Тоғжан-ғұмыр

936

Балғын кезім..

Тылсым жəйтқа шалқып, іш.
Жылдағыдай жоқ, ойнау мен артық іс.
Айна алдына жиі-жиі келтірген,
Бойжетуге  деген жылы  талпыныс.

Өз-өзімнен достарымнан жырақтап,
Көңіл шіркін, жалғыздықты ұнатты-ақ.
Есі дұрыс əн тыңдасам мақұл ғой,
Құлағымда жүреді, ылғи, құлақ қап.

Бұл үрдіске болмас дегем басында ем,
Сұлу да өзім, əнші де мен, ақын- мен.
Бірде анам, "Абай жолын" əкеліп
"Оқы" деді..
"Алысқанша шашыңмен"

Тұрғанымды көзіне ілмей, өкпелеп,
"Болды, ботам, күн өткізбе текке" деп.
Сосын,анам, бірнеше том кітапты
Қойды əкеліп, үстеліме текшелеп.

Жатты кітап, үстелімде неше күн.
Бір айқайы естілгенше шешемнің.
Албырт көңіл қайдан білсін сол кезде,
Оқымасам, кететінін  есемнің.

Қолға алуға батпаса да батылым.
Ішімде бір, қамшы болып жатыр үн.
Алғаш рет "Абай жолын" қолға ұстап,
Алабұртып, бетін аштым ақырын.

Кібіртіктеп, түсіне алмай бірден мен.
Сосын, кітап сырлас етті түндермен.
Бірінші бет..
екі..
үш..
жүз..ухһ, ғажап
Оқып шықтым, от боп шықтым бір деммен.

Дей алмайсың, жүрегіңе, толғанба.
Себебі.. пəк махаббат бар, ол, маңда.
Шашбауының сыңғырына сыр ілген,
Мен, айналып кете бардым Тоғжанға.

Сүйсем дедім, күйсем дедім Тоғжандай..
Аласұрып, алып шығар жол қалмай.
Ши ішінде  шидем киіп сынықсып
Сүйгеніңді күту бақыт- толғанда, ай.

Сен не деген, керім едің, тууу..бақыт.
Кеуде тұсты қоймайсың-ау, тулатып.
Келсе дейсің, ақбоз мінген бір сері
Үркер туа, ауыл итін  шулатып.

Шоқ тақияң  маңдайды ашып екі елі,
Шəйі көйлектің жер сыпырып етегі.
"Хош" дегізбей, аттанарда серінің
Шаужəйына жабысқым кеп кетеді.

Шыр айналып шықпасада шекеңде ой.
Махаббатсыз өмір сүрмек, бекер ғой.
Бір адамды құлай сүю үшін де,
Ұлы болу.. міндет емес екен ғой.

Қосылмапты..
Күн-сұрланып,
Жылады, ай.
Сол заманның салтқа берік,сынағы-ай.
Өксіп тұрдым..
Жүрегімнің ішінде
Өмір сүріп жатқандықтан, бір "Абай"..

Тиіспеңдер!
Махаббат- жыр,
Күйік-шер.
Əр əріпін, əр буынын  сүйіп, тер.
"Абай жолы" - Адам жолы  қым-қиғаш,
Ал, адамдар..
Кітаптағы  кейіпкер.

Мехнат Теміртасқызы

Пікірлер
Редакция таңдауы