Үмітімді үзбеймін

3453
Adyrna.kz Telegram

Желтоқсаншы, "Қайсар жүрек" ұйымының жетекшісі Шара Бөлегенқызы бұл мақаласында сталиндік репрессияның азабын тартқан отбасының тағдырын суреттейді. Бір ғана отбасының жай-күйінен тұтас даланың мұңы сезіледі...

Мен еркелеу өстім. Жасы үлкен туыстарымның әңгімелеріне онша құлақ асып, мән бере бермеппін. Жасым келе сол мінезіме қатты өкіндім. Өйткені, ол жай ғана әңгіме емес, біздің әулеттің, тіпті ұлтымыздың өткен тарихының бір бөлшегі екенін білмеппін. Әңгімені Ұлша әжем анда-санда айтып қалатын. Сонда менің Сағымжан апам «Әпке, не қыласыз ондайларды жас балаға айтып. Құр бекер жүрегін ауыртасыз. Бұлар басқа үкіметтің балалары емес пе?» - дейтін. Ал Ұлша әжем: «Иә, дұрыс. Бұларға белгі (таңба) де қойып тастаған» - дейтін. «Белгі» деп – оспаға қарсы екпенің иығымыздағы тыртық боп қалған орнын айтатын. Кейде кеңес дәуірінде біздің сүйіп көретін банда, бай-құлақтар туралы киноларын қарап отырсам, Ұлша әже: «Әй, балам-ай, бұның бәрі өтірік қой» - деп, қасымнан өте шығатын. Осы кісі ылғи неге осылай сөйлейді екен деп, ойланып қалатынмын. Оқымаған, сауатсыз адам ғой деп қоятынмын іштен. Өле-өлгенше намаз оқып, оразасын ұстап кетті. 98 жасында дүниеден озды.  Бала кезімде білмедім, кейін өскенде білдім, ол кісі Совет өкіметін мойындамай, қызыл паспортын алмай кеткен екен. Өзі өткен-кеткен даталарды жадында мықты сақтау қабілеті бар тірі энциклопедия болатын.

Ұлша әже үйдің үшіншісі, өзінен үлкен екі әпкесі бар (аттары есімде жоқ), жалғыз інісі Сағындық (Сағымжан апамның әкесі), ең кенжелері Сағира, дәулетті жанұядан шыққан, өздері де дәулетті адамдарға келін болған адамдар екен. Кеңес үкіметі орнағанда, көпес болған қайын атасын қайта-қайта кәмпескелей берген соң, үрім-бұтақтарымен елден кетпекші болып шешіп, алдымен ер азаматтар қашып, орнығып алған соң бала-шаға, әйелдерді көшіріп әкетеміз деген ойлары іске аспай қалыпты. Шындығында ерлердің қайда қалғандары белгісіз, сол кеткеннен хабар-ошарсыз. Сөйтіп, үлкен бір әулеттің ойраны шығыпты.

Ал, інісі Сағындық Қасқа деген анамызбен бас қосып, 12 бала сүйіпті. Ең үлкені – Сағымжан менің апам. Інілері: Құсайын, Қасен, Қадыр, Қыдыр, Қуандық, Қуаныш. Сіңлілерінің есімдері – Айбаршын, Гүлбаршын, Перизат. Қалғандарының аттары есімде жоқ. Жайлаулары Қарғалы тауының бауырында, қыстаулары Ұзын Қарғалы өзенінің  бойында, малдарын бағып, бақытты күн кешіп жатқанда, большевиктер "бай-құлақ" деп үш рет кәмпескелеп, бұл отбасының да  отын өшіріп, ошағын төңкерген екен. Үшінші рет конфискациялауға келгенде, атамыздың астындағы жалғыз аты мен әжеміздің тігін машинасын алып кетіпті. Сонда, енді келсе балаларымызға қастандық жасай ма деген үрей бойларына сіңгені соншалық, бір орында отырмай, өзенді жағалап, ары қарай көше береді екен. Қал-жағдайларын білейін деп, іздеп келген әпке-қарындастары бұрынғы жұрттан інілерінің отауын таппай қалады екен. Жеуге азық жоқ, аштықтан, аурудан балалары бірінен соң бірі шетінеп, өле беріпті... Қасқа анамыз да өмірден өтіпті. 1 жылдан соң, атамыз бір жесір қырғыз әйелге үйленіпті. Соңында Сағымжан апам, тете інісі Құсайын және ең кенже інісі Қуандық тірі қалыпты. Елді ашаршылық жалмаған заманда, үйіндегі бар жарайтын затты алып, азық-түлікке айырбас жасау үшін бабаларымыз «қырғыз асады» екен. Қордай асуынан өтіп, Қант, Тоқмақ, Пішпек қалаларына барып, айырбас, сауда жасап, балаларын асырайтын болған. Сағындық атамыз да, басқа он бір ауылдас-туыстарымен ат-арбаға заттарын тиеп, үлкендері – Сағымжан мен Құсайынды елде қалдырып, кенжесі 4-5 жасар Қуандықты алып, қырғыз әйелі үшеуі қырғыз асыпты. Алайда олар Қордай асуына жеткенде аяқ астынан күн райы бұзылып, жаңбыр аралас бұршақ жауады. Жүргіншілердің ат-арбасы тайғанақтаптап, соны аман алып қаламын деп жанталасқан атамыз  құздан құлап, бақилық болыпты. Ауылдастары сол тауда мәйітті таспен көміп, жаназасын шығарған. Қырғыз еліне жеткен соң атамыздың әйелі: «Өлер күйеуім өлді, мен төркініме келдім. Енді мен осында қаламын» - деп, кетіп қалыпты. Әкесіз қалған Қуандықты ауылдастары қайтсек те елге аман жеткіземіз деп ары қарай жылжи береді. Діттеген жерге түнделетіп жетіп, қала сыртындағы үйге сұранып кіріпті. Сол үйдің иелері жасы келген шал мен кемпір күтпеген қонақтарына асықты жілік асып, сорпасын үлкендерге, ал жілікті жас балаға ұсынып, ертең базарға баланы алып бармай-ақ, бізге тастап кетіңдер. Мазасы кетеді. Жол үстіндеміз ғой, қайтар жолда алып кетерсіңдер деп ақыл айтыпты. Жолаушылар көнеді. Базарға барып, айырбастарын жасап, Сағындық атамыздың да арбасына бидай, ұн, тары, май сияқты азықты басып, әлгі кемпір-шалға келсе, үйде ешкім жоқ. Баланы алып, қашып кетіпті. Көршілері білмедік, байқамадықтан аспапты. Енді қайтеді? Бір үйден кеткен үш адамның ешқайсысы жоқ, азын-аулық азық тиелген ат арбаны үйелмелі-сүйелмелі екі жасөспірімге әкеп, табыс етіпті. Бұны естіген Сағындық атаның қарындасы – Сағира анамыз жетім қалған екеуін Боралдай жаққа алып кетіпті. Құсайынды мектепке береді. Ол өте зерек екен, орысша да үйреніп алған. Жақсы оқып жүргенінде билік өкілдері өзіміз оқытамыз деп, Түргенге алып кетеді. Каникулға өзі келіп-кетіп жүреді. Енді бірде (1940 жыл болса керек) «менің жасым толды, бәлен күні Талғардан әскерге аттанамын» деген соң, алдын-ала ат арбамен Талғарға жетіп, туыстары Құсайынды шығарып салады. 1,5-2 ай дегенде  «Мен аман-есенмін. Фин соғысындамын. Уайымдамаңдар, бұл соғыс жақында аяқталады. Бірақ әл-әзір елге қайтпаймыз. Бір жаңалық бар. Әскери құпия болғандықтан, айта алмаймын. Жақында өздерің де естірсіңдер» деп, әскери формада түскен суретін салып жіберіпті. Тура осындай хат пен суретті Алматыда тұратын Қасқа анасының туған бауыры Айдарханға да жіберіпті. Бірақ бұл алғашқы және ең соңғы хаты болыпты. Қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті немесе басқа хат-хабар келмеген. Апа-әжелерім атадан қалған жалғызым деп, өле-өлгенше жолын тосып өтті.

1975 жылы мен 9 класта оқып жүргенімде Жеңістің 30 жылдығына орай, «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген ұранмен Ұлы Отан соғысының боздақтарын мемлекет бойынша іздеу жұмыстары жүрді. Сонда алғаш рет апаларымның естеліктерімен СССР-дың орталық мемлекеттік мұрағатына іздеу салдым. Қолдағы жалғыз фотоны да жібердім. Ол кезде ксерокс та жоқ. Өзім баламын, көшірмені де алып қалмаппын. Әже-апаларым қайтыс болды. Содан бері көп ақпарат ұмыт болды. Ол кісінің аты Құсайын екеніне де кейде күмәнданып қаламын. Туған жылын 1921-22 деп көрсетіп жүрмін, өйткені Сағымжан апам 1919 жылғы. Фамилиясы Сағындықов болу керек. Бірақ еш мәлімет ала алмадық. Кейін Айдархан әкеміздің (ол кісі 1967 жылы қайтыс болған) үйіндегі суретті қолдана бастадым. Ол суреттің артында Қасқаның ұлы деген ғана сөз жазылған. Ал архивке кеткен фотода бір қаланың аты, тағы бір сөздер, дата жазылған-тын. Олар есімде қалмапты.

Іздеуге Санкт-Петербург қаласында тұратын жерлесіміз Қармысова деген ханым көмектесіп бастап еді. Түрген тауларында 1938-1939 жылдары НКВД-ның құпия әскери базасы болғаны туралы ақпаратты сол кісі тапқан. Ол базада дайындықтан өткен 43 ер баланы (тізімі жоқ) Фин соғысына аттандырған соң, ол база Қаракемердегі әскери бөлімнің балансына өткенін айтқан. Фин соғысында қаза тапқандардың тізімі бар да, қатысқандардың тізімі жоқ. Іздеу жұмысында сол жағынан қиындық бар. Қармысова ханым мезгілсіз қайтыс болды. Іздеуіміз тоқырап қалды. «Атамызға аманат» тобына жаздым. Мүмкін сол жақтан көмек болар.

Бір жолы менің қолыма Қайрат Мәмидің атасы Мәмиев Әбдіразақ туралы «Аманат» деген кітап түсті. Ол кісі де Түргеннің педагогикалық училищесінен Фин соғысына аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақаттан мүгедек болып, елге қайтыпты. Өмірінің соңына дейін ұстаздық етіпті. Бүгінгі таңда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қызыләскер ауылдық мектебі сол кісінің атымен аталады екен. Енді арнайы Түргенге барып, болса мұрағаттарын ақтарып көрмекшімін. Мүмкін фамилия, аты-жөні басқаша болып, есіме түсіп, атам табылып қалар. Үмітімді үзбеймін.

Міне, осылай қылышынан қан тамған қызыл көзді қызыл империяның қазақ даласына келіп, мамыражай өмір сүріп жатқан момақан қазақ халқының шаңырағын ортасына түсіріп, соншалықты геноцидқа ұшыратқаны тарихта болмаған қатыгездік пен жауыздық деп білемін. Қазақтың түбіне жеткен сол Коммунистік партия әлі де өміршең, өкінішке орай. Қазақты мал-жанынан айырып, ашаршылықты қолдан жасаған қылмыскер, қужақ Голощекиннің істегені аздай, немересі Машкевич бүгінгі күні қазақты нәсібесінен айырып, жер байлығын сүлікше сорып отыр. Бар қазақ қосылып тулақтай жерге қолы жете алмай отырғанда, бұның бір өзі қазақтың жарты байлығын иемденіп алған. Қазақтан ала алмаған не өші бар бұлардың?  Не деген әділетсіздік, не деген орны толмас қасірет?!

Жаным ауырады...

               Шара Ергебаева,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер