«Диджитализация», «цифровизация» сөздері заманауи қазақстандықтардың лексиконына түбегейлі еніп, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге оң пайдасын тигізуде. Бүгінгі табиғи интеллектінің әрбір күні жасанды интеллектіге телулі заманында, мемлекет тарапынан әрбір саланың цифравизациялануына түрлі шаралар жасалуда. Тек перне мен экранды игере білсеңіз болғаны.
Ұлжан Өте мен Нұрай Жанболатқызы – биыл ЖОО-нын аяқтап, үлкен өмірге қадам басқан түлектер. Өнер академиясының бір факультетін қатар бітірген екі құрбы қолдарына диплом алған шағында елімізде індеттің тарауы күшейе түсіп, карантин режимі қайта енгізілді. Арман-мақсаттарына бір қадам қалған сәтінде мұндай жағдайдың болғаны екеуін абдыратып қойыпты. Бұл биылғы түлектердің көпшілігінің басындағы жағдай екені анық. Екеудің бірі магистратураға түсіп, ғылым жолына түскісі келсе, екіншісі тезірек жұмысқа орналасуды көздеген. Алайда көп мекеме қашықтан жұмыс істеп жатқанын ойлап, екеуі сұрастыра келе, eGov порталы арқылы өз мақсаттарына қарай құжат тапсырып, тіркеледі.
Ұлжан Өте: eGov-тың болуы тұтас ХҚКО-ның өз үйіңде, не алақаныңда болуымен тең екен. Біздің электронды үкімет осындай деңгейде дамығанына қуаныштымын. Ең соңғы рет ХҚКО-на үш жыл алдын шет елге шығу үшін паспорт жасатуға ғана ісім түскен еді. Біраз әбігерге түскенімді әлі ұмыта алмаймын. Ал бұл жолы магистратураға оқуға түсу үшін, eGov арқылы тіркеліп, құжатымды жүктей алады екенмін. Құжат тапсыру үшін Алматыға бармасам да болады. Мынадай жағдайда өзіңді оқшаулау үшін де таптырмас мүмкіндік екен. Қысқасы, мен секілді Z буынының өкілі «offline» өмірге қарағанда, «online» өмірді құп көреді.
Нұрай Жанболатқызы: Мен оқу бітіріп, дипломымды алған соң, туған қалама келдім. eGovарқылы «жұмыс іздеуші» ретінде тіркеле алатынымды естідім. Порталға кіретін ЭЦҚ-м қолымда, еш қиындықсыз «Жұмыс іздеуші», одан кейін «Онлайн сұраным» батырмаларын бастым. Жаңадан ашылған терезеде өз деректерімді толтырып, өтінімді жібердім. Ертесіне Жұмыспен қамту орталығының өкілдері хабарласып, тағы бірнеше сұрақ қойып, екі апта көлемінде мамандығыма сәйкес бос жұмыс орнына жолдама ала алатынымды айтып қуантты. Біздің елімізде жұмыс іздеудің дәл осындай қолжетімділігін білмейді екенмін.
eGov-тың бұдан да өзге қолжетімді, лезде аяқталар, пайдалы қызметі көп. Портал 2006 жылы 12 сәуірде ашылып, халыққа оңтайлы мемлекеттік қызмет көрсетуді бастаған болатын. Ол кезде халық ХҚКО-ның алдында тұрып, ұзын-сонар кезек күтіп, көп уақыт пен энергиясын, тіпті, кейде жүйкесін де құртатын. 14 жыл ішінде Қазақстанның электронды үкіметі көптеген даму сатыларынан өтті. Бүгінде портал 335 қызмет түрін ұсынады. Электронды қол қою арқылы кез келген жерде талай мәселесінің шешімін таба алады.
2020 жылы Қазақстан электронды үкімет дамуының әлемдік рейтингісінде 29 орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш БҰҰ-ға мүше 193 елдің соңғы екі жылдық қызмет көрсету сапасынанегізделеді. Яғни, 2018-2019 жылдары электронды үкімет жүргізген жұмыстың сапасына байланысты сараланған. Рейтингті бастап тұрған мемлекеттердің алғашқы үштігінде Дания, Оңтүстік Корея, Эстония сынды мемлекеттер бар. Сондақ-ақ, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында 1 орында көш бастап тұрғанын айта кеткен де жөн.
Қызмет көрсету сапасы күн санап артып келе жатқан порталдың тұтынушылары да көбейіп, халық цифрлық дамудың екпініне ілесіп те келеді. Портал ашылғалы барлығы 300 миллиондай мемлекеттік қызмет көрсетілсе, өткен аптада, 13 шілде мен 19 шілде аралығында, қазақстандықтар 1,5 милионнан астам онлайн мемлекеттік қызметтер мен сервистер пайдаланған. Оның 969 мыңы – портал арқылы, 198 мыңы – eGov Mobile қосымшасы арқылы, 379 мыңы – Чат-боттар, Telegram, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері арқылы қызмет көрсетілген. Порталдағы ең көп сұралатын қызмет түрлерінің қатарын ТЖ және екінші рет енгізілген карантин режимі кезінде табысынан айрылған жандарға төленетін әлеуметтік көмекке өтінім, жылжымайтын мүліктіңжоқтығы туралы анықтама, мекенжай анықтамасы, мекенжай бойынша тіркеу секілді сұранымдар бастап тұр. Ал eGov Mobile қосымшасында сотты болғандығы не болмағандығы туралы, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтамалар жиі алынып, айыппұлына, қарызына байланысты азаматтарды шетелге шығуға болатыны жиі тексерілген.
Пандемия кезінде цифравизацияның бүгінгі таңдағы маңызы арта түсіп, eGov-та жаңа қызмет түрлері пайда болған. Мәселен, Covid-19 дертінің дендеп тұрған қызыл аймақтары көрсетелген карта да қосылған.
Электронды үкіметтің соңғы жаңалығының бірі – енді халық eGov Mobile қосымшасы арқылы амбулоториялық емдеу кезінде қандай дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тегін алуға болатынын біле алады. Сонымен қатар «Жылжымайтын мүліктің электронды техникалық паспорты» цифрлық құжаты да қолжетімді болды. Ал порталдың өзінде Денсаулық сақтау саласының 37 қызметі бар. Келешекте бұл қызметтердің басым бөлігі мобильді қосымшада да жүзеге асырылып, қызмет сапасы арта түседі.
eGov порталында да, мобильді қосымшасында да азаматтардың қауіпсіздігі мейлінше қатаң сақталған. Тек өзіңіз алаяқтарға тұтылып қалып жүрмесеңіз болғаны.
Айжан Пердебекқызы, “Адырна” ұлттық порталы