Шымкентке 2200 жыл: Қаланың бүгінгі келбеті қандай?

4486
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында ортағасырлық Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200-жылдығын 2020 жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданған болатын. Осы айтулы мерекеге орай Шымкент қаласының айналасындағы шағын аудандар көркейіп, қаланың сәулеттік келбеті де арта түсті, көптеген қордаланған мәселелер өз шешімін таба бастады.

2000 жылдан астам тарихы бар Шымкенттің бүгінгі келбеті осыдан он шақты жыл алдыңғымен салыстырғанда әлдеқайда көркейіп, жаңа келбетке енген. Қала статусы еліміздегі үшінші мегаполис болып белгіленген екі жыл ішінде де айтулы өзгерістер болды. Соңғы жылдары шаһардың архитектурасы мен құрылымы күн сайын жаңаруда. Қаланың 2200 жылдығы мен биыл «Шымкент – ТМД елдерінің астанасы» атануы да оң өзгерістерге ықпал етіп, қаланың туристік аймаққа айналуына өз әсерін тигізді. Қазіргі кезде жоспарланған біршама шаруа өз нәтижесін беріп, келесі нысандар күн тәртібінде тұр. Солардың бір парасымен таныстыра кетсек:

«Ескі қалашық» – Цитадельді әрлеу жұмыстары аяқталуда.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушілер Шымкенттің көне қалалардың бірі екенін дәлелдеп, дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының назарына ұсынып, қаланың 2200 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлау мақұлданған болатын. Осы орайда Ескі қалашықта археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи кешенге айналдыру жұмыстары жүргізілді.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тамыз айының 22 жұлдызына дейін әрлеу жұмыстары – 80 %-ға, абаттандыру – 30 %-ға, археологиялық жұмыстар – 60 %-ға аяқталып қалған. Қазір жоспарға сәйкес 8 бағытта музей ұйымдастырылып, экспонаттар қойылуда. «Ескі қалашықтың» толықтай әрлеу жұмыстары жыл соңында аяқталады деп жоспарлануда.

53 шағын ауданда инфрақұрылым құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шымкентте 53 шағын аудан қаладан алшақ орналасқан. Қазір бұл тұрғын аудандарда инфрақұрылым құру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағынаудандарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен шамамен 5 миллиард теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс шағын аудан тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ 2015 жылы қала шетінен құрылған 195 және 276-шы кварталдар газ, ауызсу, жарықпен қамтамасыз етілуде.

5G жылдам интернет желісі іске қосылады. 5G іске қосудың пилоттық жобасы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда.

Балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдары үшінші мегаполистің жүздеген аулаларында пайда болды. Атап айтқанда, Нұрсәт, Тұран шағынаудандары, Достық пен Қайнарбұлақ тұрғын алаптары және Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан 10 ашық спорт алаңшасы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.

Жаңа ипподром ашылады. Бәйдібек би даңғылында орналасқан бұрынғы ипподромды жаңа орынға көшіріліп, Бозарық тұрғын алабында 24 гектар жер теліміне заманауи стандартқа сай жаңа ипподром кешені бой көтереді. Қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Денросаябаққа тағы ағаш көшеттері отырғызылды. А.Асқаров атындағы дендросаябақтың ағаш түрін көбейту мақсатында жаңа ағаш 42 түрінен 200 дана көшет, 39 түрінен 5 341 дана ағаш-бұта егілген. Бұлардың арасында Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаш-бұталардың 7 түрі, ал сирек кездесетіндердің 61 түрі бар. Саябақтағы ағаштардың жалпы саны 100 мың данадан асты.

Көшелер жөнделуде. Қаладағы бірқатар көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қыркүйек-қазан айларында Еңбекші ауданындағы Төле би көшесін, әл-Фараби ауданы Түркістан көшесінде (Әл-Фараби алаңынан Адырбеков көшесіне дейін), Еңбекші ауданы Жібек жолы көшесіндегі (Рысқұлов көшесінен Аймауытов көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстары аяқталады.

Тұрғынүйлердің сырты жаңарды. Республика және Тәуке хан сынды қаладағы маңызды көшелердің бойындағы 43 үйдің сыртқы көрінісі қайта әрленген. Сондай-ақ басқа да аудандардағы үйлердің сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қала әкімі Шымкент – ТМД елдерінің астанасы аясында барлығы 79 көпқабатты тұрғынүйдің сыртын жаңартуды тапсырған.

Апатты жағдайдағы көпірлер жөнделуде. Шымкент қаласы аумағында барлығы 36 көпір бар. Оның алтауы апатты жағдайда екені анықталып, соның бесеуінің жөндеу жұмыстарына қазынадан 926,8 млн қаржы қарастырылған. Олар: ет комбинаты маңындағы, Леңгер тас жолындағы, Маятас, Тоғыс, Елтай тұрғын алаптарындағы. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін бітуі тиіс.

Қаланың инфрақұрылымынан бөлек денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қолдау салаларында да оңтайлы өзгерістер күтіп тұр.

 

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер