«Ұят болады» деп Құрбан айтта ағайынды аралап, індетті үдетіп алмайық

2615

Таяуда әлеуметтік желі қолданушылары «ұят болады» мәселесіне байланысты қызу пікір талас жүргізді. Жазба авторы Айдын Рахымбаевты жерден алып, жерге салғандар да жетерлік. Қазақтың қанына сіңген «ұят болады» деген қасиеттің түрлі жағдайларда қолданылатынын ескерсек, ұялудың, ұят боладының көбінесе жақсы жақтары басым. Десек те, дәл пандемия кезіндегі «ұят боладының» пайдасынан зарары мол екенін мойындайтын уақыт жеткен жоқ па?

Тарқатып айтып өтейік, Айдын Рахымбаев өз жазбасында қазіргі індеттің таралуы - халықтың карантин талаптарын сақтамауынан дегенді айтқан еді. Сонымен қатар ол «ұят болады» деген әдетпен жұрттың той мен жаназадан қалмай, көпшілік орындарға алаңсыз барып жүргеніне ренішін де білдірді. Әйтсе де, әлеуметтік желі қолданушылардың кейбір бөлігі осы жазбаны басқаша түсінде ме, жоқ әлде қабылдау мүмкіндіктері солай ма, әйтеуір Рахымбаевтың ит терісін басына қаптайтын комментарийлер қарша борады.

«Айдын Рахымбаевтың мұнысы «тоқ баланың» әрекеті. Вирустың таралуына халықты кінілап, билікті жақтап алмақшы. Вирустың бұлай таралуына ең алдымен билік кінәлі» деген сыңайдағы пікірлер өте көп болды. Халық кінәлі ме, билік пе? Әр тараптың өз кінәсін мойындауы қазіргі ауыр кезеңде мүмкін болмай отыр.

Десек те, Рахымбаевтың  жазбасының көп тұсымен еріксіз келісуге тура келеді. Неге? Өйткені елімізде төтенше жағдай жарияланып, қала арасындағы жолдарға блок постар қойылған кезде халық не істеді? Тәртіпке бағынып, өзінің де, басқалардың да денсаулығы үшін деп үйден шықпай отырды ма? Жоқ. Олай етпеді. Блок постан өтудің түрлі жолдарын тауып, барғысы келген бағытқа қалайда баруға әрекет етті. Кейінірек төтенше жағдай тоқтатылып, тек карантин талаптарын сақтау тәртібі қалдырылды. Дәл осы кез ораза айтпен тұстас келді. Жағдай қалай болды? Иә, жұрт жап-тармағай айттап кетті.

Мәселен, Түркістан облысында айттап қана қоймай, дүркіретіп той жасауға кіріскендер аз болмады. Батыс өңірінде бірін бірі іздеп барып, қауқылдасқан ағайын бір бірімен тікелей байналысқа түсті. Еліміздегі қаймағы бұзылмаған Оңтүстік пен Батыс өңірінің халқы карантинді ысырып тастап, осылай айттап, тойлап жүргенде солардың кейбірі енді басқа қалаларға жолға шықты. Естеріңізде болса, өкпе қабынуы дерті де осы аймақтарда алғаш өршіді. Әрі қарай жағдайдың қалай өрбігенін көз көрді.

Дәл биыл мынадай кезде айттамай, әркім өз үйінде отырса, не болар еді? Алайда үйде отыруға кедергі бір нәрсе бар, ол «ұят болады» деген біздің әдетіміз. Айттамай, үйде отыр десең, «қой, пәленшенің бірінші айттығы ғой, бармасақ, ұят болады. Ағайынның арасында ғана айттауда тұрған не бар?» деген сарында  жауап аласың.  Ал сол тұстағы Қазақстанда ашық және жасырын өткізілген тойлар туралы айтудың өзі артық.

Басқасын айтпағанда, дәл қазір күн сайын бірнеше азаматымызды жоғалтып, күңіреніп отырған шақтағы жағдай қалай? Өзгеріссіз, сол қалпы. Өткенде ғана қайтыс болған діндар Әбдіғаппар Сманның жаназасы осы сөзімізге дәлел. Дүниеден пайғамбар өткендей, елдің төрт тарапынан жиналған қауым діндардың мәйітіне саусағын тигізгенін мәре санап, шауып жүр. Сол жаназада болған бір ғана індет тасымалдаушы адамның көп өтпей мыңдаған адамның ауыруына, тіпті өліміне себепші болғанын біле ме? Білгісі де  келмес, өйткені жаназаға бармаса «ұят болады».

Шақырғанға бармауды ұят санау әр қазақтың қанына сіңген қасиет. Алайда осы қасиетімізді қазіргі індет кезінде шетке ысыра тұрсақ, ұлт болып, аман қалуды ойласақ, сол ұтымды емес пе? Әйтсе де, осындай сөзді жазған Рахымбаевтың басы пәлеге қалды. «Ұят болады» деп жүріп, жаназа, тойдан, шақырған жерден  қалмасақ, көп ұзамай ұялатын адам таппай қалмаймыз ба?

Ең өкініштісі, мәселенің мәніне терең үңілмей, Рахымбаевтың сөзіне «халықты кінәладың» деген жаңсақ пікірмен атойлап, пікір айтқан, аты дардай азаматтарымыз ұлттың амандығын расымен ойлап, ел ертеңіне алаңдаудың орнына, әлеуметтік желілерде салғыласып отырғаны жаныңа батады. Сол айтқыштар триллиондап ақшамызды жеп жатқан жемқорларға жақ ашпайды да.

Бұл ретте бар кінәні халыққа аударудан аулақпыз. Аты жаман вирустың өршіп тарап, халқымызды қынадай қырып жатқанына-ең алдымен жемқор билік кінәлі екені даусыз. Биліктегі шенді-шекпенділер көршіміз Қытайда індет тарап жатқанда жайбарақат отырғанымен қоймай, шекараның өзін жұрттың ең соңында жабуы -қазіргі зобалаңға әкеліп соқты емес пе?! Жұртты үйіне қамап қойып, бүкіл қоңды жерлердің тағдырын шешіп, сататынын, сатып, алатынын алып, өз шаруасын бітірген қазақ билігі ең ақыры халқы дем жетпей қырылып жатқанда, бар дәріні тығып тастап, қан қақсатты.

Өзге мемлекеттерден келген тегін көмекті ақшаға сатып, тыныс алу аппараттарының жеткіліксіз болуына ықпал еткен де қазіргі қазақ билігінде жүргендердің әрекеті. Халыққа «ұят болады» деген ұғымды сіңіре отырып, емін еркін көпшілік жиналған жеріне баруына кеңінен жол ашып қойған да биліктің шабармандары емес пе? Әр ауылдың әкімі мен босқа сенделген полицейлері әрбір жиын тойды жіті бақылауында ұстаса, қазіргі дей жағдайға тап болмас едік.

Десек те, ақыры билігі «өлмесең, өмірем қап» деген сыңайда әрекет етіп отырса, халқымен ісі болмаса, жұрт «ұят боладыны» кері ысырып тастап, уақытша, пандемия тоқтағанша «шақырған жеріңе бамаймын. Мүмкін болса, сен де бұл жиын тойды кейінге қалдыр» деп кесіп айтатын  күн туды. Мың жерден көңіл жықпастыққа салынсақ та, өзіміз бен жақынымыздың, тұтас ұлтымыздың амандығы әрбіріміздің қолымызда екенін мойындайтын шақ бұл.

Қолдарыңызды жүректеріңізге қойып, мойындаңыздаршы, әрбіріңіздің үйіңізде карантин талаптары толық сақталып, үйдегі үлкен кісілер мен басқалары ешқайда шықпай, тырп етпей отыр ма? Аптасына, не екі аптада бір рет той, жаназаға барып жүр ғой, мойындайықшы. Барғысы келмесе де, індеттен қорықса да барып жүргендер қаншама. Сол барыстың бәрі «ұят боладының» салдары емес пе? Ешқайда бармау керек, бір есік, бір терезе боп, үйде қамалып отыру керек деу артық әрине. Әйтсе де, зобалаң шақта, халқымыз қынадай қырылып жатқанда, өзімізді де, басқаны да сақтаудың бір ғана жолы «ұят боладыны» қойып, барынша сақтану емес пе? Келесі апта болатын Құрбан айтта көрші мен ағайынды аралап кетіп, тағы да індетті үдетіп алмағанымыз билікке емес, өзімізге қажет емес пе, сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман қауым?

Асылжан МАМЫРБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар