“Қынаменде” қалай жасалған?

1774

Ақын Абайдың өлеңінде:

"Қынаменде, жар-жар мен беташар бар;

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?" деген жолдар бар.

Осы жолдардағы “қынаменде” қандай дәстүр?

Бұл дәстүрді “ұрын барумен” шатастырып жатады. Осы тұста біз филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуін ұсынамыз.

“Келін алуға келген құдаларды аста-төк сыйтабақ тартып, құрметтеп күтумен бірге оларға қыз беретін жақ ескі салт бойынша қынаменде деп аталатын ойын-сауықтың талабын қойып, құдаларына не істе десе соны екі етпей орындауы керек екен. Мысалы, құдалардың бетіне баттастырып балшық жағу немесе бір құданы шаңыраққа таңып қойып, ауыл жігіттері “Ассалаумағалейкүм, құда-еке, шөлдеп қалыпсың ғой, қымыз ішіңіз” - деп қол қусырып, тостаған ұсынса, шаңырақта таңулы құда қимылдауға шамасы келмей қиналса, отырғандар ду күлісіп, мәз болысады екен.

Кейде ең үлкен сақалды құданы ұстап алып, өгіздің үстіне теріс айналдырып мініп, басына жаулық салып, ауылды айналдыра қуғанда құданың сақалы жекілдеп, жаулығы желмен желпілдеп бара жатқандағы күлкілі көрінісіне отырғандар ішек-сілесі қатып жабыла күліп рахаттанады екен”

“Қынаменде” сөзі қалай пайда болған?

Қынаменде ойын-сауығының бұдан басқа неше түрлерін жасап, құдаларын әбден шаршатқан кезде ауыл ақсақалдары “Ей, жігіттер, осы ойындарың да жетер енді. Құдаларды қинамаңдар, тоқтатыңдар” деп басу айта келіп қынаменде сөзі пайда болды.

Шамасы, қынаменде ойын сауығы қазақы қалпымыз бұзылмай тұрған заманда арнайы, өзіндік қайталанбас тұрақты қалпы болған сияқты, бірақ олар біздің тарихи санамыз шайылып өшуіне байланысты ұмытылып кеткен. Бірақ қынаменде дәстүрінің кейбір бірлі-жарымды түрлері бүгінгі заманда құда түсу, қыз ұзату тойларында құдалардың бетіне балшық жағу орнына ұн жағу, сыйлы құданы төрден есікке қарай тарту сияқты өзгерген түрлерін әр тойда-ақ көріп жүрміз. Ел арасында құйма құлақ ауыл ақсақалдарынан сұрап білу арқылы қынаменде ойын сауығы түрлерін қайта жандандырып, жаңғыртып, заман талабына орай жетілдіре түскен жөн болар. Тойдың сәнін келтіріп, тойға келгендерді ойын күлкіге қынаменденің жаңа түрлері арқылы тамашалап көңілдендіруге әрекеттену - қажеттілікке айналуда. Аз болса да өткенде ұмытылған тарихи жадымызды жаңартып, ата дәстүрмізді жаңғыртып дамыту арқылы толықтыра беруге міндеттіміз.

Аяулым ӘБДІЛДА, Адырна ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы