Нұр-Сұлтанның бүгінгі келбеті қандай?

2746
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде 2020-2025 жылдарға арналған  "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асу үстінде. Бұл бағдарлама бойынша 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымын дамытуға басты назар аударылды.

«Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі мәселелерді шешуге үш жылдық кезеңге 22,5 млрд теңге қарастырылған, осы қаражатты қала төңірегінде өмір сүретін азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға жұмсау қажет», - деді Асқар Мамин.

Өткен жылы елордада ұзындығы 34 шақырым, төрт жолақты үлкен айналма жол ашылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көшу жөнделу үстінде.

Астананы көркейту жұмыстары тұрғындар көңілінен шығып жатыр ма? «Адырна» ұлттық порталы сұрап көрді.

Алпамыс Файзолла, журналист:

- Астанамыз маған ұнайды. Бірақ кез-келген шаһардың артықшылығы да, кемшілігі де болатыны рас. Нұр-Сұлтанның сәулеті көз қуантады. Әсіресе, түнде өте әдемі. Қаланың у-шуынан шаршағанда, көпшілік «Пирамида» деп атайтын «Бейбітшілік және келісім сарайының» артындағы саябаққа барсаң, жүйкең демалады. Бұл жер үлкен шаһардың ортасындағы тып-тыныш бір «арал» сияқты. Бұдан бөлек таңертең аумағы өте үлкен Ботаникалық бақта жүгіру де бір ғанибет. Бірақ астанадағы барлық саябақтардың да, көшелердің де кемшін тұсы – ағаш аздау. Отырғызылған көшеттер бірте-бірте өсіп келе жатыр. Болашақта Нұр-Сұлтан тоғайы қалың, жасыл қалаға айналу керек. Сонымен бірге, о баста арық жүйесі жобаланбағандықтан, жаңбыр жауғанда, асфальттің беті шылқыған су болады. Аяқ киімнен талай су өткен. Бұл мәселе де шешіледі деп сенейік. Күн ысығанда, кейде өзімді қапырық, қапас қалада аквариумдегі балық сияқты сезінемін. Жан-дүниең еркіндікті, табиғатты аңсайды. Астана арқылы Есіл ағып жатса да, шаһар аумағында шомылуға рұқсат етілген жоқ. Тек биыл ғана әкімдік бірнеше жағажай ашқанмен, карантин жағдайына байланысты ол жерлер бос тұр. Халық келесі жылы қызығын көретін шығар, Алла қаласа. Менің жұмысым да, жалдап тұратын пәтерім де сол жағалауда. Сол себепті, өзге аудандардың тыныс-тіршілігін егжей-тегжейлі білемін деп айта алмаймын. Бірақ кейде базар маңындағы жатақханаларға түсірілімге барсаң, жұрт адам шошитын деңгейде өмір сүріп жатқанын көресің. Сонымен бірге, талай студент университеттен жатақхана ала алмай, пәтер жалдауға мәжбүр болатынына куә болып жүрміз. Бұл әлі оқуын бітірмеген жастарға да, олардың ата-анасына да ауыр. Сол себепті, Нұр-Сұлтанда халықты жалдамалы, сапалы жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі шешілсе жақсы болар еді. Жалпылай алғанда, астана ұнайды. «Көш жүре түзеледі» демекші, шаһар кемшіліктерден бірте-бірте арыла жатар.

Айман Жолды, мұғалім:

- Астанада тұрып жатқаныма 15 жылдың жүзі болды. Еліміздегі ең әдемі қала десем, артық айтпағаным шығар. Маған «Президенттік парк» өте қатты ұнайды. Аумағында жасанды ағындар, субұрқақтар мен гүлзарлар бар. Бұл жерге отбасымызбен жиі келіп тұрамыз. Жалпы Нұр-Сұлтанды көркейту жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.

 

Азамат Мұрат, инженер:

 

  • Астана жылдан-жылға көркейіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының архитектуралық көрінісі Шығыс пен Батыстың мәдени дәстүрлерін бейнелейтін арнайы еуразиялық стильде жасалған. Маған сәулетші Ақмырза Рүстемовтың туындысы «Бәйтерек» монументі ұнайды. Басшылыққа жол мәселесіне баса назар аударыңыздар деп айтқым келеді.

 

Сәлима Қалқабай, көпбалалы ана:

 

  • Барлық Қазақстанның қалалары өзінше әдемі, сұлу да ерекше ! Астана - жас қала , бірте -бірте өсіп келе жатқан қала.Ерекше ұнайтын жерлері - Жерұйық саябағы, Мұхитарал және Пирамида. Десе де, оң жағалаудың әдемірек екенін айта кеткен жөн. Құрылыс обьектілерін сол жағалауға да көптеу салу керек.

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер