Қазақстаннан түбегейлі кетуге бекінгендер көбейіп барады

14616

Әлеуметтік желіде түрлі топтар бар. Солардың ішінде «Еуропадағы қазақтар», «Түркиядағы қазақтар», «АҚШ-тағы қазақтар»  деген топтар да аз емес. Бұл топтарда тек қазақтар ғана емес, жалпы Қазақстаннан шетелге кеткен азаматтар да тіркелген. Әр топтағы тіркелген мүшелер санына қарап, елімізден шекара асып кеткендер саны аз емесін байқайсыз.  Бұл сөзімізді ресми статистиканың соңғы алты айда Қазақстаннан 10 977 адам шетелге қоныс аударды деген ақпараты растай түседі.

Былтыр осы уақытта шекара асып, басқа елге көшкендер саны -20 071 болған екен. Әрине, былтыр бұл уақытта пандемия болмағанын, шекараның айқара ашық болғанын ескерсек, көрсеткіш те соған сай деуге болады. Ал биыл карантинмен өткен жарты жылдықтың өзінде басқа елге қоныс аударғандардың саны он мыңның үстінде болса, күні ертең шекара ашыла қалса,Қазақстанды тастап, жақсы өмір іздеп, басқа мемлекетке кетушінің саны қалай болар екен?Жоғарыда сөз еткен әлеуметтік желідегі топ мүшелерінің басым бөлігі Қазақстанға қайта келуді мүлде жоспарламайтындарын жасырмайды.

Елімізге көшіп келіп жатқандар да аз емес. Алайда кетуші мен келушінің ара салмағында үлкен айырмашылық бары алаңдатады. Мамандардың пікірінше, бұл қалыпты құбылыс. Алайда жиырма миллионға жетер жетпес Қазақстаннан он мыңдап адам кетуі  қалыпты құбылысқа жата қоймаса керек.

"Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?"

«Қазақстан баспасөз құралдары елден кетушінің көбі өзге ұлт өкілдері деп жазып жатады. Бұл жартылай өтірік ақпарат. Себебі, тұрақты мекенжайымды басқа елге ауыстыру жөнінде құжат реттеп жүргенімде, Көші қон полииясында мен сияқты жүргендердің басым бөлігі өз қазақтарымыз болатын. Олардан неге кетіп жатсың деп сұрасаңыз «адам сияқты өмір сүру мүмкін болмай кетті. Жемқорлық жайлаған жүйе шаршатты» деген жауап аласыз. Бұл бүкпесіз шындық. Қазақстанда тек тамыр-танысы бар адам ғана адам сияқты өмір сүреді. Ал ешкімі жоқтар тек жалдамалы құлдың кебін киеді. Әйелім екеуіміз «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келдік.

Алғашқы лекпен барғанбыз. Оқуымыз біткенде, елге келіп, барымызды салып қызмет етеміз деген мақсатымыз тас талқан болды. Алған білімімізді қажет ететін жерді таппай, екі жыл сандалдық. Жеке балалар клиникасын ашып, педиатрияны дамытуды армандадық. Арманымыз сол күйі қалды. Ақшасы мен көкесі жоқ біздің білімімізді Қазақстан керек те етпеді. Көп ұзамай, шетелден түскен шақыртуға ойланбай кетіп қалдық. Қазір АҚШ-та тұрып жатырмыз. Тұрақты жұмысымыз, үйіміз бар. Ең бастысы, бұл жақта өзімізді шынайы адам сезінеміз. Бәлкім, кейбіреуге ұнамас, десек те айтайын, біз азаматтықтан бас тартуға өтініш білдіріп қойдық», -дейді америкалық қазақ, балалар невропатологы Асылхан БЕРІКБАЙ.

Сондай-ақ, Асылхан өздері араласатын отызға жуық қазақ отбасының адамдары Қазақстаннан кеткендеріне өкінбейтінін, керісінше балалары үшін  осындай таңдау жасауды дұрыс деп тапқандарын айтады.

Баласының болашағы үшін басқа елді таңдаушылар көбейген

«Басқа елге көшуді ойлап жүргеніме біраз болған. Ал биылғы пандемия кезінде бұл ойыма нық табан тіредім. Осы пандемия өзімнің медицинасы нөлге тең, білім саласы былыққан, билігі халықтан бөлек өмір сүріп жатқан елде тұрып жатқаныма тағы көзімді жеткізді. Бар жұмысынан айырылып, ақшасыз қалған халқын үйге қамаған биліктегілер ауырған азаматына бар дәріні бермей, қоймада тығып ұстады ғой!  Мұнан асқан қиянат бар ма? Туған жер, Отан деген патриоттық пафосқа толы дүниелерді шетке ысырып, бұл елден кетуге бел будым. Мені керек етпеген елде арам өлгенше, дұрыс қоғамы бар елде өлейін. Шетелге кетсең, құл боласың деген түсінік бар бізде. Құл болудан арланбаймын! Өйткені мен өз елімде де құл болып, әбден үйренгенмін. Сондықтан қазір құжаттарымды реттеп, шекараның толық ашылуын күтіп отырмын. Баламның болашағы үшін осындай қадамға баруым керек», -дейді бізбен әңгімесінде Думан  ЕРКІНБЕКҰЛЫ.

Компьютерде бағдарлама жасаумен айналысатын Думан мен балалар невропатологы Асылхан өзге ұлт өкілі немесе жұмыссыз жүрген, үкіметтің жәрдемақысына қараған жандар емес. Екеуі де елге нағыз керек мамандық иелері емес пе? Елімізден осындай білікті маман иелері шетел асып кете берсе, алдағы уақытта жағдайымыз қалай болмақ? «Біреу кетсе, біреу келер» деп, Қазақстанға қоныс аударғандарды жұбаныш көретініміз рас. Алайда елімізге көшіп келіп жатқандар мықты мамандар мен дамыған елден келгендер ме?

Сұрастырып жүріп, былтыр күзде Қазақстанға түбегейлі қоныс аударған бірнеше азаматты таптық. Бізбен сұхбаттасқан үш азаматтың үшеуі де ТМД елдерінен келгендер. Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен көшіп келген сол азаматтар өз елін Қазақстанмен салыстырып, «Қазақ жерінде нан бар ғой, әйтеуір» дегенді алға тартады. Әрине, кей көршілерімізбен салыстырғанда, жағдайымыз жаман емес. Әйтсе де, біз жер байлығымыздың арқасында бұдан да мықты өмір сүруге лайық емеспіз бе?

Қазақстандағы эмиграция мәселесі жыл өткен сайын қауіпті сызыққа жақындап келеді. БАҚ беттерінде бұл мәселе көбінесе біржақты көтеріліп, кетіп жатқандар өзге ұлт өкілдері дегенге саяды. Ал расында соңғы уақытта тұрақты мекені етіп басқа мемлекетті таңдаған қазақтың  саны артпаса, кемген жоқ.

Осы мәселеге байланысты БАҚ беттерінде шыққан сарапшы, білікті мамандардың пікіріне шолу жасап көрдік. Мәселен, саясаттанушы Сұлтанбек СҰЛТАНҒАЛИ «Қазақстаннан адамның көпетеп шетелге көшіп жатқаны бұл ойланатын, алаңдай бастауға тұратын жағдай» екенін айтып, билік эмиграция мәселесін шешуді қолға алмаса, арты жақсы болмайтынын айтса, тарихшы Нұртай МҰСТАФАЕВ та өз елінде әлеуметтік саясат дұрыс жолға қойылса, ешкім жақсы өмір іздеп шетелге кетпес еді деген пікірде. Дәл осындай пікірді сарапшы Шынасыл ЕРНАЗАР да алға тартып: «Жастардың әлеуметтік проблемалары шешілмей, шетелге кетушілерді тоқтату мүмкін емес», -дейді.

Жағдай осылай жалғаса берсе, болашақ туралы айтудың өзі артық болар. Өзінің білімді жастарынан айырылған мемлекеттің ертеңі болушы ма еді?Халқы жоқ мемлекет болмайтынын, мемлекет болмаса астындағы креслосы болмайтынын биліктегі шенеуніктер мықты білсе керек. Олай болса, халықтың ертеңі саналатын жастардың әлеуметтік мәселесін бүгін шешпесе, ертең кеш болатынын да назарда ұстайды деп үміттенеміз.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы