Абай алды – Дулат

6764
Adyrna.kz Telegram

            Дау жоқ, Абай поэтикасының табалдырығына ең тақау тұрған сөз шебері – Дулат Бабатайұлы.

Бұл тараптағы тақырыпты зерттеу мен зерделеудің көкейкестілігіне Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты көрнекті ғалымдар уақытында арнайы назар аударған болатын. «Абайдың Бұқар, Шортанбай, Жанақтарға қатынасы Пушкиннің Державин, Жуковскийлерге ілтипатын еске түсіреді. Ал Абай мен Дулаттың қоян-қолтық ымыраластығы Пушкин мен Лермонтовтың шығармашылық тығыз байланыс, етене жақындастығына орайлас»,  – дейді әдебиеттанушы Т.Шапай.

Рух айғақтары, мінез құбылыстары, әлеуметтік жіктер, тұрмыс реалиялары және тағысын-тағылар – бұлардың қай-қайсысының да шығармашылық объект ретіндегі идеялық-поэтикалық интерпретациялары Дулаттан Абайға қарай тыңая тереңдеп, түрлене тұтасып, күрделене, көріктеле береді.

Тіл мамандарының түгендеуінше, Абай өз шығармаларында алты мыңдай сөз қолданыпты. Оның ішінде «көз» сөзі тура да, тұспалды да мағынасы бар – 49 түрлі тіркесте кездеседі екен. Абайдың осы «көз»  сөзін және бұл лексеманың «ой» сөзімен тіркесуінен туған – «ой көзі» деген метафоралық жұптың жайын қуалай қарастырғанда, біз Дулаттың әдеби дүниесіне барып тірелеміз.

Абайдың «Көзінен басқа ойы жоқ»,  «Мәз болады болысың», «Көңіл құсы құйқылжар шартарапқа» атты өлеңдерінде мынадай жолдар бар:

Көзінен басқа ойы жоқ,

                        Адамның надан әуресі.

*****

Көзі  барлар ойының

                        Күлер к... ашқанға.

*****

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

                        Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Бұл үзінділердегі «ой көзі» тіркесін сауатты оқырманның қиналмай қабылдары хақ. Тек «Көзінен басқа ойы жоқ» деген сөйлем ғана санаға аздап салмақ салады. Кейбір зерттеушілер бұл қатарды «Өзінен басқа ойы жоқ» деп жазып жүр. Ал расында оны «редакциялау», сөйтіп «көзді» – «өз» қылу қажетсіз. Мәселенің төркіні  – Абайдың «Жетінші сөзінде»: «Жан бізді жас кезімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық... Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуаннан неміз артық?..». Сонымен, мұнда «көз» сөзі физиологиялық функция атқаратын адам ағзасын білдіріп қана қоймай, ақылға ашылатын арнаны сілтеген философиялық ұғымды да ұйытқан. Ендеше, «Көзінен басқа ойы жоқ» деген тіркес – Абай поэзиясында надандықтың бір номинациясы. Бұдан бұрынырақта Дулат өзінің кемсана кейіпкеріне былай дегізіпті:

Сөзім бар да, көзім жоқ,

                        Көзім жоқ деп жатпадым.

Сондай-ақ, ол мұнымен іліктес:

Есерсоқ өңшең мастары,

                        Бұзақор, ойсыз жастары

                        Алжыды деп Дулатты,

                        Келеке етіп күлерсің.

                        Менің айтқан бұл сөзім, 

                        Саналы болса ой көзің,

                        Өлең емес, жыр емес,

                        Басыңа түссе білерсің!

деген жолдарды жазған.

Алдыңғы екі тармақ Абайдың: «Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары», – дегенін еске түсірсе, одан әрі бізге керек – «Саналы болса ой көзің» дейтін қатардың да астары ашылады. Ол – Дулаттың Абайға  тартқан  шығармашылық сыйының бір көрінісі.

Әрине, «жан» мен «тән» мәселесіне табан тірегенде, Абай Дулаттан «қара үзіп» кетеді. Адамның жүрек теңізіне, сезім орманына, ақыл қиясына тиесілі тылсымдарды нақты, нақышты әрі нәзік бейнелеуде ұлы ақынның ұтысы айқын. Мысалы, Дулат өз жұртына: «Бейнең қандай болды екен, Қарасаңшы бір мезгіл Қолдарыңа айна алып», – деп ашына ақыл айтса, Абай: «Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмады өңгесі», – деп тереңнен тербейді. Қолдағы айна мен Жүректегі айна бейнелерінің арасы – «алты айшылық жол»; қайткенде де, бұл – Абай мен Дулатты бөліп тұрған белес. Дулат жырларындағы мақтан(«Мақтан деген – алтын ер Арқасына талайдың Аяңшыл қылып батқан ғой»), құмарлық, өсек, өтірік(«Құмарлық, тасқын, мақтан – жел, Өсек-өтірік – ұшқыны»; «Өсекші – тәңірі дұшпаны»; «Бәрінен де дауасыз Өсекті қайтіп бағайын?»), күлкі  («Күле алмассың, қазағым, Бейпіл  тыныштық күлкіңді»), т.б. сөздердің кейбірі өзінің этикалық өрісі жағынан Абайдағыдай тамырын жайған категориалдық тұтастыққа жете алмағанымен, сол түсініктерге тамызық болғаны сөзсіз.

Кез келген халықтың болмыс-бітімінің ерекшеліктері оның этнографиялық салт-санасын сипаттайтын өзіндік белгілерден аңдағайлап, атойлап тұрады. Көшпенділердің күнелтісінде ас ішіп, аяқ босату рәсімі араласқан бүкіл жағдайдың басқа қырларымен бірге, қыруар идеологиялық қызметі бар болатын. Осы жөнмен ойлағанда, қонақжай қазақы мінезге ұлттық тағамды тұтынудың, сол арқылы өзара сыйласудың әдеті мен әдебі аясында баға беруді қағыс қалдырған ақынымыз сирек. Мысалы:

Қайныңның пейілі жаман бай да болса,

            Мертіккен көрер бізден тай да болса.

            Кел, қатын, үйіңді жық, біз көшейік,

            Бұл қымыз табылады қайда болса.

            ...Атандым қырыққа жетпей құл-қу мешкей,

            Жарамас бұл арадан енді көшпей.

                                                           Өске Торқаұлы

            Қонаққа бір керегі – ет пен қымыз,

            Бар болса, адал дәмің ауыз тигіз.

                                         Қобылан Бөрібайұлы

            Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

            Жақсыдан жаман туса оңбас деген.

                                         Шөже Қаржаубайұлы

Байқасаңыз, ағайын арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілік,  араздық пен алалық, қадір мен құрмет, жомарттық пен жоқтық, байлық пен байғұстық – бәрі-бәрі тамақ пен табақтың қатысынсыз қарастырылмауға қараған. Дулат пен Абай бұл халықтық стереотипті де өздерінше сарапқа салады. Шал ақын: «Қызығы жігіттіктің сол емес пе, аралап әрбір жердің дәмін татқан», – деуші еді, енді керісінше – «шаруа десе жиренбек, өсек десе сүйреңдеп, қымыз аңдып қыдырып, бейпіл сөзге сыдырып» (Дулат) жалаңдаған жұртты жаңа заман жыршылары жүдә жақтырмайды. Олардың  бір-бірімен ұштаса ұласып жатқан көзқарастары – Дулаттың «Май, май дейсің, май дейсің», «Қымыз құмар, сор құмар», Абайдың «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей», «Осы қымыз қазаққа» атты өлеңдерінде өрнектелген. Елден ерек ойлайтын екі ақынның да шүйлігетіні – ет пен қымыз, дәлірек айтқанда, сол ас пен сусынға деген шектен шыққан құмарлық. Бұл да – дәстүрді бұзушылықтың, дағдыдан безушіліктің бір батыл амалы; сонымен қоса, дастарқандағы дәмнің қанау құралына айналғандығына қарсылық. Өйткені телміріп, тентіреп ел адақтаған кедей атаулы асы барға тәуелді  күй кешті; керек кезінде оның қолшоқпары (Дулат: «Қымызы бар құтырса, Соқтығасың әркімге, Қарамай қара, ағына»), тіпті малайы (Абай: «Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа») болуға дәрменсіздігінен дайын тұрды. Мұның аяғы – мәлім. Сонда не істеген абзал? Дулат: «Бар болса қолда айраның, Ірімшік, құрт, қаймағың, Қанағат қылсаң болмай ма, Көксемей-ақ  қымыз, ет?!», – десе, Абайдың ұсынатын ақылы: «Қызылшыл семіз, жаз қымыз – Бір үлкен борыш басында, Жуасты мін де, айран іш, Жоқ немеге шатылма».

Дулат өлеңдерінің негізгі нысаналы мақсаты –«ар сатып («ар сату» тіркесі Абайға да ауысқан), қымыз ішкенше», яғни тентектік жолына түскенше, қазақтың «адам деген атақты» (Абайдың бір өлеңінде: «Адам деген даңқым бар») ақтайтын талапқа ұмтылуын тілеу. Ал Абайдың Дулаттан дамытылған жаңағы жырларында ет пен қымыз мәселесі ақынның еңбек туралы концепциясымен («Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел»; «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас»), ұрлық («Жылқыны аңдып ұры жүр Әр төбенің тасында», «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас»), мақтан(«Қымыз, семіз дегенің Бір мақтан ғой, жасырма. Мақтан қума, керек қу, Ойсыздарға қосылма») жайындағы жан-жақты таным-түсініктерімен тығыз топталып, керемет кіріктірілген.

Абайдың тағы бір тосын тұжырымы – жылқыдан қойды жоғары қоюы: «Ой көзімен қарасаң, Қойдан жылқы асыл ма» Бізге таныс «ой көзімен» қарағанда, бұл байлам – дұрыс («Қойында ақша, қолда – қой, Күзетке оңай, шошынба!»). Әлбетте, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс  құлақтың» авторы жылқы тәрізді жануардың ұлт ұғымындағы кие, кепиетін терістеуден тысқары; тыңнан жаралған тұрмыстың «шаруа жию» (Дулат), «шаруа ойлау» (Абай) талаптары нақты өлеңнің мазмұн-міндетіне қарай оны солай сөйлеткен.

Осы орайда Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» дегені Дулаттың «Қазақ деген ғаріп жұрт, Миығыңды көрсетпей, Ұстарасыз өсті мұрт» деген бейнесімен сабақтас.

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік типтер мен топтардың ара жігін ажыратып, мүсіндерін сомдап, мінездемелерін саралау бағытында да Абай ашқан көркемдік жаңалықтардың кейбірі Дулаттан жылға тартып жатады. Мысалы, Абай поэзиясында болыстың бейнесінен кем кескінделмеген жағымсыз кейіпкердің бірі – пысық. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңінде ақын оның болмысын былай бедерлейді:

Пысық кім деп сұрасаң –

                        Қалаға шапса дем алмай,

                        Өтірік арыз көп берсе,

                        Көргендерден ұялмай.

                        Сыбырдан басқа сыры жоқ,

                        Шаруаға қыры жоқ,

                        Өтірік, өсек, мақтанға

                        Ағып тұрса бейне су.

                        Ат-шапаннан кем көрмес,

                        Біреу атын қойса «қу»...

Ал Дулаттың пысығы мынау:

Майырдың алса бұйрығын,

                        Борбайға қысып құйрығын,

                        Ел пысығы жортады.

                        Өзі елді қорқытып,

                        Онан өзі қорқады,

                        Алдына түсіп томпаңдай.

Екі ақындағы пысықтардың арасында айырма бар ма? Сөз жоқ, бар. Дулат дәуірінің пысығы – орыс мекемесіндегі майырдың тапсырмасын тікелей орындаушы одыраңбай, бәлкім, болашақта: «Оңашада оязға Мақтамаймын елімді, Өз еліме айтамын Бергем жоқ деп белімді», – деп өзін-өзі масқаралайтын Абай болысының атасы яки әкесі. Ал Абай мезгіліндегі пысық – ел атқамінерлерінің көлеңкесінде көлбеңдеп, ағайын арасын «қу тілмен құтыртып» алалап жүрген, пайдаға бойұрғыш, пиғылы бұзық бейшара біреу. Міне, «пысық» деген атау алған жіктің заманнан заман озғанда жетілу, жаңару жолы осы. Әрине, Дулат пен Абайдың пысықтарын ортақтастыратын жайт та жоқ емес, ол – аңдысқан антұрғандар мен алданғыш аңғалдарды айтақтау арқылы екі арадан жем тауып, жоқ түгендеу айласын меңгерген сұм-сұрқия мінез.

Дулат берекесіз елдің бектерін: «Тек дейтұғын тегі жоқ», - деп мінездесе, Абай Күлембай болысқа: «Ел билеген адам жоқ Ата менен бабаңда», - деп, бітімінің болымсыздығын бетіне салық қылып басады. Ғалым Қ.Өмірәлиевтің пайымынша – «Абай заманында ел билеудің «Жаңа низам» аталған жаңа тәртібі енгізілді де, Дулаттың «хан-сұлтаны», «бек-биі» болыс бастаған «атқамінер» атанған көп ұсақ әкімге айналды».

Біз Дулаттың «Би мен бекті жақтадым, Бай, мырзаны мақтадым, Бәйбішенің мойнына Жырдан алқа таққаным» деген жолдарына жүгініп, оның образын «сарайдың мадақшысына», «феодалдықтың жыршысына» балаумен болдық. Бұл – түбірімен қате қорытынды. Мысалға алынған майлағыш, мәймөңке сөздер Дулаттың өзіне қатыссыз, монологты мінездеуге құрылған сатиралық туындының қаһарманы – азған қазақ қоғамының қолпашқұмар, қошеметшіл ақынына тиесілі (Егер «Болыс болдым, мінеки» немесе «Ойға түстім, толғандым» өлеңдеріндегі болыс пен пысықты Абайдың өз бейнесіне телісек не болар еді?!). Сонда әлгі жыр үзіктері «мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» (Абай) күнелткен өлеңшілерді әдейі әшкерелеу, тұқырта терістеу болып шықпай ма?! Осы пікірінде Дулат, жоғарыда айтқанымыздай, Жанақпен, Түбекпен, Шөжемен ат құйрығын кесіседі; бұл жерде де ол – Абайдың алды.

Өлеңге қарасты өлшесек, Абайлық мағынадағы «сөз ұғу» тіркесі мен Абайлық  мәндегі «Ел құлағы саңырау, Кімге айтамын сөзімді?» деген сергелдең сауалды да алғаш рет Дулаттан ұшырататынымызды айта кеткен абзал.

Түптеп  келгенде, Дулат пен Абайдың өнернамалық сабақтастығы алуан арналы, сан салалы.

Ең ақыры, екі ақынның да әлемдік «Ескендірнамаға» үлес қосып, бірінің «Шаштараз», бірінің «Ескендір» атты поэмаларды дүниеге келтіруі де – назар аударалық нәрсе.

«Дулат-Абай» тақырыбы төңірегінде поэтика тұрғысынан қаузайтын мәселе мол. Сөз еткеніміз – оның бір ұштығы ғана.

 

Амантай ШӘРІП,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының докторы

Пікірлер