Көп бала туу дұрыс па, бұрыс па?

2660

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Айтарым бар» тобында Кенжегүл ТЕРГЕМБАЕВА есімді азаматша: «Бір қой егіз туса ­–  шөптің басы айыр шықпаушы ма еді?! Неге баланы көп табудан қорқасыздар?!» - деген сауал тастады. Бұл сауал топ оқырмандары арасында қызу талқыға түсіп,  себебін бірі әлеуметтік жағдайға, енді бірі құндылықтың өзгеруіне, енді бірі мемлекет тарапынан дұрыс қолдаудың жоқтығына әкеп тіреді.

Кенжегүл Тергембаева замандастарына: «Бір баламен тоқтап қалдым (немесе екі баламен тоқтап қалдым). Басымызда үйіміз жоқ. Үй алғанша қоя тұрамыз деп шештік. Әйтпесе, қаңғырып қаламыз», - дегенге саятын пікірлерді соңғы кезде сіңлілерімнің арасынан көп естіп жүрмін. Айналайындарым-ау, бұрынғы ата-әжелеріміз малдың соңында қыс-қыстауда, жаз-жайлауда, күз-күзеуде жүріп он баладан артық тапты емес пе?!

...Сіз қайдан білесіз, бүкіл ырыс сіз көтермей қашып жүрген балада тұрған шығар. Қазақ сондай балаларын "майкөтенім" деп еркелетпеуші ме еді?! Ендеше, неге баланы көп табудан қорқасыздар?!» - деген пікірін бірі қолдаса, екіншісі даттап, әлеуметтік жағдайдың тым нашарлап кеткенін, әрі мемлекет тарапынан арнайы қолдау жоқ екендігін айтып шағынды:

Манат СЕЙТИМБЕТОВА: Қорқатын болды ғой, үйі жоқ, жағдайы жоқ. «Не үшін туып жатсың, неге ақылдаспай тудың», - деп билік. Бұрынғы кезде олай айтпаған, бірақ қазақ халқының саны қалай көбейеді – сол уайым.

Гульдана ЖЕТПИСБАЕВА: Айтылған сөздер ақыл кеңестер бәрі орынды. Бірақ қазіргі жастар басында үйі жоқ, қолында жұмысы жоқ, карантин болса, мынау, екі бүйректен қысып, жеуге асымыз жоқ деп, күнде телефондарын салып көмек сұрап жатыр, өмірге келген баланың несібесі болады деу мына заманда артықтау, бір жолғы жөргекпұлдан басқа айына он мың береді, оны да бір жасқа дейін, ол қай жыртығын жамайды?

Бұрынғыны айту артық. Ол кезде пәтер ақы жоқ болған, қорада малы болған, істеймін деген адамға екі қолға бір күрек ұстап асырауға болатын. Қазір бәрі басқаша, нан табудың өзі қиын болып тұр, 42 500-ге қалай өмір сүреді, оны да біреулер алды, қалғанына жоқ қылды. Жастардың көп балалы болғысы келеді. Астанада балаға жәрдемақы жөндеп беріңдер деп аналар бекер шулап жүрген жоқ.

Тоты МУТАЛИЕВА: Заманына қарай амалы деген, көп бала тауып, олардың қажеттіліктерін тауып беру қиын болып жатқанда, кедей санын көбейтіп керегі жоқ.

Жазыкхат ОРАЗОВА: Сайып келгенде көп балалы отбасыға қамқорлық болса, сол көп баланың жағдайын жасайтындай ақша бөлінсе, үй берілсе ғана көбейеміз. Ал жемқорлық жайлаған, тамыр-таныстықпен өмір сүрген мына заманда ешкім-ешкімге қарайласпайды.

Пікір білдірушілердің арасында бұл мәселе шет елдің, батыстың жетегінде кеткеннен пайда болды деушілер де бар екен:

Қайрат ЖАППАР: Мұның барлығы батыстың жүргізіп отырған құйтырқы саясаты. Қатындарға 1-2 баладан артық таппа, өзің, фигураға қара, баланы асырау бар, қалай қарайсың, еркекпен права тең, бір саты төмен жүрме деген гендерлік саясатында жатыр. Ондайға барлық əйел еліктейді.

2019 жылдың ақпанындағы қаралы күнді еске салғандары да бар:

Ләззат НҰРҒАЛИ: Ол да дұрыс шығар. Бірақ өртеніп өлген бес сәбидің кебін киіп жүрмесін. Ата-ана тапқан балаларына білім, мамандық, киім, азық-түлік бәрін тауып беретіндей жағдайда болуы керек. Әйтпесе балаларға обал бодады.

Енді бірі демографияның жайын ойлап, бүй дейді:

Майра ДУЙСЕНОВА: Қадірлі әйелдер, сендер тумасаңдар қазақ қалай көбейеді, қалай халық болады? Құдай әйелді туу үшін жаратқан, сендер тумасаңдар кім туады, қара бастарыңды ойламай қазақтың көбеюін ойлаңдар. Әзірге ешкім аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ.

«Баланы топырлатып тууға» қарсылардың көпшілігі әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен мемлекеттің мардымсыз көмегін, тіпті, демографияны өсіруге қатысты арнайы шаралар жасалмағанын алға тартады. Байырғы жаз – жайлау, қыс – қыстаудағы заманды есепке алмағанда, КСРО кезінде мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға қандай көмек берілді, бүгінгі көмектің деңгейі қандай? Салыстырып көрелік.

КСРО кезінде...

Тәуелсіздігімізді алғанымызға әне-міне 30 жыл толатынына қарамастан, әлі күнге Кеңестік кезеңге қайта «топ ете қалуды» армандайтындар көп. Себеп – «өкімет өлтірмеген».

Деректерге сүйенсек, көп балалы отбасылар мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрген. 1944 жылдан бастап көп балалы отбасыларға арнайы «әлеуметтік көмек» көрсетіле бастаған екен. Бертінде айлық табысы 50 рубльден аспайтын отбасыларға арнайы «жәрдемақылар» тағайындалған, оның ең төменгі сомасы – 300 сом болған көрінеді.

1974 жылғы 25 қыркүйектегі КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен бекітілген «Аз қамтамасыз етілген отбасыларға балаларға жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібі туралы» Ережесі бойынша әр балаға – 12 рубльден және ата-анасына 70 рубльден – 140 рубль төлеп отырған.

Мұндай жәрдемақыдан бөлек, балалар жазғы демалысын түрлі лагерьде, сауықтыру орталықтарында өткізе алған, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін арнайы тегін үйірмелер ұйымдастырған. Есіңізге түсіріңізші, сол кездегі «Артек», «Орленок» секілді лагерьлердің атағы бүгінге дейін жетті емес пе? Сәйкесінше, қазақ даласында бала туу коэфициенті де жоғары болыпты. 1987 жылы бала туудың ең жоғары көрсеткіші (417 мың) әлі күнге жаңармай келеді.

Бүгін...

Бүгінгі таңда 4 балалылардан бастап 16 баласы бар отбасыға – 44 448 теңгеден бастап, 177 792 теңгеге дейін төленеді. Ал 2020 жылы еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі жан басына – 31 183 теңге болып белгіленген. Екі соманы салыстырып, еліміздегі көп балалы отбасыларға берілер жәрдемақының қаншалықты деңгейде қолдау боларын бағамдай беруге болатындай. Ал лагерь мен сауықтыру орталықтары және тегін үйірме секциялары жайлы бұрын-соңды естіп көрдіңіз бе?

Бүгінде көптеген қазақ отбасы бір-екі бала табуды, әрі кетсе, 4 баладан асырмауды қалайды. Сондай-ақ тұңғыш баланы өмірге әкелу жасы да ұлғайып отыр. Екі-үш жыл алдын 25-26 жас болса, соңғы жылдары Қазақстанда – 28-29 жасқа жетіп отыр. БҰҰ-ның 2100 жылға қарай Қазақстанда халық саны 28 миллионға жуықтайды деген болжамы бар. Бұл біздің еліміз үшін оң көрсеткіш. Алайда, әлеуметтік мәселелер, тұрмыстық жағдайдың нашарлауы және қымбатшылық, халық үшін приоритеттердің өзгеруі секілді факторларға қарап,  бұл межеге жету-жетпеуімізге күмән туады.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы