Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай еріктілердің ұйытқы болуымен Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Ту ілінді.
«Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары бұл игі іске өз үлестерін қосып, қолдау білдірді. Осылайша, бұл шара арқылы қала тұрғындары өздерінің рәміздерге деген шексіз құрметін байқатты. Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қасиетін білу, оны жүрекке тоқу – отансүйгіштіктің белгісі. Қазақстанның әрбір азаматы Әнұранды жатқа айтып, Елтаңбасының тарихын түсініп, көк Туын мәңгі желбіретіп қойса, міне, осы – ұлттық рәміздерімізге деген орасан құрметтің белгісі болмақ. Өйткені ұлттық айшықты таңбалар – елін сүйген кез келген азаматтың намысын көтеріп, рухын асқақтататын мақтанышы.
Шымкент