Мен тарихқа қарыздар болсам да, маған тарих қарыздар емес. Дүниенің төрт бұрышына барсаң да, мемлекет, ел мен жер – ұрпағымен мықты. Ұлылардың өткенін ұлықтайтын бүгінгі ұрпақтың мәселесі әрдайым маңызды болып қала бермек. "Жастар біздің болашағымыз" деген сөзді көп естиміз. Мағынасына терең үңілер болсақ, астарында үлкен мән жатыр. Талай ұлы тұлғалар – ізбасар, ұлы ұстаздар шәкірт тәрбиелеп келеді. Мұның өзі де болашаққа деген бір сенімнің белгісі. Біздің елімізде жас өркенді кішкентайынан тәрбиелейді. Балабақша, мектеп секілді мекемелердің атқарар рөлі үлкен. Бала бойына білім мен тәрбиені ұштастырып саналы азамат етіп шығару осы екі кішкентай ғана ұядан басталатындай. Нағыз ақыл-ойы толысқан адамды қалыптастыру универсиететке жүктелген міндеттей. Ол сол міндетті мүлтіксіз атқаруда. Оны біз тарих өрнегі мен өмір беттерінен кездестіреміз. Ақыл-ойы толысқан саналы азамат келесі кезекті елі мен жері үшін қызмет етуге арнайды. Осы уақытта оның елі берген тәрбиені халқы үшін пайдалануға тиіс уақыты секілді. Біз жастарды, оның ішінде балаларды өзімшіл болуға емес, көпшіл болуға тәрбиелеуіміз керек. Өзінде барды өзгеге бөліп бере алатындай болуға жағдай жасауымыз қажет. Мемлекет сол кезде ғана дамиды. Елдің бірлігі мен біртұтастығы көрінеді. Ата-бабамыз жақсымен жолдас бол, сынықтан басқаның бәрі жұғады деп бекер айтпайды. Рас сөз. Шындығымен қоймай, өмірлік мәні бар сөз. Мінезі жібек жанмен тату болсаң, сенде соның мінезін өзіңе сіңіре бастайсың. Оны сенде өз достарыңа таратасың.
Жас ұрпақтың білімді болып қалыптасуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалуда. Игеріп кететін азамат болса, қиын іс жоқ. Өмірде ешкім қателіксіз, мінсіз болып туылмайды. Бәрі өмірдің өз жылдарында белгілі бір қиын жолдардан өтеді. Егер сол қиындықтарға мойымай, сынбай өтсе болашағы міндетті түрде жарқын болады. Нағыз қателікке көп ұрынатын кез ол жастық шақ. Жас кезіңдегі қателіктерің өмірлік тәжірибе болып қалады. Мысалы, мен танитын Сұңғат Жанзах деген жас бизнесмен бар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, 16-жасында қазір ауадан ақша істейтін заман деп айтатын. Өзінің мектеп кезінен-ақ шағын бизнесі болатын. Мектептерге, шалғай ауылдардағы оқушыларға білімге қажетті материалдар сататын. Тест сынақ кітапшалары, ҰБТ-ге керек материалдарды сатумен айналысатын. Осылайша шағын бизнестен бастап, өзіне лайық дәрежедегі бизнеспен айналысуда. 20 жасында Нұр-Сұлтан қаласынан тез дайын болатын тағамдар дәмханасын ашып, дамытты. Сұңғаттың мұндай дәрежеге қол жетуі үшін түрлі қиындықтардан өткенін айтады. Бизнес-әріптестерінің сөздерінде тұрмауы, келісілген келісімшарттардың бұзылуы секілді қиындықтардың болғанын жасырмады. «Жас болған соң сені мойындамайтын, мойындағысы келмейтін азаматтар табылады. Сондай жағдайда керісінше қолдап, мүмкіндіктер берсе еліміздің жастары үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне болар еді»-дейді Сұңғат. Рас, тек білім, ақша тағы да басқа материалдық қажеттіліктерге ғана мән бермей, моральдық тұрғыда да көмектесу керек. Белгілі видеограф, мобилография курсының жетекшісі Қыран Талапбек өзінің жетістікке жетуіне ата-анасының сенімі көмектескенін айтады. Ол тарихта да бар. Бабаларымыз болар баланың бетінен қақпа, белін бу деп бекерге айтпаған. Жас адамға әке-шешесінің сенімі мен қолдауы үлкен мотивация екені айтпаса да түсінікті. Өзі сол мейірімді бере алмай, баласынан үлкен үміт күтуі бос әурешілік. Қазіргі ата-ананың қателігі осында ма деп ойлайсың. Себебі әке-шешесі күні-түні жұмыста, балаларына жеткілікті уақыт бөлінбей қалып жатады. Қараусыз қалған балалар өзінің білгенін істеп, теріс әрекеттерге барып жатады. Оны дұрыс жолға саламын деу бекер, себебі кеткен уақытты кері қайтара алмайсың....
Бұрынғының жастары қандай болған? Қазақтың қаракөз қыздары мен қараторы ұлдарының оқу үйренуге, білім үйренуге деген талабының үлкен болғанын аңғарамыз. Байлық пен бақыттың оқу үйренген, ақылы толысқан адамда болатына халқымыз түсіне білген. Біз бір ғана бала Абайдың жастық шағын үлкен бір кітап етіп оқи аламыз. Өзінің ұл-қыздарының көзі ашық, көкірегі ояу болуына да бар жағдай жасаған. Қыз баланың тәрбиесі қашанда бөлек. Оның нәзік жолы бүкіл өмірін айқындап тастағандай. Бұрындары қыз баланы оқыту, оны білім қууға жіберу сирек кездескен. Әсіресе қазақ халқы. Біз өз достарымыздың арасында ертеректе оқуға кеткен жастар ауылында өзінің атастырылған қалыңдығы бола тұра, өзге ұлт өкілдерінен қыз алып, үйленіп кеткен жағдайлардың неге кездескенін ойлап едік. /Оған дәлел Ғабит Мүсіреповтің өмірі. Ауылда Қаншайым атты келіншегі бола тұра, Қазақ педагогика иснтитутында оқитын Құсни Яғфарова дейтін татар қызбен үйленеді./ Группаластарымызбен қызу талқыға түскен сұраққа менің жауабым қара халық қазақ қызын қалаға оқуға жібермеді. Оқу үйренген азаматтың ой-өрісі, өмірге көзқарасы бөлек болады. Ауылдағы қараңғы қазақ қызынан, қаладағы өзге ұлт өкілінің қызы қаншама есе сұлу болып көрінері анық. Ойлауы, сөйлеуі, жүруі, тұруына дейін білім әсер ететіні анық. Осыны кеш түсінсе де, біздің халық түбі түсінді. Кейіннен біздің қаракөз қазақтың қыздары да білім қуып қалаға келді. Жігіттердің қолынан келмейтін істерге дейін атқарып жүрген қыз балалар бар. Бұл қазақ қызының қайсарлығы, өрлігі, мінезінің көркемдігі.
Қазіргі таңда бизнеспен айналысып жүргендердің көбі қыз балалар екені жасырын емес. Мен араласатын құрбыларымның да арасында бизнеспен айналысушылар өте көп. Соның бірі – 20 жастағы Ақерке Жұманова. Оның «mishki.shym» атты интернет дүкені бар. Ол өз бизнесін бастағалы әлі көп уақыт бола қоймаса да, біршама жетістіктерге жетіп үлгерді. Біздің елімізде үлкен және кіші бизнесті дамыту жақсы жолға қойылған. Осыған байланысты бизнесті қолдауда түрлі бағдарламалар іске қосылған. Тек мақсатың айқын, жоспарың нақты болса болды. Мысалы, 20 жасар Сымбат Жұлдызбай «Атамекен бизнес» бойынша грант иегері атанды. Ол өзінің бизнес жоспарын көпшіліктің сұранысына ие қызықты істен бастады. Қазір, көп адамдар кез-келген заттың санына емес, сапасына қарайды. Ал ол фотосуреттер жайында болса ше? Қазіргі заманның сұранысына ие қажеттіліктің бірі сапалы суреттер болып тұрғаны жасырын емес. Осы мақсатта Сымбат сапалы камера сатып алып, бизнесін дамытуды жолға қойып отыр. Міне, елімізде бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар өте көп. Онымен жұмыс жасап жүрген жастар да көп. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы жылдары өзінің әрбір жолдауында үлкен және кіші кәсіпкерлікті дамытуға, бизнесті жолға қоюдың маңыздылығын айтып өтетін, Қазір де ол назардан тыс қалған емес. Нәтижесінде өзіміз куә болып отырғандай жастарымыз өз бизнестерін дөңгелетуде. Мен бизнес тақырыбын жаза кеткен себебім, елдің экономикалық жағдайына бұл факторлар тікелей әсер етеді. Мемлекеттің дамуына, оның ішкі және сыртқы қатынастарының дұрыс болуына елдің экономикалық жағдайы жақсы болуы қажет.
Әлем жастарына мотивация Марк Цукербергті бәріміз білеміз. Алпауыт компанияны басқарып отырған оның табысы қомақты. Өз елінің экономикасына, біліміне үлес қосып отырғаны жасырын емес. Біздің қазақтың қара домалақ балаларының арасынан да білімді азаматтар шығып жатыр, болашақта да шыға бермек. Марк Цукерберг бұл табысқа оңай жете қойған жоқ. Білім алып, еңбектенді. Уақытын табысқа жетуге арнады. Міне дәл осындай қарапайым үлгімен жетістікке жетті. Жетістікке жетудің негізгі формуласы қарапайым: білім алу, еңбектену, тәуекелге бел буу. Ал, оны жүзеге асырушылар - жастар. Елдің елдігі, бірлігі, дамуы жастарға тікелей байланысты.
Ата-бабамыздың бізге аманат етіп тапсырған елін, жерін, тілін қорғау біздің міндетіміз. Кез-келген қазақ жастары осыны есінен шығармауы керек. Және өзіне еңбек етуі арқылы еліне де қызмет етіп жүрмін деп ойлау қажет. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол»-деп халқымыз тектен текке айтпаған. Бұл мақалдың негізгі ойы тек отбасыңа көмектесіп шектеліп қалмай, қолыңнан келіп жатса барша халыққа көмегіңді тигіз деп тұратын сияқты. Көмек беруді көбі тек материалдық жағынан деп ойлайды. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Ақын мен жазушының сөздері, адам өмірін жақсартуға арналған түрлі ғылыми еңбектер мен жаңалықтар да жататындай көрінеді. Ең бастысы еліңе пайдаң тисе болғаны.
Журналистика факультетінде оқып жүрген жастарға тек факультет ұстаздары мен ата-аналары ғана сенім артпайды. Оларда бүкіл халықтың сенімі тұратындай. Ақпарат айдынында халыққа дұрыс ақпарат тарату біздің журналистердің қолында. Журналистика – төртінші билік деп бекер айтылмаған. Болашақта журналистер еліне өзінің адал еңбегімен қызмет ете алады. Сол жолда өзге мамандармен терезесі тең жұмыс істейтін болады. Журналистер дүниенің түкпір-түкпірінен хабар таратады. Басуға, айтуға болатын кез-келген жаңалықты жазады. Әлемнің соңғы жаңалықтарынан хабардар етеді. Бұл түсінікті. Енді мен өзім жас журналистерге байланысты куә болған бірқатар оқиғаларды жаза кетсем. Өткен жылы Түркістан облысында Арыс қаласында жарылыс болды. Оқиға орнынан хабар тарату үшін жастарды жіберді. Оларға жүктелген міндет сағат сайын, сәт сайын өзгеріп отырған жаңалықтармен халықты қаматамасыз ету. Бастапқы кезеңде жарылыстың салдарынан, өміріне қауіп төнуі мүмкін деген күдікпен кетсе де, жас адам мен бармаймын деп айта алмайды, себебі ол өзінің кәсіби және халқының алдындағы міндеті бар. Екінші кезекте, соңғы болып жатқан әлемдегі өзгерістер, карантин, төтенше жағдайлардың енгізілуін айтсақ. Журналистер де жұмысын уақыттың кез-келген бөлігіне қарамай, денсаулығына төнер қауіпті біле тұра, жұмыстарын жалғастыруда. Түнгі, таңертеңгі түсірілімдердің алдыңғы қатарында жас журналистер жүреді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге міндетті түрде бетперде киіп, халыққа ақпарат таратсын деген сөзі бекер емес. Журналистер елдің игілігі үшін аянбай тер төгіп жүр деп айтуға толықтай негіз бар. Біздің толқын осы жағдайлардың барлығын көрді, болашақта тәжірибелі маман болады деп ойлаймын. Әрқашан ел сенімі мен үмітін ақтайды деген сенімдемін. Жас адамның қандай жағдай болмасын білімді, талапты, жауапкершілігі мол болуы қажет. Ата-ана баласын ертеңгі күні мені асырайды деген үмітпен өсіреді. Мемлекет те дәл солай. Барлық қоғам сондай ойда. Халық жастарға сенеді, жастар үлкендердің ақылына құлақ асады. Екі иірім мемлекеттің беріктігіне, болашағына әсер етеді. Дәл осы құрылым әлем елдерінің тәжірибесінде де бар. Жастарды қолдау, олардың қиындықтарын шешу, мәселелерін қарастыру, оларды моралдық тұрғыда демеу жағынан біздің елдің журналистикасы қолдау көрсетуде. Газет, радио, сайт, телевизиямыз да жұмыс істеуде. Жастарға байланысты мақалалар жазылып, бағдарламалар түсірілуде. Мұның барлығы жастарды қолдау мақсатында жасалып жатқан игі істер. Мен өз құрдастарыма сенемін! Біздің ел бізге сенеді!
Айдана Ерболқызы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 3 курс студенті
Пайдаланылған әдебиеттер:
Сәбит Мұқанов «Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер – 19 бет. «Алаш жолы» 2012 жыл