Тиран әкеге неге тосқауыл жоқ?

1594

“Аружан  Саин! Неге мен сенің қызметіңді атқаруым керек?! Менің әрбір жазғанымды оқып отырсың, білем. Егер мына әйел өзіне қол жұмсаса, балалары кімге қалады? Қысқасы, орныңды босата салып, ЗАҢ білетін әйел адамға өткізе салсаң игі еді. Дұрысы сол!!!”

Белгілі тележурналист Бибігүл Дәулетбекқызы балаларды қорғаушы Аружан Саинға осылай деп үндеу жолдады. Бірақ омбудсменнің тарапынан ешқандай әрекет жоқ. Үндеу жауапсыз қалуда.

2007 жылы тұрмыс құрған Ләззат Ерназарованың күйеуінен көргені тек қана таяқ. Әкесі: "Ажырассаң бізді қарабет қыласың" деген сөзі себепті тиран күйеуінің қорлығына төзіп жүре берген. Сондай-ақ, өздері Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаркент қаласы маңында таудың бас жағындағы шалғай ауылда тұрған. Міне, осылай айдалада зорлықтың құрбаны болып, 4 баласын дүниеге әкеліп, бесіншісіне аяғы ауыр болғанында құрсақтағы 7 айлық баласымен үйден қашып кеткен. Ләззаттың оқиғасын толығырақ  YouTube желісінде

">“Аялы алақан” бағдарламасынан біле аласыз.

Ләззат екі рет соттан жеңілді. Үшіншісінде «Аялы алақан» бағдарламасының эфирінен шыққаннан кейін Панфилов аудандық соты Ләззат Ерназарова жағына шықты.

Осыдан 2 апта бұрын Бибігүл Дәулетбекқызының бастамасымен жалғыз басты ана 5 баласымен жаңа пәтерге көшкен болатын. Алайда, экс-күйеу 3 жылдан бері Ләззатқа әлі де тыныштық берер емес. Енді көпбалалы ана үрейде отыр. Ләззат бұрынғы күйеуі Амангелді Мамырбаевтың үстінен Алматы қаласы, Алатау ауданына барып шағымданды.

Балалар неге әкелерінен қорқып өмір сүру керек?! Жат адамнан теперіш көрген бала ата-анасынан пана іздейді. Алайда ата-ана да баласынан безінсе, қоғамның қайда барғаны? Ет сасыса, тұз себеміз. Тұз сасыса не себеміз?

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы