«Біз қайыршысы көп, 42500 теңгеге күнелткен бақытты елміз»

2280

Finprom.kz.-тің хабарлауынша, Қазақстан  халқы бақытты саналатын дүниежүзілік есепте 10 сатыға көтеріліп, 153 елдің ішінде 50-орынды иемденді. Халқының бақыттылығы көрсеткіші бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерін артқа тастаған ең бақытты ел екенбіз.

Рейтингте халықтың әл-ауқатының жан басына шаққандағы (ЖІӨ) деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтарының болуы, қауіпсіздік пен болашаққа деген сенімділігі, отбасы тұрақтылығы, жұмыс қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлық деңгейі, сондай-ақ қоғамның өзге де көрсеткіштерін есептеген.

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі еліміздің тұрғындарына Finprom.kz сайтында көрсетілгендей «бақытты елміз бе?» деп сауалнама жүргізіп көрді.

Айтмұханбет КЕМЕЛХАНОВ,заң ғылымдарының кандидаты, профессор, полковник, ұстаз:

-Бақытты елміз деп есептемеймін. Адам құқықтарымен бостандықтары билік органдарымен толықтай қамтамасыз етілмей жатыр. Қайда барсаң да, жемқорлық, көзбояушылық. Мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы органдарының, сот билігінің қажетті деңгейде білімдерінің жетіспейтіндігін көріп жүрмін.

Ежелгі философтар айтпақшы, бақытты ел болу әлемнің әр азаматының арманы. Ол нақты қай уақытта бақытты сезінетіні белгісіз.

Рүстем АШЕТАЕВ, журналист:

- Бақыт дегенді әр ұлт әр түрлі түсінеді. Егер де, жері мен мемлекеті жоқ елдермен осы критерий бойынша салыстырғанда, әлдеқайда бақыттымыз деп айтуға болады.

Ал, одақ елдерінің ішінде «бақытты» болсақ, бақытты шығармыз (күлді – авт.). Бірақ, одақтағы елдердің ахуалын біліп отырғандықтан, бақытсыз елдердің ішіндегі «бақыттысымыз» деген дұрысырақ болар.

Жылбек СЕНБЕКҰЛЫ, журналист:

Тағы бір ай карантинде отырсақ, билік «бақыт» деген деген сөздің не екенін ұмытатын шығар. Осындай тапсырыспен жасалатын зерттеулер неге керек? Халық көшеге шығуға дайын отыр, қайыршылар көбейді. Мұндай «бақытты» зерттеумен айналыспай, нақты шараларды қолға алу керек.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Бұл жаңалықты бес-алты күн бұрын көріп,ішімнен бір күліп қойдым. Бақыт сенімі іс жүзінде басқаша болуы мүмкін. Оны  мемлекет тұрғындарының өзін жайлы сезіну көрсеткіші деп білемін. Бақытты деген тым қатты айттылған шығар,  дегенмен де белгілі деңгейде өз-өзін жақсы сезінетін көрсеткіш. Әрине, бізде жемқорлық өте жоғары деңгейде, Батыс елдерімен  салыстырғанда тұрмыс деңгейімізде төрт есе айырмашылық бар.

Десе де сауалнаманы халықтың фантастикалық адасуы немесе пропоганистік әрекеттердің әсері деуге болмайды. Мұнан отыз жыл болса да қанағаттанарлық сезімі әлі көмескіленбегенін байқауға болады.

Еліміздің тұрмыс дәрежесі жаман емес, Өзбекстанмен салыстырар болсақ, біздің тұрмыс деңгейіміз (ІЖО) 2,5 есе жоғары. Коронавирус болмаса, ішкі жалпы өнім 4,5 пайызға өсетін еді.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Соңғы кездері елімізде кедейшілік үдеп барады. Жұрт сөз бостандығына тұсау салынған деп шулап жүр. Ғылым мен білім құлдырап кетті. Жетекші қызметкерлер тарапынан жемқорлық әрекеттер саны күрт өсіп келеді. Оны шетел де біліп отыр. Сонда біз қай көрсеткіштермен алдыңғы орыннан көрінуіміз мүмкін...

Айнагүл ХАНГЕЛДІ, Алматы облысының тұрғыны:

"Карантин кезінде дәрі таппай қиналдық. Әйтпесе, былай аман-есен жүрміз. Басты бақыт- денсаулық пен еліміздің тәуелсіздігі деп білем".

Айдар АСАНБАЙ, жұмыссыз:

"Өте бақыттымыз! Шынайы бақытты екенімізді осы жылғы карантинде сезіндік ау?! Жайшылықта түрлі айыппұлға жүздеген мың ақша салатын билігіміз халқы үйге қамалып, ас сусыз қалғанда, 42500 теңгені садақаға бергендей таратты. Осы ақшаны алмай, қиындықтан титықтаған азаматтарына сұрау салған үкімет болмады. Осындай шенеуніктері мен үкіметі бар біз әрине, бақыттымыз. Жемқорлықтың етек жайғаны сонша, карантин кезінде блок посттардан ақша қыстырып әрі бері өткен ел біз ғана шығар?! Бұл да біздегі бақыттың бір ұшқыны. Сөз бостандығы, адам құқығының дережесі біздің елде тек табанның астында қалғаны сонша, аузын ашқанның бәрі «сазайын» тартуда. Қазір ақша сұраушылар көшеде емес, әлеуметтік желіде де қаптап кетті. Демек, қайыршысы көп бақытты Қазақстанбыз. Біз қайыршысы көп, 42500 теңгеге күнелткен бақытты елміз".

Біз сұрау салған адамдардың жауабы осындай болды. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 Гүлвира АСҚАР,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы