Абай Тұрханов: Жол құрылысының сапасы – басты назарда!

2455
Adyrna.kz Telegram

Дәл қазіргі уақытта Шымкентте жол құрылысы саласында үлкен төңкеріс болып жатқандай көрінеді. Шаһар басшылығынан бастап бұл іске табандап кіріскен сыңайлы. «Жол құрылысының сапасы – басты назарда» деген қала әкімінің өзі салынып және жөндеу көріп жатқан жолдарды тікелей қадағалауда. Төтенше жағдай Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмауы керек. Көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін тиімді пайдаланған жөн. Осы орайда мегаполистің тынымсыз тіршілігінің тынысын білу үшін Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрхановты әңгімеге тартқан болатынбыз.

-Жолдар – мегаполистің күретамыры. Еліміздегі үшінші мегаполистегі қалалық маңызы бар Республика және Қонаев даңғылы, Байтұрсынов көшелеріндегі жол құрылысы қашан аяқталады? Қарап тұрсақ, осы жолдар жыл сайын жөнделіп, жаңаланады. Бірақ, көп ұзамай тағы да жөндеу көріп жатады. Мұның сыры неде? Сапада ма, әлде басқада ма?

- Жол саласындағы жұмыстар негізінен қайта құрылымдау мен жөндеу болып бөлінеді. Биыл Шымкент қаласында 10 нысан – 13 шақырым жол, 3 көпір, 1 оң жақ өткел қайта құрылымдаудан өтеді деп жоспарланған.

Сіз айтып отырған Республика және Қонаев даңғылы, Байтұрсынов көшесі жыл сайын орташа жөндеуден өтіп келеді. Ал толыққанды жөндеуден осыдан 12 жыл бұрын, яғни, 2008 жылы өткен. Сондықтан, «жылма-жыл тұрғындарды әбігерге салып қойды» деу негізсіз. Қала тұрғындарының қолайлылығы үшін қажеттілігі туындаған бірнеше көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су құбырлары ауыстырылуда.

Ал Байтұрсынов көшесіндегі №47 мектептен «Болашақ» колледжіне дейін жаяу жүргіншілер аймағының бойымен өтетін құбырлар қазіргі таңда алмастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Туғызылған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Бұл құбырларға 30 жылдан астам уақыт өткен. Егер оларды уақытында ауыстырып, тиісті көңіл бөлмесек, кейін бәрімізді әбігерге салары анық. Ал көшелер, сәйкесінше, жуық арада қалпына келтіріліп, қаламызды көркейте түспек.

Қонаев даңғылының ұзындығы 580 метр, бұл аумаққа бюджеттен 725 миллион қаржы қаралған. Биылға дейін 101 миллион теңге игерілді. Биыл тағы 200 миллион теңге бөлініп отыр. Қалған қаражат алдағы уақытта беріледі. Қазір кәріз жүйесі мен электр бағаналарын, газ жүйесін алу жұмыстары жасалуда. Мұнан бөлек, бұл жердің топырағы құрылысқа жарамсыз. Сондықтан топырағы алынып, тас төселуде.

Қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жол құрылысы да қарқынды жүруде. Республика даңғылындағы жөндеу жұмысының не үшін жүргізіліп жатқанын түсіндіре кетейін. Көптеген тұрғын бұл мәселеге сынмен қарауда. Байқасаңыздар, жолдың бөлу жолағының бір шетіне су қашырғыш құбырлар, екінші  жағына лоток орнатылуда. Құбыр қойған себебіміз, оның үстіне веложол салынады. Сол себепті, асфальтті жаңбыр суы көбіне лотокқа қарай құйылатын етіп төсейміз. Жауын-шашын кезінде су сол арнаға құйылады да, жолды су басу қаупі болмайды. Бұл жүйені Байтұрсынов көшесінде байқап көрдік. Соңғы жауын кезінде жұмысы аяқталмаған екі аумақты қоспағанда мұнда су басу жайты болған жоқ.

Айта кетейік, Республика даңғылының екі бағытында да 4 жолақты жол қарастырылған. Ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын көпір мен даңғылдың күрделі жөндеу жұмыстарына бүгінде 150 жұмысшы жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды 2021 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

-Жалпы, біздің қалада жолдардың ұзындығы қанша шақырымға созылып жатыр?

-Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2980 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қаладағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд теңгесі республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.

-Жуырда ғана Сайрам-су өзеніндегі көпір пайдалануға берілді. Көпірдің құрылыс жұмыстарын мамандар қалай бағалап жатыр?

- Шымкент қаласындағы Сайрам-су өзенінен өтетін көпірді қайта құру жұмыстары 2019 жылы басталған. Аяқталу мерзімі осы жылдың мамыр айына жоспарланған болатын.

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға қарамастан мердігер компания қайта құру жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтады. Көпір құрылысын «Корпорация Береке-А» ЖШС жүргізді. Аталған мердігер компания 5 жылға кепілдік беріп отыр.

Айта кетсек, 433,87 млн теңгеге жобаланған көпірдің құрылыс жұмыстарына өткен жылы 200 млн теңге бөлінген. Биыл қалған бөлігі игеріліп, көпір ел игілігіне беріліп отыр. Мамандар оң бағасын берді.

-Бадам өзеніндегі көпірді қайта құру жұмыстары ше? Жұмыстар жоспар бойынша істелініп жатыр ма?

-Бадам өзеніндегі көпірді қайта құру жұмыстары қарқынды жүруде. 2019 жылдың қараша айында Шымкент қаласы аумағындағы Қорғас - Алматы - Шымкент - Өзбекстан Республикасының шекарасы А-2 автомобиль жолындағы Бадам өзенінен өтетін көпірдің бір бөлігі пайдалануға берілген болатын. Көпірдің жалпы ұзындығы 144 метр болса, жүріс бөлігінің ені – 11,5 метр және жалпы ені 28,2 метрді құрайды.

Көпір 2 бөліктен тұрады, 1 бөлігінің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда ел игілігіне берілген. Көпірдің екінші бөлігінде 2 жағалауындағы және 2 аралық қадалар құйылды. Жоспар бойынша көпір құрылысы толығымен 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.

-«Шымкентте қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді» дегелі көп айдың жүзі болды. Карантин кезінде бұл мәселе тіпті өзекті болып кетті. Дейтұрғанмен, осы мәселе шешімін тапты ма?

-Қаламыздағы қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоба «QazSmartTrans» ЖШС жеке инвесторлар есебінен іске асырылады. Ол жүйе биыл демалыс уақытында (жолаушылар ағыны ең төмен кезінде) іске қосылмақ. Бүгінгі таңда, жүйені енгізу үшін 24 көлік компаниясымен шарт жасалды, қазір автобустарға кабель мен сымдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке көлік карталарын шығару үшін, қоғамдық көлікте тегін жүретін әлеуметтік санаттарға жататын азаматтар, жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, мектеп және орта арнаулы оқу орындарындағы оқушылар туралы деректер жинақталуда.

Электрондық төлем жүйесінің артықшылығы көп, яғни жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Ал тарифті белгілеу мәселесіне келсек, бұл ретте көлік карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф жоғары болмақ.

Бұдан бөлек, аталған жүйені медицина, білім беру жүйелерімен біріктіру арқылы, яғни оқушыларға мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі берілмек. Ол мектептерге кассалық аппараттар тегін беріледі. Қаламызда карантин енгізілуіне байланысты, тиісті жабдықтарды жеткізу жұмыстары кешіктірілуде. Дегенмен, бұл мәселе таяу уақытта толық шешімін табады.

Қазіргі таңда жеткізушіге төлемақының 50% төленген. Жабдықтарды жеткізу ағымдағы жылдың 1 мамырынан басталды. Ал тамыз айынан бастап жоба толық іске қосылмақ.

Айта кетсек, қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесін енгізу бойынша қажетті мәліметтерді қала тұрғындарының назарына жеткізу мақсатында тиісті іс-шаралар әзірленуде. Бұл ретте арнайы PR акциялар өткізілмек, сондай-ақ жарнамалық бейнероликтер мен буклеттер дайындалып, оған еріктілер (волонтер) жұмылдырылады.

-Сосын «2ГИС мобильді қосымшасында автобустардың жүру уақыты мен жүру уақытына дейін көрсетіледі» ақпардың тарағанына да біраз уақыт өтті. Бірақ, серверде мұндай ақпараттар әлі күнге қолжетімсіз болып тұр.

-Иә, ондай ақпараттардың қолжетімсіз болып тұрғаны рас. Бұл олқылықтың орны электронды билет жүйесіне көшкен кезде толтырылатын болады.

-Қалада жол құрылысы жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жұмысшы тапшылығы сезіліп жатқан жоқ па?

-Шымкент қаласында жол құрылысына Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 3 198 адам жұмылдырылмақшы.

Басқарма мамандары тек жолдар мен көпірлерді жөндеп қана қоймай, тұрғындарға қызмет көрсетілуін бақылайды. Мысалы, қалаға қарасты 4 аудандағы жалпы ұзындығы 90 шақырым жолды қамтып, жол сызықтарын, жол қозғалысын реттеуді күтіп-ұстауды басқарма мамандары атқарады.

Бұл шаруаларға жергілікті тұрғындар көптеп тартылуда. Әсіресе, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту басты назарда тұр.

Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 3 198 адам жұмылдырылмақ. Оның ішінде 1 621 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтардың қатарынан алынады. Сондықтан жұмысшы тапшылығы сезіліп жатқан жоқ.

-Жалпы биыл жол саласында неше нысан пайдалануға берілді?

-Биыл Шымкент қаласында 10 нысан – 13 шақырым жол, 3 көпір, 1 оң жақ өткел қайта құрылымдаудан өтеді деп жоспарланған.

Бұлардың қатарында А-2 автожолы мен Темірлан тасжолының қиылысындағы көлік өткелдері, А-2 автокөлік жолының бұрынғы қоқыс полигонынан Ынтымақ шағынауданына дейінгі бөлігін жөндеу, Жібек жолы, Төреқұлов, Адырбеков, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірлері мен Сайрам су өзеніндегі Леңгір бағытындағы көпірді қайта құрылымдау жұмыстары бар. Бұған қоса 50 шақырым жол мен 2 көпір толық жөнделіп, 308 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

Жалпы, 223 нысан пайдалануға берілсе, 2 нысан 2021 жылға өтпелі. Осы мамыр айының соңына дейін 136 нысан, ал маусым-тамыз айларында 75 нысан ашылады деп күтілуде. Күзде тағы 5 нысан пайдалануға берілмек. Ал Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу 2021 жылға өтпелі.

-Шымқалаға кіреберіс көпір қасбетінің жаңарып жатқанынан хабарымыз бар. Сонымен, Оңтүстік кіреберістегі көпір қандай болмақ?

-Жуырда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкенттің оңтүстігінен кіреберісіндегі көпірдің қасбетін өзгерту мәселесін мамандармен талқылады. «Қалаға кіреберіс ерекше, заманауи мегаполиске кіріп  келе жатқаныңды сездіретіндей болу керек» деген ойын да жеткізді. Осы орайда біз көпір қасбетін көпшыдамды тастармен әрлемекпіз. Ал ол тастар Шымшаһардың өзінен шығатын жергілікті  «Бесқұдық тас» компаниясында шығарылады. Сол жарамдылығы ұзаққа жететін әрі шыдас беретін тастармен көпірдің тірек қабырғаларын қаптайтын боламыз.

-Қаладағы суарылатын жерлердің  ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі шешімін қалай тауып жатыр? Құпия болмаса, оған қанша қаржы қаралған?

-Шымкент қаласында биыл  ұзындағы 134,4 шақырым болатын 11 канал қайта жаңартылады. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков бүгінде Шымкентте жалпы ұзындығы 241,24 шақырымды құрайтын 27 каналдың бар екенін айтқан еді. Биылғы жаңаратын 11 каналдың бірі ұзындығы  10 шақырымды құрайтын «Өтеміс» каналы. Бұл су арнасында күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сметалық құны 545 млн.тг құрайды.

Суармалы жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына айрықша серпін беретінін айтқан қала басшысы ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жобаларын іске асыруды тездетіп бастауды, сондай-ақ қаражаттың тиімді игерілуіне тиісінше бақылау жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кету қажет, «Шымкент қаласының өзен және канал арналарына механикалық тазалау бойынша сервистік қызмет көрсету»  мемлекеттік жекешелік әріптестік жобалары бойынша 2020-2024 жылдарға 850 млн теңге қаралған. Яғни, тағы 16 канал арнасын (117,3 шақырым) механикалық тазалау көзделіп отыр.

-Ірі көшелер ғана емес, шағынаудандар мен елдімекендердегі көшелердің жағдайы не болып жатыр?

-Шағынаудандардағы көшелерді 2020 жылы  күрделі және орташа жөндеу, шағал тас төсеу жұмыстарына 16,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 69 көше күрделі жөнделеді. Ал 207 көшеде (290 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Тағы 90 шақырым жолға шағал тас төселмек.

Шымкент қаласындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 2 980 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1758 шақырымға асфальт төселсе, 1107 шақырым тас жол бар. Ал 111 шақырымы – топырақ жол. Жолдардың 56,5 пайызы немесе 1 682 шақырым жолдың жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп саналса, 43,5 пайызының (1 295 шақырым) жағдайы сын көтермейді. Оның ішінде 1219 шақырым шағал және топырақ жол, ал 873 шақырымы – шалғай елдімекендерге тиесілі жол болып тұр.

 

Сұхбаттасқан Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер