алмаған күйі Еңлік жатақханаға қарай аяңдады. Сыбдыр қаққан ағаштар арасымен кері қайтқан қыз жүрегі шынайы, адал махаббатты аңсайды. Әр қадам басқан сайын ішкі дауысы «қайдасың Мұрагер, сағындым ғой»-деп күбірлейді. Ой тұңғиығындағы қыздың құлағына «мен келемін… мен келемін…» деген әлсіз сыбыр жеткендей болды. Тек бұл сыбыр емес-тін. Сағыныштан аласұрған қыз жүрегі балауса махаббатына сенім артып бара жатыр еді. Жұдырақтай ғана жүрегінде маздаған кіршіксіз пәк сезіміне сенген Еңлік біртүрлі серпіліп қалды. Кенеттен көңіліне енген көтеріңкі көңіл қанаттандырып жіберген қыз жатақханаға қарай жүгіре жөнелді.

*****

Ақмолаға апарар тас жолда жүйткіген көгілдір «мерседес» мыңдаған километрлерді артқа тастап, алыстан сағымға оранған жаңа астанаға жақындай түсті… Сейіттің қатарындағы шалқайма орындықта ұйықтап отырған Мұрагердің жүзі әлдебір қуаныштан нұрланып жатыр. Түс көріп жатқаны айдан-анық. Езуіне әлсін-әлсін жеңіл жымиыс ұялай қалады да тарқап кетеді. Бір кезде ап-айқын «Еңлік» деп күбір ете түсті. Мұрагердің өзіне таныс қыз есімін ұйқыда жатып үздіге күбірлегенін естіп Сейіт жымия бас шайқап қойды. Сонау шілденің ыстығында жайлауда кезіктірген қыз бастығының есінен кетпей жүргенін сезеді. Мұрагер бір түрлі өзгеріп кетті. Бір нүктеге қадалып қимылсыз қатып қалатынды шығарды. Ол ойдан түртіп оятпасаң өздігінен селт етпейді. Бір рет екеуі түнделетіп қыз ауылына барып қайтқан-ды. Әділ қыздың демалысы аяқталып Ақмолаға қайтып кеткенін жеткізгенде байқұс жігіттің салы суға кеткендей қоңылтақсып қалғанын көзі көрді. Қалжақбас Әділ «қызда дәмесі бар жігіт ерте қимылдайды, қайда жүрсің ала жаздай» деп сөгіп тастады. Ертерек келіп кеткенге фирманың кейінге ысыруға келмейтін көп жұмысынан қолы тимеді. Қыздың алыс қалаға жүріп кеткенін естіген күннен бастап Мұрагер бір қияли пендеге айналып жүре берді.

Осыдан екі жыл бұрын Мұрагер құрған фирманың ісі тез дөңгелеп кетті. Шаруашылығын кеңейтіп, жақын ауданнан жалға  жер алып күнбағыс еккен. Сол ауылдың өзінен шағын май айыратын цех ашып, өнімін де базардың құнынан арзандатып ауыл тұрғындарына сатып, елді бір қарық қылды. Көктемгі егін мен күзгі жиын терінге жергілікті жердің тұрғындарын жалдап жүр. Әділ болса досының  көп жұртты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл экономикасының өсуіне аздап болса да үлес қосып жүргенін мақтап мәз.

Сейіт ұзақты күн бірге жүретін Мұрагердің бойындағы өзгерісті, томаға тұйықтықты тез аңғарды. Оның бір ұшы қыз жақта жатқанын да біледі. Еңлікпен тіл қатысып, әуде байласып қала алмағанын көзі көрді. Әшейінде ашық жарқын жігіт қыз алдында аузын буған өгіздей кібіртіктей бергеніне ыза болғаны бар. Қызда емес қыздың әпкесінде көңілі кеткендей толық әйелге «жеңеше, жеңеше» деп жалбақтады да қалды. Бастықтың аты жас болса да  бастық,  сен сөйт деп жігіттік ақыл бергенге бұл да тартына берген. Кеше Мұрагер Барнаулдан келген жігіттермен «Евразия» ресторанында болып, іскерлік келісімге қол қоды. Бір ай бойы айналдырған ісіне қолы жетті. Мұрагердің жадыраңқы қабағын байқап, қайтар жолда көптен есінде жүрген ойын ортаға салды.

- Мәке, биыл да сен демалысқа шыққан жоқсың-ау деймін, ә?

- Рас, кейінгі екі жылда демалыс дегенді ұмытып кеткендеймін.

Бастаған істі бір жаққа шығармай, біреуге табыстап кете беру менің қолымнан келмейді…. Дегенмен, біраз шаруаның басын қайырып тастадық. Ең бастысы Барнаулмен тиімді келісімге қол жеткіздік. Уақытты да, қаржыны да үнемдейтін болдық.

- Басты мақсатың орындалса, енді өзіңе бір сәт демалыс бергенің жөн-ау. Астана Ақмолаға көшкелі бір жыл болды, жаңа астанаға қыдырып қайтсаң, мен апарып келуден бас тартпас едім-деп алыстан орағытып жігіттің тамырын басты.

Ұйқыдан оқыс оянғандай селт еткен Мұрагер:

- Ақмолаға дейсің бе…, - деп ойланып қалды. Сосын, балаша қуанып кеткен жігіт Сейіттің иығынан жұдырықпен бір түйіп қалды:

- Кеттік! Таңертең Қуанышқа ескертеміз де кетеміз-деді. Машинадан пейджер арқылы Қуанышқа таңертең ертерек келу туралы ақпарат жіберді де Сейітке бұрылды.

-Ақмолаға тартып кету неғып менің есіме келмеген, а? Неге ертерек еске салмадың бұл ойыңды, Сәке, - деп өкпелей тіл қатты. Сосын, үнсіз қалған ол үйге жеткенше өз ойымен өзі болып кетті.

Ақмола бұларды аңызақ желімен, құмдауыт шаңды ауасымен қарсы алды. Жеке меншік, европалық үлгіде безендірілген шағын, жәйлі қонақүйге орналасқан Мұрагер анықтама бөліміне телефон шалды. Медицина академиясының төрт жатақханасы бар екен. Мекен жайларын түртіп алып, таксиге тапсырыс берді. Ұзақ жолдан шаршап келген Сейітті мазаламауды жөн көрді. Мүмкін…Еңлік күйеуге шығып кеткен шығар… Жо-жоқ, олай болукы мүмкін емес… Жігіт қыздың өзін ғана күтіп жүргенін қаласа да басқа жаман ойлар бар үмітін ығыстырып, такси келгенше ойы он саққа жүгірді. Таксопарктен машинаның есік алдында күтіп тұрғанын хабарлағаннан кейін не де болса тәуекелге бел буды.

Сәулетті құрылыстармен толығып, жаңара түскен астана көрер көзге көрікті-ақ. Төле би даңғылымен жосылтып отырып барған Дәулеткерей қиылысындағы екі жатақханадан Еңлікті таппады. Қырсық қылғанда қыздың фамилиясын да білмейді. Оларда Еңлік есімді қыз жоқ болып шықты. Такси басын кері бұрып Абылайхан көшесіндегі үшінші жатақханаға қарай тартты. Кезекші әйелден студенттердің тізімін алып қарап еді, көбінің есімдері жазылмапты, жазылғандарының ішінде Еңлік есімін кезіктіре алмады. Іздегенін таппай салы суға кетіп, кезекші әйелге бұрылды:

-Айтыңызшы, сіздерде Еңлік деген қыз тұрмай ма, жаңылмасам үшінші курста оқуы керек.

- Еңлік дейсің бе, бар, осында тұрады. Өзің кімі боласың? - деп Мұрагерді бастан-аяқ шолып өтті.

- Танысы едім. Өскеменнен келдім.

- Өскеменнен дейсің бе? Е, айналайын, жерлес екенсің ғой. Мен

Семейдің қызымын. Екі облысты қосқаннан бері Өскемендіктерді де жерлес деп қабылдай бастағанмын. Еңлікті де сосын ғой, сіңілім деп жақын тартып жүрмін. Шығыстан жалғыз өзі, осында оқып жүрген... Өзі бір қыз болғанда инабатты бала. Көркі қандай!... қыз біткеннің перизаты ғой, тіл-көзден аман болсын. Қазір бәрі сабақта, жетіден кете бірақ келеді. Еңлік кешке бір бәлніске кезекшілікке барып жүр ғой деймін. Студент байқұстардың күнкөрістері қиындап кетті емес пе, Шара деген Қызылорданың қызы екеуі күн аралатып барып, ақша тауып жүр, одан сабағы бар…

- Мен осында тоса тұрсам сізге кедергі болмаймын ба?

- О не дегенің, қарағым, қайта ішпысты болып отырған маған әңгімелесетін кісі болғаны жақсы.

Жатақхана тұрғындары орала бастады. Олардың арасынан таныс бейне көрінбей, кездесу қалай болар екен, қыз мұны таныр ма, жоқ әлде танымай ұятқа қаламын ба деп толқып отырған Мұрагер қара терге түсті.

- Әне, Шара келе жатыр, Еңлікпен бірге тұрады, қазір шақырайын, - деп кезекші әйел арғы есікке қарай өтіп бара жатқан ақсары қызды атын атап өзіне шақырып алды. Қыз күлімдей келіп:

- Бүгін сіздің кеезекшілігіңіз бе еді, Зәйни апай,-деп кемпірдің хал жағдайын сұрап жатыр. Құрбысын іздеп келген жігітті қыздарға ғана тән көзқараспен сынай қарап алып, Еңліктің сабақтан шыға салып бірінші қалалық ауруханада кезекшілікке кеткенін айтты.

Аурухананы да, хирургия бөлімін де тез тапты. Сақабаева Еңлік.

Қызды шақыртып жіберіп күңгірт коридорда күтіп қалған Мұрагер дегбірсіздене бастады. Сол жақ қанаттағы соңғы есік ашылып, бері қарай сұңғақ бойлы қыз жайлап басып келе жатыр. Алакөлеңке қыз сымбатын жасыра алар емес. Оқтаудай түзу аяқтары мен қылдырықтай белі, аққу мойын – келе жатқан жанның келбеттінің келістісі екенін анадайдан мен-мұндалатып тұр. Залдың ортасындағы жалғыз шамның тұсына келгенде әппақ халаттан айырып алғысыз ақша жүз жарқ етті. Үлбіреген ақ жүздің тең жартысын алып жатқан қиыла біткен бота көздердің жарқылы жігіт жүрегін дір еткізді.

Алдында тұрған Мұрагерді көргенде Еңлік қозғала алмай қалшиды да қалды. Аяқтарына тас байлап қойғандай алға жылжыр емес. Көздерін көлегейлеп тұратып ұзын кірпіктерін қағып-қағып жіберіп аңырып тұр. Мұрагер?! Құдай-ау, шынымен қияли халге жеткенім бе? Әлде, түсім бе? Қаққан қазықтай қатып қалған қыздың шарасынан шыға қадалған сұлу жанарына қарап Мұрагер жымиып қойды. Аузына сөз түспей кібіртіктеп қалды. Мұхит болып дөңбекшіп, өрт болып лаулап кеткен жігіт көңілі, алдында абдырай қалған қызды құшағына қысып, үлбіреген ақша жүзінен өпкісі келді.

- Сәлемат па, Еңлік!

Қыз үнсіз басын изей берді. Мұрагер тіл қатты, сонда бұл түсі емес болды ғой. Жо-жоқ, түсте де адам сөйлесе бермей ме…

- Ақмолаға іссапармен келіп едім, жолай…

сосын….сосын…өзіңмен амандасып кетейін деп бұрылып едім.

Өмірінде алғаш рет өтірік айтып кеткенін сезген Мұрагер қып-қызыл болып, жүзі дуылдап кетті.. Сені іздеп келдім деп бірден айтуға батылы жетпеді.

Болып жатқан оқиғаның өңінде екеніне көзі жеткен Еңлік енді қысыла бастады.

- Менің мұнда екенімді қайдан білдіңіз, әлде осында жатқандардың біріне келдіңіз бе?

- Жатақханаңда болдым. Жаныңда тұратын қыздан білдім. Еңлік!

Шағанобада…жайлауда көргеннен бері өзіңді ұмыта алмадым. Бір сәт те есімнен кетпей қойдың… Мұнда ешқандай жұмысым жоқ, тек өзіңді бір көріп кетуге келдім. Бар шыным осы.

Жігіттің аузынан шыққан әр сөзге жүрегі жарыла қуанған Еңлік       « сенемін, сенемін, өйткені өз басым да саған деген дәл сондай күй кешуде» деп мойнына асыла кеткісі келді. Бірақ, қызға тән инабат деген тиым шеңбері олай етуге еркін жіберер емес. Әрі жігіттің ағынан жарылған көңіліне бірден сене алмай көңіліне бір күдік көлденеңдей берді. Қуаныш пен күдік кезек алмасып безек қаққан қыз көңілін кезекші дәрігердің айқайы бөліп жіберді. Кезекші бас дәрігер Муза апай жұмысқа келгенде тым қатал еді. Әрі жерлес болғасын таныстықпен әрең кірген жұмысынан айырылып қалмауды ойлап, артық  сөзден қорыққан Еңлік:

- Мені шақырып жатыр, ауыр науқасты күтіп отыр едім, кейін кездесерміз, - деді де каридордың түкпіріне қарай жүгіре жөнелді.

Мұрагердің шынымен келіп кеткеніне әлі сене алмай отырған Еңлік таң ата  науқастың қарсысындағы бос төсекке жантайды. Көзін жұмса болды алдына Мұрагердің бейнесі тұра қалады. Күндізгі сабақты, кешкі жұмыс пен жаңа ғана келген үлкен қуанышты көтере алмаған қыздың санасы сансырап, қою кірпіктері өз-өзінен айқаса берді…

….Жаным….жаным! Өзін үздіге аймалаған жігіттің отты еріндеріне ыстық сүйіспен жауап берген қыздың бойы балқып, бар дүние дөңгеленіп жүре берді…Екеуі аппақ сәуле ойнаған әппақ қардың үстінде, ай астында аунап жатыр. Дірілдеген жігіттің ыстық демі бір қалыпты айналып жатқан қан тамырларындағы әлдебір түйнектерді бұрқ-сарқ қайнатады… Ал, аспандағы жұлдыз біткен жерге тамып кетердей жымыңдайды… Бір жұлдыз бір жұлдызды өшіріп, бір жұлдыз бір жұлдыздың отын жағып жатыр…

Бір сәт бойын билеген ыстық толқын тына қалды. Бар ынтығы жанарына жиналған Мұрагер мұның жанарына телміре қарап қалды… Ернеуінен асып кеткен сезім толқыны ышқына келіп қыздың боталаған жанарына құйылып-құйылып кетті… Алабұрта аймалап, тоят таппай,  оттай жанған жігіт денесінің жалыны күйдіріп өткен Еңлік сезімін игере алмаған күйі жігіттің мойнына әппақ білегін айқастыра берді…

- Еңлік, саған не болды? Түс көрдің бе? - деп еден жуып жүрген Сәуле селт етіп оянып кеткен Еңліктің нұрлана қалған жүзіне үңілді.

- Оятып алмайын деп еппен-ақ қимылдап жүр едім, ауаны қармап біреуді іздеп қиналып кеттің. Тұр, сағат жеті болды, сабағыңнан қалып қоярсың, Кенжегүл кешігіп жатыр, кезекшілікті мен қабылдап алайын.

Ауруханадан шығып жаяу тартқан Еңлік көрген түсін есіне алып жымиып қойды. Жігіттің өзін аймалап, жанын қоярға жер таптырмай тәтті қинағаны өңінде болғандай әсер еткені несі… Денесіндегі тәтті діріл әлі де бойында жүргендей өзін біртүрлі сезініп келеді.

Тратуар бойлап соңынан еріп келе жатқан таксиді байқаған жоқ. Машинаның терезесінен қызды көзден таса қылмай бақылап отырған Мұрагер шынардай тік біткен сұңғақ дене бітіміне сүйсіне көз тігеді. Шыдамнан айырылған жігіт машинаны тоқтата салып, алыстап кеткен қызды қуып жетті. Жеткен бойы қыз білегінен ұстай алды. Оқыс қимылдан шошып қалған Еңлік жалт қарады. Жалт қарады да дәл түсіндегі Мұрагердің оттай жанып, құштарлықтан ойнақшып кеткен жанарына жолықты. Әрі қарай өзіне төнген от еріннің ыстық табы есінде…көзін жұмып, талықсып кеткендей болды. Ессіз сезімнің тізгінінен айырылып қалған екеу таңғы көшенің ортасында ыстық сүйіске, ынтық сүйіске көміліп қанша тұрғандары белгісіз.

- О, құдірет, орын таппағандай дәл көшенің ортасында құшақтасқандары несі, бұл күннің жастарында ұят деген болсашы, -деп өздерін жазғырып өте шыққан кәртең әйелдің кеи қатқан сөздері аспанға қалықтап кеткен көңілдерін жерге сүйреп түсірді. Еріктерінен тыс болған бұл оқиғаға кім кімді кінәларын білмей үнсіз тұрысып қалды.

- Мұныңыз не, шынында да көшенің ортасында елден ұят болды ау, - деп Еңлік қып-қызыл болып ұяттан жанып шыға келген бетін көрсеткісі келмей төмен қарап, кірпігін төмен түсірді.

- Түнімен тосып, ауруханадан біраз ұзап кеткеніңді көріп тұра жөнелдім емес пе. Сенің сұлу сымбатың шыдам шеңберінен шығарып жіберді, неге өйткенімді өзім де сезбей қалдым, артық кетсем кешір, - деп кінәлі жүзбен қызға қарап еді, аппақ жүзі қызарып төмен қарап кеткен қыздың үлбіреген еріндерінің ұшында әдемі бір жымиысты көріп, өкпелетіп алдым-ау деп қорыққан көңілі  орныққандай болды.

Мұрагерді сағынып, оның келісіне бір қуаныш, бір күдік

ұялатқан жаман ой сейіліп, өкпе-наздан арылған қыз жүрегі күн нұрына толғандай жадырап шыға келді. Сосын, Мұрагерге еркелей қарап:

- Шынымен мені іздеп келдің бе?-деп сұрады.

- Мен сені көп іздедім, Еңлік! Ал сен болсаң көктен түскен періштедей жайлауда шалғынның арасынан жолыға кеттің… есіңде ме, шөп төселген арбаның үстінде қалғып жаттың…

Еңлік сыңғырлап күліп жіберді. Таңғы ауа қыз күлкісін уыстап шашып жіберген күміс теңгенің сыңғырындай жаңғыртып жіберді.

- Көктен түстің бе деп несіне таңырқайсың, бақыт көктеп түспегенде қайдан түсуші еді.

- Еңлікжан, ендеше сен мен үшін, көк тәңірісі маған арнап жіберген періштесің! Өзіңді сол жайлаудан жолықтырмасам, әйел заты туралы ойларым ресторан жағалап жүретін арзан қыздардан аса алмай әлі жүрер ме едім. Сені көрген күннен бастап шалғын шөпті кешкен, дәл табиғаттай сұлу, пәк жанның барын ұқтым, ұқтым да ғашық болдым!… Мен сені сүйемін, Еңлік, маған күйеуге шықшы…

Мұндай ұсынысты күтпеген Еңлік абдырап қалды.

- Білмеймін, Мұрагер… сөзіңнің шындығына біртүрлі сене алмай тұрмын.

Мұрагер анадайда өзін күтіп тұрған таксиге қол бұлғады. Такси жеңіл ғана сырғып көшенің ортасына тұрған бұлардың жанына келіп тоқтай қалды. Машинаның артқы орындығында жатқан қол сөмкесінен кішкентай қызыл қорап алып шықты. Тратуардың ортасында өзіне күлімдей қарап тұрған Еңліктің қолын алып, сүйріктей саусағына алтыннан құйып, гаухар тастармен көмкерілген жүзік кигізді. Қаланың биік үйлері арасынан сығалап, енді көтеріліп келе жатқан күн көзі гаухар жүзікке түсіп мың сан сәуле айналаға төгіліп түсіп, қыз көзін қарықтырып жіберді. Өзіне арналған осыншалықты қымбат сыйлықты көрген Еңлік қуаныштан балаша секіріп-секіріп кетті. Мұндай қымбат дүниені екінің бірі тарту ете бермесін білсе де, өзін сабырға шақырған қыз Мұрагерге бұрылды:

- Мені асыл таспен алдап алмақсың ғой. Дүниенің бар асыл тасын жинасаң да тең келмес гаухардың бағасын әрине, ұғамын, дегенмен, махаббат таспен өлшенбесе керек еді, - деп бұртия қалды.

- Солай ма! Ендеше тағы бірдеңе ойлап көрейін!

Мұрагер анадайда өтіп бара жатқан алпыстар шамасындағы жігіт

ағасын тоқтатып алып, бірнәрсені түсіндіре бастады. Бейтаныс адам Еңлікке жақындады:

- Дочка, молодой человек вас сильно любить, не мучайте его, прими его руку и сердце! Вот увидишь, ты с ним приобретешь самое настоящее счастья!

Осыны айтты да егде тартқан орыс шал басын шайқап,

жастардың қылығына кеңкілдеп күлген бойы өз жөніне кетті. Анадай жерде тұрған Мұрагер «қалай» деп сұрағандай иегін көтеріп белгі берді. Еңлік басын шайқады. Әлде бір кітаптан оқыды ма, жоқ әлде кинодан көрді ме, әйтеуір көкірегінде жатталып қалған  бір кейіпкердің сөздері есіне түсе кетті. Қызға елжірей қараған Мұрагер жолдың ортасына тізерлеп отыра кетті де қос қолын көкке қарап жайды:

- О, Махаббат тәңірісі Афродита! Інің Эросты жұмсап сүйгенімнің жүрегіне махаббат жебесін қадашы-деп жалбарына бастады. Сосын атып тұрды да:

- Еңлік, мен сені сүйемін! – деп бар дауысымен айқай салды. Қала ішін кезіп жүрген таңғы жаңғырық жігіт аузынан шыққан үш сөзді биік үйлердің басына қарай қалықтатып алып жөнелді.

Ендігі жерде жігіт сезімін сергелдеңге түсіріп, күлкіге айналдыра беруге өзінің де тағаты таусылған Еңлік кең құшағын жайып өзіне қарай келе жатқан Мұрагердің мойнына асыла кетті. Еңлігін құшағына қысып шыр-көбелек айналған Мұрагермен бірге жер-ана да қуаныштан онымен бірге дөңгелене айналып кеткендей болды.

Тек, анадай жерде жұмыс уақыты бітіп кете алмай тұрған такси жүргізушісі қайта-қайта машинасын безектетіп тықыршып тұр…

Тұмандағы оттар.

Бүгін тағы жәй тұрдым. Түсіме қою ақ тұманның ар жағында жарқыраған оттар енді. Түсті қашанда жақсыға ғана жору керек. Әппақ тұман менің сағынышым... жарқыраған оттар –алыстағы ауылымның оттары. Мені сағынып, алыстан жымыңдап шақырып тұрғандай... Қайда жүрсе де тұла бойына ауылға деген сағыныш тұнып тұратын ауыл баласымын. Майлы шатқалының ар жағында, бір-біріне жалғасып жазықта созылып жататын Маңырақ тауларының ортасында, ойда жатқан шағын ғана “Жаңаталап” деп аталатын ауылда тудым. Сонда өстім.    Алтыншы сыныптан кейін қолыма қалам алып, өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңдеріме апам, атам, ауылдың жанында сарқырап ағып жататын “Терісайрық”, ерте рауандап атар таңның алғашқы сәулелеріне еркелеп, арқасын төсеп жататып биік-биік таулар, сонасы мен масасы ызыңдап, арасында шіркейі шырылдап, у-шу болып жататын балауса, шалғын шөп, маусымның мамыражай күндерінде  жүріп өтсең аяғыңды қып-қызыл бояуға бөктіретін бүлдірген, сеңкенің төбесінде жайылып тұратын апамның құрттары да арқау болды. Сары суы ақсын деп қанар мөшекке құйылып діңгекте ілулі тұратын  апамның сүзбесі туралы да өлең шығарғаным бар. Бәрінен бұрын көкқұтанды сағындым.  Иә, кәдімгі көкқұтан. Сыйдиып тұратын сирақтарының өзі бір сурет, пәккаппар құс. Атам оны  жайлауда қой жайып жүргенде тауып әкелді. Ескі көк тақиясына салып әкелгенде құйтақандай ғана сары ауыз балапан еді. Атам да, апам да таң қалды.

- Әкем-ау, бұл жаққа көкқұтан ұя салмаушы еді, қайдан тап болды екен? Құдайдың құдіреті, өліп қалмаса игі еді! –деп апам алдына сүт қойды. Бізде үй құстары көп еді. Апам  үйрек ұстағанды жақсы көреді. Ертеңінде шарбақта қамап ұстайтын бір қора үйректің арасына көкқұтанды қосып жіберді. Басында оның басқа балапан екені білінбейтін, бір-екі айда бойы сорайып, жермен-жексен, балпылдап жүретін үйректерден дараланып, пәккапар құстың қалпына келді. Сонда да үйректерден  қалмай аяқтарын санап басып, жүретін, кейін ұша  бастады. Есейгеннен кейін бірнеше рет ұшып кетіп, араға бір-екі күн салып барып қайта оралды.

Сондай кездерде апам:

- Әй, келмейді, кетті, кетті ғой! –деп  күбірлеп кеп жүретін. Бірақ, ол оралып келетін. Жанына бөтендерді жуытпайды. Апамның қолымнан ғана шекілдеуіктің дәнін жейтін. Біздің жақта күнбағыс өспейді. Көкқұтан үшін атам Зайсаннан, кейде Өскемен жақтан мөшектеп шекілдеуік алдыратын.

Сол көкқұтанды сағындым. Жанына серік тауып, жылы жаққа ұшып кетпесе игі еді. Даланың ерке құсы, үйде қайдан тұрсын...

Ерте тұрған еркектің ырысы  артық деген қағиданың мәні шын болса, ерте тұрып оны-мұны шаруаны бітіріп алсам деп ойлағам. Желімдей жабысқан жалқаулық деген жаман әдет желкеден басып, тоғызда әрең тұрдым. Мен тұрғанша қаланың қым-қуат тіршілігі басталып та кетіпті. Өзімді пысықтау болайын, ширақтау болайын деп қанша қамшыласам да әдет шіркін қалмайды екен.

Шәй-пәйланып алған жас жігіт далаға шықты. Күздің алғашқы айы, күн шақырайып тұр. Ауада таңғы шыңылтыр суықтан қалған ызғар бар. Тұла бойды тітіркендіріп-ақ жіберді. Барам деп діттеген жер шалғайлау болғасын, жолай трамвайға мінді. Алдыңғы салондағы бірінші орынға отыра салған. Қарсы орындықта орыстың екі кемпірі әңгімені соғып отыр. Естігісі келмесе де құлағының түбіне отырып алып самбырлаған екеудің әңгімесіне еріксіз құлақ түрді.

- Біздің кезімізде бәрі болды. Қазір пенсия түкке жетпейді.

Кезінде пенсияммен Волгоградтағы анама барып келетінмін. Жолға 56 сом ғана кететін. Қазір барып көр.

- Оны айтасың, жоғары оқу орындары тегін болды, бір тиын ақы сұрамайтын. Білімді қалай берді. Миыңа шайнап тұрып құятын. Қазір, ақшасын төлеп сатып алады. Білім жоқ. Емханаға барсаң, өңшең жастар. Түк білмейді. Уколды салып-салып, онан арман ауру қылып, төсекке таңып тастайды.

- Дипломды сатып алғандарда қандай білім болушы еді. Мен дәрігерге мүлде бармаймын. Барсам, сол өзіміздің кезімізде жұмыс істеген байырғы дәрігерге барам. Ой, несін айтасың, қазір анау билікте отырғандардың өздері таза емес. Егер олар адал болса, біз осылай өмір сүрмес едік...

Екі кемпірдің әңгімесі онсыз да жұқарып жүрген жүйкені ауыртып-ақ жіберді. Сосын орта жолда түсіп қалып, тағы да жаяу тартты.  Осы шыққандағы мақсатым жұмыс іздеу. Күнде өстіп шығамын да түк бітірмей шаршап қайтам. Жұмыстың жоғын, мені ешкім жұмысқа алмайтындығын жақсы біле тұра шыға беремін, іздей беремін. “Үмітсіз шайтан ғана» кім біледі, бір күні құдайға қараған бір бастық жаны ашып алып қалар. Тым құрығанда күзетшілікке де қуана келісер едім.

Далада екі мың алтыншы жыл, жиырма бірінші ғасыр болса да сол баяғы жұмыссыз күйім, сенделіп келемін.

Бұрын жұмысым бар болатын. Қазір бардан айырылып, сор маңдай болып жүрген жайым бар. Жалғанда ақыл айтқыштар көп қой.

- Өй, Бекен, бизнеспен шұғылдан, кез-келген банктен несие ал да, саудаға шығасың ба, тауар тасисың ба, дүкен ашасың ба, ерік өзіңде – деп бөждірді емес пе өткенде бір білгіш досым.

Банктердің несие беретіні рас, бірақ оны қайтаруға алатын пайызы – барып тұрған қанаушылық. Жұмыс істеп тұрған бір дүкенді несиеге сатып алу үшін американың долларымен есептегенде 100 000 доллар қажет, 20 жылға деп алған сол несиені қайтару үшін ай сайын банктің жылдық пайызын қосқанда 600-700 доллардан төлеуің керек. Оның сыртында салығың тағы бар. Бар тапқан-таянғаныңды ішпей-жемей банкке саласын да отырасың, 20 жыл бойы тек несиені жабамын деп тыртыңдап, қартайып, не өзіңе пайда жоқ, не артыңнан қалатын бала-шағаға пайда жоқ, төлей алмасаң банк дүкеніңді-мүлкімен қоса тәркілеп алудан тайынбайды. Несиеден құтылам деп 20 жыл өмірімді сарп етер жайым жоқ. Бұл, әрине өзімнің есептеуім. Есеп қисаптан хабарым жоқ, санап шыққандағы жасаған қорытындым сол. Өз жағамды өзім ұстап, шошып кеттім. Құрысын, несие алмай-ақ, дүкен ашпай-ақ, екі қолға бір күрек табатын шығармын....

Жастайымнан өлең жазғанды жақсы көрдім, қазір жазбайды деп ойлап қалып жүрмеңіздер, әлі жазып жүрмін және жаза да беретін шығармын. Өзімді жаман ақын емеспін деп ойлаймын. Жазғандарым облыстық газетте жиі жарияланып жүр.  Түкке тұрғысыз құр шатпақ болса, ондағы отырғандар сауатсыз емес, жарияламайды ғой. Тіпті, республикалық «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де жарық көрді. Бөскенім емес, шыным.

Шынымды айтсам, мен бір қияли жанмын. Кейбір адамдар мені түсінбей де қалады. Бұрын жұмысым болды  дедім ғой жаңа, жұмыста отырып қараптан қарап өлең оқығым келеді, істеп отырған жұмысым поэзияға мүлде қатысы жоқ қаржы полициясы деген мекеме. Сосын, алдымдағы қара телефонға жармасамын, жармасамын да газеттің мәдениет бөлімінде отырған танысыма «Ай, Қайдар, өлең оқиын, тыңдашы»-деймін. Әй-шәйға қарамай өлең сөзді төге жөнелемін.    Өлең дегеннен бейхабар жанымда бір кабинетте отырған жігіттер «мынау жынды ма» деп одырая қарап, бір-біріне ымдасып, кекетіп жатады. Оған қарайтын мен бе, Қайдар тыңдаса болды деп оқи беремін. Бір-екі өлең оқып барып сабама түсемін. Ар жақтан Қайдар байғұс «Бекен, жақсы жазыпсың, редакцияға әкеліп тастасаңшы» деп жатады. Міне, өстіп өлең оқимын деп жүріп, негізгі жұмысым ақсап жатқасын экономикадан, қаржы жағынан хабары бар, бір маманға орнымды босатайын деп арыз беріп шығып кеттім.  Айтқандай, өзімнің бітірген мамандығым  тіл мен әдебиет екенін  айтпай кетіппін ғой. Осы ойым да қызық, бірді ойлап бірге кете береді.   Әдебиетшінің, оның үстінде ақындығы тағы бар пақырдың қайдағы бір полицияда істеуге қабілеті де, тіпті қақысы да жоқ.

Сонымен,  жұмыссыз көп қазақтың санын тағы бірге өсіріп жүріп жатқан жайым бар.  Өткенде бір қызық оқиға болды, қараптан-қарап жүріп істі бола жаздадым емес пе. Қалай дейсіз ғой?

Менің Ермек деген құдам бар. Өзі бір, ұрынбайтынға ұрынып, әлденелерді дәлелдеп,  елдің жоғын жоқтағысы келіп жүретін бір “патриоттау”, кейде ішіп алса әпербақандау “қызық” жігіт.  Кездесе кетті. Амандасып, бір-бірімізді көргенімізге қуанысып жатырмыз.

- Әй, Бекен! (менің есімім  Бекен) Алматыға барасың ба?

- Барар ем, Ереке, Мұқаң айтпақшы “құдайдың бір жарытпай-ақ қойғаны” - ақша жоқ, мені кім тегін пойызға отырғызсын.

- Ақшадан саспа, тегін барып, тегін келесің, тек төлқұжатың мен РНН (қазақша салық төлеушінің тіркеу нөмірі) болса болды.  Мен “Ақ жол” партиясындамын ғой, біздің партия Алматыда жиналыс өткізеді, соған менімен бірге қатысып, тыңдап қайт, ақыр жұмыссыз жүрсің. Мүмкін біздің партияға мүше болып кіресің?

Тегін  олжадан, тегін қыдырып қайтудан қай қазақ тартынсын.

Орыстар да “нахаляву уксус сладки” демей ме, құжаттарымды қолына ұстатып, ертең кездесетін болып келістік.

Ертеңінде үйде жатсам дүкенде күзетші болып істейтін інім келіп тұр ентігіп. Келе тергеуге алды.

- Сен не бүлдіріп жүрсің? Алматыда нең бар? Сені Алмадыда біреу тосып отыр ма?

Сұрақты төпелетіп жатыр.

- Оу, не болды сонша, Алматыға баратынымды мен саған тіпті айтқан да жоқпын ғой?

- Айтпасаң, айтатындар     айтты.   Таңертең    жұмысқа келсем Органның жігіттері тұр тосып. Сенің ағаң Бекен өкіметке қарсы оппозициялық партияның үгітіне еріп, Алматыға митингке бармақшы. Ағаңды қалайда көндір, ешқайда бармасын, құжатын қайтып алып, билетін жыртып тасасын. Егер айтқанды орындамасаң жұмыстан шығасың, сені қайтып еш жерге жұмысқа алмайды, басқа бауыр, қарындастарыңды да оқудан шығарып, степендиядан қағамыз, әке-шешең пенсия алмайтын болады, - деп қорқытты. Әй, Бекен, тыныш жүрмейсің бе? Не бар пәледе. Сенің кесірің маған тиетін болды. Ертең жұмыстан айырылсам бала-шағаны кім асырайды. Төлеп жатқан несием тағы бар. Шығарып тастаса сен жұмыс тауып бересің бе? Давай, сөзді қой, Алматыны ұмыт. Пәледен машайық қашыпты деген. Тыныш жүр.

Сонымен, не керек Алматы көзден бұлбұл ұшты. Барғым келіп тұрса да бас тартуға тура келді. Енді қайтем, бауырым, туған-туысыма кесірі тиіп жатса, маған десе тегін болмақ тұр ғой, ақы төлесе де бармадым.   Осылай деп ойласам да ар жағым қыз-қыз қайнап тұр. Ермектің партиясының басында тұрғандар қазақтың “сен тұр, мен атайын” дейтін жастары екенін білемін. Оппозицияның газеттерін ара-тұра оқып тұратыным бар. Саясатқа онша қырым жоқ болса да да, кейде елде болып жатқан оқиғаларға ішім ашып, жала жабылып, айдалып кеткен Мықияновқа бір бүйрегім бұрып тұрады. Патшамыз туралы небір-небір әңгімелер айтылып жүр. “Қазақгейт” деген атпен пайда болған айыптаулардың ақ-қарасын бір алла білер, бізде қазақта “Патша алланың елшісі” деп жатады. Алла жіберген патшаны ғайбаттау, кінәлау, сыртынан жала жабу – екі дүниеде де күнә. Олай болса көзі ашық, оқыған, құран-кәрімді де білетін қазіргі жас оппазиционерлер өз сөздеріне, өз істеріне сенімді, еш шүбә келтірмегеннен кейін осы партияны құрып, өз сөздерін айтып жатқан болар.

Біздің  демократия дамып келе жатыр деп ел газеттері жазып-ақ жатыр. Ал мен сол демократия құрығыр әлі бізге жетпеген бе деп қалам. Неге дейсіз бе? Қайдам, өткенде, сайлау кезінде ел құсап мен де дауыс берейін деп ойладым. Мерекеге бара жатқандай сыптай киіндім. Мойнымда галстук. Бардым. Комиссияда отырған әдемі орыс әйеліне жеке басымды куәлендіретын құжатымды ұсындым.

- Берік Құлекенов , так-так... (списокты қарап жатыр ғой баяғы) Сіз дауыс беріп кетіпсіз ғой?

- Жоқ, шатасып тұрған боларсыз, мен осы қазір ғана келдім-деймін дауласып.

-Міне, сіздің қолыңыз тұр. Қараңызшы сіздікі ме?

Қарасам айнымайды, менікі. Кезек күтіп тұрған халық көп, еріксіз ығысып шыға бердім. “Мен де аң-таң, апам да аң-таң”.  Осындай да қызық болады екен. Дау шығарып, ақ-қарасын ажыратып жатуға шынымды айтсам, құлқым болмады. Бәрібір дәлелдеп бере алмас ем. Қол менікінен айнымайды. Оны сот-сараптауына беру үшін арыз жазу керек, сарапшыларға ақша төлеу керек. Соттың үкімін тосу керек. Әйтеуір таусылмайтын қағаз-шаруалар діңкеңді құртпай ма? Қала ішінде жүретін көлікке пұл таппай жаяу жүрген мен   оған кететін шығындарды қалай төлемекпін. Сосын апам айтпақшы “тек жүргенді” жөн көрдім. Сол күні көптеген адам тізімнен өз аттарын таппай, мен құсап “двойнигі” қол қойып дауыс беріп кеткендер үнсіз шығып, үнсіз кетіп жатты. Үйде  істер іс жоқ, іштей өзімді “тәуелсіз эксперт” деп сайлап жібердім де сайлау өтіп жатқан мектептің залында өткен-кеткен сайлаушылардың әңгімесіне құлақ түрдім. Өзімше бақылау жүргіздім. Бір топ жастардың сырт киімдерін ауыстырып екінші қайтара кіргендерін де көрдім. Ішіндегі өзіміздің ауылдағы Қадиша апайдың баласын танимын ғой. Сайлау “шымылдығының” ішіне екі рет кірді. Осыдан кейін газеттердегі  сайлау “адал”, “халықаралық стандартқа, талаптарға сай өтті” деген жарияланымдарға сеніп көр...

Әрине, мұның бәрін патшамыз көріп те, біліп те отырған жоқ, “шаш ал десе, бас алатын” жандайшаптардың ісі де. Отырған орындықтарынан түсіп қалмау үшін, адамның ойына келмейтін қулықтарға бару “таққұмарларға” түк емес заманада өмір сүріп отырмын мен пақыр. Заман құтырып тұр. Құтырған заманда құтырған қоғам орнайды емес пе. Қоғам “шизофреник” секілді. Олай да құбылады, бұлай да құбылады. Жан-жағына көбіктеніп кеткен жынын шашқан бурадай. Жынды қоғамның пенделері жынданбағанда қайтеміз.  Уыты адам жанын да жайлаған. Енді ше? Қоғамына қарай адамы. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да сол соқпаққа түспей ме?

Қоғамның “қаймақтары” ірі-ірі “...-Ойл”-дар мен “отельдерді”, одан қала берді “казинолар” мен бүгінде қаптап кеткен “қорларды”, одан қала берді “банктерді”, “демалыс үйлері” мен “кафелерді” “меншіктеп” қоғам игілігін жалмап, астына басып жатса, қарпып жатса, оның бер жағындағы шолақ белсенділер олардан қалыссын ба? “Қолыңнан келсе қоншынан бас” демекші, шетінен шертіп те, кертіпте, көзді ала бере ебін тауып тағы да екі есе асап қап, жей-жей әбден созылып “безразмерный”  болып кеткен ынсапсыз, қанағат дегенді білмейтін құлқындарға жытырып жатыр. Дәлел дейсіз бе? Дәлел жетіп артылады. Бірақ, құтырған қоғамның қай жағыңнан қабарын білмейсің, кеудеде қорқыныш та жоқ емес. Өткенде жемқорлар туралы “әдемі” сатира жазамын деп ойын қағазға түсірген бір танысым жиналыстан жиналысқа түсіп,  жұмысында жеп жүргендердің жемтігіне айнала жаздаған. Жеп жүргендер оны жекелеп, бастықтың орынбасары, әлгі жегіш “ее надо изолировать от коллектива” деген астыртын нұсқау берілген көрінеді, жемқорлар оны рухани қорлауға көшкен. Тақ пен ақшаға құныққандардың алдын кесе көлденең өткен жандарға жасайтын осындай террорлық акциялар қалыптасты қоғамда. Іштен мүжіп, іштен үнсіз аластау, үнсіз репрессия деген осы екен... Сталиндік репрессияның кішкентай размері...

Сонда да “кейбіреулер”, білем, “өкіметтің ақшасын жегендерде нең бар, “байдың асын, байғұс қызғанады” дегілері келіп ауыздары қышып отырған болар сірә. Бірақ, батырекесі, қазақтың бұл мақалы сіз бен біздің, ата-анамыздың жылдар бойы аптапта мал бағып, табан ет, маңдай терімен жиналған, “мемлекеттік бюджет” деп аталатын халықтың игілігіне  ешқандай қатысы жоқ. Жеке бір байдың малын оңды да, солды да шашып жатса, бас қатырып қайтер ем, мәселе, мемлекет қазынасына сіз бен біздің айлық жалақымыздан түсіп жатқан қаражатта, соны халықтың керегіне жаратудың орнына алғанның алақанында, тістегеннің тісінде кетіп жатса, жаның қалай ауырмайды... Әй, бірақ, жалғыздың үні шыққан ба, жемқорлыққа қарсы, халықты алдағандарға қарсы анау өңшең ер мінез, табанды, қазақтың жоғын жоқтайды деген азаматтар жиналған орта“Ақ жол” партиясының қолын қол, бұтын бұт қып жатқанда мен кіммін? Айтқанынан қайтпайтын бірбеткей Аманбек ағамызды да, Күмісбек ағамыздың да үнін өшіре алмағаннан кейін, күнін өшірді емес пе? Әлімжан анау, әне, түрмеден түрмеге көшіп жүрген. Қоғамда болып жатқан осынау құбылыстар мен оқиғалардың артында кімнің тұрғаны, кімге қажет құрбандықтар екенін бір алла білер... Құтырған қоғам, запыран заман, қолында билігі, астанда “тақ” болмаса да “көпшігі” барларды құтыртып отыр ғой. Артының қайырын берсін де. Ит қапса, құтырып кетеді деп дәрігерлер құтырыққа қарсы вакцина егіп жатады. Адамды құтыртқан бұл қоғамға қарсы вакцина қашан шығар екен?

 

********

Жатақханаға төлейтін көк тиын  жоқ. Қазір бұрынғы мемлекеттік жатақхана деген атымен құрыған, мен тұратын жатақхананы бір “бай” сатып алған, кім екенін білмеймін. Қыстан бері күрделі жөндеу жүргізді. Әйтеуір кетеуі кеткен бөлмелерді, коридорды қалпына келтіріп, “еуроремонттың”  “ар-жақ, бер жағына” жақындатты. Астыңғы қабатты нан пісіретін түріктерге жалға беріп қойды. Кейде қарын ашқанда жаңа пісіп жатқан нанның жұпар иісін иіскеп, ауыздан сілекей шұбатылып-ақ кетеді. Бір жақсысы наубайханадағы апайлар қарызға “жазып” нан беріп тұрады.

“Еуроремонттың” кесірінен наурыздың басынан бастап пәтерақымыз жүз пайызға күрт көтерілді.    Айына 9 мың теңге бір бөлме үшін. Жұмыссыз жатқан маған қиын болды. Аннан-мұннан “жалданып” жүріп тапқан азын-ауық тиын-тебеннің бәрі осы айдың пәтерақысына кетті. Өткенде газеттің бір бетін толық алып жарияланған өлеңдеріме қаламақы төлесе, сол ақшамен ауылға жетіп алуды ойлап жүрмін. Автобустың билеті де удай. Орталықтан 700 шақырым алыста тұратын ауылдың жолы да мәз емес, такси айдаушылар “жол жаман, бензинді көп жейді” деп жүр ғой. Таныс-маныс жігіттер кездессе, жарты ақшасын төлеп үйге жетіп алсам, қалғанын апам-ақ төлер еді...

 

*******

Менің алтындай сары далам басталды! Ұлан-ғайыр дала мені сағынып қалған секілді. Машинамен жарысып, жанымда жүгіріп келе жатқандай. Таздың басында қылтиған бірең-сараң сұйық шаш секілді, ара-тұра кездесетін томарлардың басындағы қылтиған шилер де көзге ыстық көрінеді екен.

Дала толған ақселеу. Қандай ғажап! Осынау сұлулықты тастап мен қалай кетіп қалғанмын, а? Неткен ақымақ едім! Айналайын туған топырақ, неткен ыстық, неткен сүйікті едің! Көкірегім ашып,  запыран кептелді. Қарадай  жылағым келді. Көзімнің шарасы жасқа толып кетті. Жанымдағылар қаладан шыға бастарын қисайтып алып ұйқыға кеткен. Жасырмай-ақ, жасымды сығып жіберіп, сүртіп алдым. Туған жер, туған топырақты сағынып шыққан жас үшін ешкімнен ұялмаймын. Рас, сағындым!...

Апам мәз-мейрам болып жүр. “Бекентайым келді”-деп көршілерге мен қаладан алып келген азғантай кәмпит-прәндік, алмаларды “ұлымның сарқыты” деп таратып та тастапты. Сосын ауылдың басы мен аяғында тұратын ауылдастар амандасуға біртіндеп келе бастады.

Тек аулада паңдана басып, үйректермен жүретін көкқұтан ғана көрінбеді. Апамнан сұрауға бата алмады. Жылы жаққа ұшып кетті немесе өліп қалған. Екінің бірі. Басқадай болуы мүмкін емес. Бекен жұмған аузын ашқан жоқ. Үйдегілер де құс туралы жақ ашпады. Жабулы қазан жабуымен қалды. Бұл тақырыпқа ешқандай да сөз қозғалған жоқ. Апасының жүрегін ауыртпайын деп Бекен де ол жайында ләм-мим демеді.

Тау қойнауында орналасқан кішкентай ғана ауылымның тұрғындарын да сағыныппын. Қауқылдасып, оны-мұны әңгімелерді айтып қарық болдық. Кетерде облыстық газетке берген өлеңдерім соңғы бетіне тұтастай шығып, ауылдастардың бәрі оқып шығыпты. Құтықтап жатыр. Кластастарым да келді. Күн қақтап, жел соққан жүздері қарайып, ыржың-ыржың етеді. Ербол да, Жанболат пен Ерболат та үйленіпті.  Ауыздарынан арақ иісі мүңкіп тұр. Оны-мұны әңгімелеп, апамның құйған бір жартысын лезде сылқитып алып жөндеріне кетті. Олар шығысымен апам мені жәукемге алды.

- Бекенай, кластастар деп осы байқұстарға көп ерме жаным, араққа үйір болып алды, құдайдың құтты күні ішіп жүрет, ауыздары арақтан босамайтын болды. Қайдан алып, қашан тойып алатындарын білмеймін. Ана Ерболдың келіншегіне обал болды. Ішіп алса болды, сабап, далаға қуып шығады. Бірде біздің үйге, бірде көршілерге қонып баласын жетектеп шырылдап жүргені. Не басына күн туғанын, бәтшағардың? Әкесі жап-жақсы, арақ дегенді білмей өтіп еді. Бұл кімге тартып ішкіш болды... Ана келін бір күні шыдамай кетіп қалса, Күләра байқұс не болады?

- Әй, апа-ай,   отыздың  ортасына  дейін  татпаған жынды суды енді қайдан үйренейін? Мен үшін қорықпашы.

- Қайдан білейін,   жаным,   кейде қарадай қорқамын. Жырақта жүрген сенің не істеп, не қойып жүргеніңді кім біліпті. Жүрегім енді орнықты. Үйде болсаң көз алдымда, құтырсаң жоныңнан таспа тіліп алам ғой.

- Қорқыта бастадың ба, апа.   Онда   қайтадан   қалаға   қашып кетемін.

- Өй, әдірем қал, әдірем қалғыр.

Апам күліп жатыр. Апам күлгенде үйдің іші көңілденіп кетеді. Ал ашуланса, бітті дей бер. Жыныңды перісімен қосып қағып алады. Адуындау, бірақ ауылда беделді кісі. Білген ақыл-кеңесін аяған емес. Абысын-ажындар арасындағы кикілжіңдер де апам арқылы шешіліп, дауласқандарды  бітістіріп, ренжіскенді татуластырып жібереді. Ауылдағы дипломсыз “дипломат”.  Ері мен әйелі ұрсысып қалса да апамды жіберіп алдырып, араларына елші болып ақылға келтіріп жатады.  Жайшылықта үйде білінбейді, ал дау-дамайда шешіліп сөйлегенде “араторлықпен” аты шыққан Горбачевыңды шаң қаптырады. Сөзді мақалдап соққанда апама өзім таң қаламын. Апам әрі кірпияз, кербез адам. Атам “кедей кербез” дейді күліп. Тамақты да талғап жейді. “Ақсүйектің тұқымы, суық тамақты кергіп ішпей отырғанын көрмеймісің”,-деп атам кекетіп отыратын. Ауылда самауыр апамда ғана бар. Самауырда қайнаған шәйді ғана ішеді. Көршілерге кісі келіп, сұрап алып кеткен күндері, ақ шәйнегін сексеуілдің шоғына қойып отырады. Бала кезімде біздің үйде кішкентай сандықша болды. Ішінде неше түрлі маржан мойыншақ, күміс салпыншақты сырғалар, тастармен көмкерілген сақиналар, білезіктер, алтын әшекейлер мен ұсақ-ұсақ сары түймелер жататын. Кейін ойласам сол сары түйме деп ойнап жүретініміз алтын екен. Апам: “Әкемнен қалған  көп алтынды сенің шешең оқып жүргенде қаладағы алтын алатын жерге (айтып отырғаны қазіргі “ломбадтар”) өткізіп жүріп, көзін жоғалтты ғой”-деп отыратын.

Кендірлікте   жүзден   асқан   Бәлкен  деген  кейуана бар.Сол кісі анда-санда біздің үйге келіп тұрады. Бізге көп әңгіме айтатын. Апама “Иә, Балқия” деп қостатып қойып, жас күніндегі көрген-білгенін айтып отырып кейде ұйықтап та кететін, біз шуылдай жөнелгенде, басын кегжең еткізіп көтеріп алып: “Ойбай, көтек, бұ қайсың? А, қай жерге келіп едім” деп әңгімесін қайта жалғайтын. Бәлкен апа қазақтың жыр-қиссаларын жатқа біледі. “Мұңлық пен Зарлық”, “Қозы көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек” жырларының өлеңмен жазылған нұсқасын қазақы мақамға салып төккенде, бала біткен ұйып тыңдап қалатын.  Апамның бай қызы екенін, жасында үлде мен бүлдеге оранып өскенін сол кісіден естідік. Апам өзі ол турасында жақ ашпайды.  Он алты жасында атама ғашық болып кедей болса да қашып барыпты. Сол кезде әкесі малымен Қытай асып кетсе керек. Қызының артынан қууға шамасы жоқ, бір құдайға тапсырып кете барыпты. Балиғатқа толғанда әкесі бір тайыншаға жасатып берген сандықшасын үйден қашқанда ала шығыпты. Соның ішіндегі әшекейлері күні бүгінге дейін бала-шағасының ырзығына айналып, қажет кезінде сатып ақша жасап, балаларына нәпақа етті.  Қайран апам-ай! Қаншама қиындық көрсе де сыр білдірмейді. Ешкімге басын иіп көрген жоқ. Басың бар, көзің бар демейді. Айтар ойын айтып сап, ақтарар сөзін ақтарып сап, “ Ал, неғыл дейсің? Қыларыңды қылып ал!” деп бетпе-бет сөйлесетін жан. Бір қараған көзқарасымен-ақ адамның мысын басып кететін бір көге көрінбейтін сұсы бар. Мен апама ұқсауға тырысам. Күні бүгінге дейін өмірден орнығып өз орнымды таба алмай басымның тауға да, тасқа да соғылып жүргені сол апама тартқан мінездің кесірі.

Өткенде аудан орталығында бір оқиға болыпты. Оны да ауыл дастардан естідім.

Көршіміз Сәкеннің баласының төрт қойын шет жақта отырған Жұмаділовтың үйі кіргізіп алып, бір түнде жоқ қылған екен. Сәкеннің баласы деп отырғаным Қайролла. Әкесі Сәкен, шешесі Бижамал мал айдап, жайлаудан келе жатқанда арба аударылып бір күнде шәйіт болып кеткен. Апам: “момын, жомарт жақсы адамдар еді. Жаратқан ием, бірінің артынан-бірін жылатпайын деді ме, бір күнде алды ғой. Жалғыз тұяғы Қайрошқа қарасып жүрмесек аруақтар ренжір” деп артық-ауысы болса сол үйге беріп жіберіп отыратын. Сол Қайроштың жан сақтап отырған азын-ауық малының тең жартысын жоқ қылған Жұмаділовтарды сотқа берген көрінеді. Олар қолдары ұзын, аудандағы соттың аузын алып, кісі салып жүріп істі жаптыртып тастапты. Соттың жіберген қағазында дәлел жетіспейді деп жауап келіпті. Ал малды кіргізіп алып жатқанын көрген екі адамнан жауап алынбаған. Арты түлкібұлаңға айналып кете барған. Күнделікті күйбең тіршілігі бар, малмен жан-сақтап отырған Қайрош одан арыға барып шағымдана алмаған екен. Осы әңгімені естіген апам қатты қапаланып, ашуланып: “Бұл Жұмаділдің тұқымы құтырайын деген екен, екі аяқтарын бір етікке тығып, тарыдай қуырмасам маған серт” деп, ертеңінде Жұмаділовтардың үйіне салып ұрып барады. Не айтып не қойғанын білмедім, келесі күні кешке Қайроштың төрт қойын қорасына кіргізіп беріп, кешірім сұраған екен.

Ауданның соты шеше алмаған істі апам осылай шешіпті.

Қандай дәлел, қандай уәж сөз айтқаны сол күйінде жабулы қазан, жабуымен қалды. Бірақ ұрланған мал иесіне қайтарылды. Міне, апамның мықтылығы. Бүкіл ауылды аузына қаратып отырған бай Жұмаділовтарды осылай тәубәсіне келтіріпті.

Біздің ауыл ауданнан шалғай орналасқан. Өзімен өзі, азды көпті малымен күн көріп жатқан ауыл. Кезінде совхоз ыдырап, оның байлығы алғанның алақынында, жұмғанның жұдырығында кете барды. Сол кезде ауылдың бар техникасын басқарып жүретін “упрап” Жұмаділовтар жамбастарына басып алған-ды. Ол, ол ма, ауданның  малын жекешелендіру кезінде отар-отарымен қаладағы, облыстағы билікте отырғандарға, байларға  сатыпты деп естиміз. “Оптимизация кезінде осы Жұмаділовпен жең ұшынан жалғасып, облыстағы бір басқарманың бастығы бір отар қойды меншігіне сатып алған ғой. Соны бермей қойып, тағы бір дау-дамай әңгімелер шыққан осыдан біраз жыл бұрын. Анық-қанығын ұмытыппын. Қалай, қайтіп айласын асырғаны белгісіз, ауылдың барлық трактор солардың меншігіне өтті де кетті. Қазір мал ұстағандардың бәрі соған тәуелді. Күзгі жиын-терінде шөп шабу, егін орып алу, шөп тасып алу секілді техникасыз бітпейтін шаруа кезінде ақысын төлеп солардан жалдап жатады. Атам ғана бармайтын. Біздерді жанына жиып алып, бір-бір орақпен ала жаздай шөп шабысамыз. Сексен алтыға келген атам “Қол еңбегі өздеріңнің денсаулықтарыңа да жақсы, бұлшық еттерің шынығады” деп бізді жарыстырып шөпке салатын. Әлі күнге дейін солай.

Қыл аяғы, анау клуб үйін де Жұмаділовтар сол кезді пайдаланып меншікке сатып алды. Дүкен қылды, “кафе” ашты, ақыры, биыл  “мәдениет жылы”, “ауылды дамыту жылы” деп мемлекет бір кездегі өз дүниесін өзі қайта ақысын төлеп сатып алды. Сол клубқа келе жатырмын. Клубта Сапар істейді. Менің кластасым. Өскеменнің мәдени ағарту училищесін бітірген. Тамаша әнші, асаба. Ауылдың, ауданның тойларын Сапар жүргізеді.  Асабалық өнердің арқасында көп-көрім шыр бітті. Астында жаңа болмаса да ауыл арасында жүріп - тұруға ыңғайлы «шохасы» бар.

Клуб іші алакөлеңке екен. Сапар бұрышта бір нәрсені шұқылап арса-арса терлеп отыр.

- Не шаруа қара терге түсірген?

- Өй, әкеңнің... шағылғыр! Кешке концертке дайындық, мына

«Ямахасы» түскір қосылмай, қосылса пыш-пыштап дұрыс дауысы шықпайды. Әбден шаршатты.

- Жақында ғана облыстың бастығы жаңа аппарат берді деп бөсіп жүрмеп пе ең?

