Өкпеміздің қабынуы - ауаға шашылған хлордан емес пе?

4270
Adyrna.kz Telegram

Елімізде карантин кезінде үйлер мен аулаларға, көшелерге арнайы дезинфекция жұмыстары оқтын-оқтын жасалған болатын. Кейінірек сәуір айынан кейін қолына шлангі ұстағандар мүлде көрінбей кетті. Алайда соңғы уақытта дезинфекция жасағыштар қайта пайда болды. Үйдің кіреберісінен бастап, бүкіл айналаға иісі өткір тазартқыш суын шашуды вирустан қорғау екен деп жүрміз. Ал  белгілі заңгер Жангелді СҮЛЕЙМЕНОВ бұл шашылған нәрсенің құрамына күдік келтіріп, тіпті осы дезинфекцияның кесірінен ауруымыз мүмкін дегенді алға тартады.

«Алматы және бәлкім басқа қалаларда да подъезд, аула, көшелерге дезинфекция ретінде шашылып жатқан сұйықтық Глюзамин және Акма хлор.

Алайда осы сұйықтықты тек жабық жерлерге ғана шашу керек. Өйткені аула, көшеге бұл сұйықтықты шашса, өкпесінде ақауы бар адам үшін өте қауіпті. Мұндай удан адамдар тіпті өліп те кетуі мүмкін. Сондықтан дезинфекция жасау үшін өте қауіпті саналатын бұл сұйықтықты көшелер мен аулаларда шашуға қарсылық танытуымыз керек. Хлор дегеніміз өте қауіпті улы газ! Ал мұны тазалық үшін пайдалануға болмайды.  Осыған дейін бұл туралы жазғаныма инфекционистер «хлордың өкпеге қаупі жоқ» деп қарсы шығыпты.

Бұл жай ғана хлор емес, Глюзамин мен Акма хлордың қоспасы ғой!» деп жазады заңгер өз парақшасында. Сонымен қатар ол дезинфекция мәселесіне қатысты құзырлы органдарға шағым да түсірген. Бұл аз десеңіз, Сүлейменов тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына да шағым хат дайындапты. Заңгердің жазбасына қатысты пікір білдіргендер өте көп. Солардың біразын қазақшаға аударып, назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Мария Левушина

Біз Зерделіде тұрамыз. Кеше түнгі сағат екілер шамасында бір көлік келіп, әлденені шөптерге, ағаштарға шашып кетті. Әлгі иіс қолқаны қабады. Тереземізді жауып қойдық. Таңертең де әлгі иіс өз күшін жоймағанын байқадық.

Ирина Соломонова

Ал бізде Нұр Сұлтанда шашылған нәрсенің иісі қандаланы өлтіруге арналған дәрінің иісіне қатты ұқсайды. Көп шашқаны сондай, көзді ашытады. Иісі де сұмдық, тыныс алу мүмкін емес. КСКға сұрау салдым, шашып жатқан сұйықтық не деп. Әзірге жауап жоқ.

Ruslan Jidebayev

Коронавирусты жоятын дезинфекциялық зат әлі ойлап табылған жоқ. Демек, бұл жай ғана ақшаны желге шашу дезинфекциясы деген сөз ғой.

Алма Баймагамбетовв

Естеріңізде ме, шымкенттік бір врач әйел шырылдап, адамдардың коронавирустан емес, пневмониядан өліп жатқанын айтқанда оған ешкім сене қоймаған еді. Кейін не болды? Сол дәрігердің айтқаны дәл келді емес пе? Адамдар өкпе қабынуынан зардап шекті.  Бәлкім қазір де солай, заңгер шырылдап халықтың амандығы үшін шағым түсіруде. Әзірге оған сеніп отырғандар аз. Кім біледі, біраз уақыттан кейін  бұл дезинфекцияның да сыры ашылар.

P.S Аула, көше, подъездерге шашылып жүрген дезинфекция сұйықтығы расымен адам денсаулығына қауіпті ме? Бұл сұрақтың жауабын тиісті мекемелер ресми түрде береді деп сенеміз. Өйткені, халық үшін қазір әрбір сұраудың жауабын алу анағұрлым маңызды.

Меруерт ХУСАИНОВА,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер