"Өзгенің қаңсығын таңсық көруді" қоймаймыз осы...

4153
Adyrna.kz Telegram
Teenage girl (12-14) resting head against math equation on chalkboard
Teenage girl (12-14) resting head against math equation on chalkboard

Таяуда Kazakhstan Press Club орталығындағы брифингте журналист Ольга Аринбасарова ресейлік платформаларда білім алып жатқан мыңдаған қазақстандық оқушының барын айтты. Мыңдаған баламыз ресейлік білімді қанжығасына байламаққа ұмтылыпты. Алдағы уақытта бұл санның қалай өзгеретіні белгісіз. Қазақ топырағында туып, өскен баланың ресейлік білімді алуға бұрылуы жақсы ма, жаман ба?

Былай қарасаңыз, әрине, әркім өзі шешеді, қайда және қандай білім алуды. Десек те, соңғы уақытта қазақстандық оқушылар мен студенттердің ресейлік білімді таңдауы неліктен? Ресей білім сапасы  жағынан алдыңғы елдердің қатарында емес. Қазақстан ресейлік білім беру үлгісінің көшірмесін өз оқушысына ұсынып отырған ел екені де жасырын емес. Олай болса, қазақстандық оқушылар мен студенттер не себепті солтүстіктегі көршінің мектебі мен университетіне қызығушылық танытуда?

«Меніңше, мұның үш себебі бар: Біріншіден Қазақстанда Ресей медиасының шектеусіздігі ақпараттық үстемдігіне әкеліп соқты. Теледидарда, интернетте Кеңестік білім жүйесінің кереметтігі туралы жарнамаға үлкен орын берілген. Екіншіден, біздегі 4-тоқсандағы алдымен онлайн-оқыту деп алып, оған интернет жылдамдығы мен АКТ құралдарының жетіспеушілігі амалсыз онлайн оқу емес, қашықтан оқытуға мәжбүрледі. Сол жағдайды көрген ата-аналар әрине балам білімсіз қалады деп қауіптенеді. Үшіншіден, Қазақстан халқының үлкен бөлігі орыстілді екені белгілі. Сол орыстілді қазақстандықтардың үлкен бөлігі өз болашақтарын Ресеймен байланыстыратыны ащы шындық»,- дейді Қазақстан білім саласының білікті маманы, шымкенттік ұстаз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.

Жалпы, Қазақстан азаматы өз баласын Ресей мектептерінде қашықтан оқытып, Қазақстандағы мектепке баласын жібермей-ақ қойса бола ма? Дәл осы сұрақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында қойылған еді. Сол тұста министр Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР «Білім туралы» заңын алға тарта отырып, әрбір бала орта білім алуға тиіс екенін, баланың өзі сабақ оқу үшін мектепке баруы қажеттігін тәптіштеп түсіндіріп берген ді. Әйтсе де, байқағанымыздай, заңымызда басқа елден онлайн білім алу-алмау туралы нақты ештеңе айтылмаған. Олай болса, баласын орыстың онлайн мектебінде оқытамын деген ата-аналар заң бұзушы емес қой?

Қазақстандық балаларды ресейлік білім несімен ынтықтырды деген сұраққа жауап іздеп, бірнеше сайтты ақтарып қарап көрдік. Ә дегеннен жарнамасының өзі кез келген адамды ойлантып тастайды екен.

Ресейлік онлайн мектептер негізінен «сіздің мектепте білім сапасы төмен деп санасаңыз, егер ресейлік жоғары оқу орнына түскіңіз келсе, өз еліңізде білімге қол жеткізу қиын болса, сапалы, мықты білім алуды қаласаңыз» деп бастап оқушыларды шақырады екен.

Осы мәселеге байланысты бірнеше жыл бұрын Ресейден ата қонысқа көшіп келген және орыс мектебінде мұғалім болған Салидат ҚАМБАРҚЫЗЫ: «Ресейлік білім сапасының бізден артып бара жатқан тұсы жоқ. Тек Ресей ғана емес, меніңше ТМД елдеріндегі білім деңгейі бірдей дәрежеде. Кеңес заманында еді, мәскеулік білім жоғары, сапалы деп саналатын. Қазір орыстардың өзі де дұрыс білімді Еуропа елдерінде алуға жанталасады. Ресейде де дәл біздегідей реформадан көз ашпайды білім саласы.

Қазақстандық балалар орыстың онлайн мектебінде оқығысы келетінін естіп, таңғалдым. "Өзгенің қаңсығына таңсық болуды" қоймаймыз осы. Егер сол балалардың ата-аналары баласының расымен білімді болуын қаласа, нағыз білімді Еуропа жақтан іздегені дұрыс болар еді. Ал өзіміз деңгейлес Ресейден білім іздеу меніңше білімсіз адамның әрекеті»,- дейді.

Ал осы ресейлік онлайн мектептер туралы ақпарат жинап, алдағы уақытта баласын сондай мектепте оқытсам деген жоспары бар Гүлдана АЛПЫСҚЫЗЫ: «Өз басым ресейлік білімде сапа бар деп санаймын. Бірнеше «пробный» сабақтарына онлайн қатысып көрдік. Мұғалімдерінің сабақты түсіндіруі қатты ұнады. Өз ісіне жауаппен қарайтын мұғалімдер екен. Ал бізде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің кесірінен жауапкершілігі жоғары ұстаздар күн санап азайып барады. Балам бастауышты қазақ мектебінде оқыды.

Төрт жыл бойы баламның мұғалімімен алысып, шаршадым. Өзінің жұмысына қалай болса, солай қарайды, жалқау еді. Орыс мектебіне ауыстырғанда баламның да қатты өзгергенін байқадым. Өз ойын еркін айтуды орыс мектебінде үйренді. Өкінішке қарай, бұрынғы мықты мұғалімдерінен қазір санаулысы ғана қалып, соңғы кездері баламның сабағы төмендеп барады. Ойлана келе, ресейлік білім алса қайтеді деген шешімге келдік. Болашақта Ресейдің университеттіне түссе де, үлкен жеңілдігі бар екен», -дегенді алға тартады.

Жоғарыда да сөз еттік, баласына қандай білім алуды таңдау әркімнің өз еншісінде. Десек те, ресейлік деңгейден көтеріліп, қанатты кеңге сермейтін күнге әлі жетпегеніміз қынжылтады. Бұл арада Кремльді құбыла тұтатындардың арамызда әлі де көп екенін де айту артық болмас. Сапалы білімді іздеуге өресі жеткен ата-ана бәлкім, ондай білімнің ғылымы мен техникасы қарыштап дамыған елдерде екеніне де өресі жетер деп ойлаймыз. Олай болса, ақыры білімді сырттан іздеген екенсіз, неге ағылшын тіліндегі онлайн мектептерді таңдамасқа?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото: ашық дереккөзден алынды. 

Пікірлер