- Бүйткен жаңасы бар болсын. Құжаттары бәрі «Корея» деп тұр, ал аппараттың өзі Қытайдың астыртын жинайтын «ширпотребі». Бес жүз доллардың дүниесі деп құжатқа қол қойдырды, мынасы жүз долларға да татымайды. Осы облыстағылар ауылдағылардың бәрі ақымақ, жазу танымайды деп ойлайды ғой деймін. Енді бір жолым түсіп бара қалсам, бастық болмақ тұр ғой құдай болса да, жұмыстан алып тастаса да бетіне айтып кетпесем атым өшсін! Қазір өзімнің қырық жылғы советский синтезаторымды қосамын да мынаны, апарып беремін, өздерін жарылқасын.

- Жә, жәрайды, сен мында арам тер боп жатқанмен олардың түгі кетпейді. Қайтесің нервіңді ауыртып, істеп тұрған аппаратыңды қос та жұмысыңды істей бер. Айтқандай жалақың қанша?

- Қолға таза тоғыз мың алам. 0,5 ставкамен отырмын. Күндіз үйдің шаруасы бар, тек түстен кейін ғана келемін. Сол жарты ставкаға алатын ақшаның жартысы мейрам сайын өтетін мәдени шаралардың реквизиттеріне кетеді. Ауданнан басы артық бір тиын берілмейді. Бюджеттен бөлінетін қаражатты қайда жытырып жатқанын бір құдай біледі. Тек сіңсін, кеңірдектерін жыртып кетпесе болды. Айтқандай, Бекен, сен көркемөнерпаздардың үйірмесіне қатыссаңшы, балаларды өлең жазуға, оқуға  үйретесің, а?

- Жарайды, үйде босқа жатқанша саған қолқабыс етіп келіп жүремін ғой....

xxxxxx

Ауылды айнала әдейілеп қоршап қойған тас дуал секілді биік-биік жоталар мен қатпар тастардан күн әрі асып, ауыл үсті көлеңкелене қалды. Берік бала кезінде достарымен ойнақ салып, ауылдың үйлерін санап отыратын биік жақпар тасқа шығып, жан-жағына көз жіберді. Ауылдың үйлері бір түнде көбейіп кеткендей, болмаса бірі ғайыптан жоғалып кеткендей, қой түгендегендей жалықпастан күніге бір мәрте жарыса санап шықпаса көңілдері көншімейтін шақтар есіне түсті. Әй, балалық-ай! Ауылдың әр үйі, әр тұрғынының таңертең тұра салып қайда барып, не істейтін жатқа білетін. Әне, ауылдың күнбастысында шеткері, ауыл үйлерінен саяқ Тұрысбек атаның үйі тұр. Сол жатаған, тапал там. Еш өзгеріс жоқ, тек жан-жағын шитіден қақпа жасап, қоршап алыпты. Қақпаның сыртында ежелден жерге қазып орнатылған ескі трактор балонының үстінде тізесін құшақтап бір бойжеткен отыр. Ауылға келгелі Тұрсынбек атаны көрген емес. Барып сәлем беріп қайтуды ойлады.

Ескі шиті қақпаны ашып қалғанда киіктің лағындай ботакөз сұлу бойжеткенмен қақтығысып қалды. Қорыққанынан баж ете қалған қыз, тіксініп, шегіне берді. Иығынан сусып алдына түскен қолаң қара бұрымды арқасына қайта лақтырып жіберді. Жыланша ирелеңдеген қос бұрым тілерсегінен келеді. Күнге қақталған ауыл қыздары қара торы келуші еді. Аршыған жұмыртқадай әппақ, танауының үстінде сап-сары секпілі жарасып, үріккен еліктің лағындай. Өзіне қарап сыңғырлап күліп жіберді. Аулаға біреу уыстап күміс теңге шашып жібергендей, сыңғыр күлкі. Арты сақылдаған дарақы күлкіге ұласты да, есіктен сып беріп шығып кетті. Жұмбақ қыздың қылығына, сұлу өңіне таңырқаған күйі ішке енді. Тұрысбек ата  қайыс белбеуін керіп қойып бәкісін жанып отыр екен.

- Ассалаумағалейкум, ата!

-Әлейкүмсәлем, батыр бол! Бұ қайсың?

-Мен ғой, Айтахметтің немересі, Берікпін.

- Е, әлгі ақын баламысың! Жөн-жөн.

Қайысқа бір түкіріп алып жұмысын жалғастыра берді.

- Не шаруа, бала?

- Шаруа дейтін шаруа жоқ, сол сізге амандасып қайтайын деп бұрылған едім.

- Е, рахмет, балам, молда бол! Үйден аттап шығуға шама жоқ,

шаруа баяғы... бір барып Ақаңмен әңгімелесіп қайтушы едім... қазір мал келеді, сол маңайда кездесіп қалмасақ... әлде сен бөлісуші ме едің....

- Иә, малдың алдынан шық деп мені қоя берген.

- Е, ол жалқау сөйтеді, жарайды, жүр, әне, шаң көрінді, малдың

алды ауылдың басына ілінді ғой деймін...

Мал бөліп алушылар жиналып қалыпты. Үйдің бұрышындағы

баллонға көзі түскен Берік манағы қыздың бота көздері алысқа телміріп, тізесін құшақтаған бойы қатып қалған бейнесін көрді. Қос бұрымы салақтап жерде жатыр. Сұлу мүсін, батып бара жатқан күннің нұрына малынып қимылсыз отыр. Кәдуілгі тірі сурет. Суретші болса, батып бара жатқан алтын күннің алауының астында алаулап отырған сұлудың суретін салар еді-ау, әттең! Анау, Алматыда, астанада жүрген суретшілер мына сурет, мына бейнені сала алмай арманда жүр-ау! Нағыз шедевр болар еді! Шаңы шыққан шағын ауылдан дәл осындай сұлулықты кезіктіремін деген ой үш ұйықтаса да түсіне енбепті.

******

- Әй, Берікжан, андағы малды қамап болсаң, ана Бақытбектің

үйіндегі лағып кеткен қара ешкі сүйреп алып кел, құтыртпай. Дәндеп алған болуы керек, иттің малы, күнде сол үйдің қорасына кіріп кететінді шығарды. Ала құнажынды тез сауып алайын. Кешке автоклубпен үндияның киносы келеді екен.

- Оны қайдан естіп жүрсіз, кино болады деген сөз шықпаған еді ғой.

- Дүкеннің алдына барбитып жазып қойыпты ғой, әне, кластасың, көз бар ма сенде...

Дүкеннің алдында расымен барбиған жазулармен   “Үнді фильмі

“Үш ноян”  деген плакат үлулі тұр екен.

Ауылдың киносы сол баяғыдай тоғыздан асып барып басталды.

Малын жайлап болып, күн бата жиналған қазақтар алдыға таласа тармаса отырып жатыр. Ауылдың кешігіп келер алды-артын тосып барып,  кино әрең басталды.

- Әй, киномеқаник, тұра тұр бастамай, әлгі менің шалым әлі жоқ.

Басталғалы жатқан кино тағы өшіп, жарық қайта жанды.

- Ойбай, тәте, сенің шалыңды тосамыз деп түннің жарымына қалатын шама жоқ.

- Әй, киномеқаник, баста, бастай бер!

Клуб ішіндегі көрермендер  жақ-жақ болып жатқанда, жарық

өшіп, кино да басталды.

...Әдемі ертегі секілді үнді фильмінен алған әсерден арыла алмаған ел ду-ду етіп түннің жарымында үйді-үйіне қайта бастады. Апамдар қара жолға түсіп, көрші-қолаңымен бірге кетті.Үйге барар жолды қысқартпақ оймен бұрын мектеп салады деп бастап, артынан қаражат жоқ деп тоқтатып тастаған, бүгінде бетон қабырғалары ғана қалқайып тұрған ескі құрылыстың ішімен өте шықпақпын. Құрылысқа жақындай бергенде сол тұстан сықылықтаған қыздың күлкісі шықты. Ауылдың жастары шығар деп қаперсіз кете бермек едім, сыңғыр күлкі тағы шықты да, арты дарақыланып тағы күлді. Кешегі Тұрсынбек атаның үйінде жолықтырған сұлу, бота көз, бұрымды қыздың күлкісі. Ауылда бұрын көрмеген жұмбақ сұлудың, түн ортасында ескі құрылыста неғып жүргенін білгім келіп барады. Үңгірдей боп қарайып тұрған терезенің орнынан секіріп ішке түстім. Есікке ұқсас қалқайған қабырғадан өтіп едім, қараңдаған күбір-күбір еткен бір топ ауылдың балаларына жолықтым. Ортада аунап қыз жатыр. Ай сәулесі қыздың әппақ тәнімен шағылысып тұр. Мені көрген өңшең қара таяқ балалар дүр етіп қаша жөнелді. Мына сорақылықты көріп, қаным басыма шапты.

- Тоқта, тоқтаңдар, қане!

Тым болмаса біреуін ұстап жанын шығарайын деп едім, ұстатпады. Қыз сылқ-сылқ күліп, көйлегінің етегін жаппастан әлі жатыр. Мас па деп қалдым. Сақылдаған күлкісі күмәнді сейілтті. Ақыл-есі дұрыс емес, кемтар жан екен. Қолынан тартып, тұрғызбақ болып ем, баж етіп айқай салды да, кеудемнен итеріп қалды. Шалқалақтап барып топыраққа отыра кеттім. Балалар кеткен жақтағы терезеге секіріп шықты да, сақылдаған күйі көзден ғайып болды. Түн тұңғыйығына сіңді де кетті. Арсыз күлкі алыстап барады. Үнді фильмінің әдемі ертегіге бергісіз әсерінен кейін өз ауылымның ортасында тап болған сұмдық көрініс есеңгіретіп жіберді. Бейбақтың ессіздігін пайдаланып, ұятсыз іске барып жүрген ауылдың жұдырықтай балаларының мына қылығын кімге барып айтам? Не істегендері? Мына қылықтан кейін ары қарай қалай өмір сүрмек? Кімнің балалары? Неге жаңа қуып жетіп, желкелеп үйіне апармадым, а?  Тағдырдың жас қызды жарым ес қып жегізген таяғы аздай, ауыл балаларының қорлығына түсіргені несі? Аяушылық сезім қайда кеткен, тағдыр аямағанды ақыл есі бар адамдар неге аямайды? Жауабы жоқ сұрақтардан басым мең-зең болып, үйге әрең жеттім. Бәрі жатып қалыпты. Дел-сал болып ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырдым.... Көрген сұмдық оқиға әсер етті ме, әлде түнгі суық өтті ме, таңертең дене қызуым көтеріліп, екі күн төсектен тұра алмай жатып қалдым. Апам күтіп, бәйек болды.

- Құлыным-ай, қаланың газына кептелген кеуде-сарайың таза ауаны көтере алмады ғой, әйтпесе не болды, артық-ауыс ішкен ештеңең жоқ, күнделікті ішіп-жеп жүрген тамағың – деп екі күн бойы кеш бата күлмен ұшықтап жүріп жазып алды. Дәрі ішкен жоқпын.

- Ол бәленің бәрі (дәріні айтады) химия шығар, қай бір таза шөптен жасалды ғой дейсің,-деп таудан жинап әкелген әлдебір шөптің тамырларын қайнатып, шәй береді апам.

Тұрсынбек атаның үйінен көрген қыз, Түсекеңнің кемпірі жағынан туысатын қаладан келген сіңлісі екен. Аты Аяжан... қыз тағдырының тәлкекке ұшырарын сезгендей-ақ есімін аяй көр, жанын ая дегендей Аяжан қойылуын-ай... Табиғат сұлулықты бір басына үйіп бергенімен, өмір шіркін тәлкегін аямапты. Сұлулық пен суықтық... әсемдік пен ессіздік....нәзіктік пен дарақылықты бір тәнге жинап беріп... тағдыр шіркін кімді сынамақ болды екен? Адамдардың аярлығын ба... әлде тәннің беріктігін бе? Бұл сынаққа тән шыдап-ақ бағар, адамның арсыз нәпсісі, аш көз ашқарақ мінезі, қаталдыққа, қайырымсыздыққа бейім, мейірім деген мінезден ада табиғаты шыдамады.

Көксоққандар өңкей... ауылымның шынашақтай жастарын айтам...  Жаным ауырып, неше күннен бері дел-сал күйден арыла алмадым.

******

Көршіміз Зұлқар шалдың жалғыз ұлы Зарлықтың келіншегі қайтыс болды. Ауылдың үлкенді-кішісі, жас-кәрісі қаралы үйге болысып, ақтық сапарға шығарып салған. Осыдан он шақты жыл бұрын Монғолиядан көшіп келген Зұлқар ақсақал, ол да жарықтық болып кеткен бұл күнде. Он саусағынан өнер тамған шебер еді. Ауылдың әр шаңырағында Зұқаңның жасаған қол домбырасы ілулі тұр, көлігі бар ауыл-үйдің ат-әбзелдері, ер-тоқымы осы кісінің қолынан шыққан. Ұлы Зарлық та ата жолын қуды. Ауылда осы отбасы туралы аңыз да жоқ емес. Ең алғаш шекарадан асқан ел мал-жан, ыдыс-аяғын арқалап келгенде, Зұқаң мен Зарлық өңкей ағаш арқалап өтіпті. Өнерлі жандардың әпенделігі болар. Арқалап келген асыл ағаштары келгелі істеріне жарап, табыс көзіне айналды. Аудан, одан қала берді облыстан келіп Зарлыққа түрлі бұйымдар жасатып жатады. Тіпті Америкадан екі саудагер келіп ағаштан жонып жасаған сувенирін долларлап төлеп алып кетіпті.

Бүгін жарықтықтың жетісін берді. Кісі қалың болды. Ауыл-аймақ, көрші-қолаңның бірі қалмады. Асқа бір жылқы сойған екен, апам айтып отыр, бір түйір ет қалмады деп.

- Әкем-ау, ауылдың адамдарына не жеткен, аштан келгендей өлім шыққан үйдің түгін қалдырмай жалмап кетті. Шәйға салған қант-кәмпитті де орағанын орап, жан қалтасына салғанын  қалтасына салып әкетіп жатыр. Енді тәбәрік деп алсын, дәл осылай дастарханды тып-типыл етіп кетеді деп кім ойлаған. Алла сақтасын, адамдардың пейілі не боп кеткен, жүдә? Өлім “байдың малын шашам, кедейдің көтін ашам” деп келеді дейді, рас екен. Байбұс Зарлық, тыртыңдап жиған тергенін осы жетісіне әрең жеткізді, енді қырқына қайтер екен? Әгәр-әки, қиналып жатса, былтырғы қысыр құнажынды көмекке бердім деп атап кеттім. Рахметін айтып, қолымды сүйіп жатыр. Қайтем енді. Жағдайын көзбен көріп отырмыз. Шиеттей бес бала жетім қалды.

- Сен-ақ Атымтай “жомарттанып” жүресің екен. Ақылдасу деген болмай ма осы сенде? Бекен үйленем деп жатса өзімізге де мал керек емес пе?

- Ол қасқаң осы биыл үйлене қоймас. Жерге қарап отырған жоқпыз,

құдайға шүкір, мал басы бар ғой. Қарап отырып, көріп отырып, көршіңе көмектеспесең “көрші ақысы, тәңір қақысы” деген адамшылығың қайда? Басып жатқан малдың біреуге қиналғанда пайдасы тимесе, құны бес тиын. Бір құнажыннан жұтап қалмайсың, қартайған сайын қаттыланып барасың-ау, шал.

- Бағып-қағатын мен, сенің жаның ауырмасы содан ғой. Шаша бер сол...

Айтысып-айтысып екеуі екі жаққа қарап томсарып отыр. Атамның малды бағып - қағып, көбейтіп отырғаны рас. Мал ашуы жан ашуы деген. Апамдікі де дұрыс... Әй, бірақ, өздері білсін. Атам ашуланған сыңай танытқанмен, апамның атымтай-жомарт мінезіне қанық, соншалық  айбарланып отырғаны көрінбеді.

******

- Ей-ехе-хе-ей! Мұнар ата! Аха-ха-ха! Алпамыс мектепке барады!

Алпамыс мектепке барады! Хи-хи-хи! Мұнар! Бұлттар! Ей, таулар!

Жотаның басында өзімен өзі қарқылдай күліп, жақында ғана 1

Қыркүйекте теледидардан көрсеткен 60 жылдарда түсірген “Алпамыс мектепке барады” фильмінің кейіпкерлерін шақырып отырған Аяжанды Бекен сырттай бақылап көп тұрды. Өзінің жота басындағы үйреншікті орнына жынды қыздың  отырып алғанын ұнатқан жоқ. Қайдан ғана келді екен бұл жерге. Оңаша отырып көкейде жүрген өлең шумақтарын қағазға түсірмекші еді. Қыз жалт қарады. Бұған қарап күлімсіреп тұр. Қандай сұлу! Бетінің ұшында екі әдемі шұңқыр пайда болды.

- Сен Мұнар атасың ба?

-Жоқ, мен Бекенмін.

-Осы жерде Мұнар ата жатты ғой?

- Ол кинодағы жота ғой, бұл өмір.

- Мұнар атам өліп қалды. Қыз жылай бастады.

Фильмдегі кейіпкерлерді өмірден іздеп, жота кезіп жүргені санасының бір жерінде саңылау болғаны ғой.

- Жылама, Аяжан, адам өлмейді. Оның жаны аспанға ұшып

кетеді де жердегі адамдарға көктен қарап тұрады.

- Мұнар ата аспанда ма! Алақай, Мұнар ата-а-а! Қыз бар дауысымен аспанға қарап айқайлап тұр.

- Аяжан, сен құр босқа айқайламай, не айтқың келсе соны айта

бер, ол сені тыңдап тұр.

Қыз бір сәт ойланып қалды. Жанарын жігітке қадап тұрып:

- Сен доқтыр емессің бе?-деп сұрады.

- Жоқ.

-Мен Мұнар атадан сұрайын деп ем... Неге көп

ауырамын?...Егер маған медициналық энциклопедия әкеліп берсең, қандай ауырумен ауыратынымды, жазылу жолдарын іздейін деп едім. Шаршап жүрмін...

Қыз сау адамша сөйлеп тұр.

- Құс келгенде, құс кеткенде қатты ауырамын. Желкемнен түйіліп келіп... басым зеңйді...ары қарай не істеп, не қойғанымды білмеймін... Қыркүйек басталды... құстар кетіп жатыр...басым зеңіп, жын-пері тағы қысатын болды...маған медициналық кітаптар әкеліп берші, құдай үшін...Мені ешкім тыңдамайды....Сау жүрген кездері оқып, қысқы сессияға дайындалсам деп ойлаймын.... Дәрігер болсам деп армандадым. Мамам өлгенде аузы-мұрнынан бірдей қан кетті, соның сырын, немен ауырғанын білгім келеді.... Басқа адамдар сөйтіп өліп кетпес үшін... Себебін тапсам, емдеу тәсілін табар едім, ғалым болар едім... Семейдің мединститутында үздік оқыдым. Үш курс біткесін практикаға бардық... Моргтың табалдырығын аттай бергенімді білемін, әрі қарай есімде жоқ. Қатты қорқып келе жатырмын... Мама...Мама... Әне, қара! Мұнар ата! Апам тағы “қаншықтың” астына алды. Қандай жаман сөз... Мамам мені “алтыным” дейтін еді ғой... Қара бүркіт тағы ұшып келеді... Қаш! Қаш!

Қыз шегіншектеп бір нәрседен қорғанғандай қолдарын ербеңдетіп жотадан жүгіре түсіп, ауылға қарай қаша жөнелді. Тілерсектен келетін жуан қос қара бұрым арқасында жыланша ирелеңдеп барады...

Сол күні түс көрдім. Түсімде тағы да ақ тұманның ар жағында жымыңдаған оттар енді. Ақ тұманда адасып оттарға жете алмай, қуа жүріп қара терге малшындым.

Оянсам тағы да қара терге малынып жатырмын, көзім жұмулы, көкірегім ояу ұзақ жаттым. Тек таң ата қатты ұйықтап кетіппін, апам мен атамның дауласқан дабырынан оянып кеттім. Күн сәскеге айналыпты. Апам ауданға барып қайтқан-ау шамасы. Әңгімесін сыпыртып отыр.

- Әкем-ау, Ақжардың тоз-тозын шығарыпты. Бекен-ай бір жыл оқыған училищенің сау-тамтығы жоқ. Бес қабатты әдемі жатақхананың да, оқитын корпусының да есік-терезелері қираған, айналасы шөп басқан. Бекенай оқып жүргенде ауласында отырып тосушы едік қой, есіңде ме? Қайран еңбек! Осы елдің басшылары айрандай ұйып отырған бір ауданды бір ауданға қосқанда не тапты? Бұрынғы ауданның халқы мың шақырым алыс аудан орталығына жететін көлік таба алмай, бір күнде шешілетін жұмысын, ит өлген жақтағы екінші ауданға көшіріп тастаған орталыққа барып шешу үшін бірнеше күн қаңғып жүріп әрең барып бітіретін болды. Әй, білмеймін, бұл заман қайда бара жатқанын? Өскеменге қатынайтын автобус та жоқ екен. “Абтабаза” тендір дей ме сонысын ала алмай, бүкіл Ақжардың қалаға қатынайтын халқы такси жалдап жүр. Ауыл арасына қатынайтын көліктің болып тұрғанына шүкір дедік. Анау әлгі ішкіш Қатипаның ұлдары бір-бір дүкен ашып алыпты. Астарында мәшине. Жаңа соның Сержанымен келдім. Үйге дейін әкеп тастады. Пензініне үнем болсын деп екі жүз теңге беріп ем, алмай қойды. Білері бар бала екен.

- Андағы алғаның не?

- Е, қайдан білейін, қатындардың бәрі алып жатқасын маған да біреуін бер дегем, әлгі сатушы қызға. Қазір Бекенай тұрсын, сыртын оқып беретін шығар, әйтеуір жейтін бірдеңе болар. Қайырылып сұрағанға “сауатсыз кемпір” дер деп қайтып кетіп едім. Сұрай салмаппын, әдірем қалғырды, менің тоңымды ешкім шешіп алмас еді ғой. “Мәни” ғой деймін, әппақ ұнтақ әйтеуір.

Жуынып-шәйініп келіп отырғаннан кейін апам маған қағаз қапшықтағы ұнақты ұстата қойды.

- Оқышы, мына бәлені, дүкенде бәрі алып жатқасын, біреуін ала

салып ем.

- Так. “Сухое молоко” дейді апа.

- Онысы несі тағы?

- Сүт, кәдімгі,  шәйға   қосатын   құрғақ сүт.    Ресейде

жасалған. Бір жыл бойы пайдалануға болады. Қысы-жазы.

- Ой, әдірем қалғыр,   бұған сонша ақша төлем алғаным-ай, а!

Сүт деген үйде толып тұрған жоқ па? Артығын айран қып ұйытып, құрт қайнатып отырған жоқпын ба? Сүт деші! Қапшыққа салып ұн құсатып қойыпты. Біздің бала кезімізді ешкінің терісіне сіңіріп, қысы-жазы сақтаушы еді-ау, жарықтықты.

- Теріге сіңіріп   дейсіз   бе,   апа?   Оны     сосын    қалай  сүтке айналдырады?

- Қазір немене, бәрін техникамен жасап жатыр. Менің ұлы шешем, әкемнің бәйбішесін айтам... жарықтық, ешкінің терісін жақсылып жудырып, шуашын кетіріп, кептіріп алып, үлкен тайқазанға сүтті толтырып алып, кепкен теріні ішіне тастап жіберетін. Сарқылдатып әбден қайнап, бір тайқазан сүт теріге әбден сіңіп біткен кезде, көлеңкеге қойып қайта кептіріп алып, ағаш әбдіреге салып тығып тастайтын. Қыс аяқтала, көктемнің басында, ұзын қысқарып, жіңішкенің үзілер шағында, ақтан қарап қалған отырғанда терінің шетінен кертіп алып самауырдағы қайнап тұрған суға таспай салсаң, кілегей құйғандай, қызыл күрең шәй ішіп отыратын. Тоңазытқыш, мұздатқышың жоқ кезде сауатсыз апаларың  сүтті солай сақтайтын... Е, заман-ай!

Апам ауыр күрсініп атама қарады. Атам сақалын тарамдап үнсіз отыр.

Түстен кейін Бекен күндегі әдетінше таудың басындағы бақа тастың үстіне келіп айналаға көз салып ұзақ отырды. Төменде Қадиша апаның бес-алты ұсақ малы жусап жүр. Кезекке қоспай, кейуана күнделікті ұзақты күн өзі жусатып уақытын өткізеді. Шыбжық қара теке сақалы сапсыиып тағы саяқ жүр. Өзі отырған жотаны қиялай жүріп, жанына жетіпті. Текенің шөпті бырт-бырт үзіп жеген үні естіліп тұр. Шыбын-шіркейдің ызыңы, бырт-бырт үзілген шөп сабағының үні табиғаттың тылсым тыныштығына үйлесіп, жас жігіттің ойын тағы да сан-саққа жүгіртіп кетті. Есіне апасының манағы айтқан ертеде қазақтардың сүтті сақтау әдісі түсті. Расында, оқымаған қазақ әйелдерінің сүтті сақтау технологиясын ерте заманда ойлап тапқаны таң қалдырады.  Қазір ғой, ашқан жаңалықтарын сатып, шет елдіктер дивидент содан алып отыр. Ал қазақтардың қаншама жаңалығы қолды болып, тіпті қазақ даласының көшпенді даналарының шаруашылыққа байланысты қолданған ежелгі әдістерін кейбіреулер өзінің ашқан жаңалығындай иемденіп алған да болар. Оны кім біліп, кім тексеріп, кім зерттеп жатыр.

Иә, “заман-ай” деп апасы мен атасының ауыр күрсінетін жөні бар. Заман өзгерген үстіне өзгеріп барады. Атасы мен апасының көргені өз алдына, өзі көзін тырнап ашқалы, ес біліп, етек жиғалы да талай заман өзгерді емес пе? Мектеп қабырғасында жүргенде кластас досы Қайраттың Алматыда оқитын ағасы Жанаттың “желтоқсан оқиғасына” қатысып, мүрдесін  табытпен алып келіп, қазақтың дәстүрінде болмаған сорақы жағдайда, аруламаған күйі жерлеткен. Бүкіл ауыл жағасын ұстап, бас шайқаған. Табытты Алматыдан алып келген галстук таққан, қыры пышақтың қырындай шалбарлар киген, шікірейген өңшең қазақтың жігіттері күні түні аңдып жүріп, ашқызбай, марқұмның ата-анасы, туған-туысын зар еңіретті...

Ойына қай-қайдағылар түскен Бекен ауыр күрсінді. Бақа тас та онымен бірге күрсінгендей, өне бойы жыбыр ете түсті.

Иә, бақа тас, сен етекте жатқан осы  ауылдың тарихына жылдар бойы, мүмкін ғасырлар бойы куә болып бүк түсіп жатырсың. Бәріп көріп, екшеп, тылсым-жұмбақ жүрегіңе жазып алып жатқан шығарсың... Қазір бәрі бар, ауылдың қай үйіне кірсең де телевизор, музыкалық аппаратура, тіпті компьютер бар. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Не екенін өзім де білмеймін. Ауылда, бұрынғы бала күнгідей достық, туыстық сезім бе, қайырым ба, әйтеуір соған ұқсас бір жылылықтар сезілмей барады. Ауылдастың тағдырына деген айналадағы адамдардың немқұрайлығы жанды ауыртады.

Ерболды айтам. Кеше ішіп алып келіншегін сабап қуып шықты. Аузынан боқтық түспейді. Келіншегі айтып отыр, тоғызыншы сыныпта оқып жүрген ұлы : - Мама, айырылысып, қалаға кетіп қалайықшы,-дейтін көрінеді. Мектепте оқып жүргенде Ербол қандай еді... Арақ дегенді білмейтін. Өзгелерге қосылып темекі де тартпайтын. Қыздарды қандай сыйлайтын еді. Сол Ербол қайда кеткен? Неге ол сонша өзгерді? Кім оны өзгерткен? Арақты іше-іше, беті қап-қара боп түтігіп кеткен. Көзі кілегейленіп, ылайланып кеткен. Қолындағы бөтелкесін алып төгіп тастамақ болып едім. Өзімді келеке қылды.

- Төге бер, әне, Мұраттың үйінде арақ та, спирт те толып тұр. Төксең, барам да содан алып іше берем-дейді. Көзі тұманданып, ежірейіп кеткен. Әлде араққа салынған адамдардың көздері солай лайланып кете ме, кім білсін. Ауылдас-ау, дос-ау, бауыр-ау деп имену жоқ. Шөлмекті бермесе төбелесетін түрі бар. Адамдық ар-ожданнан айырылған. Арақ үшін досына, тіпті, анасына қол көтеруден тайынар емес. Амалсыз, қолына бөтелкесін ұстатып кетіп қалдым. Клара апайға, сүп-сүйкімді келіншегіне жаным ашыйды. Анау Мұратты айтам. Басқа тауар құрып қалғандай, ауылға арақ пен спирт сатып, әбден байып алған. Ауылдастарын құтыртатын жынды суды сатып, шаңырақтардың шайқалуына, әке мен баланың, әйелі мен күйеуінің арасына іріткі салғанша, басқа іспен айналыспай ма? Неге сол арақ пен спиртке салған қаражатқа бие сатып алып, оны байлап, қымыз сатпасқа... Адамның денсаулығына да пайдалы, ішсең сусын, ұзақ қойып сақтасаң көңіл көтерер градусы да пайда болады. Оның градусы арақ құсап құтыртпайды, бойыңды балқытып, маужыратып, буын-буының босап тәтті ұйқыға бой алдырады. Атам айтып отыратын, кезінде арақ-шарап демей-ақ, осы қымызбен-ақ көңіл көтеріп, ән мен жырды шырқай беретінбіз деп. Сол заманның сол жақсылығын неге пайдаланбасқа...

Әй, қайдам, оймен сан-саққа жүгіріп кеткенмен, дәл мен ойлағандай қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман қайдан келсін. Өткенде Төрежан ақсақал атаммен әңгімелесіп отырып: -  Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманың - “коммунизм”, жарықтық Брежневтің заманында болып, өтіп кетті ғой. Жұрт оны байқамай қалды - деп мұртынан күліп отырған. Брежнев Одақ кезінде елді басқарған, менің еміс-еміс есімде. Сол жылдары телевизордан съезді көрсете беретін. Көкірегі толы орден-медаль, шыққан адамдарды бетінен шөпілдетіп жататып, қасы көзін түк басқан, тілі күрмеліп, балаша былдырлап тұратын адам еді.  Қазір патшамыз Назарбаевтың өзі “өтпелі” заман деп атаған заман көпірінің баспалдақтары таусылып болар емес. Телевизордан патшамыз сөйлеп, “Ал енді зейнетақыны, жалақыны өсіреміз” деп аузын жиып болғанша, ертеңінде бүкіл азық-түлік, киім-кешек, көлік, коммуналдық төлемдер қымбаттап үлгіреді. Жалақыға, зейнетақыға қосылатын айтылған ақша тек жарты жыл өткеннен кейін немесе келесі жылдың басында қосылады. Сөйтіп, екі ортада қысылып, ақыдан да жалақыдан да желініп жататын қарайған қара халық, зейнеткерлер.   Сонда отырып алып ойлайсың, несіне жалақыны көбейтеді, бағаны ұстап тұруға шамалары келмесе. Билік антимонополоялық мекемеге жабады бәленің бәрін, олар билікке, ақыры әділдіктің бір ұшын ұстай алмай шабылған ел қолдарын бір-ақ сілтеп “көппен көрген ұлы той” деп қоя салады. Осы “қоя салатын” қылығымыз, біздің түбімізге жететін. Ауылға келіп алып, кейде үйренген әдетпен сөздің арасына орысша қосып жіберетінімді байқап қаламын. Жігіттер жағы “па, шіркін, қаладан келгенін көрсетіп, орысша сөйлейтінің әй, ә!” деп қағытып алады. Енді қайтем, Өскеменде орысша білмесең, нан сұрап сұрап жей алмайсың. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, бүкіл ел мемлекеттік тілге көшеді деген құр дабыра. Рас. Бүкіл ел мемлекеттік тілге келгенде “көзбояушылыққа” салады. Соған бәрінің еті үйреніп алған. Бұл қалай, неге солай дейтін ешкім жоқ. Өткенде Украинаға барған таныс бизмесмен ағамыз ол елде орыс тілінде жазылған бір сөз таба алмайсың деп келді. Бізде ғой... Ана тілімізді 15 жыл бойы жергілікті орыстарға оқыта алмай, оларға оқы деп батып айта алмай, жалтақтап жүргеніміз. Олардан қазақ тілін оқы деп талап та ете алмайсың. Неге оқымайсың десең, ата заңымыз Конституцияны алдыңа тартады. Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылсын деп онда тайға таңба басқандай жазылып тұрғаннан кейін, дымың құрып, еріксіз тіліңді тістеп, соның тілінде шүлдірлеуге тура келеді.

Ауылда шынын айту керек, өндіріп істейтін іс жоқ. Бекен түстен кейін ғана ашылатын кітапханаға кіріп алып газеттерді шолады. Тәуелсіздіктің 15 жылдығына қарсы теңге ауысы басталмақ еді. Қазақ газеттеріндегі  зиялы қауымы, қоғам қайраткерлерінің осы науқанға қарсылығы көп жазылды. Талай уәж келтірілді. Билігің де, парламентінің де қоғам қаймақтарының ұлттың қамын ойлап жазған пікікрлеріне, келтірген дәлелдеріне, уәжіне, шынын айту  керек “пысқырған да” жоқ. Кесіліп-пішіліп, елдің ең басымен мақұлданған іс діттеген жерінен айтылған мерзімінде шыға берді. “Бізде” халықтың  пікіріне тоқтайтын, оның айтқанына ден қоятын қоғам  емес екені тағы бір мәрте дәлелденді. Өмір өзі дәлелдеді. Мемлекет өзінің ең басты есеп беретіні, өзін сайлаған, тағдырын сеніп тапсырған “халықтың” айтқанына құлақ аспаса, оның “датын” естімесе, апыр-ау қандай қоғамда отырмыз? Сонда оларды кім тыңдайды, кім қолдайды, онымен, “халықты” айтам кім санасады?

Өз сұрағына өзі жауап таба алмаған Бекен, шақырайған күннің астында ұзақ отырғандікі ме, басы ауырды. Биік тауға бергісіз жотаны қиялай қуып отырып түсте де, ілбіп үйіне келді. Келе шарадағы іркіт қосылған шикі көжені сіміріп алды. Ашқылтым сусынмен жан шақырғанмен, басы сынып, мазасы кетті. Апасы газеттермен әйнегін көлеңкелеген еңселі кірпіш үй қоңыр салқын еді. Төсекке келіп қисая кетті. Әрі-беріден соң көзі ұйқыға кеткен жігіттің түсіне тағы да қалың тұманның ар жағындағы жылтыраған оттар енді.

Түсіне жиі енетін осы оттар елдің тұманға тұмшаланған  тағдыры ма, әлде өзін шақырған, алыстан мұнартып, тұман емес газ тұмшалаған Өскеменнің оттары ма? Оянып алған Бекен, апасы тағы жер-жебіріне жетіп ұрысса да, ертең қалаға жүріп кетуге шешім қабылдады.

 

ГҮЛЖАН КАЗИМОВА,

ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ

Пікірлер