Интернет іздеген оқушы қолын сындырғаны рас па?

3279
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімдігі Жантерек ауылында мектеп оқушысының интернет-сигналын ұстауға тырысып, биіктен құлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында 3-сынып оқушысы Ақжүрек Қуаныш мұғалімге үй тапсырмасын жіберу үшін тракторға шыққаны туралы ақпарат тараған болатын.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бала Жантерек ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан Қаракөл қыстағында жарақат алған. Ол онда демалыс күндері ата-әжесіне қонаққа барған. Ойын барысында Ақжүрек тракторға шығып, құлаған. Бұл туралы ол үлкендерге айтпаған. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін сабағына қатысқан.

Қолының ауырғаны басылмаған соң, бейсенбі күні ата-анасы баланы Атыраудағы ауруханаға алып барған. Онда оның иығы сынғаны анықталып, гипс салынған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалауда. «Жантерек ауылындағы №75 бастауыш мектебі штаттық режимде жұмыс істеуде. Мектепте 41 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Жантерек ауылында 65 үй болса, оның 48-і сымды интернетке қосылған. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары 3G форматындағы сымсыз интернетпен қамтамасыз етілген», – делінген әкімдік хабарламасында.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер