Фатима Ғабитованың үш арыстан тараған ұрпақтары

6234
Adyrna.kz Telegram

Үш арысқа муза болған Фатима Ғабитова туралы мақаланы оқыған көпшіліктің көкейіне «Ұлылардың ұрпағы кімдер? Қайда жүр?» деген біралуан сауалдар келуде. Осыған байланысты назарларыңызға бірқатар деректерді ұсынуды жөн көрдік.

 Фатима Зейноллақызы - жеті құрсақ көтерген ана. Ол он жеті жасында Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығып, ағартушыдан үш бала сүйді.

🔹Тұңғыштары Фарида 1919 жылы дүниеге келеді. Ол он жасында ауырып, қайтыс болады. Бұл ерлі-зайыптылар үшін ауыр соққы еді.

"Ты всех на свете мне была дороже,

Дочурка милая, мой лунный свет!

Неужто я тебя лишилась?

Боже, Цветочка маминого больше нет?!" - деп жоқтайды Фатима ана .

🔹Екінші баласы Жәнібек 1923 жылы дүние есігін ашады . "Жәнібек" есімі Фатиманың анасы Ғайнижамалға ұнай қоймайды. Сол кезде оның құрбылары "Жәнібек деген хан болды, Жәнібек батыр есімі дүйім жұртқа мәлім" дей бергенде Фатима : «Менің ұлым өткен ғасырдың ханы да , батыры да емес. Ол өз заманының қаһарманы болады!»- деп жауап береді.

Расымен де, Жәнібек қаһарман бола білді. Өз еркімен соғысқа аттанып, 20 жасында Смоленскідегі госпитальда көз жұмады. Фатима өмір бойы Жәнібектің басына бір уыс топырақ салсам екен деп армандап өткен.

🔹 Азат әпкесі Фарида қайтыс болған жылы дүниеге келеді. Ол - филолог, түрколог. Олжас Сүлейменовпен жақсы дос болған. "Олжасқа «АЗ и Я»-ны жазуға идея берген де – Азат, ол "Аз и Я " емес , "Азат и Я" болған",- дейді Үміт Жансүгірова .Соңында бір ұл, бір қызы бар. Жәнібек Азатұлы Сүлеев - журналист.

🔻Жансүгіров ұрпақтары 🔻

 Фатима Ілиястан үш бала сүйді: Үміт, Ильфа,Болат.

🔹Үміт Жансүгірова – дәрігер.  Бірінші күйеуімен ұзақ тұрмай, ажырысап кетеді. Одан кейін режиссер Абдолла Қарсақбаевқа тұрмысқа шығады. Нұрлан деген жалғыз ұлдары 25 жасында қайтыс болған. Дана есімді немерелері бар. Фатима Ғабитова күйеубаласы Қарсақбаевты ерекше жақсы көрген.

🔹 Ильфа Жансүгірова - ұстаз. Ол Ораз Жандосовтың ұлы Санжармен шаңырақ көтерген. Бүгінде көзі тірі.

🔹 Болат Ілиясұлы - драматург, кинорежиссер. Болаттың алғашқы әйелі орыстың Юля деген қызы болды. Жәмила деген қыздары дүниеге келгеннен кейін екеуі ажырасып кеткен. 1968 жылы Қарлығашқа үйленеді. Қарлығаш – Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрамның сіңлісі болып келеді. Қарлығаштан екі қызы бар.

1943 жылы Фатима Зейноллақызының кіші ұлы Мұрат Әуезов дүние келді.

🔹 Мұрат Мұхтарұлы - мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері.

«Адырна» ұлттық порталы Болат Жансүгіровтың қызы, Ілияс атамыз бен Фатима әжеміздің немересі Үміл ханыммен әңгімелесті:

Үміл апай, әкеңіз ата-анасы туралы жұрт білмейтін қандай қызықты деректермен бөлісуші еді ?

-   Барлық естеліктер мен деректер жарияланып қойғандықтан , ешкім естімеген дүниені айту қиын болар. Менің әкем Ілияс Жансүгіров тұтқындалғаннан кейін өмірге келді. Ол әкесін құндақтағы сәби кезінде бір-ақ рет көрді, сіздер де бұл кездесуден хабардарсыздар. Ол туралы көп жазылды. Сол себепті әкемнің атам Ілияс туралы естеліктері жоқ. Мен одан да  өз сезімдерім туралы айтуға тырысайын. "Халық жауының" баласы болу - өте ауыр жүк.  Әлбетте, Фатима балаларына барлығын бүге-шігесіне дейін ашып айтпады. Айта да, түсіндіре де алмады.

Менің әкем  өз әкесі ақталғанға дейін ұзақ жылдар бойы жүректегі күдік пен ауыр жүкті арқалап өмір сүрді. Фатима Ғабитова Ілиястың балаларын қорғап қана қоймай, лайықты адам етіп тәрбиелей білді. Фатима ананың рөлі менің әкем үшін де, басқа балалары үшін де ерекше болды . Әкемнің көзіне қарап оқуға болатын анасына деген сол  махаббатын, сыйластығын, жүрек түкпіріндегі сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын.

 - Ал Ілияс атамыз бен Фатима әжеміздің ұрпақтарының ішінде олардың ізін жалғағандар бар ма?

 - Жалғады дегенде қалай? Менің әкем, Болат Ғабитов-Жансүгіров, драматург, кинорежиссер болды. Оның фильмдер қоры бай. Сөз арасында айтып кетейін, Ілияс атамыз  кезінде өнердің жаңа саласы болған  "кинематографияға" бей-жай қарамады. Ол жиі эпизодтық рөлдерде ойнап тұрған. Мысал ретінде Қазақ КСР-інің құрылғанына 10 жыл толуына орай түсірілген "Дала әні" картинасын айтуға болады. Атамыз дала адамы рөлін сомдаған еді.  Бұл тұрғыдан алғанда әкемді  атамның "ізін жалғады" деп айтуға болады.

Сонымен қатар Болат Ғабитов Ілияс мұрасын орыс тіліне аударды. Оның немересі Юлия Бурковская прозада да , поэзияда да, публицистикада да қалам тербеген. Туындылары украин тілінде болуы артықшылығы болмаса, кемшілігі емес деп ойлаймын.

Ілияс атамыз бен Фатима әжеміз ағартушылыққа аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Ильфа Ілиясқызы - ұстаз, неміс тілінің оқытушысы. Фатима Зейноллақызының кіші ұлы Мұрат та парасатты тұлға. Динар Жандосова ( Алдабергенова) - Ильфа Жансүгірованың қызы, таланатты орыстілді ақын. Ата-әжеміздің ұрпақтары туралы көп дүние айтуға болады.

Біреуі сіз айтпақшы олардың "жолын қуса»,  біреуі басқа мамандықты таңдады, ал көпшілігі шығармашылық негізгі мамандығы болмаса да "шығармашылық адамы" деп айтуға болатын тұлғалар. Десе де, ұрпақтарының басты ерекшелігі - ешкімнің "лайықты емес"деген атқа ие болмауында деп ойлаймын. Тағы бір отбасылық қасиетіміз деп азаматтық сезіміміз бен әлеуметтік жауапкершілігімізді айтамын.

p.s. “ Тектіден текті туады , тектілік тұқым қуады " деген осы болса керек ..

 

Диана АСАНОВА, «Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер