Бүгін - филология ғылымдарының докторы, профессор РАБИҒА СЫЗДЫҚ дүниеге келген күн

3104
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - филология ғылымдарының докторы, профессор РАБИҒА СЫЗДЫҚ дүниеге келген күн. Ғалым қазақ тіл білімінің дамуына бар ғұмырын арнап, "ана тілінің Абыз-Анасы" атанды. Ғ.Мүсірепов айтқандай, Р.Сыздықтың екі тілде жетік білуі әріптестеріне де, жастарға да үлгі-өнеге бола алды. М.Әуезов  «Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас» деген баға берсе, Қ.Аманжолов «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды...» деп өлең арнаған.

«Адырна» ұлттық порталы біртуар тұлғаның қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынады.

- Ғылымда азды-көпті жұмыс істедім. Соның бәріне жетелеп әкелген намыс.
- Ең әуелі әйел болыңдар. Қонағың күтулі, асың пісулі болсын. Еріңнің жағасы кір боп жүрмесін. Баланы жақсылап тәрбиеле. Төркінің мен қайын жұртыңды табыстырып отыр. Осылардың бәрінен уақыт артылып жатса ғана одан кейін ғалым боласың ба, залым боласың ба, өзің біл.
- Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек. Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды.
- Ресми дәреже алу ғалымдықтың нағыз белгісі деп айта алмаймын.

- Тіл ұстартуға тек қазақ тілі мұғалімі емес, барлық қоғам мүшелері, отбасы, басқа пән мұғалімдері жұмылдырылуы тиіс.

 

- Жаңалық ашамын, зерттеймін деген адамға ғылым айна. Сенің жазған еңбегіңді басқа біреу де жазуы мүмкін. Бірақ халыққа қажеттілігіне, құндылығына қарай уақыт өте өзі ақ сараланады.
- Оқытушылық деген дүниедегі ең жақсы мамандық. Әрине, қиын. Төлейтіні аз. Соғанқарамастан, ең жақсы мамандық қой. Бұндай жұмысты дұрыс ұйымдастыру, оңай шаруа емес. 95 жыл өмір сүріп, нені білдің дейсіздер ғой. Осындайды білдім, ненің оңай, ненің қиын екенін. Мені 95-ке келдіңіз деп қуанып жатырсыздар ғой. Енді 1-2 жылда кетіп қалмауға тырысармын.

Естеріңізге сала кетейік, Рабиға Сыздық таяуда ғана 96 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

 

Диана АСАН,
«Адырна»
ұлттық порталы

Пікірлер