Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықта пневмонияға шалдығып, денсаулығы күрт төмендеген науқастарды экстракорпоральді мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппаратына қосып емдеп отыр. Мамандар бұл құрылғыны ИВЛ аппаратына қосымша көмек ретінде науқастарға қосып жатыр екен.
«ЭКМО аппараты – өкпе қабынып жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни, адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті деңгейде оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағзасына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.
Қалалық кардиологиялық орталық жанынан ашылған ЭКМО орталығына шаһардың өзге ауруханаларынан денсаулығы күрт нашарлаған науқастар жеткізіледі. Олар да осы тәсілмен емделуде екен. Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 науқас қосылыпты. Оның бірінің денсаулығы жақсарған. Дәрігерлер енді бір жетіде үйіне қайтаруды жоспарлап отыр.
Пневмонияның ел арасында кеңінен таралуына орай ЭКМО орорталығында 35 төсек-орын дайындалған. Қазір онда науқастар ем алып жатыр.
Бүгінде ЭКМО еліміздің өңірлерінде жетерлік. Алайда, тек Нұр-сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталық пен Шымкенттегі кардиологиялық орталықта пневмония және короновируспен күреске қолданылып жатыр екен. Шымкенттік кардиологтар өзге облыстардағы әріптестерінің де ЭКМО аппаратын осы бір індетке қарсы күресте қолдануын қалайды.
Бірақ ЭКМО-ны адам ағзасына қосу үшін кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог сынды мамандар командасы қажет. Десе де, жұмыстың 80 пайыз ауыртпашылығы медбикелердің мойнында болатын көрінеді.
Айта кетейік, жүйелі жұмыстың арқасында күні бүгінге дейін қалалық кардиологиялық орталықтың бірде-бір қызметкері жаман індетті жұқтырмаған.
Шымкент