Дәл қазір Қазақстанда әлеуметтік желі беттерін ашуға жүрексінетін жағдайға жеттік. Аша қалсаң...көңіл айтулар мен жаны шырқырап, көмек сұраған жұрттың зарынан аза бойың қаза болардай. Осы жылғы наурыз айында алғаш төтенше жағдай жарияланып, әлемді жайлаған коронавирустан сақтанудың алғы шарты елімізде де қолға алынған еді. Алайда арада бес ай өткеніне қарамастан, біздегі вирус азаюдың орнына, өршіп кетті. Өршіп кеткені сонша, кеше ғана фейсбукте пост жазған кісі бүгін бақилық болып жатқан жағдайлар жиіледі. Бұ қалай? Айлар бойы отырған карантиннің пайдасы осы ғана ма? Әлде халқымыз тым жауапсыз ба? Бәлкім бұл жерде биліктің де мүлт кеткен тұсы бар болар?Халық вирустан зардап шегуде ме, жоқ билік пен арадағы тым тереңдеп кеткен алшақтықтан, сенімсіздіктен бе?
Көкейде кептелген осынау сұрақтардың жауабын ел ішінен емес, сыртынан іздестіріп көрдік. Алыстан емес, діні, ділі, салты, ғұрпы бір, қандастарымыз, яғни түрік бауырларымыз бен біздің жағдайымызды салыстырып, біраз жайтқа көз жеткізгендей болдық. Әрине, халық саны жағынан түріктер бізді он орап кетеді. Түркияның орналасқан жері, көршілес елдері де басқа. Түрік медицинасын біздікімен салыстыруға келмес. Десек те...
Түрік халқының 90 пайызы министрді тыңдайды
Түрік бауырларымыз қызба халық. Сонымен қатар өте қонақжай. Өздерінің ішкі эмоциясын құшақтау, қол ұстау сынды әрекеттермен білдіретіні тағы бар. Соған қарамастан, наурызда жарияланған вирустан сақтану шаралары түріктерді біраз әдеттерден арылуға итермелепті. Көпшілік жиналатын орындарға бетпердемен бару, қолды сабындап жуу, ара қашықтықты сақтау сынды талаптар мейлінше сақталады дейді бізбен сұхбатында анталиялық Мехмет АЙТЕМІЗ бауырымыз. «Бізде де кісі өлімі жоқ емес. Алайда, вирустан көз жұмғандардың басым бөлігі алпыс жастан асқандар. Жер жерді дезинфекциялау жұмысы әлі де қарқынды жүргізілуде. Халық та мейлінше тазалықты сақтауға күш салып, карантин талаптарын ұстануда. Иә, қазақ бауырларымыз ауыр жағдайды басынан өткеруде. Интернеттен оқып, біліп отырмыз. Алыстан амандықтарыңызды тілеп отырмыз» деген Мехмет түріктер билік өкілдерінің әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап, айтқанын орындайтынын да жеткізді. «Денсаулық сақтау министрі Фахретдин қожа әр күн сайын елдегі жағдайға қатысты ақпар беріп, не істеу, істемеу керегін міндетті түрде айтып, хабарлап отырады. Халықтың 90 пайызы министрді тыңдайды. Ауруханалар тиісті көмекті дер кезінде беруде. Орын тапшылығы деген проблема мүлде болған емес» дейді Мехмет. Аптаның белгілі бір күндерінде сыртқа шығуға тыйым салынса, жұрт сыртқа шықпайды екен Түркияда. Байқасаңыз, алып бара жатқан түк те жоқ сияқты. Карантин талаптарын сақтау, сыртқа шықпа десе, шықпау сынды дүниелер бізде де айтылуда ғой. Бірақ неге қазақ қынадай қырылып жатыр? Талаптарды сақтамаған халықтың өзі кінәлі деп билік тарапы бір сөзбен кесе салары сөзсіз. Әйтсе де, халықтың талапты сақтамау сырына, шенеуніктердің сөзі мен әрекетіне деген сенімсіздік астарына үңіліп жатқан жан бар ма? Науқасына орын тауып бере алмаған, дәріханада қарапайым дәрісі жоқ елдің билігіне кім сенім артсын?
Қазақтар билік өкілдерінің әр сөзіне мән беріп, сенім арта ма?
Демек, түріктер ең алдымен билік өкілдерінің әрбір сөзіне мән береді және сенеді. Осы себептен де ақпарат құралдарында айтылған әрбір талапты орындауға күш салады. Бізде жоғары жақтан айтылатын әрбір сөзге халық аса мән бере бермейді. Мән берсе де, сене қоюы екіталай. Өйткені халық бұған дейін талай рет билікке сеніп, «аузы күйген». Міне, сондықтан да елімізде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан, қойылған талаптар аса орындала қоймады. Қала сырттарына блок посттар қойылды, бірақ тиын тебенін беріп, әрі-бері талай көлік өтіп жатты. Тойханалар жасырын жұмыс істеп, пайда тауып жатты. Ең ақыры, шаштараздар есікті іштен іліп алып, талай бастың шашына дейін алынды. Бетперделер тек дүкенге кіру үшін ғана тағылды. Аулада балалар полицей қиқулап келгенше ойнап жүрді. Ақыры не болды? Осының бәрі халықтың жауапсыздығы, білімсіздігінің салдарынан болды дейсіз бе, жоқ әлде билікке деген сенімсіздіктен болды дейсіз бе, оны патша көңіліңіз білсін.
«Дәрі жоқ, ауруханада орын жоқ деген проблема бар ма»?
Келесі сұхбаттасушымыз дәрігер, Түркияның Қырықкалесінің тұрғыны Рамазан ЙҮКСЕЛ өзімізге «Дәрі жоқ? Ауруханада орын жоқ? Ол қалай сонда?» деп таңырқап сұрақ қойды. «Ауруханаларымызда науқастарды емдеп, жазуға барынша жағдай жасалған. Пандемияға дейін де түрік медицинасы жоғары деңгейде қызмет ететін. Ал қазір, қарқынды жұмыс істеуде. Әрі халқымыз да карантин талаптарын мейлінше сақтауының арқасында өлім жітім көрсеткіші қауіпті деңгейге көтерілген жоқ. Вирус шыққан аймақ, үй, отбасы бірден екі апталық қатаң карантинге алынады. Дәрігерлер күн түн демей жұмыс істеудеміз. Дәрі тапшылығы деген мүлде болған емес» деген Рамазан барлық аурухананың ИВЛ аппаратымен жабдықталғанын сөз етті.
Рамазанмен сөйлесу кезінде біздегі ИВЛ аппараттары туралы проблеманы айтудың өзін артық санадық. Өйткені Қазақстанда аспирин, парацетомол, аскорбин қышқылы сынды тиын тұратын дәрілерді таппай сандалған жұрттың басын қисынсыз аппаратпен ауыртып, қиянат жасағымыз келмеді. Ауруханасында алдын ала орын дайындап, халқын тегін бетпердемен қамтамасыз еткен, дәрі тапшылығы деген түсіне де кірмеген түрік ағайынның президентіне де, денсаулық министріне де ең алдымен халқының амандығы маңызды екенін еріксіз мойындайды екенсің.
Салыстырып қарасақ, бір Стамбұлдың халық саны он бес миллион шамасында екен. Біз тұтас Қазақ мемлекетінің халық саны он сегіз миллионнан сәл астық. Стамбұлдың халқы вирустан қырылып жатыр деген ақпарат жоқ, лайым болмасын да. Сонша миллион халықты әкімі, мэрі шашау шығармай, басқарып отыр. Қазақстанды да мыңдаған шенеунік басқаруын басқарып отыр. Бірақ қалай басқарып отыр, мәселе осында. Халқы өз бетпердесін өзі тігіп киіп, дәріханадан керегін таппай, сарымсақ, пияз, қойдың құйрығын жеп, ем домын өзі жасап, бір бірінде бар дәрімен алмасып, не болмаса карантин кезінде бірінің үйіне бірі тамақ тасып аласұрған түріктер туралы ақпаратты көзіңіз шалды ма? Өкінішке қарай, жерінің асты тола байлық деген қазақтар ғана сондай жанталасқа түсті, арпалысты. Себеп? Себептің сыры өте тереңде.
Қазақ билігіне халқының амандығы маңызды ма?
Елімізде қазіргі жағдай қалай? Күн өткен сайын қауіп қоюлана түсуде. Денсаулық сақтау министрінің бұрынғысы кетіп, жаңасы келгені болмаса, баяғы проблема көбеймесе, азайған түрі жоқ. Дәріхана алды ұзын сонар кезекке тұрған жұрт. Аурухана алды жедел жәрдем көлігіне толып тұр. Науқасты жатқызатын жер жоқ. Ең ақыры, ауруханаға кеткен адам мәйітханадан шығатынын бек білетін жағдайға да жеттік. Бұл үшін де халықты кінәлаймын десеңіз де, билікті ақтап аламын десеңіз де, еркіңізге салдық. Алайда сіз бен біз білгіміз келетін, көкейімізді тескен бір сұрақ осы пандемия кезінде зорая түскені анық. Қазақ билігіне халқы керек пе өзі? Қазақ билігіне халқының қазіргі жағдайы маңызды ма, жоқ әлде шенеуніктерге тек миллиардтаған ақша ғана маңызды ма? Әрине, бұл сұрақтардың жауабын қазіргі аласапыраннан аман шықсақ қана, білерміз...
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.