Армандар Алматыда ғана орындалмайды

731

Алматыдан Тараз қаласына студент болып кетіп, актриса болып оралған жас өнер иесі Усенова Инжайыммен “Адырна” ұлттық порталы сұхбаттасқан еді. Сүрініп қайта тұрған өнер иесінің сүбелі әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

- Алматы-армандар орындалатын қала. Осы қаланы қиып Тараз қаласына кетуіңізге не себеп болды?
- Алматыға грантқа оқуға түсе алмаған соң өзіме қалтам көтеретін оқу орнын іздеп Тараз қаласына бардым. Жақындарым болған соң ата-анам да қарсы болмады. Құжаттарымды тапсырып, Алматыға қайта келгенімде жылағым келіп, Таразға оқуға тапсырғаным үшін өкінгенім рас. Ал қазір қуанамын. Армандар тек қана Алматыда орындалмайды. Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді демекші барлығы ниетіңе, бағыңа қарай болады.
- «ТИГУ жастар театрына» қалай келдіңіз?
- Оқуға түскен жылы “Біз таланттарды іздейміз” деген сайысқа қатысып жүлделі орын алдым. Келесі күні “Тигу жастар театрында” кастинг болып жатыр дегенді естідім. Алғашында мән бермеген едім, кейін университеттегі аға-әпкелерім “Барып бағыңды сынап көр, сен кастингтан өтесің!” деп қолдау көрсеткен соң көңілдерін қимай бардым. Кастингтен аға-әпкелерім айтқандай өтіп кеттім. Басында не болғанын түсінбей жүрдім. Кейін қатты қуандым. Осылайша қазір “Тигу жастар театрының” жас актрисасымын.
- Театрда жүргеніңізге қанша жыл болды? Сол жыл ішінде қанша сахна мен қанша қаланы бағындырып үлгердіңіз?
- Биыл міне үшінші жылға аяқ басты. Ұстазым мен команданың арқасында қанша қала мен ауылдарды аралап шықтық. Қазақстанның оңтүстік-солтүстігін көрдік. Орталыққа да барып өнер көрсетіп қайттық. Шығыс Қазақстан өңіріне де гастрольге шықтық. Батысқа баруды жоспарлап отырғанымызда мына індет тараған соң шыға алмадық. Шекаралас бауырларымыз Қырғыстанға да қонақ болып қайттық.
- Театрда ең алғаш ойнаған спектакліңіз қандай? Және кімнің рөлінде ойнадыңыз?
- Ең алғаш «Желтоқсан жаңғырығы» спектаклінде Дәметкеннің (Қайрат Рысқұлбековтың анасы) рөлін ойнадым. Ең алғаш кастингке барғанда Дәметкеннің диалогын оқыған едім. Сол кезде ұстазым маған “Айналайын қызым, сенің өзіңді, сөзіңді көріп Дәметкеннің өзін көргендей болдым. Сені сонша күттік қой. Дауысыңнан айналдым. Сені сонша күттік қой”,- депеміреніп, сол рөлді маған тапсырды. Ең алғашқы рөлім осы.
- Мамандығыңыз өнермен байланысты ма? Театр сабағыңызға кедергі келтірмей ме?
- Оқуым өнермен байланысты емес. Алғашында оқуға ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып түстім. Кейін ата-анаммен ақылдасып филология мамандығына ауыстым. Қазір осымамандық бойынша білім алып жатырмын. Театр оқуыма кедергі келтірмейді. Екі жақты қатар алып, үлгеріп жүрмін. Бірақ оқуға қарағанда тетарда уақыт өткізген өзіме қатты ұнайды. Кейде сабақтан қашып театрдағы дайындықтарға кетіп қалатын кездер де болады. Жаным театрды қалайды.

- Өзіңіздің театрдағы ұстазыңыз кім?

- Өнерге баулыған ұстазым әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткер-Әбиірбек Тінәлиев. Бойымыздағы талантты одан әрі дарытқан, бар білгенін үйретіп, бойымызға сіңірткен ұстазыма әрқашан да алғыс айтып жүремін. Тек қана актерлік шеберлігімізді ғана шыңдап қоймай, өмірлік азық болар ақылын да айтып жүреді.

- Бала кезіңізде үлкен сахнада өнер көрсетуді армандадыңыз ба?
- Сахнаның үлкен-кішісі болмайды. Театрактрисасы болуды армандап үлгермедім де.Бірақ, киноға түсіп, жүргізуші болуды армандайтын едім. Осылай тағдыр өзі мені осы жолға салды. Бізге осындай мүмкіндік берген университетіміздің ректоры Саурықов Ерболат пен театрымыздың продюсері Аширбеков Санат ағайға алғыс білдіремін.
- Өзіңіздің замандастарыңызға қандай кеңес бересіз?
- Мамандық таңдаудан қателеспеңіздер. Мен сияқты бір жылды босқа өткізіп жүріп қалмаңыздар. Қателеспейтін адам болмайды, осындай қателіктердің арқасында өмір сүруді үйренміз. Ата-анаңыз айтқан мамандықты емес, жаныңыз қалаған мамандықты таңдаңыз. Ата-анаңызға кейін қателеспегеніңіңізді дәлелдей аласыз. Ақша көп жерге емес, жетелейтін жерге ұмтылыңыз. Өмірлік тәжірбиемнен бар айтарым осы.

 “Адырна” ұлттық порталының атынан сізге шығармашылық табыстар тілейміз. Өнеріңіз өрге жүзе берсін!

 

    Сұхбаттасқан: Лаура ТҰРСЫНЖАН,“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы