Карантинде ажырасқандар саны артты ма?

4607
Adyrna.kz Telegram

Карантин деп төрт қабырғаның ішінде қамалған жұбайлар арасында ажырасу жағдайы көбейеді деп күтілгені мәлім. Жайшылықта арадағы келіспеушліктің орнын жұмыстағы уақыт толтырып, ерлі-зайыптылар өзара шиеленіске тосқауыл қойып жүргені жиі айтылған еді. Алайда Статистика комитеті таратқан ақпарға қарасақ, керісінше, карантин уақыты отбасылық мәселелердің шешімін табуға анағұрлым ықпал еткендей.

Соңғы жарты жылдықтың есебі бойынша, бұл жылы Қазақстандағы ажырасулар жағдайы былтырғыдан бірнеше есеге азайыпты. Мәселен, наурыз бен маусым аралығында  4587 жұп ажырасуға арыз беріпті. Десек те, ең көп ажырасуға арыз түскен уақыт наурыз айында болыпты.  2103 жұп ажырасуға ниет білдірген. Ал сәуірде  332, мамырда  731, маусымда 1421 ерлі- зайыпты ажырасқан. 2019 жылмен салыстырсақ, бір ғана наурызда  4181, ал сәуір, мамыр, маусым айларында жалпы он бес мыңнан астам  жұп ажырасуға арызданған.

Карантин кезінде ажырасуға арызданғандардың көшін Алматы бастап тұр. Наурыз бен маусым айлары аралығында  554 жұп некесін бұзса, екінші орында  516 ажырасу арызымен Қарағанды облысы тіркелген. Алматы облысында  503, ал Қызылорда облысында небары  31 жұп жұбын ажыратыпты.

Карантин жұбайлар арасына қалай ықпал етті, айлар бойы бір үйде бірге өмір сүру ерлі-зайыптыларға қалай әсер етті деген сауалмен бірнеше азаматтың пікірін сұрап көрдік. Жалпы, бұл карантиннің зияны мен пайдасы қатар жүрген сияқты.

Мәселен, Қытайдан тауар тасумен айналысатын Ержан СӘДІБЕК: «Карантин басталғалы үйдеміз. Әйелім де, мен де күндіз түні біргеміз. Бастапқыда расымен, үйге қамалу қалай болар екен деп іштей уайымдағанмын. Әрі карантиннің алғашқы айында жасыратыны жоқ, келіншегім екеуміз жиі сөзге келіп қалып, үйімізде ұрыстың да көбейгені бар еді. Кейін көндігейін дедік пе, әлде түсінісе бастадық па, жағдай басқаша өзгере бастады. Мен күні бойы балалардың сабағына көмектесіп, солармен уақыт өткізсем, ал келіншегім бұрын уақыты бола бермейтін тәтті тамақтың түр түрін пісіріп, бізді қуантты. Ең қызығы, осы карантинде ұлыммен ерекше ашылып сөйлесіп, сырластық. Қарап отырсам, ақша табам деп жүріп, ұлымның қалай есейгенін де байқамаппыз ғой», -дейді.

Ал Алматының барахолкасында сатушы болып жұмыс істейтін Сәуле мен Асылбек карантин кезінде бала шағасының қасында болып, олармен бірге өткізген әр сәттің қымбат кез екеніне көз жеткізгенін айтады.

Алайда, үйде оқшаулану кезінде отбасының іргетасы сөгілгендер де жоқ емес. «Биыл отау көтергенімізге он бес жыл толатын еді. Өкінішке қарай, біз ажырастық. Карантинге дейін де өзара түсінісуіміз қиындап жүрген еді. Ал енді бір үйде, күні бойы бірге болу әйеліміз екеуімізге тым қиын тиді. «Ақша таппайсың» деп басқа еркекпен салыстырудан жалықпайтын келіншегім тәулік бойы үйде жатқан менің жүйкемді жұқартқаны сонша, ажырасайық деп өзім ұсыныс жасадым. Әрине, қызыма обал болды. Әкесі мен шешесі екі жақта жүргені балаға өте ауыр екенін түсінемін. Бірақ, күнде ұрыстан көз ашпайтын отбасыдан гөрі, қызымның тыныштықта өмір сүргені дұрыс деп шештім. Осылайша карантинде бірге тұруға төзе алмаған отбасылардың қатарына қосылдық», -дейді  Самат БАҚТЫБАЙ.

Карантин кезі тек үлкендерге ғана емес, балалардың да өміріне үлкен өзгеріс әкеліпті. «Осыған дейін әке шешеммен бірге тамақтануды, бірге отырып әңгімелесуді кәдімгідей армандайтынмын. Өйткені екеуі де таңертең біз ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп, түнде біз ұйықтап жатқанда жұмыстан келетін. Тек жексенбі күні ғана демалатын. Оның өзінде ол күні міндетті түрде не қонаққа барады, не үйге қонақ келетін. Карантинде біз тұтас отбасы болдық. Інім мен сіңлімнің қуанышында шек болмады. Бірге дастарқан басына жиналып, бірге фильмдер көрдік. Әкемнің қызықты балалық шағы туралы да осы карантинде естіп, білдік. Бәлкім, коронавирус адамдарды ауыртуға ғана емес, бірге болуды да үйретуге келген шығар деп ойлап қоямын», -дейді студент Айжанар ҚАЛЫБЕКҚЫЗЫ.

Дәл осындай пікірді бізбен тілдескен бірнеше балақай да қайталады.  Иә, індеттің жақсысы жоқ. Десек те, «әр нәрсенің қайыры бар» деген халықпыз ғой. Бәлкім, расымен бұл вирус алшақтаған адамдарды біріктіруге, бір сәтке сүріп жатқан өміріне үңілдіруге, ойландыруға  келген болар, кім білсін.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.   

 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер