«Мәйіттің сау органын топырақта шіріткенше, бір адамға өмір сыйлаған дұрыс емес пе?»

4198
Adyrna.kz Telegram

Бірер күн бұрын ғана донорлық, «анатомиялық сый», яғни мәйіттің сау органдарын алу туралы заңға президент қол қойғанын  жазып едік. Мақала әлеуметтік желіге жарияланған сәтте-ақ, донорлыққа қарсы адамдар пікірін  қарша боратты. Ерінбей оқып шығып, түсінгеніміз, әлеуметтік желі қолданушылардың басым бөлігі өз органын беруге түбегейлі  қарсы. Әйтсе де, мәселенің екінші жағына да мән беруге тиіс емеспіз бе? Осыған байланысты бізге арнайы хабарласып, пікірін білдірген азаматтардың да айтқанын  ұсынуды және тақырыпқа қайта айналып соғуды  жөн санадық.

Дәрігерлеріміз ақша үшін орган саудалап кетпесін

Азамат БЕКТЕМІР, мұғалім: «Жалпы, донорлық тақырыбында ашық пікір білдіріп, осы мәселені қолдаған министр Біртанов еді. Содан болса керек, сынға да көп ұшырағандар қатарында да осы министр бар. Жұрт неге осы органын беру тақырыбы сөз бола қалса, шуылдасып, қарсы шығады? Себебі, барлық саласын жемқорлық жайлаған Қазақстанда  донорлық «қара базарға» айналып кетуінен қорқады. Мәйіттің сау органын алу дегенді де біздің жұрт басқаша түсінеді. Аса қауіпті дерті болмаса да, қорқынышты диагноз қойып, сап-сау адамды органы үшін о дүниелік ете салудан тайынбайтын дәрігерлер елімізде жоқ емес. Міне, халықты үрейлендіретіні де осы. Өйткені диагнозды дұрыс қоймау салдарынан қаншама адам мүгедекке айналып, қаншамасы дәрігердің қателігінен бақилыққа аттанды, әлі де солай. Негізінен өз басым еш қарсы емеспін донор болуға. Егер барлығы заңды түрде жүзеге асырылса. Қорыта айтқанда, қазақстандықтар отандық дәрігерлерге сенбейді. Пандемия кезеңінде бұл сенімсіздік бұрынғысынан да беки түскені шындық. Меніңше, донорлық емес, әзірге біздің дәрігерлер дұрыс диагноз қоюды меңгерсе, ерлік болар еді. Содан кейін ғана донорлықты сөз етсе, жарасар еді. Бәрінен бұрын адам органын саудалап кетпесін біздің дәрігерлер деңіз».

Донор болу, болмау өсиет хат қалдырумен байланысты

Бақыт АЙТАНҰЛЫ, әскери қызметкер:«Жаңа заңнан кейін ең алдымен, үйдегі әрбіріміз көзіміз тіріде бір бірімізден «ағзаңды беруге келісесің бе?» деп сұрап алуымыз керек. Осыған байланысты  денсаулық саласы мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Жалпы, өз басым еш қарсы емеспін. Өйткені, өлген соң тіршіліксіз қалған органың топырақта шірігенше, әлдекімге көмегі тиіп, өмірін ұзартса, керемет емес пе?! Әрине, біздің қоғам бұған дайын емес. Ең бірінші халықтың діни түсінігі үлкен кедергі болары сөзсіз. Осы мақалаңыз шыққан соң, байқарсыз, донорлыққа қарсы топтың басым бөлігі діншілдер болады. Дінде мәйіттің он екі мүшесі сау топыраққа берілуі керек деп санайды діншілдер».

Үсен ҚУАНЫШЕВ, заң факультетінің студенті:«Қарсы бол не, болма не, біздің дәрігерлер мәйіт қолына түскен соң, бәрібір өздері шешеді ғой, не істейтінін. Сондықтан сау кезіңде «қарсымын» деген өсиет хатын жазып қою қажет. Заң бойынша өсиет хаты бар мәйітке ештеңе істей алмайды. Бұған проблема деп қараудың қажеті жоқ. Өсиет хатың ба ма, органың өзіңмен кетеді».

Өлген соң өзгеге өмір сыйлаудың несі жаман?

Жанар ТҰРСЫНӘЛІ, экономист: «Әркім өз басына түспей, ештеңені түсінбейді ғой. Қызым ауырды, ақ қан дертімен. Сүйек кемігі (костный мозг)  дәл келетін донорды дүниежүзілік донор банкінен әрең таптық. Өз туыстарымыз донор болу былай тұрсын, үрке қарады. Расын айтсам, мен де өз басыма түспесе, мұндайды білмейді екенмін. Әр адам донорлыққа сүйек кемігін тапсырса болатынын, оның мыңдаған адамның өмірін сақтап қалатынын да басыма түскенде білдім. Мен кез келген жағдайда, қажет болса, донор болуға дайынмын. Өйткені, өзгеге өмір сыйлаудан асқан адамдық бар ма?»

Аяулым ҒАБИТҚЫЗЫ, дизайнер: «Анам донор болатын бүйректі күтіп төсекке төрт жыл таңылып жатты. Әр күн үмітке толы еді. Бүгін донор табылады, анам аман қалады деумен төрт жыл қалай өткенін байқамадық. Алайда... донор табылмады. Анам бар-жоғы қырық үш жасында қайтыс болды. Қазір ойлаймын, сол кезде донор табылғанда, шетелден алуға заңды рұқсат берілгенде, анашым жанымызда жүрер ме еді? Анам қайтқанда бес жастағы сіңлімді жетектеп жапанда жалғыз қалдық. Әкеміз анамнан үш жыл бұрын бақилық болған. Қазір ойлаймын, анама сау бүйректі салғанда, біз жетімдік дегеннің тақсіретін тартпай, басқа балалардай бақытты күн кешер ме едік?! Біздің халық әлі де бұл тақырыпты қысқа қайырады. Тереңіне үңілмейді. Не үшін сау органын басқаға өмір етіп сыйлағысы келмейтінін тіпті білмейтіндер де бар. Әйтеуір қарсы. Тірісінде емес, мәйітке айналған соң, сенің органың құрт-құмырсқаның жеміне айналатынын емес, әлдебір діни ұғымдарға сүйеніп, қисынсыз нәрсені көлденең тартады. Жыл сайын арнайы барып, қан тапсырамыз сіңлім екеуміз. Әзірге қолдан келері осы ғана. Егер мәйітке айналсам, сау органымды  алсын деп бұл заң шыққанша-ақ өсиет хат жазып қойғанмын».

P.S Былтырғы дерек бойынша: елі­міз­де 2 397 адам бүйрегін, 295 азамат бауырын, 102 адам жүрегін, 6 адам өкпесін, 1 адам өкпесі мен бауырын ауыстыру үшін кезек күтіп жатыр екен. Бұл адамдардың ішінде қаншама бала көзі жаутаңдап жатса, өліп кетсе, артында қалатын баласына алаңдаған әке мен ананың көкірегі қарс айырылып, күрсініп аурухана кереуетінде әлсіз үмітпен әр күнін өткізіп жатыр. Органға мұқтаж жандардың орнына өзімізді қойып, бір сәтке ойланып, мәселеге екінші қырынан қарап көрген артық болмас, қалай ойлайсыз, құрметті оқырман? 

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер