Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізілуде

955

COVID-19 пандемиясы тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің алпауыт елдеріне де ауыр тиюде. Мемлекеттердің экономикасына орасан зор шығын әкелген індеттің салдары әлеуметтік саланы да айналып өтпеді.

Мәселен, АҚШ-тағы жұмыссыздардың саны 14 миллион адамға артыпты. Осы жылғы ақпан айында 6,2 миллион жұмыссыз адам болса, мамырда 20,5 миллионға дейін жеткен. Нәтижесінде АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі ақпандағы 3,8% көрсеткіштен, ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірде ең төменгі деңгейге түсіп, 13,0%-ға жетті деп жазады strategy2050.kz. «Pew Research Center» зерттеу орталығы дерегіне сәйкес, COVID-19 басталған аралықтағы жұмыссыздардың саны 2007 жылдың соңынан 2010 жылдың басына дейінгі Ұлы рецессияда жұмыссыз қалған 8,8 миллион адамнан әлдеқайда асып түскен. Ал, ҚХР Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2020 жылдың ақпан айында Қытайдағы жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайызға жеткен және ол қалыпты жұмыссыздық көрсеткішінен бір пайызға жоғары. Індеттің алғашқы ошағы болған Қытайдағы жұмыссыздардың саны алдын-ала зерттеулерге сәйкес 150-200 млн адамның арасында болмақ. Бірақ қытайлық ғалымдар экономиканы қалпына келтіру және қолдау бағдарламалары жұмыспен қамтуға серпін береді деп есептейді.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 2020 жылғы наурыз айындағы алдын-ала зерттеуіне сәйкес, COVID-19 пандемиясы алып келген экономика мен еңбек нарығындағы дағдарыс себебінен әлемдегі жұмыссыздардың саны 25 миллион адамға көбеюі мүмкін. Егер халықаралық қауымдастық 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезіндегідей уақтылы саяси шешімдер қабылдаса, жұмыспен қамту саласы үшін салдары жеңілірек болуы ықтимал екен. ХЕҰ азаматтардың жұмыс орындарын сақтау, ел экономикасы мен жұмыспен қамтуды ынталандыру, халықтың кіріс деңгейін сақтау үшін келесідей шұғыл шаралар қабылдауды ұсынады:

⦁әлеуметтік қорғауды кеңейту;
⦁ жұмыспен қамтуды сақтауға жәрдемдесу (мысалы, қысқартылған жұмыс уақытына көшу, ақы төленетін демалыстар мен басқа да субсидиялар беру);
⦁ қаржылық және салықтық жеңілдіктерді енгізу, оның ішінде шағын және орта кәсіпорындар үшін жеңілдіктер енгізу;
⦁ бюджеттік-қаржы және несие-ақша саясатында бірқатар шара қабылдау;
⦁ экономиканың белгілі бір салаларын қаржылық-несиелік қолдау.

COVID-19 пандемиясының салдары әлі толық зерттеліп бітпегендіктен, ХЕҰ әлемдегі жұмыссыздық өсімі 5,3 млн-нан (жеңіл жағдайда) 24,7 млн-ға дейін (ауыр жағдайда) құрауы мүмкін деп болжайды. 2019 жылы әлемдегі жұмыссыздардың саны  188 миллион адам болған. Салыстыратын болсақ, алдын-ала жүргізген іс-қимылға қарамастан, 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысында 22 миллион адам жұмыссыз қалған еді.

Болжамдар бойынша, пандемияның себебінен ішінара жұмыссыздық мөлшері де айтарлықтай өседі: пандемияның экономикалық салдары жұмыс уақытының ұзақтығын және еңбекақы төлеуді қысқартудан көрінеді.

Десек те, осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда жұмыссыздықпен күресі қарқынды жүргізіліп жатқанын айтуға болады. 2020 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамтылғандар 8,8 млн адам, наурыз-сәуірдегі карантинге байланысты жұмыстан шығарылғандар 4,2 млн адам болған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайызды құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 6,1 пайызға жетуі мүмкін екен. Осы орайда, биыл жұмыспен қамту шараларына 1 миллион 220 мың адамды тарту жоспарланған. Бұл жерде министрлік «Еңбек» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, Жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», ИИДМБ және т.б бағдарлама бойынша жұмысқа тұратын адамдардың болжалды санын айтып отыр. Қазіргі уақытта оқу орнын бітірген немесе жұмыссыз қалған жастарға қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орны және жастар практикасы уақытша және тұрақты жұмыс табуға көмектеседі. Министрлік биылғы жылдың 5 айында 2 мыңнан астам еңбек құқықтарын бұзу фактісін жойып, 17 мың жұмысшының 1,7 млрд сомасындағы берешегін қайтарып алуына күш салған. Еңбек кодексінің және басқа да заң нормаларының сақталуы бойынша тексерістер өткізіп, тиісті консультация беріліп келеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің хабарлауынша, Жол картасы және басқа да шаралардың көмегімен 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Осы орайда, іске асып келе жатқан «Еңбек» бағдарламасының әлеуетін пайдаланып 735 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Сонымен қоса, жеке бизнеспен айналысуға жеңілдетілген тәртіппен микрокредиттер мен гранттар алу, «Даму» және «Атамекен» арқылы кәсіпкерлікке баулу қарастырылған.

Карантинге байланысты бұрынғы жұмыс орнына қырқаруға іліккен Ғабиден БАЙТҮГЕЛОВ: «Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, екі күннің ішінде тұрақты жалақысы бар жұмысқа орналастым. Бастапқыда сенбегенім рас. Алайда тиісті құжаттары түгел адамға жұмыс та барына осы жолы көзім жетті. Қазір ай сайын тұрақты түрде 85 000 теңге жалақы түсіп тұрады. Жұмыс жоқ деп үйде жата бергеннен гөрі, бұл да болса, тіршілік қой», дейді. Ал жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген Айман НҰРЫМБЕК болса, жастарға арналған бағдарлама бойынша өзіне тұрақты жұмыс тапқанын қуана жеткізді. «Оқуымның төлемақысы әкемнің ғана емес, менің де үлкен уайымым еді. Енді міне, өзім жұмыс істеп, өз қажеттіліктеріме жеткілікті айлыққа іліндім. Жұмыс ісздеп ХҚОдағы арнайы бөлімге барып, сұрастырдым. Құжаттарымды өткізген соң, ол жердегі мамандар ертесіне хабарласып, қоғамдық қорда кеңсе менеджерінің қызметін ұсынды. Жұмысым өзіме қатты ұнады. Әрі мен үшін үлкен тәжірибе болады», дейді Айман.

Пандемияға дейін де Қазақстанда жұмыссыздықпен күрес тоқтатылмаған. Ендігі жерде бұр шара бұрынғыдан да қарқынды жүретіні сөзсіз.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы