Сейтен мен Тайжан батырларды неге ұмыттық?

7552
Adyrna.kz Telegram

ХІХ ғасырдың бел ортасына таман қазақ даласын дүбірге толтырып өткен қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі – Кенесары хан Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1837-47). Енді екі жылдан соң осы тарихи оқиғаның бастау алғанына 185 жыл толады екен.

Кенесары көтерілісі жайлы жан-жақты жазылып жүр. Және оған байланысты әңгімелерде ханға қолдаушы болған өзінің інісі Наурызбай батыр, Шұбыртпалы Ағыбай батыр, Төртуыл Жанайдар батыр, Қыпшақ Иман батыр, Тама Танаш батыр, Бұғыбай батыр, Қыпшақ Басықара батыр, Нысанбай жырау т.б. адамдардың аттары аталып жатады. Бірақ осы көтеріліске барынша қолдау жасап, Баянауылдағы Сүйіндік-Қаржас елінің Кенесары қолына қосылуына мұрындық болған Сейтен және Тайжан Азынабай балаларының есімдері бүгінде ел жадынан өшіп барады. Шындығында сол заманда ұлт тәуелсіздігін аңсап, соның жолында қолда бар дәулеті мен Ресей билігі берген лауазымды тәрік етіп, ақырында бірі мылтықтың аузына байланып, бірі Сібірде қалған Сейтен мен Тайжан сынды қос қабыланның бүгінгі тәуелсіздік заманда ұмыт қалуы өкінішті-ақ.

 

Сейтен мен Тайжан кім десеңіз, күні бүгінге дейін Баянауланы жайлап жатқан қалың Сүйіндік-Қаржастан шыққан батырлар. Қаржас ішіндегі Мырзағұлдан Ақмырза, одан Азынабай туады. Бұларға ежелден дәулет бітіп, құт дарыған тұқым. Қазір Ақмола облысының Ерейментау ауданында Сілетіге барып құятын Ақмырза деген шағын өзен бар. Сол тұстағы ауылдық округтің де атауы – Ақмырза. Оның себебі, сол уақыттарда Баяндағы Сүйіндік елі жаз жайлауға – Ереймен таулары, Сілеті бойы, тіпті одан әрі Көкшетауға, теріскей беттегі Домбыралы-Моншақты, Есіл-Нұра бойына дейін шығып жүрген. Осы өңірлерде Сүйіндік еліне байланысты сақталып қалған топонимдер соның куәсі.

Ұлт тарихының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында: «Қаржас Ақмырза батырды Абақ Керей Жәнібек батыр жайлауға таласын өлтіріпті» – дейді. Олай болса, Ақмырзаның сүйегі осы өзеннің бойында жатқаны анық.

Ақмырза баласы Азынабай мыңдап жылқы біткен сол замандағы дала алпауыттарының бірі. (Бір деректерде 17 мың жылқысы болыпты дейді). Баянаулада Ақмырзаның Қарақуысы деген жер бар. Жылқысын сол жерге қамап түгендейді екен Азынабай жарықтық. Қарақуыстың іші толса, жылқысы түгел деген сөз.

Осы Азынабайдан Кенесары көтерілісінің бел ортасында болған Сейтен мен Тайжан туады. Екеуі де өз заманының ерен тұлғалары. Қолдарында атадан қалған бақ пен дәулет бар. Ереймен мен Баянды қатарынан жайлап-қыстап, не ішіп, не кием деген кісілер емес. Оның үстіне патша билігі Сейтенге Баянауыл сыртқы окургінің қазысы (заседатель) деген қызмет те береді. Қысқаша айтсақ, жалғанды жалпағынан басап жүретін жағдайлары болған.

Бірақ бұлар осының бәрінен елдің намысын, халықтың бостандығын жоғары қойған. Өз бастарының байлығы мен бағын емес, елдің мұңы мен мұқтажын, қасіреті мен қайғысын ойлаған шын мәніндегі ұлт жанашырлары еді.

Сейтен мен Тайжан жайлы әңгімелемес бұрын, мына бір жайтты айтып кеткіміз келеді. 2005 жылы «Өмір шежіресі» деп аталатын шағын кітап басылып шыққан болатын. Осы кітаптың ішінде «Сейтен-Тайжан оқиғасы» деп аталатын әжептәуір ұзақ хикая бар. Қазір бұны көп адамдар өз еңбектеріне пайдаланып, ғаламтор желілеріне салып жүр. Аталмыш хикая Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің атынан баяндалады. Олай дейтініміз, бұл дүниелерді қағазға түсіруші Саққұлақ бидің баласы Ералы болыс әңгімені «әкем айтушы еді» деп бастайды. Кейін бұл жазбаларды Ералының баласы, филология ғылымдарының кандидаты марқұм Тұрсынбай Ерғалиев өңдеп, бір жүйеге келтірген секілді. Себебі, кітаптың авторлары ретінде Ералы Сақұлақұлы мен оның баласы Тұрсынбай көрсетіледі.

Бұл еңбектің құндылығы – Кенесары көтірілісі және оның Ақмола бекінісін шабуы жайлы нақты деректер береді. Баяндалатын әңгіменің біразы Кенесары қолының ішінде болған Қанжығалының Сағыр атты биінің аузымен баяндалады. Бұл Сағыр би де Бөгенбай батырдың Тасыбек (Тасбақа) атты баласынан туған немересі.

Кенесары Баяндағы Қаржас елін аударып әкетуге келе жатыр дегенді естігесін, ханның одан кейінгі беті қалай боларын білмекке Бапан би (Саққұлақтың әкесі) осы Сағырды көтерілісшілердің ішіне жансыз етіп жібереді. Сөйтіп, Қаржас ішіне барған Сағыр би Кенсарының бұл елді аударып әкетуін көзбен көріп, Ақмола бекінісін шапқанда сарбаздардың ішінде болып, кейін көрген-білгенінің бәрін Бапан мен Саққұлақ билерге баяндаған.

Осылай Бапан бидің тапсыруымен Қаржас ішіне бір даулы жұмыспен барған болып, Сағыр би Сейтен-Тайжан ауылдары мен Шорман ауылына кезек қонып жата береді. (Шорман би ол кезде қайтыс болған – С.Б.). Сол жерде ол Сейтен, Тайжандармен танысып, әбден сыр ақтарысып әңгімелеседі.

Былай деп еске алады Сағыр: «Бір бос уақытта Сейтен маған сырын айтты: Ауып кетуге (Кенесарыға еріп – С.Б.) бел байлап тұрмыз. Кетпеске енді шара жоқ. Бірақ бастап бара жатқан қолбасымыздың мақсаты белгісіз. Егер ол ұлттың тәуелсіздігі болса, тілек сол ғой. Ал, өз басының хандығы болса, қайтып келіп, үйірге қосылармыз деді» – дейді.

Міне, Сейтен мен Тайжанның да аңсағаны тек ұлттың тәуелсіздігі, елдің бостандығы екен. Бірақ мақсатына жете алмаған қос боздақ осы жолда жандарын пида етіп, арманда кете барады.

Аталмыш кітапта: «Сейтен байқұс ерекше адам еді» дей келіп, Сағыр би былай жырлап кететін» деп жазады:

Ақылына тоқтасам,

Асып туған данышпан.

Өнеріне тоқтасам,

Хакімдермен жарысқан.

Келбетіне қарасам,

Ай мен күндей тоғысқан.

Шешендігін айтсам,

Нелер бимен соғысқан.

Батырлығын айтсам,

Аждаһамен алысқан.

Қажырына қарасам,

Қараағаштай жауына,

Қажымай қарсы барысқан.

Сабырына тоқтасам,

Қандай жерде болса да,

Серттен қайтпай қарысқан!

Міне, Сағыр би Сейтен батырды осылай суреттейді.

 

Енді Кенесары қолының Ақмола бекінісен шабуы, Сейтен мен Тайжанның ерлік қимылдары жайлы тағы да Сағыр бидің әңгімесіне үңілелік.

«...Бір мезгілде «Абылайлап» ұран салып, қол тобын жазбастан лап қойды. Қолбасы – Тайжан. Ішінде Кенесарының өзі де бар. Бұғыбай да бар. Мен тағы кеттім. Солдаттар қолдың басып кіруге айналғанын көрген соң, кейін шегіне бастады. Бірақ тобын жазған жоқ. Атып отырып қалаға кірді. Артынан ілесе садақты үзбей тартып, «Абылайлаған» ұранмен жер жаңғырықтырып қол да кірді.

...Бізбен бірге шығыс жақтан – Наурызбайдың, солтүстіктен – Ағыбайдың қолы келіп кірді. Келсек, қала опыр-топыр. Қатын-қалаш, бала-шаға шулап жүгіріп жүр. Дүкен біткен ашулы қалпымен қалыпты. Бұлы шашылып жатыр. Кеңсе біткен тағы сондай. Бар еркек қашып кеткен. Біраз солдат қаланың ортасындағы казарма деген тесік үйге тығылып, содан күрс-күрс мылтық атып тұр. Қоңырқұлжаның өзі де солармен бірге сонда тығылыпты. Келген бетте қол казармаға қарай бет қойып еді, алдынан бір-екі кісі оққа ұшып жығылған соң, тайып шыға берді. Сейтен мен Тайжан екеуі қолына екі шиті мылтықты көлденең ұстаған, екеуінің де белінде шашақты ақ найза. Астарында аузымен құс тістерлік семізден қатырып тастаған екі боз ат. «Абылайлап» ұран салып, шегінген қолды қайта серпіп, казармаға айдады. Өздері қолдың біресе алдына, біресе артына шығады. Бір кезде қол бет қойып, казармаға есік пен төрдей жер қалды. Сол кезде тесіктен атқан мылтық күрс ете түсіп еді, қолдың алдына түсіп бастап жүрген Тайжанның атына оқ тиіп мұрттай ұшты, алдыңғы қатардан 4-5 кісі жығылды. Қол қайта серпілді. Тайжан біреудің атының құйрығынан ұстап, ілесіп аман шығып кетті» – дейді.

Енді осы оқиғаны түгел көшіре бермей, қысқаша мазмұнына тоқтасақ, Кенесары қолы Ақмоланы шауып, Қоңырқұлжа төренің 12 мың жылқысын тік көтеріп айдап алады. Осыдан соң біраз уақыт өткеннен кейін Тобыл бойындағы қыпшақтар – Балқожа, Ханқожалардың ауылын шабуға аттанады. Ауылда қалған қатын-қалаш, бала-шаға, малшы-қосшыға өзінің Жағыпар деген баласын бас-көз қылып қалдырады. Осы кезде бұларды патша әскері келіп шауып, біраз адамды өлтіріп,  ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқындап әкетеді. Осыдан соң Кене хан: «Дұшпанға тұрақ-жайымыз белгілі болып қалды, бұл жерден ауып кетейік» – дейді. Және өзінің хандығын нығайтпай тынбайтынын, мақсаты Абылайдай әмір жүргізетін хандық екенін, оңтүстікке барып күш жинап, қайта оралатынын айтады. Бірақ Сейтен мен Тайжан бастаған қаржас тобы бұған қарсы болып, ақыры олар осы жерден екіге айырылады.

Осылай Кенсарыдан бөлініп қайтып келе жатқан Қаржас-Талас атасының бір ауылына Саққұлақ би тап болып, мәселенің анығын сұрап білгенін айтады аталмыш кітапта. Бұл ауылдың айтуынша, содан бірер күн бұрын Қоңырқұлжа төренің баласы Бегалы келіпті, қасында оншақты орысы, Иван Семенович деген дөкейі бар. Сейтен мен Тайжанға «келіп жолықсын, кінәсін сұрап аламыз» деп сәлем айтады. Осы сөзге сеніп келіп қалған ағайынды қос батырды дереу тұтқындап, Тайжанға сол арада елдің алдында бір бие сауымы уақыт дүре салып, екеуін де Ақмолаға алып кеткен екен.

Кенесары мен Наурызбай қаза болып, көтеріліс басылған соң, оған қатысы болған адамдарды Ақмолаға шақырып, тергеу жүреді. Олардың ішінде – Қаржас Мұса мырза, Қанжығалы Бапан би, Сағыр би, Бөгенбайдың тағы бір немересі Жылқыбайдың Төлегені бар. Тергеуге сол жерде тұтқында жатқан Сейтен мен Тайжан да әкелінеді.

Енді осының бәрін тергеу үстінде көзімен көрген Сағыр бидің естелігінен қысқаша: «...Көзім бір түсіп кеткенде, Сейтен мен Тайжанның өңінен шошып кеттім. Шаштары өсіп үрпиген, мұрты да өсіп төмен түскен. Беттері әбден арықтап солған, шалбар-шалбар. Мұрындары қоңқайып шығып кеткен, қабақ-жақ сүйектері шодырайып бөлектеніп кеткен, тамырлары көкпеңбек болып білеуленіп тұр. Беті мен мойнында көгерген таңба бар, не таяқтан, не жығылғаннан түскен сияқты» – дейді.

Осы тергеуден соң Сейтен мен Тайжаннан басқасының бәрі босатылады. Кейін Ақмолаға тағы да барған Сағыр сол жердегі Ысқақ хазірет деген татар молланың үйіне тоқтап, шай үстінде Сейтен мен Тайжанның жағдайын сұрайды.

«Молла көзін төңкеріп аз отырды да: «Тайжан дарылбақая рахлат айлады, дұға қылыңыз деді. «Дарлыбақая деген сөзіне түсінгем жоқ, бірақ «дұға қылыңыз» дегенінен о дүниелік болғанын білдім» – дейді Сағыр.

Енді Тайжанды атып өлтірердегі сәтті Ысқақ молла былай деп әңгімелейді:

- ...Бір кәмірдә Тайжанның жалғыз ғана өзі екен. Аяқ-қолы бұғаулы. Темір білән бекітілген. Суд хүкім утвердить етілгәнін жариялады, мен тәржима еттім. Әй, бек аяныш хал. Айтарға болми. Әлдә бир нени сөйләп, есірік кісігә ұқшап кетті. Жан ашиғы шығар деп ойлаймын, сұлтанға қарсы ұшып ұмтылды. Бір жасауыл итәріп жығып жібәрді. Андан кейін суд білән сұлтан қайтты. Үш жасауыл, бір ғаскәр райсы мен бешеуміз хұкімді орындарға байқатта алып жүрдік. Бәрібіз де жаяубыз. Шонда мұсафир Тайжан «молдаекеңбісің» деп, мәні құша берә. Қашан атлар жәргә барғанша, шолай етті дә отырды. Бір мәртәбә құша, бір мәртәбә судия, шондай аяныш халда болды. Аяқ-қолындағы темір бұғау шондай ғазап екі қолын артынан оларға болми. Біләкләрінен шегә бірлән бекітіп қошып ташлаған. Аяқларының арасында бектар қылып қошқан, қадам сайын сүрініп жығыла берә хәм аяқ бірлән қолдың арасын тағы қошып бұғаулаған. Аларды арқасы өзірә байланыстырған, жүрергә хәлі иоғлықтан жығылған шақта, жасауыллар мылтықтың арты білән сабап жәбіре, хай, бек аяныш хал. Байтаққа барғаш, жерә тікеләй орнатқан столба тұрды. Қара, ақ бояу білән алалап бояған. Жасауылдар Тайжанды сона таңып бағлады. Бағлаған жерде бек қышырып бақырды, һай, һеш маһлұқ шыдап тұрарға мүмкіндік түгіл. Мен жанында иман айтып тұрдым. Мүсафир атар алдында:  «Ел-жұртқа сәлем дегін» – деді. Андан соңыра райыстың командасы білән бір жасауыл атып жібәрді. Қолын бір ғана қозғарға һәлі болды, жаны ұшты. Шолай  марқұм дарылһуннан дарылбақая раһлат айлады. Оқ дәл қалыбынан тиген екен, марқұмды столбадан шешіп, шол дергә намазлап, кебінләп дәфик еттім» – депті.

Осылай... Ел бостандығы үшін ақырып атқа мінген есіл ер бір түйір қорғасынға байланып ажал құшып кете барады. Асыл рухы Алланың назарында болсын дейміз, басқа қолдан не келеді...

Сағыр би сол жерде Ысқақ хазіреттен: «Сейтенді қайтті?» – деп сұрайды. «Сейтенді Сибирге мәңгілік айдауға хұкім болған екен, өткен күні азандағы сағат тоғызда жаяу айдап кетті» депті молла.

Жоғарыда аталған «Өмір шежіресі» кітабында айдалып кеткен Сейтен батыр жайлы мынадай дерек тағы да Саққұлақ бидің аузымен баяндалады:

«...Сүмбіле айының бас кезі. Ауыл Абылайша көліне жаңадан қонған. Пәуескеге үш ат жеккен, алдында екі салт аттысы бар жолаушылар ауылдың сыртына келіп тоқтай қалды. Жөн сұрасқандарға, «нағашысы Шорман ауылына бара жатқан Шыңғыс төренің баласы» екендігін айтысыпты (Шоқан Уәлихановты айтып отыр – С.Б.). Қарсы алып, үйге кіргіздік. Төре сыбағасы деп жылқы сойып, күтіп жатырмыз. Төре 15-16 жас шамасындағы жас бала екен. Сөз әлпетіне қарағанда қандай үлкен болса да жаңылтқандай, қандай шешен болса да таласқандай түрі бар. Көрмегенді көргісі келеді, білмегенді білгісі келеді.

...Төре бала Сейтен айдалып барғаннан кейін не болғаны жөнінде тағы бір хабар айтты: «Өмір бойына кесіліп Сейтен Туринск деген жерге айдалған екен (Ресейдегі Свердлов облысы – С.Б). Сол жерге айдалып барып келген Ғұбайдолла сұлтан оны көріпті. Бұл кісі үй ішімен жіберіліп тағайындалған арнаулы үйде еркімен тұрған екен. Үкім еткен сегіз жылын бітірген соң, қайтып келген болатын. Осы кісінің айтуына қарағанда, Сейтен осы күні тұтқыннан бос, сол жердің тұрғыны ретінде болып, еркімен жүреді. Әйелімен бірге айдалып келген бір татар өліп, соның әйелін алыпты да, үйлі адам ретінде тұрады-мыс. Әдетінде бұрыннан сәуірік пішу бар екен. Соны негізгі кәсіп қылып алыпты. Тұрған жері мал өсіретін халық болған екен. Солардың малдарын пішіп, тағы басқа жергілікті адамдардың кәсіптерімен айналысып, күн көргіш өмір жасайды-мыс».

 

2010 жылы жарық көрген «Баянауыл перзенттері» атты кітаптағы Қаржас атасының шежіресіне үңілсек, Сейтен Азынабайұлы шамамен 1800 жылы туып, 1840 жылы қаза болды, Тайжан Азынабайұлы шамамен 1802 жылы туып, 1839 жылы қаза болды деп жазылады.

Олай болса, Сейтен батырдың туғанына биыл – 220 жыл толады екен. Енді бір жылдан соң, оның інісі Тайжанның туғанына осындай жыл толмақ.

 

Бүгінде Ертіс-Баян өңірінен шыққан талай жақсылар дәріптеліп жатқанда, шын мәніндегі халықтың батырлары Сейтен мен Тайжанның ұмыт қалуы – бүгінгі ұрпаққа және Баянауыл еліне үлкен сын.

 

Сайлау Байбосын

 

 

 

 

 

Пікірлер