Дәстүрлі қазақ мәдениетінде ер адам - жауынгер. Біздің қоғамымызда еркектің көз жасына ерік беруі әлсіздік пен қорқақтық болып саналады. Кез келген ер жігіт «Еркектер жыламайды», «Сен еркексің, әлсіздік көрсетпе» деген фразаларды естіді, естіп келе жатыр. Ғылыми тілде бұл идеологияны «маскулинизм» деп атайды.
Бүгінде бұл көзқарастарға қарсы адамдар тобыры әлем елдерінде пайда бола бастады. Олар гендірлік теңдікті алға тартады. Қазіргі қазақ жігіттері бұл идеяологиямен келіседі ме? Ер адамдар өз эмоцияларын көпшіліктің алдында көрсете алады ма? «Адырна» ұлттық порталы сұрап көрді:
Мәулен НҰРХАТҰЛЫ, филолог:
Қазақ отбасында ұл балаға “сен ер жігітсің, көз жасыңды көрсетпе”, “біздің қорғаушымыз”, “біздің тірегіміз” деген тәрбиенің берілетіні заңды. Бұл ғасырлар бойы қанға дарып қалыптасқан, ер жігіттің образы. Сол арқылы қазақ ұлын тәрбиелеген. Қазтуғанның: Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар
Арқа мен қосым қала деп,
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп-, жырлауы бекер емес.
Мысалы,Әбіш Кекілбаев айтпақшы, “Еркек көзінің жасын басқаға көрсетпейтіні сияқты көңілінің зарын да ешкімге естіртпеуі керек еді”-дегені де қазақ жігітінің образын ашып тұрғандай. Болаттай берік, нардың жүгін қайыспай көтерер, өзгенің алдында кеудесін тік ұстап, қайғыдан қан жұтса да, іштегі запыранын сабырға жеңдірер қазақ жігітінің тұрпаты осы. Қашан да ұл баланың тәрбиесінде әкенің рөлі үлкен болатыны анық. Себебі, жас жеткіншек әкесіне қарап бой түзейді, әкесінің жасап жүрген іс-әрекетін қайталап, мінез-құлқын бойына сіңіреді. Сол секілді мен де әкемнен көргенімді жасадым, үйрендім, мақтан тұттым. Бойға қанмен дарып, әдетіміз мінезге айналды. Сондықтан, көпшілік алдында өзімді эмоцияға берілгіш адам ретінде көре алмаймын.
Азамат ИСАЕВ, жеке кәсіпкер:
Көз жасы - бұл денені қайғы-қасіреттің қалдықтарынан босату. Мен жақында Израильден оралғанда, Батыс Еуропадағы адамдардың өз көз жастарын жасырмайтынын түсіндім: көшедегі адамға қарап, сіз онымен ақпарат алмаса аласыз. Мен мұны Қазақстанда да көргім келеді. Себебі бізде барлығы тас қапта жүреді, оның артына тығылып, ештеңе естімеуге тырысады. Бірақ адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасау үшін жаралды. Менің достарым әлі күнге дейін көз жастарын көрсетуге ұялады, тығылып жылайды. Кейбір жігіттердің эмоциясын көрсете алмай, ішімдікке салынып кеткенін де білемін. Ер адамдар да жылайды. Қоғамды бұл құбылысқа біртүрлі көзқараспен қарамауға шақырамын. Біз де адамбыз, жылаймыз. Өз басым, эмоциямды көрсетуге ұялмаймын, керісінше жеңілдеп қаламын.
Орынтай БЕЙСЕМБЕК, дизайнер-публицист:
Құрманғазының "Қайран шешем" деген түрмеде шертілген күйінің тарихын білесіздер ғой. Күйшінің қолына кісен салып, абақтыға алып кетейін деп жатқанда, анасы келіп қалыпты. Жанұшыра келген байғұс шешесін көрген кезде Құрманғазының көзінен бір тамшы жас ағып кетіпті. Мұны көрген анасы "Мен сені ер қылып тәрбиеледім бе, ез қылып тарбиеледім бе" деп бетінен шапалақпен бір салып қалған екен. Бұл жалпы қазақ халқының айналған ұрпақтар сабақтастығы бойынша келе жатқан менталитеті. " Ер адам жыламайды" деген түсінік әлі де сақталып келеді. Қай қайсымыздың әкеміз бен анамыз болмасын, "жылама", сораңды ағызба" деп өсіріп келеді. Біз "Ер адам мүлде жыламауы керек" деп емес, "Ер адам қай кезде, қалай жылауы керек" деп ойлануымыз қажет. Кез-келген отбасыда өлім жағдайлары кездеседі. Ер адамдар сол кезде дауыс шығарады, жылайды. Адамның кейбір кездері көңілдері босайды. Темір адам Роберт Даунидің өзі жылауы мүмкін. Ішкі эмоцияны сақтай берсе, адамды қажу басады. Қажу қарттықтың тез келуіне, денсаулықтың күрт төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан, жалғыздықта, ешкімге көрсетпей жылауы тиіс. Өкініш, қиналыс, әлсіздік, стресс, сағыну, депрессия барлығында болады. Бұлар жынысты да, жасты да талғамайды. Кіл мықтылардың да жылайтын сәті болады, себебі біз ет пен сүйектен жаратылған адамбыз.
Арнұр КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, жүргізуші:
Өзім ер адамның жылағанын дұрыс деп есептемеймін. Жақыны қайтыс болғанда жылағаны бір бөлек, оны бәріміз де түсінеміз. Ал былайша, жеңіліске, көңіліне бір нәрсе тигенге жылау деген ұят нәрсе.Жігітттер, ешқашан көз жастарыңды көрсетуші болмаңдар! Нағыз қазақ жігіті деген атқа лайық болыңдар!
Бұл бүгінгі жастардың көзқарасы. Пікірлерді оқи отыра, ер адамдардың көпшілік алдында эмоциясын көрсетуге қысылатынын білдік. Жігіттердің эмоциясларын іште сақтауы қаншалықты дұрыс? Психологиялық тұрғыда жауап беріп көрелік:
Болашақта ер адам өз сезімдерін қалай білдіруді ұмытып, енжар агрессорға айналуы мүмкін
Адамдар әлеуметтік нормаға қысым жасап, ер адамдарға осал болуға тыйым салуда. Сондықтан, көптеген ер адамдар жүректеріндегі нәрсені қалай айту керектігін білмейді. Нәтижесінде біз өз сезімдерін білдіре алмайтын жандарды тәрбилейміз. Статистикалық мәліметтерге сүйетін болсақ, ерлер әйелдерге қарағанда 3 есе көп суицид жасайды.
Көз жасын ұстап тұру депрессия мен жалғыздыққа әкеледі
Кез-келген сезімнің өмір сүруге құқығы бар. Эмоцияны сыртқа шығармау психоэмоционалды проблемаларға әкеледі. Адам қоғамнан оқшаулана бастайды.
Еркектер жыламайды және әйелдерге қарағанда аз өмір сүреді
Гендерлік көзқарастар мен әлеуметтік стереотиптер ер адамдардың дәрігерге уақытында келуіне, туыстарына проблемалары туралы айтуына кедергі келтіріп, бәрін іште ұстауға мәжбүр етеді. Эмоцияны сыртқа шығарған адамдардың 88,8%-ның денсаулығы жақсарады. Ер адамдар әйелдерге қарағанда әлдеқайда аз өмір сүреді. Орташа есеппен әйелдер 74 жыл өмір сүрсе, ер адамдар 69 жыл ғұмыр кешеді екен.
Қазіргі қоғамға ер адамдардың эмоционалды бола алатынын, сезімдерін сыртқа шығаруы қалыпты дүние екенін түсіндіру қажет. «Еркек жыламайды» немесе «Еркек төзімді» деген көзқарастар көптеген адамға өз кедергісін келтірді.
Ал сіздің пікіріңіз қандай, оқырман? Нағыз еркек жылай ма?
Диана АСАНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы