«Уланған» Алексей Навальный сауығып келеді

1948
Adyrna.kz Telegram

Германияның Charite ауруханасында емделіп жатқан Ресей оппозиционері А. Навальный кеше Instagram парақшасында өзінің сауығып келе жатқанын және жүре алатынын хабарлады.

«Енді мен баспалдақпен аяғы дірілдеп көтерілетін жігітпін, есесіне ол: «Ой, бұл баспалдақ қой! Онымен жоғары көтерілу керек. Мүмкін лифт іздеуіміз керек шығар», - деп ойлайды.  Ал мен бұған дейін құр қарап тұратынмын» , - деп жазды ол Instagram-да.

Оппозиционердің айтуынша, бастапқы күндері ол ешнәрсені есіне түсіре алмай қиналған: "Күн сайын таңертең дәрігер маған келіп: "Алексей, мен тақта әкелдім, қанеки, оған қандай сөз жазу керектігін ойлап табайық. Мен үмітсіздене бастадым, өйткені мен дәрігердің не қалайтынын түсінгенмен, сөздерді қайдан алу керектігін түсінбедім", - деп қосты ол.

Навальный әлі де ем-дом алып жатқанын айтып, өзінің жағдайын баяндап берді: "Алда көптеген мәселелерді шешу керек. Бірақ Берлин университетінің Шарите клиникасының керемет дәрігерлері басты мәселені шешіп берді. Олар мені "техникалық тұрғыдан тірі адамнан" қайтадан қазіргі қоғамның ең жоғары нысаны болуға барлық мүмкіндігі бар адамға – инстаграмды тез шолып шыға алатын және қай жерге лайк қоюға болатынын білетін адамға айналдырды".

Естеріңізге сала кетсек, А. Навальный 20 тамыз күні Томск қаласынан Мәскеуге ұшар сәтінде өзін нашар сезіне бастаған. Ұшақ Омбы әуежайына шұғыл жағдайда қонып, Навальный аурухананың реанимация бөліміне жатқызылған. 22 тамызда Германиядағы  Charite клиникасына жеткізілген.

2 қыркүйек күні Германия билігі Бундесвер зертханасына сілтеме жасай отырып, Навальныйдың организмінен «Новичок» тобындағы удың табылғанын мәлімдеген болатын. Бұл у алғаш рет 2018 жылы наурыз айында Ұлыбританияда Барлау басқармасының экс-қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия уланғаннан кейін белгілі болған-ды Скрипкальдарға қатысты Ұлыбритания билігі Ресейді айыптаған. Бірақ Мәскеу бұл айыпты мойындамаған.

Charite клиникасы 7 қыркүйектен бастап А. Навальный комадан шығып, жағдайы жақсара бастағанын хабарлаған.

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер