Жемқорлық жыры қашан тоқтайды?

4533
Adyrna.kz Telegram

«Бюджеттен ақша ұрланды, қаржы жымқырылды» десе, таң қалмайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жаңалықтарды естуге ет-құлағымыз үйреніп кеткелі қашан? Бүгінде ақшаны қалтаға басатын жемқорлар көбеймесе, азайған жоқ. Қайтпек керек?

Өте қауіпті симптом

Күні кеше Президент жемқорлықты «қауіпті сиптомға» теңеп, күресу бағыттарын ұсынды.

«Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан.Шенеуніктердің ішінде екі облыс әкімі де бар. Мұның өзі "өте қауіпті симптом», – деді ол.

Сондай-ақ, Тоқаев бұл мәселеде ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс екенін айтып, жемқорлық үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды.

1002 жемқор сотталды

Өткен жылы бюджеттен 24,6 млрд теңге жымқырылып, 1002 лауазым иесі сотталған.

Тойымсыздар қайдан шығып жатыр?

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары жасалып жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Шенеуніктер бірінен кейін бірі ауысқанымен, түйіткілдер сол күйі шешілмеді. Қайта оларбилікке «бұрынғы басшыға қарағанда көп жеу керек» деген ұранмен келeтіндей ме, қалай? Осы тұста әлем елдерінің күресу тактикасына көз жүгіртіп көрелікші.

«Егер сіз жемқорлықтың жойылуын қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңызды түрмеге тоғытуға дайын болыңыз»

Дәл осы ұстанымды ұстану арқылы Ли Куан Ю жемқорлық жайлаған Сингапур елін 30 жылда тығырықтан алып шықты. Бүгінде бұл ел дамыған елдер қатарында. Премьер-министр елдегі  бүкіл заңнамаларды өзгертіп, жазалауда ешкімді аямады.

«Жемқорлар жойылмай, жемқорлық жойылмайды»

Қытайда пара алған адамды көпшілік көзінше өлім жазасына кеседі. Соңғы 10 жыл ішінде елде 10 мың шенеунік атылып, 120 мың жемқор 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Ал Біріккен Араб әмірлігінде жемқорлардың қолын кеседі.

Осы тұста бізге де қатал заң керек пе деген ойға келесің. Себебі,  көрсеткіштер жемқорларды түрмеге тоғыту арқылы мәселені шеше алмайтынымызды дәлелдеді. Тойымсыздарды тегін тамақпен қамтамасыз еткеннен біз не ұттық? Араларында ауызбастырық беріп, жазадан құтылғандары, мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, тайраңдап жүргендері қаншама? Еліміздегі ахуал осылай жалғаса берсе, жемқорлардың жұлыны ешқашан үзілмес..

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер