Ермұхамед Ертісбаев: Лукашенко Назарбаевтан үлгі алуы керек еді

3780
Adyrna.kz Telegram

9 тамызда – Беларуссияда президенттік сайлау. Беларусь  халқы жолайрықта тұр. Ортақ таңдау жасалуы  тиіс. Бірақ қазір ел екі лагерьге бөлінген. Бірі қазіргі президент Лукашенконы жақтаса, екінші тарап – оппозицияны  қолдайды. Жалпыға ортақ түсінікті ұғыммен айтқанда, «елдің болу, болмау» тағдыры шешілейін деп тұр.

Бүкіл өмірімді ел тәуелсіздігінің нығаюына арнап келе жатқан мен мемлекеттің іргесінің шайқауына жол бермеймін. Беларусь елінің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кез келген әрекетке барамын. Елдегі оппозицияға  батыстың және Ресейдің біраз топтары жел беріп, бізге қарсы айдап салып отыр. Путинмен өзім сөйлесемін. Беларуссияда майдан болмайды. Оған жол бермеймін. Оппозициядағы біраз адамдардың бетпердесі шешілді. Олар батыс елдерінің айдауына көніп отырған жасанды қуыршақтар, деді Белерусь президенті Александр Лукашенко.

Рас, бір айдан аса уақыт қалғанына қарамастан, президенттік сайлауда Лукашенконың басты қарсыластарына қысым жасалынып, оларды қудалау басталды.  Қазірдің өзінде елдегі ең қауіпті блогер, оппозициялық көзқарастағы бақталас  саналатын  Сергей Тихановский 15 күнге қамалды. Оның орнына президенттікке кандидат ретінде әйелі Светлана Тихановскаяның кандидатурасы  ұсынылды. Бүгінгі күнде елде наразылықтың  күшеюіне блогер Сергей Тихановскийдің әлеуметтік желідегі жазбалары көп ықпал етіп отырған сияқты.

Бұл ғана емес, «Белгазпромбанк»  басқармасының бұрынғы басшысы Виктор Бабарико мен елдегі Жоғары технологиялар паркінің негізін салушы Валерий Цепкало да Лукашенкоға негізгі қарсыластардың бірі. Бірақ Лукашенко өзінің басты қарсыластарынан  9 тамызға жетпей құтылу жоспарын  жүзеге асырып жатыр. 500 мың адамның қолын жинаған Виктор Бабарико блогер Сергей Тихановскийді  қолдағаннан кейін ол да ұсталды, қамалды. Сөйтіп, беларусь «батькасының» басты қарсыласы Бабариконың басына бұлт үйірілді.  Ресейдің атап айтқанда «Газпромның өнімі» делініп келген Виктор Бабарико  мен оның баласының белсенді әрекеті іске аспай қалды. Елде қудалау басталғаннан кейін халықтың наразылығы күшейе бастады. Ендігі қысым президенттікке кандидат Валерий  Цепкалоға келген сияқты.

Қалай айтқанда да мемлекетті 26 жылдан бері басқарып келген Александр Лукашенко тізгінді ешкімге бере қоймайтыны анық. Бұл мәселе қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Сондықтан  9 тамыздан кейін де жағдай ушыға түсетіні анық. Алайда Лукашенко жеңіске жеткеннің өзінде қалай болмақ? Елде  саяси жағдай тұрақтана ма?

Еліміздің тұңғыш президенті, Елбасының 12 жыл  саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болған  Ермұхамед  Ертісбааев  Ермек Нарымбайға берген сұхбатында Александр Лукашенкомен елші ретінде үш рет кездескенін айта келіп, «мәңгілік ешнәрсе жоқ» деген деген тұжырым жасады.

Бұл уақыт дәлелдеген фактор. Өткен жылы Назарбаев шешім қабылдап, өзінің президенттігін Тоқаевқа сабақтастық ретінде қалдырып, отставкаға кеткенде, бұл Лукашенкоға да жасалған сигнал еді. Елбасы  бұл қадамы арқылы көрегендік жасады. Егер олай етпегенде, желтоқсан айында Конституция бойынша президенттік сайлауға түсетін еді. Қазір әлемдік індет пен экономиканың әлсіреуі,  Беларуссия мен Ресейде болып жатқан жағдайларды сарапқа салар болсақ, Назарбаев  үлкен қадамға барды. Ол биліктен кетуі керектігін,  уақыты келгенін алдын ала сезді және нақты шынайы қадам жасады. Ал Лукашенко оны істей алмады және елді басқаруды ешкімге бермейтінін айтты.

Жалпы саясатта «Жеңіске жеттің және жеңілдің» деген ұғым бар. Әрине, 9 тамыздағы президенттік сайлауда Лукашенко жеңісін сақтап қалады, бірақ ол мүлде басқа елге кезігеді. Неге? Өйткені  мәңгілік ештеңе жоқ. Ерте ме, кеш пе, бәрі бітеді. Сталин билік басында 31 жыл отырды, Брежнев те ұзақ уақыт мемлекет басқарды. Бірақ мәңгілік ешнәрсе жоқ қой. Уақыты келгенде бәрі де кетуі керек. Назарбаев мұны ерте түсінді және дұрыс істеді.  Рас, Лукашенко беларусь халқы  үшін көп нәрсе жасады. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Негізі Александр Лукашенко Қазақстанның тәжірибесінен үлгі алуы керек еді. Беларусь халқы  26  жыл тапжылмай отырған президенттен шаршады. Беларусь  электоратына қазір бәрібір: мемлекет басына Лукашенко келмесе болды.  Міне, мәселе қайда жатыр? Олар Лукашенкодан басқа біреу сайлауға түссе, мейлі ол азиат болсын, дауыс беруі мүмкін. Әсіре эмоциялық пікір, психологиялық шаршау Лукашенкодан кейінгі кезде жиі көрінді.Тіпті шаршау белгісі соңғы жылдары Назарбаевтан да байқалды. Бірақ Елбасы дұрыс қадам жасады, дейді саясаттанушы Ермұхамед  Ертісбаев.

Еркін Қалдан,

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер