Құмарлықтың құпиясы

2802
Adyrna.kz Telegram

Үш нәрсенің маңызы жоқ: жастың, бет-әлпеттің, мінездің. Адамның тартымдылығы оған тәуелді емес.
Қыздың жасы 20 болғанда оған бәрібір. Ол өзіне ұнайды. Ешкімнен қорықпайды. Ұнаған жігітпен қол ұстасады. Ұнамағанның кеудесінен кері итереді. Мәселе, 15 жылдан кейінгі жағдайы нешік? Соған тіреліп тұр. Ол адам танымастай өзгереді. Өз-өзіне ұнамайды. Кейпі адам шошырлық. Косметикалық салондарға барғыштайды. Пластикалық хирургтардың алдын босатпайды. Бәрінің себебі – жастық шағын сақтап қалу деген патологиялық тілек. Елге ұнасам дейді.
35+ жастағы әйел затының жүрісі өзгереді. Бүкірейіп, аяғын ішке басады. Сенімсіздігі байқалады. Бұрынғыдан екі есе көп боянады. Косметиканы тонналап қолданады. Себебі, өз бет-жүзінен ұялады. Осымен тыйылса жақсы. Кейбірі жеңіл косметикалық процедурадан күрделісіне ауысады. Ақыры отамен аяқталады. Шын мәнінде бұл өте қиын патология. Өз тәніңді зорлау. Медициналық тағайындауларсыз өзіңді кескілеуге рұқсат ету. Адам денсаулығын сақтау үшін жасалатын отаның жөні бөлек. Ал, сұлулық үшін өзіңді аямау деген патология. Алайда осы жастық шағымды сақтап қалсам деген тілек бәрібір орындалмайды.
Неге екенін білесіз бе?
Әйелдің санасында 20 жаста мені бәрі жақсы көреді деген стереотип отырады. Яғни, ел мені жақсы көру үшін мен 20 жастағы қыздай сыланып жүруім керек деп шешеді. 20 жасар қызды сұлу болғаны үшін емес, өзіне сенімді болғаны үшін жақсы көретіні миына қонбайды. Ал қазіргі 35 жаста сол сенім сетінейді. Өзін керемет сезінбей қалады.
Қазіргі заманда жастық шақты сақтау деген гипертрофикалық культ бар. 20-дан 40 жасқа дейінгі ерлер жалпы жастық шақ туралы ойланбайды. Ал 45 асқан соң көп ер адам қартайып бара жатқанын сезінеді. Әлі де тартымды екенін сезіну үшін өзіне жас қыз іздей бастайды. Табу-таппауы екіталай, әрине. Дегенмен, сол жас қызға деген ұмтылысы әлгі культты тудырғаны. Тек жастар ұнайды, тек жастар қалайды, тек жастар құмартады деп ойлайды.
Еш пайдасы жоқ штамптар бар. Тұрмысқа тек жастар шығады. Тек жас адамға құмартады. Тек дұрыс еркектермен танысатын арнайы орындар бар. Сені бағалауы үшін бірқатар арнайы істі меңгеру шарт. Бәрі өтірік. Тамаша жігітті автобуста да кездестіресің. Немесе қоқыс төгуге шыққанда. Дүкенде кезекте тұрғанда. Тағысын тағы.
Сен өзіңді қалай бағаласаң, айналадағы адамдар да сені солай бағалайды дегенді айтқаннан шаршаған емеспін. Ол еркекке де қатысты. Бірақ қазіргі әңгіме ол туралы емес. Өзіңді қалай сезінсең, бұл бет-әлпетіңде көрініс береді. Неге? Себебі, еркек сенің бет-әлпетіңді емес, не сезінгеніңді ғана көрмек. Ал егер әйел бөтен жүзбен жүруге дайын болса, ендеше іштей ол өзін мүлде жақсы көрмегені. Өзінің болмысын бағалай алмайтыны. Ешбір ота мұны жасырып қала алмайды.
Құмарлығын оятатындай тартымды болу деген не?
Сексуалды тартымдылық – бұл белгілі бір параметрлердің жиынтығы емес. Соған сай болуға талпыну қажет емес. Егер адамға өз тәні ұнаса, сол адам тартымды. Бірнеше танымал жұптарды атап кеткім келіп тұр. Олардың зайыптарының ешбірі сұлу деуге келмейді. Йоко Оно – соның жарқын мысалы. Түрден түр жоқ, сымбаты да онша емес, көзге түсерлік дымы жоқ. Ал Леннон – сымбатты, иығы кең, келбетті жігіт. Пирс Броснан мен оның 120 келі әйелі. Хью Джекман мен оның Деборасы. Бандерас пен Гриффит. Талай адамды атап шығуға болады.
Құмарлық деген тән сымбатына, жасыңа, салмағыңа, қанша әжімің барына қарамайды. Құмарлық іштен шығады. Адам болмысы солай жаралған. Адамның психикасы солай жаралған. Егер адам өзіне ұнай бастаса, онда сол сәтте сыңарын тауып алады. Назар аударатындар, көңіл білдіретіндер, махаббатын дәлелдейтіндер табыла кетеді. Жас шамасы да, сыртқы әлпет те, мінез де құмарлыққа кедергі бола алмайды.

 Михаил Лабковский
Аударған Шынар Әбілда

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер