Екпіндетіп «Екпінде» жүр еді...  

833

                         

   Ұраншыл дәуір шектемегенде...    

  Ақын, журналист Қабдырашит Шоқаев жайлы сыр

Кеңестік жүйе кемелденген сайын «реттеп» бітпеген репрессия релісі естиярларымызды эшалонымен екі дүние арасында шайқалақтатқан шақ. Яғни, бұл - нәубет пен соғыс арасындағы Сталиннің қанталаған көзіндегі қып-қызыл үрей халықты қызыл империяның қатыгез, ұраншыл әскери тәртібімен жүргізе бастаған кезең. Бейне бір алдағы соғысқа бармасына қоймайтын дайындық сияқты. Бүгін де тарихи тұлғалар қатарына қосып жүрген зиялылардың да, басқа қаламгерлердің де қызыл шеңберден асып, тарих таңданар іс тындырғанын ешбір баспасөз айғақтай алмайды. Еркін сөйлеудің күні кемі ол кездегіден 15-20 бұрын-ақ өткен сияқты. Әр дәуірдің ашылып сайрайтын, сайрамайтын кезеңдері болады. Осыны түсінбейтін шалағайлардың «Бұрынғылар күрескер еді, қазіргілер – қорқақ» дейтіндей пайымдары да танымға сыя бермейді. Жергілікті ақпарат та орталық баспасөздің көлеңкесінде күн кешті. Десек те, кешегі Сәду Машақов, Қалтай Мұхаметхановтар бастаған алқалы топтың ордасына айналған Семей облыстық «Екпінді» газеті аймақ тынысына да арқау болған еді. Бұл газеттің латын, кирилл жазуларымен басылған 1939-41 жылғы басылымдарын мұрағаттан алып, бірнеше мәрте шолып шықтым. Өзім ақын болғасын көзім әуелі өлеңге түседі. Қ.Сатыбалдин, Қ.Әбдіқадыров, Н.Баймұратов, С.Әлімбетов, К.Оразалин, А.Тоқмағанбетов, Н.Байғанин, Ж.Тілек, Қ.Бекқожин, Қ.Аманжолов, Д.Әбілев, Б.Құрбетов, Е.Әукебаев, тағы басқа жергілікті ақындардың да жырлары аракідік топтап жарияланған. Олардың басым бөлігі сталиндік, социалистік қоғамды, орыс революиионерлерін, кейін соғысты, тағы-тағыларды тақырыпқа өзек еткен. Ал, қазақ мүддесі, тіпті қызыл қоғамға тер төккен ұлт еңбеккерлері жайлы өлең болса, некен-саяқ болар. 1936 жылғы кемелденген социализм тұсында шыққан жаңа конституцияны сол газетте Жамбыл да («Алтын заң»), Ә.Нұршайықов та («Жаңа заң») тебірене жырлаған. Әрине бұларды жырлатқан мансап та, жағымпаздық емес, қашан да шырғалаңы бітпейтін қоғамға жаңа бір әділ өзгерістің қажеттігі. Осы орайда сол газетте жұмыс істеп жарқылдап жүрген жастардың бірі – Қ.Шоқаев та (1920-1941) еске түседі. Оның осы заңға қатысты 1939 жылғы газетке шыққан «Қуанышты күн!» деген шағын әңгімесінен үзінді келтірейік.

«... Нұрланның үйінде жастар толып отыр екен. Ортадан орын берді. Ойын басталуға айналды. Ана тұрып:

- Ойын сталиндік конституцияны оқумен ашылсын, - деді. Бәріміз де қабыл алыстық. Нұрлан ананың қызыл матамен ораған кітабын алып оқыды. Заңның әрбір сөзі көкірекке нұр құйып, ұлы бақыттың, асқан шаттықтың ыстық лебі денеге ойнап кетті.

- Енді өлең айтылсын, - деді, тағы ана. Кезек маған тиді. Нұрлан гитарды шертіп-шертіп жіберіп еді, шаттықтың шарықтаған үні естілді. Менде қосылып:

- Алтын заң анасы

Білім мен еңбектің.

Айнымас жүрекпен

Сүйгені сен көптің.

Бақытты, шаттықты

Көңілге сен ектің..., – дедім. Ойын аяқталды. Ана тұрып:

- Жасасын бақыт заңын жасаушы ұлы Сталин! - деді....» Ол кездегі коммунистік құлдық сана әділет пен шындықты және халықтың құқын таптық қоғам тұрғысынан насихаттап, отарлық саясатты санадан шығаруға тырысты. Халық пен мемлекеттің әл ауқатын экономиканы көтеру, коммунистік «парасатқа» тәрбиелеу тұрғысынан  ғана түсіндірді. Ұлттық мүддені айту кертартпа ұлтшылдық көрінісіне айналып, қиянат қақпанына түсірді. Сондықтан, онсыз да нәубетте тарыдай шашылған аз халық қарсы сөйлеп, қасірет көмейіне түсе бергеннен гөрі болашақ ел мен жер иесі - ұрпақты да сақтауды  да ойлап, екіншіден аңқау елдің алдында әділет маскасын киген идеалогияны да құптады. Қашан да жаңа ықпал алды-артын танып болмаған жастарды жаулайтыны даусыз. Бозбала Қабдырашит те сол сапта еді. Кейіннен Сталиндік сыйлықтың атын Мемлекеттік сыйлық деп өзгерткендей сол кездегі әдебиет, мәдениет арыстарының бүкіл шығармашылығын Сталиннің атынан тазартты. Бірақ, сол арыстарымыз өз шығармашылығымен  абыройына дақ түспеген алыптар қатарында қалды. Олар сияқты дәуір өзгерісіне қарай шығарманы да өзгертуге өмірден қыршын кеткен таланттардың тағдыры мүмкіндік бермеді. Маңдайларында бұйырған уақыт «барымен базар» деп тұйықталды. Бірақ олар өздерін сендірген қоғамдық ұстаным шеңберінде адал ниеттен туған шығармашылықпен айналысты.

Мысалы, «Халық үнін қосқан күн»деген өлеңінде:

.....Бүгінді айтсам қалықтап,

Көңіл күйін шертеді.

Қуаныш керіп кеудеңді,

Денеңді жүрек ертеді.

Бүгін десем шаттықпен

Жүрек жиі соғады.

Тәтті жырын шалқытып,

Аспанға ақын шығады,

Бүгін десем шаттықтың

Толқыны ойнап жүзіме.

Көрінеді бірліктің

Ұлы шыңы көзіме.

Өйткені, бүгін елімнің

Аймалап күнді дабылы,

Жер жүзін жарық еткен күн,

Түсіп алтын сағымы.

Өйткені, бүгін бар халық

Қуанышпен қосып үн,

Күйгізіп дұшпан жүрегін,

Тасынқан көңілін досының..., - деп, сайлау науқанын өз таным құдіретімен екпіндете жырлайды. Кезінде «Ыбыраймысың? Ыбыраймын!» сияқты диалогқа құрылған туындылар Б.Майлин ықпалымен кейінгілерге де әр қилы форматпен жалғасты. Бұл тақырыпты «Елдің ерін сайлайық» деген жыр жолдарында да:

... - Жүр, балам жиналысқа барып

Депутат ұсынайық, - деді анам.

- Кімді ұсынамыз?

Қандай ерді? – дедім, анамды сөйлетпек болып.

- Ойлан, жолдас, шөлдерде

Таңдайы қатып шөлдеген,

Азаттық үшін, ел үшін

Майданда қылыш сермеген,

Қияда ұшып, қиялап,

Бұлт жарып, көкке өрлеген,

Елдің ерін сайлайық!

- Тек Азамат соғысының ерін ғана ма?... – оқиға жартылай әңгімеге ұқсас жалғаса береді. Ол кезде басқа соғыс әлі болған жоқ. Сол дәуірдің Жамбыл, Нұрпейіс сияқты ақын-жырауларына тән ортақ сарын осы жолдарда да байқалады. Мұнда көркемдік болғанымен науқандық насихатқа құрылған мазмұн жағы үстем тұрады. Сондай-ақ, Ерболат пен Гүлжан деген жастар арасындағы сұқбатқа құрылған «Жүрек сыры» атты шағын әңгімесі де осы тақырыпты жалғастырады. Бұл туындыларға қарап, Қабдырашит «қызыл шеңгелдің шырмауынан шыға алмай кетті-ау!» дейтін өкініш тумағаны абзал.

Ал, төмендегі «Ана әлдиі»( «Екпінді» газеті, №158. 11.07.1940 жыл) деген өлеңінде әсіре ұраншылдықтан гөрі табиғи нәзік ажырамас сезім, отаншыл патриоттық тәрбие басым.

«...Ұйықта, жаным, бөпем,

Тынық, сәулем, деміңді ал,

Аймаласын бесігіңді

Сүйсін сені, күміс ай,

Ұйықта, жаным, күнге төсеп,

Келбетіңді нұр шашқан.

Сен баласы Ұлы Отанның

Бұл жаһаннан бағы асқан.

Есейерсің, ер жетерсің,

Армияға барасың

Ұлы Отанды күзетуге

Путевканы аларсың

Оған дейін өсірейін

Тайбуырылдай арғымақ

Ерлігіңе, қайратыңа

Болсын серік, атың шақ» - дейді. Әйтсе де, қасірет құдіретімен қарыштап алға жылжыған кеңестік халық шарушылығын:

«... Шөл далаға түр берді, завод салды,

Қойнын ашып даланың кенін алды.

Еліме техникалы машин берген

Сен едің өндірістің командармы» («Серго ісі игі»), - деп, жеке адамдардың бейнесі арқылы беру сол кезде дәстүрге айналған. Сондай-ақ ақындарда уақыт ырқына бағынбай, жүрек әмірімен поэзия, өнер падишасына, музаға немесе тылсым дүниеге тазалық тұрғысынан бас идіретін ерекше қасиет те болады. Оны тек сезім дүниесімен астасқан, адамзат ақындарының ортақ ұстанымынан да аңғарамыз.

Қ. Шоқаев 1920 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Егінбұлақ ауылында туған.  Оның Шоқай атанған әкесі Селдірбай Аққазы байдың малын баққан. Қой қырқады. Әр іске тиянақтылықпен қарап, тіпті «ағайындар өзара ренжісіп жазым болмасын» деп, пышықтарды да тығып қояды екен. Ол әуелде Құдыштың ұлы Айсәулені бала қылып асырап алады. Қойына көмектесіп жүрген Айсәулені көріп жүретін кеңес белсенділері Шоқай малай ұстап отыр деп көрсетеді. Сосын Айсәулені үйіне қайтарады. Қазіргі Шона-Шорман қыстағында малда жүріп, өзіне де азын-аулақ жағдай жасаған Шоқай сөйтіп, кулак атанады. Әлгі Айсәуленің жас кеткен әкесі Құдыш та малмен айналысқан. Айсәуле – салмақты, жуастау болса да ауданда озат стахановшы, әрі балуан атанып, соңынан біреудің орнына соғысқа алынып, хабарсыз кеткен менің туған нағашы атам. Ол жайлы Қабдырашит:

- Қайран, Айсаның еңбегі-ай  шашылып жатқан! – дейді екен, «жуастау әйелі сол еңбекті оқсата алмайды» дегенді мегзеп. Шоқайды кулак деп, қаралап, Бар малын тартып алады. Содан оны үш жылға соттап, Зайсан түрмесіне қамалады. Сонда түрмеге келіп кірген Шоқай:

- Ассалаумагалейкум, абақты,

Көтере гөр қабақты, - депті.  Сосын Шоқай өзін өзі ақтау үшін, тергеуді қайта жүргіздіртеді.  Ол кезде етік тапшылығынан малшылар аяғына ат тұяғынан таға жасап таңып алады. Сонда комиссияға үйінен 32 етік, 40 тұяқ көрсетіп, өз малын өзі баққандығын дәлелдеген. Сөйтіп, екі айдан соң түрмеден шығады. Шоқай кейін 19.11.1962 жылы қайтыс болған. Ол кезде «кулактың баласы» деп Қабдырашитті де мектепке алмайды. Сосын Нұғыман деген ағайыны хат танытады. Қабдырашиттің әке-шешесі де хат танымайтын көрінеді. Нұғыман оқыған, көзі ашық, жағдайы бар, ағайынға қамқор адам болған. Бір жағы сауда жасайды. Шоқайдың әйелі Мәриді өзіне «апай» деп, жақын тартып жүретін Қабдолла деген аудан орталығы Қызылтас ауылдық кеңесінің хатшысы бар еді. Нұғыман соған арыз жазып, әкесі кулак емес екендігі дәлелдегесін Қабдырашитті жеті жылдық мектепке кіргізеді. Сол Қабдолдамен бір туған Батқолда сол ауылдық кеңестің кейінгі хатшысы - Сейіттің әкесі. Қабдырашит Қызылкесікте интернатта тұрады. Онда С.Тоғызбаевтың шешесі Шынар балаларға тамақ жасайды. Сол жеті жылдық мектепті бітіргесін бір құнажынды Аягөзге сатып, 8-ші сыныпты Сергиопльде тамамдайды. Сол кезде ол өз ортасына алғашқы туындыларымен танылып, таланты әр қырынан ашыла бастайды. Қабдырашиттің бұл қасиетінен хабардар болған Құлбаев Жақыпбек деген беделді азамат Семейдің Ленин көшесіндегі өз үйіне шақыртып, «Екпінді» газетіне жұмысқа орналастырады. Мұндай мәртебелі қызметке жастық жалынымен жанталаса кіріскен ол әуелі ресми науқандық жұмыстарға жегіледі. 1938 жылы үшінші бесжылдықтың үшінші жылындағы Мемлекеттік зайомның шығуына арналған облыстық оқу бөлімі қызметкерлерінің митингісі жайлы «Бірліктің бейнесі» деген сандық көрсеткішке толы шағын мақаласын жариялайды. Әрине, кеңестік митингілер кейінгідей қорқынышты емес, биліктің арнайы жоспарымен жасалып, бейбіт насихат түрінде өтеді. ВК(б)П тарихын дұрыс оқыта алмай жатқан Ежов колхозы комсомол ұйымы жөніндегі «Жұмысы ақсаған ұйым», тағы да осы сарындас «Қуанышты күн», «Жүрек сыры» сияқты хабар, шағын мақалаларын үздіксіз жариялай бастады. Іскерлігіне көңілі толған редакция басшылығы оны Көкпекті, Ақсуат аудандары бойыша меншікті тілші етіп тағайындайды. Газет арқылы журналистік шеберлігін шыңдап қана қоймай, қолға тиген батыс-шығыс әдебиеттерімен де таныса бастайды. Әдебиетке деген әуестік оның бойда бар талантын барынша шыңдап, жаңа өлеңдер, шағын деректі әңгімелер жазуына ықпал етеді. Мысалы, Қ.Шоқаевтың «Лермонтовқа» деген өлеңінде биік парасаттан қолдау тапқан, баршаны елең еткізген ақын трагедиясы өзінше суреттеледі.

 

... Шындық пен әділдікке болған жоқшы,

Жел қанат, алмас тұяқ, болат топшы,

Айнымас адамшылық махаббатпен

Туысып, бауырлас боп сүйген көпті.

Патшаның күйгізіп ең киген тәжін,

Тіліңмен нажағайдай таптап шоқты.

Қаламы көкте жатқан жұлдыз еді,

Сөзі көркем, теңізде құндыз еді.

Өлеңің океанда парус болып,

Қорғанбай-ақ толқында жүзіп еді.

Қаулаған әрбір сөзің жалын еді,

Залымды жалын сөзің шалып еді.

Болаттың ұшқынындай асыл ойың

Өшпестей өршеленіп жанып еді.

Кавказдың сайында аққан бұлағындай

Ел жұтып, мейірленіп қанып еді.

Пантандай көкке шашып поэзия,

Асау терек суындай ағып еді.

Шығыстың құралай көз сұлуына

Пальманы шолпы қылып тағып еді.

Тұманмен көтеріліп салған әні,

Бал болып дүниеге тамып еді.

Тот баспас шыңға біткен теңіз тасы,

Құс шықпас, күнді сүйген биік басы.

Халық ұлы, елдің досы данышпанның

Мәңгілік ел алдында сүрер аты... – Осыдан 81 жыл бұрын жазылған бұл өлеңнің техникасын заманауи сарапқа салудың қажеті жоқ. Меніңше, тарихты сақтау үшін өңдеуге де болмайды. Бізге қажеті әлем әдебиеті қамтыған өзекті тақырыптан айналып өтпей, өзіндік пікір білдіріп, үн қосуында. Біз білетін Лермонтов құбылмалы қоғамның ғана емес, тағдырдың айдауымен әр континенттің құбылмалы ауа райынан да өзіне сырқат тауып алды. Сол құбылмалы қоғам алды-артын танып болмаған, бітірген арнаулы оқуы да жоқ Қабдырашит сияқты жастардың таным дүниесіне де ықпал етеді. Редакция да жалынды жастығын көлденең тартып, қалаға да тұрақтатпай, ауыл-ауылдың науқандық тыныс-тіршілігін уақытында баяндап тұруды жүктеді. Тамақ, киім, жол ауыртпалығына мойымай алған міндетін кешіктірмей орындап отырды. Өйткені, қызыл идеалогияның патриоттық тәрбиесі әскери тәртіпке бара-бар еді. Аязға да, боранға да қарамай, еңбек адамдарымен сыр бөлісіп жүріп, өзіне суық тигізіп, ауруға да шалдықты. Сол сырқаттан Қабдырашиттің жасы қыршын кеткен Лермонтовтың жасына да жетпеді. Яғни, Семейге жеткенде өкпе ауруына шалдығып, жұмысты жалғастыру мүмкіндігі шектелді. Сосын мұғалім болып жұмыс істейтін Б.Құдашев деген жақын сыйласы Ақкүміс деген әйелімен бірге жолға шығып, Қабдырашитті поезбен әуелі Аягөзге, сосын ат арбамен 150 шақырымдағы ауылына жеткізеді. Содан жайлауға да келеді. Бір ауырып, бір жадырап, дел-сал күйде жүреді. Баланың сырқаты әкесінің де көңіл-күйін алай-дүлей ауа-райындай мың құбылтады. Жаны күйзелген әке Қабдырашитті жас балаша алдына алып құшақтап отырып алыпты. Бұған таңданған Қанипа деген жеңгесі «кішкентай бала сияқты әкеңнің алдына «отырып» қойма» деп әзілдепті. Шоқайдың кезінде кулактай құдіреті болса да кеңестік аласапыран баспанаға да жарытпай қысы-жазы киіз үйде тұрады.. Сол кездерде Әбділдә үйін беріпті. Әбділдә - екінші дүние жүзілік соғыстың құбаны. Кейін еліміздің тұңғыш парламент Төрағасы болған Серікболсын Әбділдиннің әкесі. Елі – Бура. Ру сұрамайтын кеңес кезінде азғана бура руын айтпай, мырзас ауылындағы мырзастарды «өз мырзасым» деп жүре береді екен. Ашылып, руды айту кейін жанданды.

Ақыры қанша күтім, ем жасалса да маңдайға сыймай кеткен Қабдірашит сол үйден 1941 жылы 3-ші наурызда 21 жасқа да толмай бақилық сапарға аттанды. Шоқай Шөкет, Көкек, Қарлығаш деген қыздардың арасындағы жалғыз ұлдан айырылып, көп қайғырады. Салима, Нұраш бастаған туыстары сабырға шақырып, басу айтады. Сонда «Батасы ұлына тимеді-ау!» деп шешесі енесіне ұрсады екен.

Бастағы қайғыны бір сәтке сейілтіп, шығармашылығын жинастырып, жарыққа шығуына көмектесер деген үмітпен әуелде өзіне рухани аға болған Жақыпбек Құлбаевқа жібереді. Одан ұзақ уақыт хабар болмағасын анық-қанығын Шайзат деген әншіден сұратады. Нәтижесінде «Жақыпбектің әйелі байқамай, от тамызуға жағып жіберіпті» деген жауап алады. Ол кезден Семейден гастрольге әлгі Шайзат Бахтинова, Әбілқасым Жаңбырбаев, т.б. өнер қайраткерлері келіп, Шоқайдың үйінен дәм татады екен. Әрине, қоғамдық формаииямен қатар көзқарас та өзгереді. Уақытында жарияланбаған дүние саяси сыр-сипаты жағынан бұл күнде мүлде қабылданбайтыны анық. Жарияланбаған шығармаларының арасында «Ленин таңы атты» және «Күліп туған күн» атты пьесалары да бар екен. Алғаш пьесада Кеңес үкіметінің орнауы және сол дәуірдің алғашқы жылдарындағы қоғамдық ахуал сөз болады. Қабдырашит бұл пьесаны Мұхтар Әуезовқа апарса, драмаға кіргізген бір өлеңді автордың жазғанына күмән тудырып:

- Мұндай өлең жазу мүмкін емес, бұл орыс ақындарынан аударылған аударма, - депті. Ал, «Күліп туған күн» деген пьесасы совет-фин соғысындағы Кеңестер Одағының жеңісіне арналыпты. «Ленин таңы атты» пьесасын арагідік ауылда сахналап, жұрт көңілінен шыққан екен. Сол кездегі Қамабай, Балаубай, Бәтес деген жерлестері ролдерде ойнап, Қарлығаш деген он жасар қарындасы сахна сыртында шығарманы оқып, суфлер міндетін атқарады. Оны Тәлімжан деген ауыл ақсақалы көтеріп, кейде ертіп жүреді екен. Қарлығаш апай бастауыш мектепті Егіндібұлақтан тамамдап, он жылдықты Ақсуаттан бітіреді. Тәлімжан – қоғам қайраткері С.Әбділдиннің өз атасы Әлімжанның інісі. «Екпінді» газетінен Қабдырашитке қатысты материал қарап отырғанда сол Әлімжан Әстаевқа қатысты деректі де көзім шалып қалды. Соғыстың алғашқы жылында оның күндіз жылқы бағып, түнде шөп тасып, жоспарын 150 пайызға орындап жүрген қарт стахановшы екені айтылады. Оның атасы Әстай – меніңөз бабам Тәкібайдың сыйласы болыпты. Және ауылымыз жайлы К.Бакин, В.Шарапиев, Х.Шарапиев, тағы-тағылардың деректерін көріп, көзайым болдым. Әлімжанның кенже інісі Долда Қабдірашиттің  немере ағасы Мұхатпен бірге әуелі Ақсуатта, сосын Көкжыра ауылына сауда жасап, келгенде бандылардың қолынан қаза табады. Оларды іздеген Әлімжан құмалақ ашып «Заулап кетіп барады-ай, заулап...» дейді екен, егіліп. Ұзақ жыл кеңшардың бас есепшісі болған соғыс ардагері, сол Долданың ұлы Ысқақ Қабдырашитпен бір сыныпта оқыған, өзім талай сөйлескен әңгімешіл адам еді. Ал, Қабекеңе хат танытып, көп көмектескен Нұғыман қоймашы болып жүріп, 3-ақ килограм тұқымдық бидай кем шыққаны үшін  үш жылға сотталады. Ақыры түрмеден қашып, кенже інісі Ысқақ екеуі Қытай асып кетеді. Қабдырашит Нүкеңді көке, Ысқақты кенже аға дейтін. Нұғыманның елде қалған Нүрке деген аяғы ауыр әйелін оның өз қалауымен Қытайға өту үшін Шоқай Үржар жақтағы шекаралақ бекетке жеткізіп салады. Сонда Шоқай келінімен қоштасып, тұрып:

- Енді не қияметте, не қия бетте кездесерміз, -  дейді екен. Нүрке бір ұлын Шоқайдікіне қалдырып, ол жастай марқұм болады. Қытайдағы күйеуі Нұғманды іздеп тапқасын Нүрке екеуі берекелі ғұмыр кешіп, көп балалы отбасы болады. Балалары кілең ұлдар екен.

Қабдірашит тірісінде ақын ғана емес, ақ көңіл азамат ретінде де көзге түседі. Жұмахан деген құрбысын тұтастай киіндіріп, «енді бұл киімді күтіп ки!» дейді. Сонда Жүкең:

- Бір күнде қара таяқ болып шыға келдік деп, өзіне өзі таңданса, Қабдірашит:

- Қайран киім-ай саған қор болған! -  деп әзілдейді екен. Мен көрген Жұмахан аға Алтай ақынның үйінде жүретін. Қабдырашит те сондай ортада жүріп, өлең, жыр, қисса тыңдап өседі. Сол кезде Халажан деген апа да Алтайдың әкесі Омар жайлы:

- Омар болыс - елге қоныс,

Мұқыш болыс - келеді орыс, - деп, жыр айтып отырады екен. Бәлкім, біреуден естігені шығар. Қарлығаш апайдың естіп білуінше, Мұқыш пен Омар жақсы болмай, Мұқыш түрмеге жабылған екен. Сонда Омар:

Алтай, Тарбағатай екі-ау биік,

Жатыр ғой ортасында найман ұйып,

Найманның бір баласы би Боранбай,

Әруағы кеткені ме бір оянбай, - дейді екен. Менің атам Кәріпжанның ағасы Ахметжан сол болыс Мұқыш Қуановтың старшыны болған екен. Бірақ, Мұқыш жайлы дәлелді жаман сөз естімедік.

Қырық жылдай ұстаздық етіп, үздіктер қатарында мемлекеттік марапатқа ие болған Қарлығаш апай жүбайы - Уақаев Шәкеннен ертерек айырылды. Ал, қаламгер ағасы Қабдырашиттің рухына таяу жылдары құран оқытты. Биыл апайымыз кісі тоқсанға келсе, жалғыз ағасы Қабдырашиттің туғанына жүз жыл толып отыр. Ол кісі ескерусіз қалып бара жатқан ағасы жайлы менің оқушы кезімде айтып жүретіні есімде. Ештен кеш жақсы дегендей, одан бері 40 жылдан асса да қолда бар мүмкіндікті пайдалануға кірістім. Уақытынан кешіккен шығармашылықты бұл дәуірден саяси сәйкестік тауып, жариялату да оңай емес. Бірақ, биік парасаты, түсінер түйсігі бар орта болса, бар деректердің тарих ретінде де жерде қалмайтынына сенімдімін.

 

                                                                                Аманғазы Кәріпжанәулеті

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы