Зеленскийдің әйелі коронавирус жұқтырған

2558
Adyrna.kz Telegram

Украина президенті Владимир Зеленскийдің әйелі Елена Зеленская коронавирус жұқтырды. Оның жағдайы жақсы, симптомдар байқалмайды. Бұл туралы Украина президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Президент Зеленский мен балаларының анализінен коронавирус табылмаған.

Елена Зеленская қазір амбулаторияда емделіп жатыр және отбасынан оқшауланған. Президент әйелінің маусымның басындағы анализінен вирус табылмаған.

"Оның вирусты қашан және қайда жұқтырып алғаны әзірге белгісіз. Эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр. Байланыста болған адамдардың бәріне хабарланды" деп мәлімдеді президенттің кеңсесі.

Президент алдағы болатын жиналыстарын онлайн режимге ауыстырып, жеке кездесулері мен қатысатын іс-шараларын кейінге қалдырды.

"Мен де осыны бастан өткергім келеді. Жанымдағыларға "адамдар бұл дерттің жаман екенін түсіну үшін мен де ауырып көрейін, мені оқшаулап тастаңдар. Оны да өткерермін. Осы арқылы жұртқа көрсетсем" дедім. Кейін бұл "шектен шығу" деп, ойымнан бас тарттым. Отбасым кешірмес еді" деген Зеленский.

Айта кетейік, Украинаның Киев және басқа тоғыз аймағы карантин режимін жеңілдетудің келесі кезеңіне дайын емес. Бұл туралы жұмада Украина президенті Владимир Зеленскийдің төрағалығымен өткен COVID-19 таралуын болдырмауға арналған конференцияда айтылды, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Зеленский бұған дейін "жұртқа вирустың қауіптілігін көрсету үшін өзі де коронавирус жұқтырғысы келетінін" айтқан еді.

Аннексияланған Қырым мен Севастополь, оккупацияланған Донбасс аймағын қоспағанда Украина аймағында 29753 адамнан коронавирус табылды. 13567 адам емделіп шықты. 870 адам қайтыс болды. 11 маусымда Украинада 689 адамнан вирус табылды. Бұл – антирекорд.

 

Аяулым ӘБІЛДА, "Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер