Мәйіттің сау органын мұқтаж адамға ауыстыру дұрыс па, бұрыс па?

6086
Adyrna.kz Telegram

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі мәжілісте қабылданып, сенатқа өтті. Соның ішінде адам органын алмастыру тақырыбы күн тәртібінде әлі толықтай қаралмай, заңды түрде бекітілген жоқ. Десек те, санаулы сағаты қалған адамның органын өмір сүруге мүмкіндігі бар мұқтаж адамға беру керек пе? Дұрыс пен бұрыс жақтары қандай?

Екі өкпеге мұқтаж Бибігүл Жүкенова 2016 жылы өкпе ауыстыруға кезекке тұрған. Қазақстанда донор тапшылығы салдарынан өкпесіне трансплантация жасау мүмкін болмай отыр. Бүгінгі күнде дәл осындай диагнозбен 3,5 мың адамға операция жасалуы керек. Жағдайды қиындатып отырған басты себеп – донорлық органдардың тапшылығы. Шетелге барып өкпе салдыру Бибігүл үшін арман болып қалды. Оның организмі ұшақты көтере алмай қалуы мүмкін. Сол себепті Қазақстанда сау өкпені күтуге мәжбүр. Өліп бара жатқан, екі өкпесі сап-сау адам өлер алдында өмір сүруге мүмкіндігі бар Бибігүлге өмір сыйлап кеткені дұрыс па, әлде әр мәйіттің органы қара жерге түгел жерленгені жөн бе?

Сау адамның органы саудаға түсіп кетпесіне кепілдік жоқ

Мәселенің екі тұсы бар. Орган алмастыруды заңдастырудың тиімді де, кері тұстары да бар. Қазақстандағы статус-кво (қалыптасқан жағдай) бойынша жемқорлық жайлаған ел екендігі аян. Шаш ал десе, бас алатын заманда сау адамға аурусың деп диагноз таңып бермесіне кім кепіл? Дәрігердің жалған диагнозына сеніп, қарапайым адам ауру екенмін деп өзін өлімге дайындай бастайды. Орган ауыстыруды заңдастырар болсақ, операция үстінде сол адамның органдары саудаға түсіп кетуі де әбден мүмкін. Осылайша адам өмірін қолдан қысқарту фактілері көптеп тіркелсе, онсыз да адамшылықтан ада бола бастаған қоғамымыз құлдырай бермек. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы “қара базардың” нарығын көтереді.

 «Органдарым жер астында шірігенше, біреуге өмір сыйласын»

Қазақстанда жылына бар-жоғы 300 трансплантациялық операция жасалады. Бұл кезекте тұрған 3,5 мың адам үшін өте төмен көрсеткіш. Сондықтан орган алмастыруды заңдастырсақ, кезектегі көмекке мұқтаж жандар ертерек органға қол жеткізе алады. Бұл әрине, ресми органның алға тартар уәжі. Десек те, мұқтаж адамға сау органын ғана емес, өмір сыйлау адами жақсылық емес пе? Осындай пікірімен бөліскен азаматтық белсенді ПАТКУЛЛАЕВА Жанерке: «Құдай сақтасын, әрине. Әйтсе де, өз басымда сондай жағдай бола қалса, өлер алдында бір органымды мұқтаж адамға тастап кетуге рұқсатымды берер едім. Өлгеннен кейін адам жер қойнауына тапсырылады. Жер астында органның құр жатқанынша мұқтаж адамға қызмет еткені әлдеқайда тиімді» дейді. Саналы адам ретінде ой жіберсек, бұл да ақылға қонымды пікір. Дегенмен, бұл пікірді қолдайтындар көп емес.

«Жиһадта талай орган талан-таражға түсуде»

Қоғамда әлі де консервативті көзқарасты ұстанушылар бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінде қызмет атқаратын Сансызбай Құрбанұлының айтуынша  «Трансплантация ақша үшін болмау керек. Дәрігерлер бүйректің мұқтаж адамға сай келетінін растаса ғана өлген адамның органын алуға болады. Бірақ мәйіттің барлық мүшесін, яғни оның бүйрегін біреуге, жүрегін біреуге беруге тағы болмайды. Бұл исламда харам болып есептеледі. Адамның барлық органдарының бағасын есептесек, 2 млн доллар екен. Әрбір адам осынша ақшаны көтеріп жүр. Алланың берген осынша байлығын бағаламай Сирияға кеткен келте ойлы азаматтарымыз жиһад деп өздерін құрбан қылады. Өлгеннен кейін мүшелерінің талан-таражға салынып жатқан білмейді. Таза табиғатта ет жеп, қымыз ішіп өскен денесі шымыр қазақтың органы өте өтімді».

Ал басындағы кредитін төлеу үшін органын сататындар қазіргі таңда да бар. Ол үшін денсаулықтан гөрі материалдық жағдай әлдеқайда маңызды. Кодекстің 219-бабы бойынша донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы, есірткі, анаша, сол тектестер зиянды заттарды  пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті. Ал жасырып қалған жағдайда органды алып отырған адамға не болатынын елестетудің өзі қорқынышты.

Тынысы тоқтаған адамның органын алу оңай емес

«Қандай да бір ауруханаға халі өте мүшкіл адам түседі. Туған-туыстары мен дәрігерлер оны тірі алып қалудың барлық амалын жасады делік. Әрине, ол адам біреудің әкесі немесе біреудің анасы, біреудің қызы, біреудің ұлы болады. Алайда, адамның миы тоқтап, енді өмір сүруге келмейтіні анықталады. Сол сәтте дәрігерлер психологиялық соққы алады...адамның миы өлгенін білсе де, әлі тыныс алып жатқанын білген туыстарына барып «жақыныңыздың басқа органдарын донорлыққа алайық» деп те айту қиын, бірақ, миы істен шыққан адамның сау органдары өзге адамды құтқара алатынын біле отыра, шарасыздық таныту да қиын», - деп трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының жетекшісі Жақсылық Досқалиев медицина қызметкерлерінің қиын жағдайын жеткізді.

Жоғарыда аталған кодекс бойынша органдарды транспланттау мақсатында орган тапсырудан өмір бойы ерікті түрде бас тарта аласыз. Бірақ бұл кодекс Сенатта әлі қаралу үстінде екенін тағы да ескертеміз.

Аяулым  ӘБІЛДИНА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер