Жұмыс орындарын сақтап қалуға дайын кәсіпорындарға қолдау көрсетілуі қажет – Тимур Құлыбаев

2561

Бұл туралы ҰКП Төралқа Төрағасы бизнес өкілдерімен онлайн кездесу барысында айтты деп хабарлайды "Адырна" "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара бизнестің ағымдағы мәселелерін талқылау, сондай-ақ карантиннен кейінгі кезеңде орын алатын ауыртпалық  деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.

Күн тәртібініде көтерілген мәселелердің бірі  – кәсіпорындарда жұмыспен қамту мәселесі болды. Төтенше жағдай кезеңінде жұмыс берушілер жұмыскерлерді еңбекақысыз демалысқа жібергені мәлім. Демек, карантиннен кейінгі кезеңде ел ауқымында жұмыссыздық пайызының арту ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдай бүкіл әлемде орын алған.

Пандемия салдарынан елімізде туризм, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, өңдеу өнеркәсібі, бөлшек сауда, коммерциялық және әкімшілік қызмет қиын кезеңді өткеруде.   

Тимур Құлыбаев осы мәселеде Ұлттық палатаның позициясы – жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтап қалуы үшін карантинге дейін жұмыс істеген кәсіпорындарды сақтау және қолдау екенін атап өтті.

«Шағын және микро кәсіпорындарды қолдаудың құралы – қаражат айналамын толықтыруға, бірінші кезекте еңбекақыны төлеуге берілетін несиелер. Бұл жеңілдікпен берілетін несиелер болады, біз бірінші кезекте  карантинге дейінгі жұмыс орындар санын сақтауға дайын кәсіпорындарға қолдау көрсету бойынша ұсыныстар енгіземіз», – деді Тимур Құлыбаев.

Қолдаудың мұндай түрін бірқатар мемлекет тиімді пайдалануда. Ресми деректерге сүйенсек, Ресейде жұмыс орындарын барынша сақтап қалған кәсіпорындарға мемлекеттік несиелер бөліне бастаған. Жұмыспен қамтуды қолдау арқылы 7 млн адамға көмектесу көзделген. ТАСС ақпарат көзінің хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі қызметкерлерін қысқартпай, жұмыс істеуге дайын шағын кәсіпорындарға жеңілдікпен несие бөлуде. Ал Украина мемлекеті 5-7-9%-бен жұмыс орындарын сақтап қалған кәсіпорындарға несие беріп жатыр.

Бизнеске қолдау көрсетуде «Атамекен» ҰКП бірқатар шараларды қолға алды. Пандемия салдарынан бизнеске түскен ауыртпалықты анықау мақсатында ҰКП кәсіпкерлер арасында сауалнамалар жүргізді, Палатаға келіп түскен өтінімдер сараланды.

Төтенше жағдай кезеңінде барлық көздер (әлеуметтік желілер, колл-орталық, жазбаша өтінімдер) бойынша 44 586 өтінім келіп түсті. Карантин кезеңінде ҰКП колл-орталығына (112 наурыздан 6 сәуірге дейін) 10 577 өтінім түсті. Соның ішінде 43%-ы карантин уақытында жүріп-тұруды шектеуге қатысты болды. Бизнеске жүргізілген сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 60%-ы келісімшарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болған. 54%-ы жұмыскерлерді мерзімсіз демалысқа жіберген. 20%-ы қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр болған.

Осындай ситуацияда бизнестің қаржылық жағдайына кері әсер еткен жайттар бар, сауалнамаға қатысқандардың 60%-ы жалға алу құнын төлеуде қиындық көрген, 22%-ы – еңбекақы төлеу, 5%-ы – коммуналдық қызметтерді төлеуде қиындыққа тап болған.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Ұлттық палата жүргізген жедел сауалнамалар мен сараптамалар арқылы бизнестің ағымдағы ахуалына уақтылы талдау жүргізілді, сәйкесінше Үкімет деңгейінде ұсыныстар айтылып, тиісті шаралар қолға алынды. Кәсіпкерлердің келісімшарттық міндеттемелерін орындай алмауы себепті ҰКП еншілес ұйымы – Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы форс-мажорды тану жөнінде анық амаларды берді. Екінші деңгейлі банктер тарапынан несиелер бойынша 90 күнге дейін кейінге шегерім берілді, айыппұлдар пен өсімақы алынып тасталды. Салықтар бойынша жеңілдіктер жасалды. Өңірлік палаталардың мамандары әр өтінім бойынша жалға берушілермен жекелей жұмыс істеп, бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізді.

Орталық аппарат деңгейінде Палатаға сұрақ қойып, жауап табуға болатын бөлім ашылды.

«Өңірлік мәселелер арасында: салықтар, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, қаржыландыру, карантин жағдайындағы санитарлық нормалар, сатып алулар және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау. Карантиндік кезең әлі ұзақ уақытқа сақталатынына дайын болу керек», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Кездесу қорытындылай келе, ҰКП Төралқа Төрағасы кәсіпкерлермен кері байланыстың маңыздылығына тоқталып өтті, бизнестің ұсыныстары мен мәселелері жіті бақылауда болатынын, отандық бизнес қиын кезеңде тұрғанын айтты. Осы ретте «Атамекен» ағымдағы ситуацияны жіті қадағалап, бизнес ұсыныстарын шұғыл жинақтап, Үкіметке қолдаудың жаңа шараларын ұсыну үшін осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізетін болады.

"Адырна" ұлттық порталы

  

Пікірлер
Редакция таңдауы