Жаңа заң ескі проблемаларды шешпейді

3166
Adyrna.kz Telegram

   Өткен аптаның басты оқиғаларының бірі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт жиналыстар, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірден үш заңнамалық актіге қол қоюы болды.

Сайлау және саяси партиялар туралы заңдар әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны және саяси партияларды тіркеу үшін шекті екі есе 40 мыңнан 20 мың мүшеге дейін төмендетуді көздейді. Осыған орай біз бүгінгі таңда өз партияларын құру үшін жұмыс істеп жүрген тұлғаларға тікелей жүгінуге тырыстық, бірақ әзірге сәтсіз. Олар заңнамалық жаңалықтарға байланысты қалай әрекет етті және Қазақстандағы сайлау және партиялық жүйелерді жақсарту үшін өз тарапынан не ұсына алады?

"Партияны тіркеу мүмкін емес"

Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА, Haq қозғалысының көшбасшысы, "Халыққа адал қызмет" жаңа саяси партиясын құрудың бастамашысы:

 - Тіке айтайын: партиядағы мүше санын азайту туралы норма оны тіркеуге еш әсер етпейді. 40 мың немесе 20 мың аса бір рөл ойнамайды. Қазақстан егемендік алған жылдардағыдай шекті 5 мыңға, тіпті, 3 мыңға дейін түсірсе, бұл либерилизациялауға қарай жасалған нақты қадам болар еді. Мысал ретінде Ресейді келтіруге болады, онда 180 миллион тұрғынға партияны тіркеу үшін оның тек 500 мүшесінің деректерін, Құрылтай съезін өткізу үшін - тек жүз адамның қатысуын ұсыну жеткілікті. Ал бізде съез өткізу үшін кем дегенде мың делегат керек. Сондықтан азаматтық қоғам партиялық құрылыстың отандық жүйесінде іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ деп санайды.

Менің ұсынысым: Саяси партияны тіркеуді бастау үшін 2019 жылдың 20 маусымына дейінгідей 10 адамнан тұратын бастамашыл топты шақыру жеткілікті деп санаймын. Әділет министрлігіне онлайн-хабарлама беру. 100 делегаттың қатысуымен съез шақыру, жарғыны, бағдарламасын, басқарушы органдарды бекіту, құжаттарды тіркеуге беру. Ал содан кейін 5 мың немесе 3 мың адамнан кем емес партия саны туралы міндеттемені өз мойнына алу керек.

Өңірлерде ұсынысқа қатысты шарттарды оңайлату қажет. Біздің ақпараттандыру ғасырында мұндай қажеттілік әлі де өзекті емес. Бизнес және корпоративтік секторларда да қызмет жүргізу тәжірибесі көрсеткендей, бүкіл Қазақстан бойынша ел аралап, бетпе-бет қарым-қатынас жасау міндетті емес. Сонымен қатар, өңірлерде филиалдарды ашу және ұстау үлкен қаржылық шығындарды талап етеді. Біздің есептеуіміз бойынша қолданыстағы заңның талаптарын орындау үшін әрбір партия филиалдық желіні ұстауға (тіпті, белсенді қызметті жүзеге асырмай) ай сайын кемінде 20 млн. теңге жұмсауы тиіс. Бұл кез келген қоғамдық коммерциялық емес ұйым үшін алынбайтын сома.

Партияларды қаржыландыру мүмкіндіктері тұрғысынан да заңды қайта қарау қажет. Қазіргі уақытта ол мүшелік жарналар мен мемгранттардан басқа кез келген қаржыландыруға тыйым салады. Осылайша, априори партиялары билік тарапынан оларға адалдыққа тәуелді болуға мәжбүр болған жағдайда қойылған. Бұл дегеніміз кез келген саяси ұйым күрделі материалдық қиындықтарға тап болады деген сөз,-дейді қозғалыс көшбасшысы.

"Бұл заң олигархтарға арналып жазылған сияқты"

 Санавар ЗАКИРОВА, азаматтық белсенді, "Біздің құқық" тіркелмеген партиясынның бастамашысы:

-Біз енгізілген өзгерістер мен толықтырулары маңызды деп санамаймыз. Олар ештеңе өзгертпейді және партияларды құру процесін оңайлатпайды. Негізгі түзету – бұл саяси партияны тіркеу үшін сандық кедергіні 40-тан 20 мың адамға дейін төмендету. Оны "прогресс" ретінде ұсынды, бірақ шын мәнінде он сегіз миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл сан тым жоғары.

Салыстыру: Белоруссияда партия құру үшін 1000 адам жеткілікті, Ресейде – 500, Қырғызстанда – жалпы 10 адам. Неге бізде көп? Егер шекті тым құрығанда 3 мыңға дейін төмендетсе, онда бұл тіркеу рәсімін жеңілдетеді, әрі жаңа партиялардың пайда болуын ұзақ күттірмейді. Бірақ бұл билік оған әлі дайын емес сияқты.

Оның шынайы бәсекеге арналып жасалмағаны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінен 1000 адамның қатысуымен құрылтай өткізу туралы талаптың өзгермеуі осыны растайды. Мұндай талапты іс жүзінде орындау мүмкін емес. Оны былай түсіндіруге болады:

Біріншіден, сіз Қазақстанның бірде-бір қаласында 1000 адамға арналған үй-жай таба алмайсыз. 2019 жылдың наурыз айында біз съезд өткізу үшін осындай залды іздедік, бірақ тек мейрамхана (иелері үстелдер шығаруға және орындықтар қоюға келісті) табылды.

Екіншіден, мың адамға деген санның өзі дұрыс емес. Мен "Нұр Отан" партиясының съездерін өткізу тәжірибесін арнайы зерделедім, бірақ олар тек 500-600 адамды жинайтын болып шықты...

Үшіншіден, өңірлердің үштен екісінен тұратын адамдардың қатысуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Әркім өз қалтасынан шығарып, басқа қалаға съезге баруға мүмкіншілігі жоқ (жол жүру, тұру, тамақтану). Егер бір қаладан 1000 адамды жинауға рұқсат етсе, онда бұл басқаша жағдай.

Жалпы, бұл заң олигархтарға арналып жазылғандығы сезіледі. Қарапайым азаматтарға мұндай жағдайда партия құру мүмкін емес - тым көп кедергілер және тым күрделі тіркеу рәсімі. "Нұр Отан" партиясы 20 жыл бойы партия алаңында монополист болып қала береді.

Шын мәнінде, "Партиялар туралы" заңға елеулі түзетулер енгізілмеуін осымен түсіндіруге болады.

"Бізді партиялық алаңға жібермеу үшін, миллион сылтау табады"

Бақытжан Көпбаев, кәсіпкер, "Қазақстандық интернационалистер қоғамы" РҚБ-ның төрағасы, Интернационалдық партия құрудың бастамашысы:

-Маңызды емес, сандық шегі – 20 мың немесе 40 мың. Мен ертең көшеге шығып, үстел қойып, бірнеше күн ішінде қажетті қол жинай аламын (сайлауға қатысып, қалай жасалатынын білемін). Мәселе басқада. "Нұр Отан" партиясы әкімшілік ресурсын пайдаланбай, бізбен бәсекеге баруға дайын ба? Жоқ! Сенімдімін.  Ұзақ уақыт бойы маған және менің әріптестеріме қауіпсіздік қызметкерлері қысым көрсетіп келеді, оны менің партия ұйымдастыруға деген ұмтылысыммен және "Нұр Отанның" бұған көнбеуімен байланыстырамын. Мен,тіпті, жобамызға зиян тигізбеу үшін әлеуметтік желілердегі белсенділігімді қысқартуға мәжбүр болдым...

Мақтанғандай көрінуім мүмкін, біздің интернационалдық партия сәтті тіркелген жағдайда "Нұр Отанмен" бәсекелесуі әбден мүмкін. Біріншіден, сандық жағынан: қазіргі уақытта біздің интернационалистер қозғалысында (біз оны екі жылғы күрестің арқасында тіркедік) 14 мыңға жуық нақты мүшелер бар, бұл тек басы ғана. Екіншіден, біз ыңғайсыз мәселелерді көтеріп, оларды қорғайтынымызды жақсы түсінеді. Әйтпесе, партия құрудың мәні қандай?!

Ал қазір не? ҚКХП-ны қараңыз. Бүгінгі таңда өз позициясы мен анық идеологиясы бар елдегі жалғыз лайықты партия деп есептеймін. Бірақ оның құқықтары мен мүмкіндіктері шектеулі. ҚКХП ОК хатшысы Айқын Қоңыров – өте сауатты және харизмалы саясаткер, көптеген сауалдар жолдайды, алайда олардың бірен-сараны ғана қаралады. Көп жағдайда жауап беруге тырыспайды...

Сондықтан енгізілген өзгерістер – бұл тек көзбояушылық. Тіпті, билік Ресейдегі сияқты 500 адамға дейін шектеуді қысқартса да, бізді партия алаңына жібермеу үшін миллион сылтау табады.

Мақаланы centrasia.org. сайтынан аударма жасаған  Ағын АЙДЫН.

 

Пікірлер