Оқушыны қашықтан оқытамыз ба, әлде басқа жолы бар ма?

3235
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ журналистермен онлайн брифинг өткізді. Онлайн кездесу кезінде министр алдағы жаңа оқу жылында оқушылардың мектеп формасына қатысты мәлімдеме жасады. Министр маңызды санаған бұл мәселеден бұрын еліміздегі әрбір ата-ананы алаңдататын негізгі проблема сабақ оқу жүйесі екені анық. Жаңа оқу жылында балаларымыз қашықтан білім алады ма, жоқ әлде мектепке барып сабақ оқиды ма? Әзірге министрлік тарапынан бұл сұраққа нақты жауап берілген жоқ. Десек те, біз өз тарапымыздан бірнеше азаматқа сұрау салып, осы сұрақтарға қатысты пікірін білдік.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы: «Әрине, реті келсе балалардың мектепке барып оқығаны жақсы. Себебі жүз жерден заманауи десе де, қашықтан оқыту бала мен ұстаздың күнбе – күн отырып, көзін, жанарын көріп, жүрегінің лүпілін сезіп оқытқанмен бірдей емес, бола алмайды. Қанша жаңа техника шықса да педагогика, бала оқыту өте консервативті сала болып қала бермек. Зауытқа құлтемір ойлап табуға болар, мектепке темір мұғалім ойлап табу екіталай дүние.

Ал күзге келсек, түсінгенім барлығы да пандемия деген мәселеге тіреліп тұр. Аурудың қарқыны бәсеңдемесе, онда қашықтан оқыту жалғасуы ықтимал.

Мұрат АЙҒАБЫЛОВ, сауда менеджері: «Білім берудің екі нұсқасы да біздің елде тиімсіз болатын сияқты. Қашықтан оқыту керек, әрине қазіргідей жағдайда. Алайда олай ететін болса, көктемдегідей интернет болмау проблемасы басталады. Ата-аналар да үйде бала оқытуға мүмкіндігі болмасы анық. Бала оқытамыз ба, нан табамыз ба? Ал енді мектепке барып сабақ оқу жағын алып қарасақ, бұл да тиімсіз. Өз басым баламның денсаулығын қатерге тігіп, мектепке жіберуге қарсымын. Мектеп көпшіліктің жиналатын орны. Жұқпалы дерттің нағыз ошағы болары сөзсіз. Сондықтан, жаңа оқу жылының ең негізгі проблемасы сабақты қалай оқимыз деген сауал болады».

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, білім саласының білікті маманы: «Індет қашан бәсеңситіні белгісіз. Меніңше, мектепте оқу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Қазір күн жылы. Соның өзінде індет өршіп тұр. Ал күн салқындағанда жылдағы тұмау-сымау басталып, ел түшкіріп-пысқыра бастайды. Отоплениенің жағдайы анау. Мен мініп, бір аяқтап тұратын  #онтөртіншімаршрут барлық қалада бар. ... Мектепке барып оқу елді қолдан қыру деген сөз».

Қалдыгүл ЖҰМАШҚЫЗЫ, дәрігер: «Әрине, баламды мектепке жібергім жоқ. Қазірдің өзінде аулаға шығармай, үйде ұстап отырмыз. Бірақ, үйде өзі қалған баланың сабағын кім қадағалайды? Баланың аты бала ғой. Бұл бәріміз үшін уайым болды. Онлайн білім дегеннің қандай болатынын көктемде көз жеткіздік. Далбаса нәрсе екен. Десек те, жұқпалы ару өршіп тұрғанда оқушылардың қашықтан білім алғанын дұрыс санаймын».

 

Мейіржан ТЕМІРБЕК, «Толағай»  жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мұғалім: «БжҒМ биылғы оқу жылында оқытудың бірнеше нұсқасын ұсынып жатыр екен. Қашықтан оқытсын! Басқа нұсқаның керегі жоқ. Оқыта алмай ма мүлде тоқтатсын! Халықтың амандығы керек! Үлкендерге ұқтыра алмай жүргенде, 1-сынып оқушылары санитарлық норманы қалай сақтайды? Вирус Қазақстанның түкпір-түкпіріне, ауылдарға да жетті... Ата-аналар 1-сынып түгілі жоғарғы сыныптағы оқушыларды сабаққа жібермейміз деп отыр. Өйткені аурудың қалай таралып не болғанын көзімен көруде! Қаншама мұғалімдер де ауырып жатыр. Қазір деннің саулығы мен бастың амандығы керек…»

P.S.Көктемгі қашықтан оқыту кезінде қандай жағдайға куә болдық? Біресе «зум» деді, біресе «дарын» деді, енді бірде уатсапп желісінде білім беру деген түрлі нұсқалар ұсынылды. Ешбір нұсқа балаға жарытып білім берді деп айта алмаймыз. Неге? Біріншіден, онлайн білім оқушының  жауапкершілігін азайтты. Мұғалім тапсырма бергенімен, бала орындаған болды. Бітті.

Егер жаңа оқу жылында да осылай жалғасса, кез келген ата-ана шу шығарары сөзсіз. Көктемнің өзінде «баламызды өзіміз оқытып отырмыз, мұғалім не үшін жалақы алады?» деген сарында ата-аналар тарапынан сұрақ туындағаны жасырын емес. Сонымен қатар, қашықтан оқыту осы екен деп тапсырма берумен ғана шектеліп, бос уақытын басқаға жұмсаған мұғалімдердің болғаны да жасырын емес. Тұтас мұғалімдеріміз өз ісіне салғырт қарайды деуден аулақпыз, десек те қашықтан оқытуды тегін жалақы алу деп қарайтындар да елімізде жоқ емес. Өз ісіне шынайы берілген, тәулік бойы қолынан телефоны түспей, оқушысына білім беруге барын салған ұстаздарымыз үшін қашықтан оқыту әрине, өте қиын. Алайда нағыз ұстаз бар жерде, ілініп, салынып әрең жүрген мұғалімдердің де барын жоққа шығармассыз? Қашықтан оқыту сондай мұғалімдер үшін "тегін жалақы алуға" айналмай ма?

Бюджет қаржысы болғандықтан кез келген азаматтың бюджет ақшасына сұрау салуға қақысы барын ескерсек, онда нағыз даудың басталары алда болуы мүмкін. Білім министрлігі осы мәселеге жіті назар аудармаса, үйде бала оқытқан ата- аналардың шуын тоқтату қиынға соғады. Жоғарыда айтылған барлық  мәселелерге байланысты Білім және ғылым министрлінің баспасөз хатшысы Гаухар ОМАРБЕККЕ де сауал салдық. Алдағы уақытта тиісті мекемеден ресми жауап болады деген үміттеміз.

Көктемде соңғы тоқсан болды, жұрт абдыраған шақ болды, карантин болып, үйде ата-аналар баланың сабағына қарай алды. Ендігі жерде қалай болмақ? Көктемдегідей жүйесіз білім беру жалғасса, онда сауатты оқушы туралы жақ ашудың өзі артық. Келесі мәселе интернет жылдамдығына байланысты. Қазақстандағы интернет жылдамдығы кісі аярлық халде. Кейбір ауылдарда интернет мүлде жоқ. Олар қайтпек? Әлеуметтік желілерде бірнеше күннен бері жаңа оқу жылы туралы қызу талқы жүруде.

Азаматтардың басым бөлігі қашықтан оқытуды қолдайды. Дұрыс, ешкім де баласының денсаулығын қатерге тікпейді. Алайда қашықтан оқытуға Қазақстан дайын ба? Бұл ретте Аймағамбетов емес, ең алдымен интернет жылдамдығы үшін жауапты министр Асқар Жұмағалиевке сұрау салынуы керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер