Жұмыла көтерген жүк жеңіл: карантин кезіндегі көмек

3222

Коронавирус пандемиясы күннен-күнге өршіп барады.  Бұл індет еліміздің бірлігі мен ынтымағын да сынға алғандай.

Дана халқымыз сыналар сәтте вирусты жеңуге белсене атсалысып, бір-біріне қол ұшын созуда.

«Адырна» ұлттық порталы төтенше жағдай кезінде жасалған жақсылықтардың бір парасын назарларыңызға ұсынады.

 

Карантиннің алғашқы күндеріндегі көмек

 

Елімізге төтенше жағдай енгізілген күннен бастап әкімдіктер мен волонтерлер, кәсіпкерлер мен танымал адамдар мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық пакеттер таратқан болатын. «Жас Отан» жастар қанатының еріктісі Бибінұр Шернияз «Біз біргеміз» челленджін бастап, өз қолымен тіккен маскаларды әлеуметтік жұмысшыларға тегін үлестірді. Бұл акция еліміздің түкпір-түкпірінде өз жалғасын тапты. Осы орайда белгілі дизайнер, марқұм Берік Исмаилов та үлкен үлес қосып, қазақ халқының жүрегінде өзінің мәрттігімен есте қалды. Ал Ардақ Назаров, Тұрсынбек Қабатов, Маржан Арапбаева, Беркут, Гүлзира Айдарбекова сынды танымал адамдар ерікті түрде аз қамтылған отбасыларға көмектесіп, халықтың алғысына бөленді. Елбасымыздың бастамасымен құрылған «Biz Birgemiz» қорына Тимур Құлыбаев 10 млн доллар, Кеңес Рақышев 1 млн доллар, Ғалымжан Есенов, Айдын Рахымбаев, Рашид Сәрсенов қаржы аударды.

 

Дәулеттің оқырмандары ерледі

 

Карантин кезінде Дәулет Төлеутайұлының атқарған жұмысын ерекше атап өткен жөн. Блогер оқырмандарының көмегімен 400 отбасыға азық-түлік таратты. Рамазан айында 100 миллион теңгеге қайырымдылық жасалды. Мақтаарал ауданын су басқан кезде де «Дәулеттен» қайырымдылық қоры белсендік танытып, 24 млн 297 мың теңгені жинаған болатын. Дәулет мырза «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында оқырмандарымен бірге оттегі аппараттарын сатып алуға қаржы жинап жатқанын атап өтті:

 

  • Карантин уақытында мұқтаж отбасыларға азық-түлік тараттық. Бүгінде азық-түлік емес, қиналып жатқан жандарға оттегі аппараттарын сатып алуға ақша жинап жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта 30 миллионға жуық ақша жиналып қалды. Оның 15 миллионға жуығына аппарат алу жоспарда бар. Алдағы уақытта Қытайдан 700 аппарат келеді.

 

Медицина ақсап тұр: дәрі тапшы, оттегі аппараттары жетіспейді

 

Індет үдей түскен шақта елімізде дәрі тапшылығы пайда болып, емханаларда оттегі аппарттарының жетіспейтіні анықталды. Айнұр Тұрсынбаева «AidynNury» қайырымдылық қорының атынан 1 миллион, өз атынан 1 миллион теңге бөліп, Қазақстанға жеткіліксіз дәрі-дермектерді Түркиядан жеткізуді қолға алды. Сонымен қатар, айтыскер ақын емханалардағы оттегі аппараттарының жетіспейтінін алға тартып,

отандастарымызды қайырымдылық шарасына шақырды. Тұрсынбаеваны Эльмира Ешниязова, Динара Сатжан, Дәулет Төлеутайұлы, Қайрат Жолдыбайұлы, Жанат Бақыт, Алтынай Жорабекова сынды қоғам белсенділері қолдады.  Осылайша небәрі бес күннің үшінде 825 аппараттың ақшасы жиналды. Бүгін Түркия мемлекетінен елімізге 125 оттегі аппараты келеді. Еліне жанашыр адамдарға үндеу жолдаған белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да әлеуметтік желіде қуанышты жаңалықпен бөлісті:

 

  • Кеше Қазақстанның барлық аймақтарынан жастар, кәсіпкерлер хабарласып ауылдарына, аудандарына, қалаларына бір неше данадан алатындарын айтып, ақшаларын жіберді. Үлес қосқан барша азаматтардан Алла разы болсын! 28 дана оттегі концентратордың қаржысын жинап берген Жаннат Бақыт, айрықша үлес қосқан Кәмшат Бекжігітова қарындастарыма, құжаттарын реттеуге көмектесіп жатқан Берік Уәлиге, үндеуіміздің халыққа көбірек жетуіне атсалысқан Сайлау Қамиев, Айгүл Иманбаева, Айболат Жанғали, Бекжан Тұрыс, Айнур Тұрсынбаева, Ардақ Назаров, Серік Аббас-шах, Сакен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Ғаділбек Жанай, Нүркен Өтеуіл, Аманжол Әлтай, Алтынбек Әбіш, Құрмаш Махан, Серікзат Дүйсенғазы, Бейбіт Кушкалиев, тағы да басқа аты аталмаған азаматтарға алғысымды білдіремін. Мұндай шаралар халықты тек біріктіреді. Баршаңыздан Жаратқан разы болсын! Сонымен екі күнде жиналған қаржы 35 808 895 теңге болды. Бұл ақшаға Алла жазса, 210 дана оттегі концентраторын аламыз. Бүгін де жібереміз деп азаматтар хабарласып жатыр. Заводқа алғашқы партиясына кеше тапсырыс берілді. Ендігі партиясына ақшаны алдымыздағы сейсенбі таңертең жібереміз. Одан кейін қаржы жиналып жатса, келесі партиясына тағы да жіберетін боламыз.

 

 

Бір адамның өмірін алып қалу - бүкіл әлемге өмір сыйлағанмен бірдей

 

Оттегі аппараттарын  сатып алуға өз қалтасынан қаржы қосқан азаматтардың бірі - Айгүл Орынбек. Заңгер сұхбат барысында биліктің коронавируспен дұрыс күреспей жатқанын жеткізді:

 

  • Қазақта "Оң қолым бергенді сол қолым білмесін" деген керемет даналық сөз бар. Шыны керек, осы уақытқа дейін жасаған қайырымдылықтарымды жария етпеппін. Бұл жолы халқымыздың мүшкіл халін көріп, ашындым. Билікте отырған жандарға сабақ болғанын қаладым. Өздеріңіз көргендей, бұл індет менің отбасымды да айналып өтпеді. Аяқ астынан анамның өкпесі қабынып, ауырып қалды. Өкінішке орай, ауруханалар анализсіз анамды қабылдамайтынын айтты. Ал ол анализдер тек бір аптадан кейін ғана дайын болады екен. Осылайша анамды ауруханға жатқыза алмай, 6 сағат сандалдым. Көз алдында анаңның ауа жетпей сөніп бара жатқанын көргенде, шарасыз қалады екенсің. Біз «біргеміз, барлығын керемет жасап жатырмыз, барлығы бақылауда» деп жар салып жүрміз, бірақ еліміздің медицинасының жағдайы мынау. Адамның өліп жатқанын бақылап отырған атқарушы билік кімге керек? Қазір халық қойша қырылып жатыр. Осы жағдайдың барлығын көре отыра қалай мен халыққа көмек бермеймін? Бір адамның өмірін алып қалу - бүкіл әлемге өмір сыйлағанмен бірдей. Мысалы, менің анам - отбасымыздың түтінін шығарып отырған адам.  Осылай бір отбасының асыраушысын, шамшырағын аман алып қалып, титтей де бір көмегім тисе, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Өзіңнің халқына көмектесіп, мейірімділік көрсету игі істермен өлшенеді емес пе? Жай ғана 600 миллионға  ролик түсіріп, теледидар арқылы "Біз бергеміз" деп ұрандатқан пайда жоқ. Сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт келді.  Мен биліктен халқымыздың жағдайын жасап беруін ғана сұраймын. Ата заңымызда "Адам өмірі - бірінші қазынамыз" деп көрсетілген. Өкінішке орай, біз сол қазынамызды сақтай алмай жатырмыз.

 

Дәріханалардағы дәрі тапшылығын ескере отыра, Арман Джумагельдиев Шымкент қаласының тұрғындарына 2000 дана керекті дәрі-дермекті тегін таратты. Ол өзінің Instagram парақшасында жақын күндері Қазақстанның басқа қалаларына да тегін дәрі жеткізетінін хабарлады.

 

Ал танымал блогерлер Арман Юсупов пен Карина Оксукпаева командасымен бірге адамдарға дәрі табуға көмектесетін komek2020.kz сайтын ашты. Қазір бұл сайт белсенді түрде жұмыс істеп тұр.

 

Қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп текке айтпаса керек.

Бұл төтенше жағдай кезінде атқарылған игі істердің бір бөлігі ғана.

Еліміздің ауызбіршілігі мен татулығының арқасында індетті жеңетін күннің алыс емес екеніне сеніміміз мол.

Диана АСАНОВА, «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы