31 мамыр –саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

3354
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқының тарихы сонау ескі заманнан қалыптасып келе жатқандығы барлығымызға мәлім. Осындай ұзақ уақыт аралығын қамтитын тарих сахнасында көңілге қуаныш қана емес күдік пен өкініш сезімдерін қатар ұялататын оқиғалар қатары жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі елімізде XX ғасырда бірнеше қайталана орын алған репрессия жылдары мен батыр халқымыздың басым бөлігінің жаны қиылған ашаршылық жылдары. Бұл жылдар қазақ халқы үшін сандық тұрғыдан да рухани тұрғыдан үлкен шығынға әкелді.

Тәуелсіздік иеленген жылдарда тарих зұлымдығының құрбандарын еске алу ұмыт қалған жоқ. 1997 жылы 31 мамыр – саяси қуғын- сүргінге ұшыраған азаматтарды және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Аталмыш күн жыл сайын қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу іс- шараларымен, рухтарына құран бағыштаумен өткізіліп келеді.

«Кешегі саясат бүгінгі тарих, ертеңгі тарих бүгінгі саясат» деген сөз бар емес пе? Дәл солай біз қазір қайғыра, өкінішпен еске алып отырған ата- бабаларымыз, халқына жанашыр болған азаматтарымыз сол тарихи кезеңнің қатал тоталитарлық саяси режимінің, жеке басқа табынушылықтың өршіп тұрған уақытының құрбанына айналып кете барды. Өткен оқиғаларды сынау, оның дұрысы мен бұрысын теру біздің құзырымыздағы іс емес болар, дегенмен, халқымызға осындай қайғы алып келген оқиғалардың жай- жапсарын біле жүру міндеттеріміз қатарына кірсе керек.

1928 жылдан бастау алған қуғын- сүргін шаралары 30шы, 40шы, 50ші жылдары да өз жалғасын тапты. «Ұлтшыл», «басқаша ойлайтындар» деп айып тағылып, қоғамға зиян тигізеді деп айдауға ұшырағандар саны бүкіл КСРО территориясында 1930 жылдан бастап 1953 жылға дейін 40 миллионға жуық адамды құрады. Ал Қазақстандық азаматтардың 103 мыңы қуғынға ұшыраса, 25 мыңы ату жазасына кесілген еді. Бұл сандардың әрқайсысының астарында бөлек  бір тағдыр, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып,күн болам»,- деп арманда кеткен, елі үшін өлімнен қорықпай білек сыбана еңбек еткен талай азаматтардың  рухтары жатыр. Өнер, әдебиет саласынан бастап қоғам белсенділеріне дейінгі халқымыздың интелигенция өкілдері кісі қолынан қаза табу, өзі жасамаған айыпты арқалап кету, тар зымданда кінәсіз бола тұра азап шегу жазаларын көрді.

Тарих өзі дәлелдеп бергендей аталмыш жылдар кез- келген одақтас ел үшін жеңіл бола қойған жоқ. Халқымыздың біріншіден саны жағынан азаюы, екінші жағынан елім деп еміренер зиялы қауымынан айырылуына алып келді.

Тәуелсіздік жылдарында қуғынға ұшыраған азаматтар ақталып, олар жазасыз деп табылды, бірақ, қазақтың маңдайына біткен бақ болатын алып азаматтар халқының басына бақ орнатамыз деген, тәуелсіздік таңын көреміз деген арманмен кетті.

Иә, бұл тақырыпты қозғау оңай емес, бірақ жүріп келе жатқан көштің дұрыс болмағы тарихтағы қателікті қайталамау, олқылықтың орнын толтыра білуден болмақ. Қазаға ұшыраған, ел тағдыры жолында жаны қиылған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың еңбектері үшін алғыс білдіру тәуелсіз елдің кез- келген тұрғынының парызы.

31мамыр – саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланған жылдан бастап осы тақырыпта түрлі зерттеулер жүргізіліп, аталмыш оқиғалардан шынайы хабар берер, ұрпағына өнеге ететін талай кітаптар жарық көрді. Ендігі кезеңде осындай зұлматтың орын алмасы үшін саналы іс- әрекеттер жасамақ керек. Елі үшін құрбан болған ұлт зиялылары, ашаршылықтың жазықсыз құрбандарын еске алу тек белгілі күнге емес, популисттік іс- әрекеттерге емес тарихтан тағылым алу мен олқылықтың орнын толтыруға бағыт алса екен...

Омарбай Ақжана Ернұрқызы,

Қожа Ахмет Яссауи атындағы № 123  мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы

Пікірлер