Қызғалдақты қала

1276

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екені айтылады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар болса, соның басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы» саналады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Қызыл төбешік нақ осы гүлдің ордасы саналады.

Сұлулық жыры, әсемдік үлгісі – қызғалдақ пен Шымқала егіз ұғым. Мегаполис осынау нәзік гүлді өзінің логотипі ретінде аттай қалап, таңдап алған.  Сондықтан ішкі және келу туризмін дамыту барысында негізгі бренд ретінде қолданылып келеді. Былтыр Шымкент қалалық туризм басқармасының бастамасымен тұңғыш рет өткен «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалі жергілікті тұрғындардың санасында әлі күнге жаңғырып тұрғанына күмәніміз жоқ. Ол бір әдемі естелік болып қалары сөзсіз. Сондағы фестивальдің басты мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Қызғалдақтың» тарихи отаны Қазақстан екенін, оның ішінде Оңтүстік өңірінен шыққанын насихаттау еді. Сол кезде іс-шараға қатысқан 10000-ға жуық қала тұрғыны мен қонақтары кереметтей көрікті қызғалдақтарға қарық болып қалып еді.

–Басқарманың жылдық жоспарына сәйкес аталған фестиваль биыл да  «сәуір айының бірінші жартысында өту керек-тін. Алайда, бүкіләлемде орын алып отырған пандемияға байланысты, ҰР Президенті  Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен республика аумағында төтенше жағдай жарияланып, барлық іс-шаралар тоқтатылды. Сондықтан «Қызғалдақ жолы» фестивалі 2021 жылға ауыстырылды, - дейді басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Олжас Шынтаев.

Көзге де, көңілге де ыстық қызғалдақ «Қызғалдақты қаланың» Дендросаябағының қақ ортасында әдемі мүсінге айналып үлгерді. Былтыр басқарманың тапсырысы бойынша «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» инсталяциясы қойылған болатын.

Композицияның идеясы қазақ дүниетанымымен, яғни табиғат пен адамның тұтастығымен тығыз байланысты. Ежелгі аңыздарда, көктем келгенде Жер-ана оянып, барлық тірі жанға Ұлы даланың үздік гүлдерін сыйлайды деп айтылған. Бір шоқ дала қызғалдақтарын ұстаған Жер-ананың әсем қолын бейнелейтін композицияның биіктігі 5 метрді құрайды. Сондай-ақ инсталяция адам мен табиғаттың бірлігін, ал әсем гүлдер тарихи тұрғыдан қызғалдақтар алғаш рет Қазақстанның оңтүстік өңірінде пайда болғанын меңзейді. Міне, осы Шымқаланың шуақты күндеріне шомылған әсем қызғалдақтар сәуір айында шаһар шырайын кіргізіп, әрлендіріп жіберді. Шымкенттің жаңа логотипі ретінде қызғалдақтың бекер таңдалмағаны, мұның сәтті шешім болғаны білінді.

«Қазіргі таңда сол мүсін аумағында «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» тақырыбын кеңінен 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) баяндап, түсіндіріп беретін арнайы QR-тақтайша қойылды.

«Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» инсталяциясы аумағында 2019 жылы бірнеше қызғалдақтың түрінен 2000-ға жуық түп гүл отырғызылып, қазіргі таңда гүлдер жайқалып, Дендросаябақ аумағының сәнін кіргізуде», - дейді сала басшысы.

Туризм басқармасы тарапынан жыл сайын шығарылып отырған жарнамалық-ақпараттық материалдарда (бүктемелер, кітапшалар, сувенирлік бұйымдар) қала логотипі міндетті түрде бейнеленсе, қазіргі таңда қызғалдақ гүлінің киізден әзірленген сувенирлік нұсқасы да шығарылыпты.

Аталған танымдық материалдар мен сувенирлік бұйымдар қазақстандық және халықаралық туристік іс-шараларда таныстырылып келеді.

Туристік маңызы үлкен

Шымқала тек қызғалдағымен ғана көз тартады деп ойласаңыз, әсте қателесуіңіз мүмкін. Үшінші мегаполистің туристік маңызы өте үлкен: бұл Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап. Инфрақұрылымы дамыған ірі қала.

Шымкент қаласында туризмнің дамуына ықпал ететін факторлар көп. Мәселен, жылына 300 күн жылы ауа-райы, табиғи-климаттық аймақтардың алуан түрлілігі, Ұлы Жібек жолы бағытында ірі тарихи қалалардың (Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд және т.б.) жанында сәтті орналасуы.

Мегаполис өзінің бәсекеге қабілеттілігін пайдалана отырып, оңтүстік өңіріндегі туристік орталыққа айналар күн де алыс емес. Бұлай деуімізге себеп, қала туристердің ағынын еркін қабылдай алады. Келушілерді туристік өнімдер туралы хабардар ете алады. Әрі қарай оларға жүру бағыттарын айқындап бере алады. Яғни, қаланың өзінде-ақ туристік қызметтер ұсынуға әлеуеті әбден жетеді. Бүгінде Шымкент қаласында ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Қалада 116 қонақ үй, 10 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 18 аквапарк және 6 табиғи су қоймасы орналасқан.

Олжас Маратұлының айтуынша, жыл сайын Шымкент қаласына келетін туристер саны өсуде. Мысалы, 2018 жылы туристер саны 178 000 адамды құраған. 2017 жылмен салыстырғанда өсім 30%, ал 2019 жылы көрсеткіш 249 313 адамды құрады, өсу қарқыны 34,6%, оның ішінде:

1) ішкі туризм бойынша туристер саны 178 014 адамды құрайды (өсу қарқыны 40,1%);

2) келу туризмі бойынша туристер саны 33 362 адам (өсу қарқыны 51,2%).

Шымкент қаласының туризм басқармасы қаланың туризмін дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізді.

Қаланың 20 туристік көрікті орындарында 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ақпарат беретін QR-тақтайшалар орнатылды және IZI travel халықаралық туристік платформасында 3 тілде 32 нысанның аудиогиді әзірленген.

2GIS мобильдік қосымшасында туристік нысандар мен қалалық бағыттар туралы ақпарат орналастырылған.

Сондай-ақ, «Ескі қалашық» туралы VR, AR бейнеүзіктер әзірлеуге өтінім берілді. Роликтер туристер арасында танымалдылыққа ие болған жағдайда, бұл бағыттағы жұмыстар басқа нысандар бойынша да жүргізілмек.

Туристерге ақпараттық қолжетімділікті арттыру үшін басқарма тарапынан «Шымкент қаласында 24 сағат», «Тарих ізімен», «Шымкент балаларға» тақырыптарында 60 мың бүктеме, 77 мыңнан астам туристік карта, «Шымкент қаласындағы үлкен экскурсия» атты 350 кітап шығарылды. Бұл материалдар қаланың туристік индустрия объектілерінде (қонақ үйлер, СОО, әуежай) орналастырылған және басқармамен жаңартылып отырады.

Келесі жылы бірнеше бағыттар бойынша жарнамалық материалдар шығару жоспарлануда: «Шымкент және Түркістан облысының киелі нысандары», «Туристік бағыттар», «Қала оқиғалары» және т. б.

Сонымен қатар, қасиетті нысандардың 3D карталары мен фотокітаптар т.б. шығару күн тәртібінде тұр.

Қала тұрғындары мен қонақтарын өңірдің туристік нысандарымен таныстыру мақсатында әлеуметтік желілерде Visit_shymkent_kz ресми туристік парақшасы іске қосылды. Әлеуметтік желіде 7 000-нан астам оқырманы бар және қаланың туристік көрікті жерлері, тарихи орындары мен қалада өткізілетін мерекелік іс-шаралар туралы үнемі хабардар етеді.

Біз мұның бәрін Шымкенттің мықты туристік  аумаққа айналып келе жатқанын көрсету үшін тізбектедік. Атқарылар жұмыстар әлі алда. Биыл мына дүниежүзілік пандемия болмағанда, «ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» ретінде шырайлы шаһарымызда дүбірлі той өтіп, алыс-жақын шетелдерден туристер келіп, ұлан-асыр мерекелерді тойлап жатқан болар едік. Барлық игіліктер алдағы күннің еншісіне қалдырылып отыр. Қайырлысы сол болғай!..

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы